Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Серікбай қажы Ораз: Дін насихатының деңгейін көтеру керек

06.03.2014 5128 0 пікір

Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы
 
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төраға орынбасары, 
наиб мүфти, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы. 

 

Құрметті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы! Әңгімеміздің әлқиссасын асыл дініміз бен салт-дәстүр байланысының қалыптасу тарихынан бастасақ...

Әрине, бұл өте бір өзекті тақырып.  Бүгінде төрткүл әлемге тәуелсіз мемлекет болып танылған қазақ халқының бағзы заманнан  бергі біте қайнасқан дәстүрлі жолы мен  сенімі, яғни дін мен дәстүрдің сабақтастығы – бір-бірінен еш ажыратып айтуға болмайтын егіз ұғым.  Құстың қос қанатындай қатарласқан егіз ұғымды елдің санасына сіңірудегі  басты мақсат –  бүгінгі ұрпақты ұлттық болмысына құрметпен қарауға, тарихтан тағылым алып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге және асыл дініміздің біздің байырғы заманнан келе жатқан дәстүрлерімізбен бітеқайнасып кеткен тұстарын халыққа жеткізуге бағытталған. Қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Хақтың пенделеріне бұйырған бір аяты бар: خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

Бұл аяттың мағынасы «Сендер кешірімділік жолын ұстаңдар, ғафур жолын ұстаңдар және ғұрыппен әмір етіңдер». Аятта айқын айтылғандай, адамдар арасындағы байланыста, сенім түсініктеріндегі және қоғамдағы тіршіліктің баршасында ғұрыптың ерекше орын алатынын айта отырып, ғұрыппен әмір етіңдер, әрине, надандардан теріс айналыңдар деп бұйырады. Сондықтан да ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей бастамасымен осы дін мен дәстүр сабақтастығы аясындағы ізденіс бағзыдан қалыптасқан болмысымызды, дәстүрімізді де құрмет тұта отырып, діни сенімімізге қайшы келмеген тұстармен біте қайнасқан дала халқының исламдық таным-түсінігін қалыптастыру мақсатында болды. Бұл тұрғыда біз тыңнан ғұрып тудырып, дінімізге немесе дәстүрімізге тықпалап жатқанымыз жоқ. Тек ата-бабаларымыз салып кеткен салт-дәстүрдің бүгінде сүрлеуге айналған соқпағын сара жолға айналдыруға тырысудамыз.

Жалпы осы бағытта жарық көрген  «Дін мен дәстүр» атты кітапқа тоқталып өтсеңіз. Онда қандай мәселелер қамтылған?

Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді енді жинай бастаған шақта атам заманнан бергі ұстанған мәзһабымызды мансұқтап, салт-дәстүрге сырт қарағандардың қатары көбейе түсуде. Бұның басты себебі – теріс бағыттағы ағымдар таратқан қате көзқарас пен жалған пәтуалар. Сондықтан біздің мақсатымыз дін мен дәстүр сабақтастығын қағазға түсіріп, кітап ретінде шығарып, жалпақ жұртқа тарату болды. Осы орайда жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабы негізгі мақсаты да салтымыз мен сүннеттің сәйкестігін, ғұрпымыз хадистің үндестігін, дініміз бен дәстүріміздің егіз екендігін кеңінен насихаттау болып табылады. Аталмыш кітапта қасиетті Құран және Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері және жалпы дәстүр  ұғымына мейлінше тоқталып,  терминдерге түсіндірме-анықтамалар берілген. Сонымен қатар, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі, көрші ақысы, кісіге қиянат жасамау, аманатқа берік болу секілді пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  ғибрат еткен асыл қасиеттер мен тәлім-тәрбие тағылымының ұлттық нақыштағы нұсқасына назар аударылған. Ауыз әдебиетіміздің мәйегі саналған мақал-мәтелдеріміздің қасиетті Құран мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерімен үйлесімділігі жайлы осы еңбекте оқуға болады.

Жақында жарық көріп, жалпақ жұртқа жол тартқан «Дін мен дәстүр» кітабының алғашқы нұсқасын  бірінші кітап деп қана қойдық. Бұл – ізденістің басы ғана, дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы сөз ондаған кітаптарға арқау болмақ. Өйткені, осы дін мен дәстүр ізденісінің аясында елге танымал  тарихшыларымыз, ғалымдарымыз, дәстүртанушыларымыз мен дінтанушыларымыз, теолог ғалымдарымыздың барлығының еңбектерінің біріктіре отырып, екінші кітаптың дайындығы жүріп жатыр.

Осы ретте тағы бір сауал туындап отыр. Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі діннен бөлек, әртүрлі діни ағымдар көбейіп кеткені де айтылып жүр. Жалпы, ҚМДБ бұл бағытта қандай ізгі шаралар атқарып жатыр?

Қазіргі таңда Қазақстан Мұсылмандар діни Басқармасы баса мән беріп, қолға алған шара  – діни ағартушылық мәселесі.  Өркениеттің өркендеп, ғаламтордың дамыған заманында дін насихатының да деңгейі биік болуы тиіс. Сондықтан да қазіргі кезде Ақпараттық Насихат тобы құрылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық аудандар, ауылдарға барып, көптеген келелі кездесулер өткізіп, уағыздар айтылып, іс-шаралар өткізілуде. Ақпараттық Насихат тобының құрамында елімізге белгілі теолог ғалымдар, білікті имамдар мен халыққа танымал тұлғалар топтасқан. Атам заманнан сара жолымыз саналған Имам ағзам Әбу Ханифа мәзһабын, өзіміздің діни ұстаным-сенімімізді насихаттау мақсатында осындай іргелі шаралар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр.

Сондай-ақ, жақында Бас мүфтиіміз имам мен жамағат арасындағы байланыстың жаңа дейгейі ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуы үшін бас мүфтиіміз имамдарға ұран тастады. Әр имамның кем дегенде бес шәкірті болуы тиіс деген. Бұның мағынасы не? Бұның астарындағы мәселе мешіттегі діни жетекшілеріміздің жамағатпен тығыз қарым-қатынаста болып, көкейіндегі туындаған сұрақ жауабын сырттан іздемей, имамнан келіп сұрауы үшін біліктілігін арттыру және ынтымағы айрандай ұйыған орта қалыптастыру.

Біздің ғасырдан-ғасырдан, ата балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз бар. Осы әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүрімізді берік ұстанушылар мен шетелде оқып келген бауырларымыздың арасында көзқарас қайшылықтары байқалып жатады. Сіздіңше осыған не себеп болып отыр?

Біріншіден, дәстүрімізді жаңғыртып, көптеген еңбектер жазып, тарихқа үңіліп  ізденген кезең бізде болған жоқ. Біздің мемлекет ретінде, ел ретінде бүкіл әлемге таныла бастаған кезеңіміз 24 жылға аяқ басқан тәуелсіздік кезеңі. Кешегі Кеңес дәуірінде қандай да бір ұлт болмасын, оның дәстүрі мен тарихы, ұлттық болмысы мен құндылықтарын насихаттауға ешқандай жол берілген жоқ. Сондықтан да сол қоғамның соңғы өкілдері – қазіргі жас ұрпақ өзіміздің дәстүрімізді, өзіміздің құндылықтарымызды толыққанды бойына сіңіре алмады деп ойлаймын. Тәуелсіз елде туылып, еркіндікпен тыныстап ұрпағымыз енді-енді қалыптасып кел жатқан шығар. Алайда, сол бір өтпелі кезеңдегі әттеген-ай тұстарымыздың себептерінен болуы керек, дәстүріне үрке қарайтын ұрпақтың пайда болғаны. Ал, енді шетелде оқып жатқанның жастардың патриоттық сезімі, ұлтқа деген құрметі өзінің ықылас ниетіне  байланысты. Отанға деген оттан ыстық сезімі лаулап тұрған азамат қайда жүрсе де тегі мен болмысын танытып, тарихы мен дәстүріне құрметпен қарайды.

Осы орайда Елбасымыздың Жолдауындағы «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі болуы керек» дегені – дертімізге дауа болар шаралардың бастамасы болуы тиіс. Ұлт әлеуетін арттыру үшін ана тіліміздің дәрежесін көтеруіміз қажет. Бұл  бағытта мемлекет тарапынан қаншама шаралар жасалып, қолдау көрсетіліп, айтылып та жатыр.  Барлығы да – уақыт еншісінде. Халқымызда мынадай сөз бар «елу жылда ел жаңа». Елу жылда елдің ұлттық болмысына қан жүгіріп, жан кірмек. Дәстүрін де, тілін де, тегін де, бар құндылықтары мен мәдениетін қалыптастырған орта немесе ұрпақ қалыптасады.

Сондықтан да қазіргі таңда қазақилықтан қашқақтаған қоғам пайда болуының бірнеше түрлі себептері бар, дегенмен ермелік деген тексіз қасиеттен арылатын кез келді және сол тақырыптағы насихатты дұрыстап айтуымыз керек. Ислам діні біздің байтақ даламызға келген шақта ешқандай зорлық-зомбылықсыз, мәжбүрлеусіз қабылданған болатын. Тағы да айтайын, сол сәулелі кезеңдерден бастап біздің орта Азияда дала халқының қалыптасып қалған салт-санасымен біте қайнасқан исламдық үлгі пайда болды. Сондықтан да біздің тарихшыларымызға, фольклортанушыларымызға  осы орайда көбірек ізденіп, дініміз бен дәстүріміздің сабақтастығын ұрпақ санасына сіңіре түсуі керек.

Өзіңіз жақсы білесіз, еліміз егемендік алып, қолымыз еркіндікке жеткеннен кейін өзге елдермен тереземіз тең болып, мынау жаһандық үдеріске көше бастадық. Жалпы, мынау қазіргі таңда осы жаһандану үдерісі күн тәртібінен түспей тұр. Оның ғасырлар бойы мұсылманшылықты ұстанып келе жатқан момын жұртымызға экономикалық тұрғыдан да, діни тұрғыдан да тигізер залалы қаншалықты ?

– Бақ , қайда барады?– дегенде, – «Ынтымағы мен берекесі жарасқан жерге барады» деген аталы сөз бар халқымызда. Ал, енді қасиетті ата дініміз Ислам атауының өзіндегі «сәлам» сөзінің өзі  тыныштық, бейбітсүйгіш дін екенін түсіндіреді. Демек, Ислам дінін ұстанған халықтардың да мақсаты мен мұраты да – сол бейбіт ғұмыр болуы керек. Осы себепті де біз мақтанып айтсақ та жарасады. Сұңқардың қанаты талатын, тұлпардың тұяғы тозатын кең байтақ жерді мекен еткен халықпыз, сол жеріміз секілді пейіліміз де кең, дархан мінезді, жомарт жұртпыз.

Ал, енді өзінің болмысына, тарихына , түпкі мәдениетіне құрметпен қарамастан, жаһандану секілді үдеріске ілесу – ол біздердің құптай қоятын ісіміз емес. Екіншіден, жаһандану үдерісі жалғасып келе жатқан уақытта біздің де атқаратын жұмысымыз белсенді болуы шарт.

Осы ретте тағы бір сауал туындап отыр, Ұлт бірлігі тұтастығы жайында айтып өттік қой жаңа. Жалпы, ұлт тұтастығына қауіп неде? Сондай-ақ, ұлт тұтастығын дін тұтастығынан бөліп қарауға бола ма?

Дін, жалпы, бір халыққа немесе бір ұлтқа келген дүние емес. Қасиетті Құран Кәрімде мынадай бір тамаша аят бар: «(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба?» дейді (Жүніс сүресі, 99-аяты). Демек, адамдардың түрлі дінде болуы – ол да Алла тағаланың қалауы.  Сондықтан да түрлі діндегі халықпен бейбіт өмір сүрудің жолын қарастыру керек. Сондықтан да дін мәселесі, сенім мәселесі – адамның жан дүниесіндегі жаратқанға деген сезімі мен сенімі, ықыласынан туындайтын рухани дүние. Ал, ұлт болып қалыптасу мәселесіне келгенде, Құран Кәрім ашық та айқын баян етілген: «Ей, адамдар! Мен сендерді Адам ата мен Хауа анадан, бір ерден бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді тану үшін түрлі ұлттардан етіп жараттым», – дейді. Демек, ешқандай да нәсіл яки ұлт мәселесіне бұл жерде атау беріп, болмаса біреуіне артықшылық беріліп тұрған жоқ. Ол тек мекен еткен халықтың өзінің ең жоғарғы құндылығы ретінде өз тарихын, мәдениетін, болмысын сақтай отырып, патриоттық сезімдерден туындайтын дүние. Сондықтан да дін тұтастығы туралы сөз қозғағанда ұлт тақырыбына соқпай өте алмайсыз, бұл ұғымдардың аражігін ажыратып қарауға болмайды, Дін, Ұлт, Отан,Туған жер секілді қымбат дүниелер біз үшін әрдайым қасиетті болмақ.

Құрметті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы! Сіз ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфтиі болуымен қатар, «Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы болып қызмет атқарып келе жатырсыз. Осы жұмыс барысындағы жаңа бастамаларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы – бұл біздің қара шаңырағымыз. Расында да, біздің халқымыздың тарихында дербес діни орталық, мүфтият деген ұғым арман ретінде, бір болжам ретінде  болашақта бола жатар деп арыстарымыз армандап кеткен дүние. Тәуелсіздігіміздің арқасында бүгінде дербес діни басқармамыз бар.  2,5 мыңнан астам мешіттеріміз жұмыс істеп жатыр. Әлемнің талай түкпіріндегі діни басшылығы көп, бөлшектеніп кеткен елдермен салыстырғанда, біз Аллаға шүкір, тәубе деп айтуымыз керек. Сол біздің діни ұстанымымыздың жарқын көрінісі –еліміздің жүрегі елордамыздағы «Әзірет Сұлтан» секілді осындай ғажап ғимарат, халқымыздың мұсылмандығын паш ететін менмұндалаған мақтанышы.  «Әзірет Сұлтан» мешіті – біздің тәуелсіздігіміздің арқасында бой көтерген ірі мешіттердің бір және бірегейі. Елбасымыздың тіклей қолдауымен салынған «Әзірет Сұлтан» мешітінің 12 000 тарта адам бір мезгілде намаз оқи алатын үлкендігі бар. Орта Азиядағы салыстырмалы түрде қарағандағы үлкен ғимарат болып саналады.

Біздің мақсатымыз, әу баста айтып кеттік, діни ағартушылық жағын арттыруымыз керек. Маған дейін де атқарылған жұмыстардың ары қарай жанданып, қолдау табуына бар күш-жігерімізді салу мақсатында «Әзірет Сұлтан» мешітінен еліміздегі бір мыңға тарта мешіттерге тікелей интерактивті онлайн жүйеде дәріс  беру жүйесін қолға алып, жолға қойып жатырмыз.  Қазір 200-ге тарта мешіттерімізге онлайн сабақ жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, «Хикмет» телерадиостудиясы және мынау радио, интернет портал да – мешітте жасалып жатқан ағартушылық жұмыстарымыздың көрінісі.

Өткенде Алматы қаласында барлық облыс өкіл имамдарының қатысуымен төралқа болып өткенінен хабардармыз. Әр облыс  есебін ұсынды. Есептер көңілден шығардай болды ма?

Жалпы, Қазақстанның әр облыс аймақтарында Діни басқарманың 16-өкіл имамы жұмыс атқаруда. Биылғы ерекшелік – есеп беру тәсілі өзгеріп, бейнелі түрде көрсетуменен имам облыс, өңір денгейіндегі жұмыстар айтылды. Салыстырмалы түрде артық-кемдігін айтпайын, ең бастысы ақпаратық насихат, діни ағартушылық, жамағатпен жұмыс істеу жағынан, жүйелі түрде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары бойынша ілгерілеу барын айтуға болады. Сондай-ақ, ендігі мақсат – теріс ағымдар насихатына тойтарыс беруіміз қажет, Сондықтан да Діни басқарма тарапынан өкіл имамдарға үш түрлі тапсырма берілді: Ол ағымдар мәселесі бойынша, насихат-уағыздар бойынша, қайырымдылық бойынша жұмыс жасау.

Алла істеріңізге береке берсін! Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру