
Елімізде қазіргі уақытта небір даңғыраған тойлар өтіп жатыр. Сол тойлардың басым көпшілігі мұсылман бауырларымызды күнәға батырып, мүлдем ақылға қонбайтын амалдар жасатуда. Тойдың бісмілләсі аталарымыздың батасымен емес, керісінше, ата-бабаларымыз: «шайтанның зәрі» деп атаған арақпен басталады. Алланы мазақ қылғысы келгендей кейіп танытып, харам – арақты ыдысқа құйып, көтеріп, екі жасқа тілек айта бастайды. «Алла екі жасты бақытты қылсын, дастархан мол болсын, үбірлі-шүбірлі болсын, періштенің құлағына шалынсын» тағы да, сол секілді тілектерді айта келе, ең ақырғы сөзі «сол үшін алып қояйықпен» бітеді. Ал содан кейінгісі белгілі. Тіпті, тілі жаттыққан бәз біреулер, бата беріп отырып та, «сол үшін...» деп бетін сыйпай салады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Үмбеттерімнен ішінен бұзықшылықты, жібекті (ер адамның жібек матадан киінуін), арақты, бөгде әйелдерді құшақтауды халал қылып алатын қауымдар шығады». (Бұхари, Әбу Дәуіт – дегеніндей, бірінің әйелімен екіншісі билеу, апыр-топыр төбелес, неше түрлі ойын сауық, тағысы тағы бар. Жасы жетпістен асып кеткен, ақ жаулықты аналарымыздың қолына стақан ұстап алып, арақ ішкізу үшін дызақтап жүгіргені – тіпті де жиіркенішті.
Ол аз болғандай түк көрмеген асабаларымыз, түкке тұрмайтын батыстың үрдістерін үйретіп әлек. Прокатқа алынған ақ көйлегі бар қалыңдық, ортаға шығады да, қолындағы бір шоқ гүлін артына қарай лақтырып кеп жібереді. Оны топ болып күтіп тұрғандардың ішінен бірі қағып алады. Сөйтіп, гүл шоғын қағып алған сұр бойдақ, жақында үйленетіне сеніп, қуанышы қойынына сыймайды.
Алайда, тойдан жинаған күнәларымыз мұнымен бітпек емес. Енді құда шақырудың дүрбелеңі басталады. Құда күтеміз деп ысырапшылдықтың қандай түрі болса, соның бәрін бастан өткереміз. Бірі, бір жапырақ мата үшін өкпелеп, соның салдарынан екі жастың болашағына балта шабудан тайынбайтын болса, енді, бірі құдалықты басқалардан артық өткіземін деп жүріп, сол құдаларға мойнына «кредиті» ілінген қызын тапсырады. Міне, осындай харам тойлардан бастау алған отбасылардың шаңырақтары шайқалмай қалай тұрмақ? Әрине, бұл «той жасамай-ақ қоюға болады деген» сөз емес. Асылында, имандылыққа бет бұрып, әрбір неке тойының шариғат заңына сәйкес, қазіргі тілмен айтқанда «халал той» қылып өткізуге ат салысуы ләзім.
«Жау жағадан алғанда – бөрі етектен» демекші, қазіргі таңда той жасамай-ақ мешітке екі адамды ертіп алып барып, некесін қидыра салатын жастарымыздың қарасы көбейіп бара жатыр. Ешкімге тіс жармай, тек сенімді деген достарын куә қылып, некесін қидырып алады да, артынша, жалыққан кезінде талақ қылып кете барады. Соның салдарынан бір күйеуден – екінші күйеуге, екінші күйеуден – үшінші күйеуге тиіп, әр күйеуден бірнеше бала тауып жүрген қыздарымыз дінімізге сызат түсіріп жүргені өкінішті-ақ. Әнәс ибн Мәліктен (р.ғ.) риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Абдуррахман ибн Ауфтің (р.а) жүдеулі, әбіржіген кейіпін көріп: - «Саған не болған?» - дейді. Абдуррахман ибн Ауф (р.а): - «Иә, Расулаллаһ! Үйленіп едім» - дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): - «Аллаһ саған бұл некені берекелі етсін! Бір қой болса да сойып, қонақ асын бер» - дейді. (Бұхари, Мүслім) Байқағанымыздай бұл хадисте некеге тұрған әрбір ерлі-зайыптылардың шариғат жолымен той жасаулары - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті болып табылатынын білдіреді. Одан кейін, некеге тұрып жатқан ер мен әйелді құттықтап, оларға дұға етіп, береке тілеу керектігін айтқан. Қараңғылық дәуірінде адамдар: «Бақыт және перзенттер болсын!» - деген сөздерді ғана айтатын болған. Кейін Ислам діні келген соң, одан да абзалырақ құттықтау сөздермен зияда етіп толықтырды. Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір кісі үйленген кезде құттықтап былай деді:
بَارَكَ اللَّهُ لَكَ، وَبَارَكَ عَلَيْكَ، وَجَمَعَ بَيْنَكُمَا فِي خَيْرٍ
«Аллаһ саған бұл некені берекелі етсін. Аллаһ саған берекеттер жаудырсын және екеуіңнің араларыңа жақсылықтар толтырсын». (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә.) Ал, Насаидің «Сүнәнінде» Хасан Басри риуаят етеді: «Уқайл ибн Әбу Талиб «Бану Жушамдық» бір әйелге үйленді. Сол кезде адамдар «Бақыт және перзенттер болсын!» - деген кезде, ол кісі Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с) айтқанындай етіп: - «Аллаһ саған бұл некені берекелі етсін. Аллаһ саған берекеттер жаудырсын!» - деп құттықтады». Некеге тұрған пенделерді құттықтап, оларға дұға ету – мұстахап (ұнамды) амалынан болып табылады.
Нұржан Қияс
Қызылорда қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы
Сурет aktobegazeti.kz сайтынан алынды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.02.2014
9376
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру