Ой-сана адам баласына берілген Аллаһ Тағаланың ең керемет нығметтерінің бірі. Адамның ой-пікіріне байланысты оның діні мен өмірінің қалыптасары анық. Алайда адамдардың көпшілігі қоғамнан көрген-білгенін ой елегінен өткізбестен қайсысының дұрыс қайсысы қате екенін сараламастан өздеріне пікір етіп қалыптастырып алады. Ал ақылын ардақ тұтып, парасатын басшы етіп, ізгілікке өз үлесін қосып, жаманшылықтың алдын тосып жүрушілерді бұл күні іздеген ғана табатыны баршамызға аян. Көрпесіне қарап көсілгені секілді қалтасына қарап кеңес берушілерде қаптап кетті. Бұл турасында Алла тағала қасиетті Құранда; «Ол, сендер үшін: есту, көру және ойлау қабілетін жаратты. Сонда да аз ғана шүкірлік қыласыңдар» (Мүминун сүресі, 78аят).
Ақыл иесі айналасындағы дүниені көріп-білгеннен соң, санасына құйып, ол туралы ой қорыта бастайды. Көрген, түйгенінен өзіндік ой-пікір қалыптастырады. Адам ойындағысын сөйлеу тілі арқылы жеткізеді. Құран Кәрімде «Аса Қамқор Алла. Құранды үйретті. Адамзатты жаратты. Оған сөйлеуді үйретті» (Рахман, 1-4) деген аяттар келеді.
Ой-пікірдің маңыздылығы жайында сөз қозғамас бұрын, айтылар ойдың хабаршысы болар сөз турасында айтсақ, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сөйлеген сөзінен пайда тапқан немесе сөйлемей тыныш тұрып аман қалған пенделерді Аллаһ тағала өз рахымына бөлейді» деген. Сондай-ақ, осы тұста Бөлтірік шешеннің мына бір сөздері ойға оралады: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет». Сөзі түзу жанның, ісі де түзу болары анық.
Яғни, ой өрнегінің кестеленіп түсуі де, кесектеліп түсуі де адамның сөйлер сөзіне, дәлірек айтсақ, көкірек көзі арқылы жиған таным, түсінігіне қатысты болады. Адамдардың бітім-болмысы, мінез-құлқы, рухани дүниетанымы, жан дүниесі, көзқарастары тұрғысынан бір-біріне ұқсамауы заңдылық. Өйткені, олардың көрген тәлім-тәрбиесі, алған білімі, өмірлік тәжірибелері әртүрлі. Қоғамды құрайтын адамдар болғандықтан, әрбір қоғам мүшесінің өзіндік жеке пікірі, құқығы, меншігі болуы заңды. Бірақ бір қоғамда ынтымақта өмір сүруі үшін адамдардың өзара түсіністік, өзгенің пікірін құрметтеу, кішіпейілділік көрсету сынды сипаттарға ие болуы маңызды. Бұл тұрғыда мұсылман қауымы ең көркем мінез иесі, шарапатты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сара жолын ұстануы ләзім.
Бүгінде Аллаһ тағаланың қалауымен асыл дінімізбен қайта қауышып отырған шағымызда, осы нығметті қолдан шығарып алмауымыз үшін бізге ортақ пікір, ортақ ұстаным қажет. Ортақ мүддеге қол жеткізу үшін мұсылмандар бір-бірінің ой-пікірімен санасып, бір жағадан бас, бір ауыздан сөз шығарып ынтымақтастықта болуы керек. Аллаһ Тағала бұл турасында өзінің Құран Кәрімінде былай дейді: «Заманға серт (1). Негізінен адам баласы зиянда (2). Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды (3).» (Ғасыр сүресі).
Дініміздің діңгегін құрайтын ой-пікірдің құндылығын бағалау арқылы ауызбіршілікті сақтауға болады. Ортақ көзқараста дау-дамайға бармай, талас-тартыс туғызбай адамдарға дінді даналықпен жеткізудің жолдары мынадай сипатта болғаны жөн:
1. Өзгенің пікіріне құлақ қою;
2. Өзгенің пікірін сыйлау (дін бауырыңның хақын сақтау);
3. Өзара түсіністік, өзара сұхбаттасу (кейбіреулер өзінің пікірімен ұштаспайтындармен санасқысы келмейді. Келіспейтіндермен бірге отырмайды. Негізінде ой тарқатылар отырыстардан үлкен ғибрат алынады. Өзгенің ойын естіп, тың нәрселер көресің. Өзіңнің ішкі дүниеңе көз жүгіртіп, өз даусыңды естисің. Ой қорытасың).
4. Ынтымақтастық, ымыра (қоғамдағы мәселелер адамдардың бірігуі арқылы шешімін табады).
Аллаһтың хақ жолына түсіп, онымен сусындай бастаған адамның айналасындағылардың да осы нығметке бөленгенін қалайтыны даусыз. Осы мақсатта ол дінді насихаттай бастайды. Бірақ кейде білімінің таяздығынан, өмірлік тәжірибесінің аздығынан және сабырсыздығынан қателіктерге ұрынып жатады.
Дегенмен адамдардың ойлау, түсіну деңгейлері әр қилы. Айтылған насихатты біреуі қабылдап, оны орындайды. Екіншісі қабылдайды, бірақ оны орындамайды. Үшіншісі қабылдамайды, оған қарсы келеді. Бір адам екінші адамға күштеп өз пікірін, ойын орындата алмайды. Өйткені, Аллаһ адамға таңдау мен ерік беріп қойған.
Асылында Аллаһ Тағала былайша бұйырған еді: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол тура жол тапқандарды да жақсы біледі» (Нахыл сүресі, 125 аят).
Дін мәселесінде қолына ислам шамшырағын ұстап, халықты Аллаһтың нұрына қарай жетелеген ғалымдардың соңынан ерген дұрысырақ болады. Кіші болса да, білімі артық тұрса, тыңдауға құқылымыз. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деп қыңырлыққа салынбай, көңіл қойған абзал болмақ. Әйтпесе, сәулесі өзге түгілі, өзінің басқан қадамына түспейтін шала жанған шамды ұстап, жұртты қараңғылық пен адасушылыққа апаратындардың соңынан еру ақылға сыймайтын іс болады.
Ал білімді жастарымызға «үлкендер дінді білмейді» деп оларды айыптап, олардың пікірлерімен санаспай, сыйластық шекарасынан шығып кетуіне әсте болмайды. Сондықтан ерекше көркем сипатпен жаратылған адамзат баласы Аллаһ алдындағы мәртебесінің биіктігін ойласа, дін бауырларымен жақсы қарым-қатынас орната білуі, олардың ой-пікірлерін бағалауы керек.
Ислам – бейбітшілік діні. Сыйластық діні. Ендеше, адамзаттың бірлігіне үндейтін ислам дінінде әр адамның ой-пікірі өз құндылығын жоймақ емес.
Серікхан Ахмадиев
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі
бойынша және «НҰР» орталық
мешітінің Бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.01.2014
5655
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру