Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әсет БЕКТҰР: Бүгінгі Зерелер қайда?

18.03.2014 5181 0 пікір

Көктем келісімен ағаштар жалаңаш денесін жапырақпен бүркеп, жамыла бастайды.  Ал қыздарымыз ше?.. Біздікі – жат мәдениетке бас ұра бермей, қазақ әйелінің ұлттық бейнесі қалыптасса, әуретін әлдекімдерге көрсетпесе деген ой. 

Сұлулық. Әйел. Әлем

Орыстың ойшылы Ф.М Достойевский «Сұлулық әлемді құтқарады» деп тұжырым жасапты. Шын мәнінде сұлулық әлемді құтқара ала ма? Ақиқатына мән берсек, біз іздеген жауаптың сыры өзінде. Жоқ. Өзінде  емес... Әсілі, сұлулық әлемді құтқара ала ма деген сауалдың астарында әдемілік әлемді неден құтқаруы керек деген екінші сауал қосарлана ойға оралады. Айтпақ ойымызды келесі сұрақ аша түспек. Иә. Нендей қатерден болса да құтқарады десек, әлемді құтқаратын ол қандай сұлулық?  

Бәрін басынан бастасақ. Қазіргі кезде сұлулық дегеніміз не деген сауал төңірегінде сан түрлі зерттеулер бар. Сұлулық жайында сөз еткенде, оны әйел затынан бөліп қарастыру тіпті мүмкін емес. Мысалы, мәдениеті мен дәстүрі әр түрлі 90-ға жуық елдің түсінігі бойынша, 75% сұлулық ұғымын әйел затымен байланыстырған. Демек, әйел – сұлулықтың өзі. Түсінікті. Жоқ. Әйел сұлулық ұғымын иеленуші және сол сұлулыққа құштар жан. Ал енді «әлемді сұлулық құтқарады» деген идея бұрымдылармен байланысты ма? Иә, десеңіз онда тағы да бір сұрақ туындайды. Мүмкім, бүкіл әлем әйелдерінің жаппай сұлулықты іздеу жолына түсуі, біздің мына адасқан өркениетімізді құтқаруға себеп табу үшін бе екен? Егер, тағы да «иә» деп жауап берсеңіз. Онда әйелдің қай сұлулығы әлемді құтқару қабілетіне ие: сыртқы сұлулығы ма? Бүгінгі қоғам нәзік жандыларға еркіндік бердік, бақытты қылдық деп есептейді. Сондықтан, әйелдің тәнін көшелерде жарнама ретінде пайдаланамыз. Мәселен, көлік жуатын орынға жалаңаш әйелдің не қатысы бар дерсің. Автобөлшектер сататын сауда нүктелерінде де тәнін көрсеткен қыздардың фото бейнелерінен көз сүрінеді. Бұл әйелге берілген еркіндік. Көз үйрету, қызықтыру – осының бәрі жамандықтың алғашқы баспалдағы. Құдды қыздың құнын түсіріп, оны тауардың өтімді болуы үшін тәнін әбден пайдаландық. Бұл сұлулық «пайда, мақтан, әуесқой, шайтан ісі» (Абай).  Сондықтан мұндай жалған сұлулық әлемді құтқарады дей алмаймыз. Әйелдің шынайы сұлулығы дегеніміз – иманның нұрына бөленген ішкі дүниесімен отбасын мейірімге бөлей білуі. Мына әлемді сақтап қалатын сұлулық әйелдің осы бір қарапайым әрекетінде ғана болса керек. 

Әйел әлемі

Бұрын ас үй мен ұйықтайтын бөлмемен ғана шектелген әйел бүгін кенеттен ғаламдық кеңістікке шығатын болды. Шын мәнінде әйел қашан үйден шығып еді. Үйден шығуға қашан рұқсат алып еді? Керісінше, «бар, айлықтың жартысын тауып әкел» деп үйден қуып шығатын да өзіміз. Мұндай үрдіс біздің дәстүрімізде  ешқашан болған жоқ қой. Әйелдің тыныс-тіршілігі үйге байланған. Оның әлемі – үй. Ізгілерден қалған сөз бар екен: әйелдің мешіті – оның үйі. Бала тәрбиелейді, тамақ әзірлейді, тағысын тағы. Бұл әсіредіншілдердің айтып жүргеніндей, Құдай қосқан жарды үйге қамап қою деген сөз емес. Әдемілік әлемді құтқарады, тек рухани әдемілік. Ал әйел заты сол әдемілік үшін өмір сүреді. Үйде отырып қарсы алатын, шығарып салатын, күтетін, кешіріммен қарайтын сиқырлы әшекейлері бар еді.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Юсуф алейһиссаламды көрген әйелдер, пышақпен жемістерді турап жатқанда, оның сұлулығының алдында қолдарын да кесіп алатын, бірақ ауырғанын сезбейтін еді. Оның жүзінде «сабахат», ал менде «мәлахат» сұлулығы бар. Мені көріп иман келтірген адам мен махаббатпен қараған адам елжірейді, маған ғашық болады. Бірақ сабахат сұлулығымды Аллаһу та’ала жасырған. Үмметімнің бірі қайтыс боларда оған көрінемін, ол маған қараған кезде рухы шығады, хабары да болмайды», - дейді.Мәлахат – ішкі дүниенің сұлулығы болса, сабахат – сыртқы көріністің сұлулығы. Юсуф алейһиссаламда сабахат болса, мәлахат жоқ еді. Ал біздің Пайғамбарымызда (с.ғ.с) мәлахат та, сабахат та бар еді. Бірақ Жаратушы Иеміз оның сабахатын бұл дүниеде жасырды. Егер ашық түрде көрсететін болса, ешкім оның сұлулығының алдында шыдай алмай, талып қалатын еді. Сүйікті Пайғамбарымыз әлемдерге Аллаһтың жіберген мейірімімен бәріне жақсылық жасау, қамқорлық ету мақсатында келген. Хакім Абай «Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ, Мүмін болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ», – дейді. Жан дүниесі жадыраған әйел –  сұлулықтың бейнесі, ал рухани сұлулық оның жаратылыс болмысынан туады. Егер осы асыл сұлулық әр түрлі сұрқия күштердің батпағына былғанбаған болса, айналасына мейірім шапағатын төгіп, мейірімен сөйлейді, мейірімен ойлайды, жан жүрегімен мейірленіп өмір бойы жанында жүрген жандарға нәзік гүл шапағындай қуаныш сыйлайды. Бұл әйелдің адамзатты баурап, өзін де өзгені де тура жолдан адастырмайтын шынайы сұлулығы.

Өз құпиясын жоғалтқан құндылық

Қазіргі уақытта «әйел еркіндігі» деген шексіз еркіндікті желеу еткен жалған ұрандар мен жаңсақ пікірлер қалыптасып келеді. Мысалы, Норвегияда билік басындағылардың көбі әйелдер. Ал Францияның экономика министрлігін Кристин Лагард,  ішкі істер министірлігін Мишель Альо-Мари,  Рашида Дати сияқты әйелдерге еркектер тиесілі департаменттер мен қызметтер берілгенін білеміз. Испанияда болса, 37 жастағы Карме Чакон жеті айлық баласын көтеріп жүріп қорғаныс министірлігін өз қолына алған. Бұл – дәстүрлі құндылықтарын  жоғалтқан қоғамның бүгінгі көрінісі емес пе? «Әйелдер үшін бәрі бола береді, оларға кедергі жоқ» деген ұрандар олардың рухани құлдыруына әсерін тигізуде. 

Сән

Қазіргі кезде сән индустриясы қарыштап дамып тұр. Енді сол сәннің сұлулықпен қандай қатысы бар? Әсілі әйелмен. Ешқандай. Өйткені сату, сатып алуға міндеттеу, әлде бір нәрсенің соңынан қуалау, ол сұлулық емес. Моданың әйелмен де, сұлулықпен де еш қатысы жоқ. Ол үлбіреген жас ғұмырларды арсыздыққа тәрбиелеу деген сөз. 

Пікір

Қай нәрсенің де, қай нәрсенің емес, бар нәрсенің басы – қазақ үшін даналықпен байыпталған. Мұхтар Әуезов «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» - дейді.  Қазақтың әйелге берген бағасы осы. Алайда, әйел баласы барлық жерде және әр уақытта осы көзқарас бойынша танылды ма? Біздіңше, жоқ. Ол үшін  адамзаттың құндылығы деп есептелген өсиетнамалардан мысал келтірсек. Үнділердің «Ведалар» кітабында: «Әйел ешуақытта үйленуге, мирасқа және өзге де адам құқықтарына ие бола алмайды... Ол ол ма, ол кесірткіден, жыланнан, улы хайуаннан да зиянды мақұлық...» - деп жазылған. Тағы бір деректе «Әйел сезім жетегіндегі мақұлық, оған қарамау керек, ал қарауға мәжбүр болған жағдайда онымен сөйлеспеу керек, сөйлескенде де ұзақтан қарап сөйлеу керек...» - делінеді. Дерек көздеріндегі: «... еркек – отбасының басшысы, ал қыздары үйлеріндегі қызметшісі болып жұмыс істейтін сорлылар. Тіпті, кейде әкелері кез келген уақытта саудаға шығарып сататын тұтқындар...» - деген тұжырымдарды да оқыдық. Мұндай дерек Қытайдың ежелгі өсиетінде жалғасын табады: «...Әйел адам емес. Оның жеке аты да жоқ. «Бір, екі, үш,..» деген есімдері бар. Кейде тіпті шошқамен теңеседі...». Ежелгі Грек, Рим әдебиеттерінде: «Әйел бала өндіретін мәшине немесе құнсыз бір мал-мүлік...» - деп баға береді. Өзін туған анасының асыл табиғатын мұқатып, былғаған мұндай пікірлерді соза беруге болады. Бірақ, әрине бұл бүкіл әлемнің көзқарасы осындай деген пікірді  білдірмейді. Ислам дінін берік ұстанған ата бабаларымыз: «Жұмақ ананың табанының астында» деген пәрменмен әйел затын сыйлауға әмір етеді.  Бұл төл дүниетанымның астарында ислам дінінің салып кеткен өшпес ізі байқалады. Ислам – әйел мәртебесін көкке көтерген кемел дін. Мұсылмандар өлшемінде қыз-келіншектердің сұлулығы оның білімпаздығымен, имандылығымен, көрегенділігімен, тәлім-тәрбиесімен өлшенеді. Мұсылман қазақтың жан сұлулығына мән беретіні де сондықтан.    Сондықтан, әйел осындай бағаға лайық иман негізінде жаратылысының өзегінде жатқан сұлулықты бейнелейтін сондай бір жалтырап шағылысқан айнаға айналып, өз жан дүниесінің әлеуетін толық сезінсе және өз табиғатының шеңберінде ғана әрекет етсе, көз алдымызда асқақтаған сайын асқақтай берер еді. 

Әсет БЕКТҰР

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру