Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУ ҮШІН...

18.03.2014 83061 0 пікір

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын.

Н.Ә.Назарбаев

 Еліміздің жері кең, аумағы аса үлкен.  Нақтылайтын болсақ, еліміздің аумағы 2724,9 мың шаршы шақырымға тең. Жер көлемі жағынан әлем елдері арасында 9-орында. Дүниежүзі саясатын анықтайтын алып елдер болушы - Франциядан – 5 есе, Италиядан – 9 есе, Ұлыбританиядан – 11 есе үлкен. Мысалы, Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Австрия, Нидерланд және Жапон елдері Қазақстанға еркін сыйып кетеді екен.

 Қазір шаңырағымыз биік, іргеміз бекем, көк байрағымыз желбіреген тәуелсіз елміз. Шекарамыздың жалпы ұзындығы – 13394 шақырым. Ресеймен – 7591, Қытаймен 1782 шақырымға созылады. Сонымен қатар, Түрікменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2354 және Қырғызстанмен – 1241 шақырымы шектеседі. ТМД елдерінің ішінде бүкіл көршілерімен шекара мәселесін шешіп алған да Қазақстан.  Әлбетте табиғи байлыққа мелдектеп тұрған жеріміздің асты мен үстіне тола  қазына мен байлыққа  қызыға да, қызғана көз тігетін, пиғылы теріс азулылар жеткілікті. Еліміздің тыныштығына май құйғысы келетіндер, тұтастығын бөлшектеуге құмартатындар да табылып жатыр. Оларға қарсы қолданатын біздің қазақтардың  басты қаруы – ұлттық бірлік пен ұлттық идеямыз болмақ.

Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы Мәңгілік ел» – деген еді.

Еліміз «Мәңгілік Ел» болу үшін - Тіл бірлігі, Дін бірлігі, Ұлт бірлігі, Азаматтық бір мақсат, бір мүдде деген басты төрт факторды қамтамассыз етуіміз керек. Біріншіден, тіл бірлігінің мысалы Еуропа елдерінде де, әлемнің басқа құрлықтарында да жеткілікті. «Қазақстан» деген атаудың өзі халықаралық терминде «Қазақ елі» дегенді білдіреді. Ал, мемлекетке өз атауын берген, төл халқының саны 65 пайызға жеткен қазақ жұрты тұрғанда, басқа  азшылдық диаспоралардың тілі ешқашан елді біріктіруші фактор бола алмайды. Бұл туралы Елбасы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында:– «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, ғаламтордың тіліне айналды. Қазір мемлекеттік тілде білім алатындардың саны көбеюде. Қазақстанда тілді оқытатын 57 арнайы орталық жұмыс істейді. Онда мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты және әрі қарай үйрене береді», - деді. Елбасы келтірген дерек бойынша, былтырғымен салыстырғанда тілін білуге талпынғандардың саны 10 пайызға өсіп отыр. Бұл өте жақсы жетістік. Сонымен қатар, біраз жайттан да хабар береді. Айта кететіні, тілге жыл сайын бөлінетін қаржы да өте қомақты. «Тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 млрд. теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ғана қадам қалды. Ана тілі мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болуы. Сондай-ақ, қазақ тілін даудың тақырыбына емес, ұлттың ұйытқысына айналдыра білуіміз керек. Әрбір азаматтың тілді жетік меңгеруіне қатысты атқаратын жұмыс мол. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы керек болуы үшін бәріміз ат салысып, өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек», - деген еді Елбасы.

 Екіншіден дін бірлігі негізінен мұсылман елдеріне тән. Араб елдерінде мемлекеттік саясат Ислам құндылықтарына қарай құрылған. Мәселен, араб әлемінде мемлекет тарататын ақпараттың 90%-ы осы дін тақырыбына арналады екен. Ал халқының 70 пайызын мұсылмандар құрайтын Қазақстан үшін осы бағытты ұстанудың мүмкіншілігі жеткілікті деп ойлаймын.

Үшіншіден ұлттық бірлік тұрғысынан біз тек бір ғана жергілікті ұлт өкілдерінен құрылған мемлекет емеспіз.  Бүгінде бір ғана ұлттан құралған мемлекет саусақпен санарлық. Бiздiң мемлекетiмiзде көп ұлттың өкілдері тұратынына күмән жоқ. Бiрақ, ол бiздi унитарлық, ұлттық мемлекет құқығымызға әсер етпеуі тиіс. БҰҰ 1992 жылғы жіктеуі бойынша Қазақстан ұлттық мемлекеттер қатарына кіреді. Егер әлемде 200-ге тарта мемлекет бар десек, солардың 90 пайызы ұлттық мемлекеттер. Халықаралық стандарттар бойынша мемлекет тұрғындарының 1%-нан асатын ұлыстар ғана диаспора аталуға хақылы. Ал, бізде қалай? Қазақстан – көп ұлтты мемлекет деп дабыралатып жүрсек, ол олай емес екен. ҚР Статистика агенттігінің өткен жылдың соңғы мәліметінде халық саны 17,100 мыңнан асқан. Пайызға шаққанда: қазақ – 11 миллионы ( 65,2%). Одан кейінгісі – орыс (21,8%), өзбек (3%), украин (1,8%), ұйғыр (1,4%), татар (1,2%), неміс (1,1%). Бұларға жалғас кәріс – 0,6(%), түрік (0,6%). Қазақпен қосып есептегенде, сан жағынан ең көп он этнос – бүкіл республика жұртының 96,7 пайызын құрайды. Біздің ең көп тілге тиек ететін еуропалық мемлекеттердің көпшілігі дерлік ұлттық сипатта. Құрылымы жағынан федеративтік, конфедеративтік немесе құрама штаттарынан құрылған мемлекеттер саусақ санына да жетпейді.

Төртіншіден, азаматтық біртұтастық, яғни мүдде бірлігі, құндылықтар бірлігі. Мұндай мысалды АҚШ, Израил елдерінен көруге болады. Жер бетіндегі барлық этнос өкілдері АҚШ-та өмір сүреді. Сөйте тұра, америкалықтар түрі мен түсіне, діні мен тіліне қарамай, кереметтей мүдде бірлігін танытып: «Біз – ең қуатты мемлекетпіз!» «Біз – әлемдегі ең демократиялық елде тұрамыз!» «Біз – патриотпыз!» – деген ұғымды берік ұстанады.

Міне, ұлттық идея дегеніміз – жасына, қоғамдағы орнына, дәулетіне, мүмкіндігіне қарамай, исі ұлттың бәрі мойындайтын, сол үшін жан алып, жан беруге болатын заң, символ, символдық ұғым. Оған қазір екіге бөлініп кетердей болып көрініп тұрған қазақ тілділер мен орыс тілділер, қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары, дәулеттілер мен кедей тірлік иелері барлығы да мойынсұнуы керек. Сонда ғана бұл Ұлттық идея дәрежесіне жетеді. Жалпы біз ұлттық идея дегенде тілді  ғана алға тартамыз. Тіл осы Ұлттық идеяны  жүзеге асыратын  негізгі ұйытқының бірі. Егерде Ұлттық идеямыз шынымен киелі мәнге ие болса, сол үшін тілді білу керек болса, онда өзге ұлт өкілдері де, қоғам мүшелері де өз ырқымен, өз еркімен тілді білуі, қабылдауы тиіс. Сонда ғана біздің Ұлттық идеямыз жалпы елімізді ұйыта алады.

Елбасы Н.Назарбаев: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана, ол Мәңгілік Ел!» – деген еді.

Міне, осындай ұлы мақсат қойып отырған еліміз үшін Украина төңірегінде қалыптасқан бүгінгі жағдай  өз кезегіндегі бір сынақ, сын сәт деп те айтуға болады. Өйткені бұл оқиғалар посткеңестік кеңістікте қалыптасқан мемлекетаралық қарым-қатынастардың негізгі принциптеріне ықпал жасауда. Сондықтан Қазақстанға сыртқы саясат мәселесінде енді, мейлінше тең салмақты әрі прагматикалық көзқарастағы қадамдарға көшу қажет және де екіжақты қарым-қатынастарды дамыта отырып, өз мүддемізді принципті түрде қорғауға ұмтылу қажет болады. Егер бір үй өртке шалынса, онда оның айналасындағы ғимараттарға да от ұшқыны түсіп, олар да жалынға оралуы әбден мүмкін. Ал өрт желді, дауылды күні белең алса, кемінде жарты ауылды жалын жалмайды. Украинада болып жатқан толқулар мен төңкерістерді дауылды күнгі алып өртпен теңеуге болады. Одан шашыраған ұшқындар, Украинаның айналасындағы елдерді айтпағанда,  жырақтағы елдерге де ұшып жетуі ғажап емес. Сондықтан, сондай қауіпті жалын тілдерінің біздің тыныш жатқан елімізге тиіп кетпеуін қамтамасыз еткеніміз дұрыс.

Қорыта айтқанда «Мәңгілік ел» бастамасы көне түркі дәуірінен аңсар арман болып, 20-ғасырда Алаш арыстарының «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз...» – деп жырлаған  асқақ  идеясының заңды  жалғасы. Бүгінде, қазақ халқының қолынан бәрі келеді, біз ешбір халықтан кем емеспіз. Қазақстан әлем мойындаған Тәуелсіз мемлекет, шекарамыз бекітілген. Бізге сырттан келіп ешкім басқыншылық жасай алмайды. Іштен ірткі салғысы келетіндердің арампиғылы ешқашан жүзеге аспайды. Бүгінгі Қазақстан - тізгінін мықтап ұстап, мемлекет құрушы ұлттың мүддесімен ұштастырып күллі қазақстандықтардың мұратына сәйкес келетін батыл да, салиқалы саясат ұстануға ұмтылу қажет. Қазақ халқы қазір сын сағатта тұр.

 Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру