Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әсет БЕКТҰР: Ұлттық қауіпсіздік тұғырнамасы

31.01.2014 5876 0 пікір

«Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»

Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын»

Халық даналығы

Бір жаманы – үйленіп жеңгесіне,
Бір жақсысы – жесірін қаңғытпаған,-

Хакім Абай

 

АНЫҚТАМА: Қауіпсіздік – жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің ішкі және сыртқы қатерден қорғануы. Қауіпсіздіктің негізгі рухани нысандары: ұлттық болмыс пен дәстүрлі құндылықтар;

Қауіпсіздік –
– Қауіп-қатерлерден қорғаныс;
– Құбылыстар мен процестердің кері әсеріне қарамай өзінің негізгі мәнін қорғау, сақтай білу қабілеті;
– Тіршілік ету барысында жағымсыз өзгерістерге ұшырамай тұрақты даму қалпы;
– Кері ықпал ететін факторлардың әрекетін шектеу, қауіп-қатерден қорғану деңгейі; "Қауіпсіздік" ұғымын осылайша түрлендіру, қоғамдық процестерге қатысты қолданылуына байланысты. Ал біздің қозғағалы отырған қауіпсіздік мәселесі «ұлттық құндылығымыздың» қауіпсіздігіне қатысты болмақ.

Соңғы кезде Жапондық психологтар жастарымыз маймылға айналып бара жатыр деп дабыл қағуда. Олардың айтуы бойынша: «Жедел қоғамдық өзгерістер,  дәстүрлі өмірлік салтпен үйлесін таппағандықтан ғаламдық деңгейде жастардың қарым-қатынасына, психологиясына үлкен ауытқулар әкелуде. Қазіргі жастар үшін супер маркеттер, ойынсауық орталықтары бейне бір орман сияқты, ал, олар сол орманда жайылып жүрген жануарлар тәрізді. Жастарымыздың киім киісін, жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын сырттай бақылаған адамды осындай оғаш сезімде қалдырады. Жастардың болмысына дәстүрлі қасиеттердің сәйкестік тауып, үйлесіп жараса алмауы болашаққа деген үмітсіздікті асқындырып тұр»,-дейді. 

Біз әлемнің ХХI ғасырда  дағдарысқа бет бұрғанын айтып, сценарилер жасап, жаһандық тепе-теңдіктің, рухани қалыптардың бұзылмауына модельдер іздеп әбігерлену үстіндеміз. Мәселен, С. Хантингтон, Ф. Фукуяма, Н.Н Моиеев, Ф.А. Хайек сияқты көптеген футуролгтардың соңғы бір он жылдықтағы зерттеулерін еске алып көрсек жеткілікті.

Қазіргі заманның рухани апаттарының қасында экологиялық мәселе жіп есе алмай қалды. Адамның айрықша қасиеттері: рухани тазалық, асқақ адамгершілік, мөлдірлік сияқты адамдық қасиетті құндай білу сапасы бір-бірімізді тым боламағанда бұрынғыдай қанағаттандырмайтын түрі бар. Жан дүниеміздегі бұл түйнек ғалам заңы ашылып, жұмыр жердің қатпар-қатпарына адам ойының сәулесі түскен шақта тіпті күрделене бастады.

Сонда қалай, тіршіліктің ауқымы қай бағытқа бет алып барады? Егер адамзат қоғамы кері кету жолынан шығар жол бар болса, ол қайсысы?

Біз адам баласы қандай тәжірибені де мансұқ етуге бейімбіз. Ал жаңашылдыққа құштарлық әрдайым адамгершілікті жақтаған жетістік болып шықпайтыны да түсінікті. Жаңа өмірлік қалыптар дәстүрлі өмірлік салт сананы, онымен үйлес адамдық қасиеттерді өзгертуге ықпал ететініне көз жетіп отыр. Қоғамдық өзгерістерге қандай бейімделгіш болғанымызбен, оларды мойынсұнды үнсіз-тілсіз қабылдай беру қыруар драмалық-трагедиялық халге ұрындыруда. Біз әркезде өмір сүрген әр түрлі ақыл ой иелерінің бұл тұрғыдағы (ғаламдық проблемалар рухани құлдыраудан бастау алып отырғаны жайлы) зерттеулері мен пікірлерін білеміз. Ал оған илануға келгенде мүдіреміз. Неге?

Адамзат алдында өзін Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) үмбеті деп қабылдауын өтінген орыстың данышпаны Лев Толстойдың бұл жайында мынандай пікірі бар. «Егер өмірің де бір нәрсе дұрыс болмаса, онда сен бір жерде қателестің, ендеше, сол қатеңді тапта түзе»,- дейді. Сонда бәрі қалпына келмек. Адамзаттың тектік құлдырауы бір жола құрдымға бет бұрғанын осы тұрғыдан қарасақ, онда оның ауқымды, әрі нақты себептерінде анықтауға мәжбүрміз.

Дегенмен, адамзатты дағдарысқа тіреген бірегей рухани проблемалар қазірдің өзінде айқын. Мәселе, оларды жуыр маңда жағымды, тиімділік тұрғысынан шешу мүмкін еместігінде. Жоқ. Мүмкін. Бірақ, ішін ара қолға алынып жатқан шаралар адамзаттың алып рухани дағдарысына жұғын болар түрі жоқ. Өйткені адамның асыл қасиеттеріне қылау түскен.

Егер тікелей айтсақ:

  • Мұндай құрдым апаттың орнын қалай толтыруға болады?
  • Қоғамды материялдық таным арқылы ізгілендіруге болама?
  • Әлде біз ізгілікті адамдарды қажет етпейтін болдық па?
  • Олай болса несіне уайым жеп, ұйқы беріп қайғы жейміз?
  • Заңдылық пен ізгілік қалай үйлесін таппақ?
  • Тарихи дәстүрлі адами қасиеттер түбірімен құрымаса да, құлдырауға бет алған уақытта бұны сақтап қалудың негізгі себебі қандай? Немесе не үшін сақтап қалуға тырысамыз? деген  рухани

проблемалар аясының өзі-ақ адамзат өмірінің ішкі құрлымындағы ең негізгі қайшылықтарды, келеңсіздіктерді әшкерелеп тұр.  Бұл рухани келеңсіздіктен болып жатқан жайттар қоғамның өзіндік процестері емес. Оның астарында зор ғаламдық мәселелер жатыр. Алайда, бұл – беті қайтпаған, шешімі табылмаған мәселе де емес... Тұтас әлем  белгілі қатерлердің құшағында тұрса да, тұншығатын тығырыққа әлі жете қойған жоқ. Сондықтан, адамзат өзінің бір тұтастығын, әлем тұтас ағза екенін түсінетін жағдайға аяқ басуда. Бірақ, таяудағы бір-екі он жылдықта мұндай рухани бірлікке қол жетеді деп және айта аламаймыз.

Әлем кеңістігінде екпіні күшейе бастаған рухани дағдарысты сырттан бақылап, қабылдауға даяр болуды қойып, өзіміздің дәстүрлі түсінігімізді қалыптастыру қажеттілігі ұлттық қауіпсіздігіміздің басты мәселесінің бірі екенін сана мен сезіну үшін, өзіндік иммунитетімізді қалыптастыруымыз қажет. Мұндай, әлемдік шеңберде орын алып отырған қауіпті кеселдерге қарсы тұратын ежелден қалыптасқан төл мұрамыз бар ол – ДІН МЕН ДӘСТҮРІМІЗ. Осы мәселені түсіну ұлттың қауіпсіздігіне тікелей қатысты.  Бұл қорытындымызға әлде бір тақуалық тұрғысынан қарап, бас шайқап тұрып алатын ойшылдар да бар шығар. Бірақ, біз олармен дәл осы арада талқыға түсіп жатпаймыз. Өйткені, ұлттың өзін өзі тануы, өзгеге танылуы өте күрделі процесс. Ал, бір елдің болмысына жат жұрттың көзімен қарап тануға мүлдем болмайды. Қазақты бір пұшпағынан білгенге, көз көргенін ғана тізгенге мәз дін уағыздаушылары жат рухты, теріс пиғылды тұжырымдар жасауға дейін барып, елді едәуір алжастырып келді. Дегенмен, бұл мәселелерге қатысты пікірлер мен ұстанымдар айқындалып, бір жүйеге түсіп, өз арнасын тапты. Тек оларды ұдайы қаперде ұстап, сыңаржақ көзқарастың, үстірт ықпалдың ырқында кетуден сақтануымыз қажет.

Шексіз құдірет иесі Алла тағала: «Әй, адам боласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық»,- дейді. Демек, адам баласы ұлт, ұлыстарға бөлініп, әрқайсысының өзіне тән ерекше қасиеттерінің болуы Жаратушы Иенің әмірі. Енді қандайда бір ұлт сол ерекшелігін жоғалтса ұлттың тарихы жойылып, тәрбие мен дәстүрі, мақсат-мұраты жат арнаға түседі. Мұның бәрі жинақталып келіп ұлтты кәдімгі мәңгүртке айналдырады. Ұлттық руханияты басыбайлы жұрттың келешегі кеселді. Бүгінін өзі құртады.

Рас, біз – қазақпыз. Ұлтымыз да солай айтылып, жазылады. Ал, соңғы уақытта қалпымызға енген өзгерістер қыруар. Киім кию, ас ішу, тұрмыс құру қазақша өмір салтымыздың барлық жағдайы әбден түрленген, өзгерген.  Тіпті бұл кейпімізді шам көрмейтін болдық.

- Түйежүн шапанмен, саптама етік, түлкі тымақ, сеңсең бөрікпен жүрген қазақ қазір үстіне, не киіп жүргенін білмей қалды (әсіресе қыздардың жалаңаштануы қынжылтады).

- Дастархан мәзірі, тамақтарының сапасы, тағамдарының түр-түсіде өзгерген.

- Үй жиһаздарында, тұрмыс салтында жат үлгі үстем. Соны дәреже көреді.

- Достық, туыстық адамгершілік қарым-қатынасына қыруар өзгерістер енген.

- Қызмет бабында да кеңсе жағдайында өзге стандарттарға, жасанды қылықтарға бейімделгіш.

- Соңғы бір екі буынның рухани негізі екі ұдай, ұлттық сезімі селдір. Сондықтан әйтеу тіршілік иесі болып күн кешкеніне мәз.

Тарихта өзін-өзі қорғай алмайтын ұлтта, қорғануға күш-қуаты жетпейтін елде болған. Өлі ұлт деген ұғым содан шықса керек. Ал, қазақ елінің өзін-өзі қорғауға рухани қабілеті толық жетеді. Алайда, бүгінгі қоғамда көрініс тауып отырған келеңсіздіктердің пайда болуының басты себебі – дәстүрді өмір сүру заңдылығының негізіне айналдыра алмағанымыздан. Сол себепті бүгінгі қоғамда бірқатар мәселелер айқындалып, алдыға шығып отыр. Ол - бүкіл қоршаған ғаламдық, қоғамдық ортаны негізге ала отырып өз болмысымыздың мәніне жету. Бұл арада мән беретін екі жай бар: біреуі – дәстүрімізді сол қалпында тұтастай қайталау сол қалпында іске асыру мүмкін еместігі, екіншісі – қайталап қолдануға болатын сол дәстүріміздің діни негіздегі принциптері, құрылымдық, үлгілері, қағидаларын білу.

Ендеше қол қайратын, ақыл-ойын, жүрек ділін ұлт мүдесіне жұмсайтын бір қатар шаруаларды қолға алуымыз ләзім:

1) Кешегі ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі күнге лайықтап трансформациялауымыз қажет.

(«Трансформация «көне лат. transformatіo – айналу». Ұлттық жақсы қасиеттерді жетілдіріп, тәрбиелік мәні бар дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, жарқыратып аша түсу. Көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаев: «дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар»,- дейді).

2) Ұрпақ тәрбиесінде үлкен маңызы бар салт-дәстүрімізбен әдет-ғұрыптарымызға өзіміз шабуыл жасаудан сақтанғанымыз жөн.

(Кейбір сарапшылар жаһандану дәуірі басталды, ұлттық құндылықтар тарих сахнасынан кетеді деп сәуегейлік айтады. Ал екінші ойшылдар керісінше кейінгі өзгерістер ұлттық салт-санасының, дәстүрінің өшуі емес, өрлеуінің айқын көрінісі екенін айтуда.

3) Асыл мұраларымызды экспонат, экзотикалық-сахналық көрініс тұрғысынан қабылдамай, руханиятымыздың көзі болып келген ата-бабаларымыздың рухани құндылықтарын бойымызға жинап, ұрпақтан-ұрпаққа дарыту жолдарын жобалау.

4)    Ұлттық құндылықтарымызды кемсіте қарап, өзге мәдениеттерге  табынудан арылғанымыз жөн.

Дәстүрді жоққа шығарған жерде халықтың халықтығы жойылады: ұлт-ұлт болудан қалады. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыз, дәстүріміз халықтың бірлігін, елдің тұтастығын сақтап қалу үшін де сондай қажет. Дін мен дәстүр ұлттың рухани таным, түсінігінің кепілі болғандықтан да, оған қарсы шығу табиғи апаттан гөрі қауіпті.  Елдің елдік сипаты – оның дәстүрінде. Сақтардың көсемі жасанып келген жауы Македонский мен Дарийге: «Егер бізді шын ашуландырғың келсе – ата-бабамыздың қорғаны мен дәстүр-ғұрпымызды қорлап көрші. Әне, сонда біздің қылышымыздың жүзінің өткірлігін сонда білесің»,- деп айдаһардай айбарлануы дәстүрін қатаң сақтанғанын байқатады.

Әлемнің ең озық ойлы елдері «Ұлттық дәстүр, әлемдік білім» деген ұранмен қиын қыстау кезеңде есеңгіреп қалған елін қабырғалы ел қатарына қосқан болатын. Ол елдерді қатарға қосқан рухани қорғаныс күші – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан байырғы төл дәстүріне оралуы еді. Мәселен: Ұлыбритания, Испания, Қытай сияқты әлемге ықпал ете бастаған мемлекеттердің бүгінгі жетістігі мен өміріне көз жүгіртсек жеткілікті.

Бүгінде ақпарат құралдары мен үлкен мінберлерден «іргелі ел болуымыз үшін не істеуіміз керек?»   деген сауалдар жиі-жиі айтылып жатады. Оның негізгі жауабы біреу дінімізге берік болып, дәстүрімізді заманымызға лайықтап қалпына келтіру. Қазақтың дәстүрі мұндай ауыр міндетті тарихтың қай кезеңінде болмасын өз шама-шарқынша атқарған, әліде терең қаузайтыны күмәнсіз. Басқаша болуы мүмкін емес. Басқа жолда жоқ. Қазіргі кезде бұған тіпті зор мүмкіндіктер туып отыр. Ең алдымен өзімізді (бүкіл құндылықтарымызды) еркін, шектеусіз тани түсуге жол ашылды. Біз соған қол жеткізіп, кемелдікке қарай дамудың жаңа кезеңін бастап отырмыз.

...Сонымен, мақсат та, мұрат та өте анық. Бұл іс әрекеттің, үмітті нәтиже, жетістіктің алды.  Жаңа Тәуелсіз ел аясындағы ұлттық рухани ой-өрісіміздің жаңаша бастауы. Ләйім Алла Тағала ісімізді оңғарып, тура жолға бастағай! Әмин!

 

Әсет БЕКТҰР

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру