Оның пікіріне мұқтаж...
Төл мәзһабымыздың негізін қалаған Әбу Ханифаның өнегелі өмірі мен Ислам дінінің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Бар ғұмырын ізгі амалдар мен ғылымға арнаған ұлы имамның бойында біз біле бермейтін асыл қасиеттер көп. Әбу Ханифа бар болмысымен адамдар арасында ауызбіршіліктің сақталуына, шәкірт тәрбиелеуге ықпал етіп, уақытын тек жақсылық жасауға арнаған. Оның дәуірінде өмір сүрген көптеген ғалымдардың пікірі бар. Ахмад ибн Субахтың пікірі мынадай: «Имам Әбу Ханифаның замандасы Имам Мәликке былай деп айтты: «Имам Әбу Ханифаның көп адамдармен бірге отырғанын көрдік. Оның сөйлеген әрбір сөзі құжатты дәлел болатын», – деп айтқанын естіді» (Тарихул Бағдат 13-том, 338-бет).Имам Әбу Ханифа ұлы ғұлама, кемеңгер ұстаз, есімі әлемге танымал. Оның мұра етіп қалдырған терең білімі, жылдан жылға, ғасырдан ғасырға жеткеніне тарих куә. Имам Әш-Шафиғи: «Шариғат мәселесінде Имам Әбу Ханифаның пікіріне барлық адам мұқтаж», – деген. Ұлы Имам Ирақтың Куфа қаласында дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін сонда өткізді. Жас кезінен бастап Құранды толық жатқа білді. Кейбір риуаяттарға сүйенсек, ол Рамазан айында Құранды бастан-аяқ бірнеше рет хатым жасайды екен. Бізге жеткен кейбір риуаятқа сүйенсек, Құранды Имам Асимнан үйренген. Әке-шешесі Куфа қаласында сауда-саттықпен айналысты. Имам Әбу Ханифаның әкесі Алимен (р.а.) қарым-қатынаста болған. Имам Әбу Ханифа сахабаларды көрген тәбиғин болды. Ол түрлі діндегілерді, мәзһәбтар мен түрлі жамағаттарды Аллаһтың хақ жолына даналық көркем сөздермен шақырды. Ислам дінін, шариғатын бұрмаланудан сақтап қалуға еңбек етіп үлес қосты, тура жолды сақтау үшін олармен көркем түрде дауласты. Әбу Ханифа базарда болатын дауды қалдырып, білімді жетік үйренуге күш-жігерін жұмсады. Уақытының көп бөлігін білім үйренуге бөлді.Имам Әбу Ханифаһ уақытты үшке бөлген:1. Шариғат біліміне.2. Ғибадат жасауға.3. Саудаға. Мұсылман халқын еңбек етуге, пайдалы іске, бір-бірімен пікір алмасуға, түрлі салада білім үйреніп, тәжірибе алмасуға шақырды. Егер шариғат шеңберінен шықпаса, әдет-ғұрыпта хикмет бар. Сауда-саттықта қиянат жасамау, берген уәдеде тұру. Ауырлықты сабырмен жеңді. Сауда-саттықты жіті бақылады.
«Бөлінгендер бөлініп қалады...»
Мұғтазил мәзһәбы Ислам дінінің негізіне, ақидасына нұқсан келтірді. Сол үшін діннің негізі болған ақида мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Дін негізі (ақида) төңірегінде мұғтазил, шиға, хауариж ағымдарымен көркем түрде дауласты. Пайдалы білімді халыққа насихаттады. Осылайша дінаралық, мәзһәбаралық тартысты тоқтатты. «Кім дінде топтарға, жамағатқа бөлінсе, салихтардың жолынан бөлініп қалады», – деген сөз бар.Имам Әбу Ханифа шариғат, ақида білімін үлкен ғалымдардан үйренді. Хадис, әдебиет, сөз өнерін, т.б білімдерді жетік білді. Алғаш ғылым жолын дін негіздерінен бастады. Имам ұлын, шәкірттерін дін мәселесін жетік білмейінше, тартысуға болмайтынын қатаң ескертті. Ұлы сахабалардың көрсеткен игілікті ізгі жолын берік ұстанды. Ұлы сахабалар Али ибн Әбу Талиб, Абдұллаһ ибн Масғуд, бұларға ілескен тәбиғин Ибраһим Нахаидан шариғат, хадис білімін терең үйренді.Имам Хатим былай дейді: «Білім үйренуші үш жолмен: 1. Қоғамның талабына қарап.2. Ұстазына қарап.3. Ұстазына құрмет көрсету арқылы білім алады деген.Сауда-саттықпен айналысса да білімнен бір сәтке қол үзбеді. Көп уақытын білімге бөлді. Шариғат мәселесін ақылға салып, күнделікті өмірмен салыстырып шешті. Әбу Ханифамен замандас болған ибн Қаддама: «Намаз оқып болған соң, барлығы өз шаруасына кететін. Кейін Әбу Ханифаның білім алқасына бәрі қайта жиналатын», – деп айтқан.Фиқһқа байланысты күрделі мәселелерді ортаға алып талқылайтын. Парасаттылықпен, хикметпен көркем түрде дауласатын. Шәкірттерінің бір тобы қанағаттанарлық білім алып кетті. Қалған шәкірттері шариғат пен хикметті тереңірек үйрену үшін ұстазының қасында қалып, білім үйренуді жалғастырды. Ислам дініне ерекше қызмет көрсетуге, кітап жазуға айрықша көңіл бөлді. Ислам дінінің біліміне ерекше құрмет көрсетіп, бас иді. Міне, олар ұлы сахабалардың жолын жалғастырушылар. Шәкірттері ұстазы Әбу Ханифа қайтыс болғанға дейін жанында бірге болды. Олардан жиырма сегізі қазилық қызметін атқарса, алтауы шариғаттағы күрделі мәселелерде пәтуа шығарды. Одан екеуі Әбу Юсуф пен Зуфар. Қазилардың шығарған заңын, білімін, әдебін, қадағалады.
Шәкіртін баласындай көретін
Ұстаз бен шәкірттің бір-бірімен қарым-қатынасы әке мен баладай болды. Бір-біріне жәрдемші болып, мұқтаж болғандарға қаржылай көмек көрсетті.Замандастары мынадай естелік айтады: «Шәкірттері кәсіп етіп, нәфәқа табуға уақыты болмады. Уақыттың көп бөлігін білім үйренуге бөлді. Алған білімін келер ұрпаққа үйретуге жұмсады».Шәкірттер ұстазына: «Бүгін бай адам болдым. Себебі, халал мен харамның ортасын ажырата білдім», – дейтін.Әбу Ханифа шәкірттеріне: «Халыққа жақын болыңдар, жүздеріңді теріс бұрмаңдар», – деп айтатын.Ол шақырған жерден қалмады. Игі жақсылар оның біліміне құрмет көрсетті. Ол халыққа жақын болып, олардың ешбірін алалап, бөлмеді. Елбасына артық сөз айтып, сөз тигізбеді. Жақсының жақсылығын айтты.Имам Әбу Ханифа «Ұстаз бен Шәкірт» атты кітабында білімнің нәтижесі мен жемісі қаншалықты биік екенін айтып кетті. Жақсылықтың жамандықтан айырмасы: жақсылық алған білімге амал етумен тұрады. Біліммен жасалған амал пайдалы, жемісті болады.Имам Әбу Ханифаның саудасы ұлы сахаба Әбу Бәкірдің саудасына ұқсас болды. Аманатқа қиянат жасамады, жағдайы жоқтарға жеңілдік жасады. Саудасынан артылған пайданы жиып, жылына бір рет хадис білімінің ұстаздарына үлестіріп, теңдей бөліп берді.«Тарихул Бағдади» кітабында: «Саудадан артылған пайданы хадис білімінің ұстаздарына мұқтажын сатып алып берді, одан артылған динарларды мұқтаждарыңа жұмсап, Аллаһқа көп шүкір айтыңдар. Мен өзімнің мал-дүниемнен сендерге жұмсадым, бірақ ол Аллаһтың мал-дүниесі», – деп жазылған (Тарихул Бағдад 13-том, 360-бет).
Базарға себепсіз кірмейтін
Юсуф ибн Халид былай еске алады: «Сенбі күні сабақ беруге келмейтін, өзінің жеке шаруасымен айналысатын. Базарға себепсіз кірмейтін. Жұма күні намаздан кейін барлық достарын үйіне шақырып, ас беріп, құрмет жасайтын» (Манақиб Мекки 2-том, 106-бет).Имам Әбу Ханифа асқан тақуа болды. Ислам дінін қорғауға, дін негіздерін сақтауға бар ғұмырын сарп етті. Оның есімі, атақ-даңқы, Ислам дініне жасаған ерен еңбегі жылдан-жылға, ғасырларға мақтаулы дәрежеде жетті. Ол адамдардың дін мәселесінде өзара таласқа түсіп, бір-бірін дұшпандыққа итермелеуін қаламады. Ол пәтуа берерде халық арасында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан, әдетке айналған, яғни шариғатқа қайшы келмеген дәстүрді, әдет-ғұрыпты ескеретін, назарда ұстайтын.
Бірлігіміздің мызғымас бөлшегі
Дін мен дәстүрге бекем болған бабаларымыз сан ғасырдан бері, дәлірек айтсақ, 1200 жылдан бері Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған. Соның айғағы болар, дәстүрімізде бар жоралғылар дінімізде бар. Дінімізде бар қағида дәстүрімізде де бар. Дәстүрімізбен бітеқайнасқан дініміз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабы – бірлігіміз бен татулығымыздың мызғымас бөлшегі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жауапты лауазымға тағайындалғаннан бері дін мен дәстүрге ерекше назар аударып келеді. Жуырда «Дін мен дәстүр» кітабы шықты. Дін мен дәстүр халқымыз үшін құстың қос қанаты іспетті. Ендеше, дәстүрімізбен ұштасқан дінімізге берік болайық.
Ғалымжан ӘБІЛДАҰЛЫ,
әл-Әзһар университетінің теология жәнефилософия факультетінің түлегі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.01.2014
5526
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру