Исламда уақытты дұрыс әрі пайдалы да сауапты істермен өткізудің маңыздылығы өте зор. Өйткені уақыт - Алла тағаланың адамға берген сыйы. Бұл мақалада баршамыз білсек те көп жағдайда мән бере бермейтін уақыттың қадірі мен құндылығы жайлы сөз етеміз. Егер адам уақытының бір бөлігін өткізсе, өмірінің де бір бөлігі кеткені. Кім уақытын ойын-сауыққа арнаса, өмірі де содан аса алмағаны. Сол себепті жалпы мұсылман кісі, әсіресе, жастар уақытын пайдалы нәрсеге арнап, жемісін көруі тиіс.
Уақыт – қымбат, өйткені оның негізгі бағасы - жәннат. Ал сол уақыт Алладан өзгеге арналса, онда ол бос ермек, ойын ғана болып, құнының құлдырағаны. Уақыт құндылығы мен дәрежесін Алла тағала Өзінің қасиетті кітабында бірнеше жерде келтірген. «Асыр» сүресінде: «Заманаға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс жасағандар, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер, олар зиянға ұшырамайды», - делінген.
Бұл Құран аяттары мұсылманның уақытын жүйелеп, тиімді пайдалануына септігін тигізбек. Бір кісі жақсы ниеті арқылы 24 сағат бойы уақытын жүйелеуге, яғни Алланың разылығына арнауға қол жеткізеді. Мысалы, ұйықтар алдында қалай жату керектігі, ол кезде не айтатындығы, түн ортасында шошынып оянғанда, дәрет алғанда, тамақтанар алдында, үйінен шыққанда және көлікке отырғанда тағы басқа жағдайларда не айту әрі не істеу керектігіне мән берсе, арнайы дұға оқыса, онда сол пенденің барлық уақыты Алланы еске алумен, оған босұнумен өтіп жатыр деген сөз. Қиямет күні адамнан ең алдымен уақыты мен өмірін қалай өткізгендігі қатаң сұралатынын баршамыз жақсы білеміз.
Әбу Бәрзә әл-Әсләми жеткізген хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні құлдан төрт нәрсе жөнінде сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды дейді. Олар:
Өмірінде не істегені. Алған білімін қалай жүзеге асырғаны. Мал-дүниесін қандай жолмен тауып, қайда жұмсағаны. Дене мүшесімен не істегені?».
Ибн Масғұд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен басқа хадисте пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты мынаны баяндаған:
«Қиямет күні Адам баласы Раббысының құзырынан бес нәрседен сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды:
Өмірін қалай тоздырғаны. Жастық шағын қалай өткізгені. Мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағаны. Алған білімімен қандай амал жасағаны», - деген.
Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріне қарасақ, оның өз уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені, ол барлық істеріне үлгерген. Парыздарды былай қойғанда, нәпіл құлшылықтардың өзі өмірінің соңына дейін өз уақытында орындалған, әрі еш үзілмеген. Бұған қоса, ертелі-кеш жасаған дұғалары, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, өзіне келушілерге уақыт бөлуі, науқастар мен қабірлерге зиярат етуі, халықпен жүздесуі, ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы, мысалы, балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа тағы басқа, барлығы да оның жоспарына сыйып отырған. Бұл істердің барлығына уақыт табылған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, уақытты қаншалықты тиімді қолданғанын көрсетеді.
Қазақ халқы: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»,– деп, ерте тұрып, ақыреттік және дүниелік тіршілікке кірісуге шақырған. Исламда таң намазын оқу үшін ерте тұру − әр мұсылманға парыз екені белгілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де 24 сағаттық тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін берілген үлкен мүмкіндік. «Ең ізгі амал қандай?» деп сұраған кісіге, Пайғамбарымыз «Уақыты кірісімен оқылған намаз» деп жауап бергені мәлім. Бұл да уақытты ұтымды пайдаланудың бір жолы.
«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын»,– деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы − шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс.
Бір ғалым кісі: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды» деген. Олай болса, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді.
Байқасаңыз, Исламда ұзақ уақыт демалыс жариялау кездеспейді. Тіпті мейрамдардың өзі санаулы. Мереке күндері де бос қарап жату жоқ. Таң атысымен мешітке барып, айт намазын оқу міндетті. Ондай күндерде айтты пайдаланып, туған-туыс, көрші-қолаңның қал-жағдайын білу, мерекемен құттықтау істері атқарылуы тиіс.
Осы себепті мұсылман адам бос отырудан сақтанғаны дұрыс. Қолы қалт етсе, кітап оқып білімін арттыруға, аят, хадис, дұға жаттауға, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындауға, туыстарын зиярат етуге, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесуге, жақсылық жасауға, мамандығын жақсы игеруге, қазалары мен қарыздарын өтеуге, араз адамдардың арасын татуластыруға, тағы басқа мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауға дағдыланған дұрыс. Өйткені, мұсылманның түсінігінде өмір − шектеулі, уақыт − қысқа.
Алла елшісі бұл турасында былай деген:
«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:
Өлмей тұрып өмірдің,
Ауырмай тұрып денсаулықтың,
Қартаймай тұрып жастықтың,
Кедейленбей тұрып байлықтың,
Көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» Адамзаттың ардақты ұстазы хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан қолы бос отырмаған. Айша анамыз (р.а.) бұл жайлы «Үй ішінде ешқашан қолы бос отырғанын көрмедім» деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қолы босап қалуы мүмкін емес те еді. Өйткені, Жаратушы Иеміз оған «Шарх» сүресінің 7-аятында:
«Босағаныңда дереу қайта жұмысқа кіріс. Раббыңа құлшылық жаса» демеп пе еді?! Бұл барша мұсылмандарға да берілген бұйрық. Яғни, бұл «Әй, мұсылман! Ешқашан бос отырушы болма! Бір істі бітірсең, екіншісін баста. Діннің бір амалын бүтіндесең, дүниелік бір ісіңмен айналыс. Дүниелік бір ісіңді тәмамдасаң, діни бір амалды қайта қолыңа ал. Тәннің бір қажеттілігін өтесең, жанның бір азығын қамда. Өз ісің бітсе, жақындарыңды еске ал. Содан кейін қоғамның, мұсылман үмбетінің қажетіне жарайтын іс қыл. Сонда сенде бос уақыт деген болмайды» деген сөз.
Бүгінгі күні уақытты өлтіретін жаулар көбейген. Соның бірі теледидар деуге болады. Бүгінгі күні теледидары жоқ үйді елестету қиын. Алайда осы теледидардың уақыттың нағыз жауы екеніне екінің бірі көңіл бөле бермейді. Орташа есеппен күніне 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның бір жылда осыған жұмсалатын уақыты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз күндіз-түні 45 күн деген сөз. Яғни тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Өте көп уақыт! Ал теледидарға босқа кеткен осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір көрейік. Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да көп екен. Яғни 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз. 1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Яғни теледидардың кесірінен біз бір шет тілін үйрене алмай қалудамыз. Ал кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен. Ал әрбір әрпі сауапқа батыратын Құран Кәрімді оқимын десеңіз, 1095 сағат ішінде сіз оны 10 рет хатым, яғни Құранды бастан-аяқ оқи алады екенбіз. Осы уақыттың үштен бірін ғана қаза намаздарыңызға бөлетін болсаңыз, онда 3 жылдық борышыңыздан еркін құтылады екенбіз. Бұны осылай көбейте беруге болады. Міне, теледидар көрудің адамды қаншама игілікті істерден, қаншама сауаптардан құр қалдыратынын осыдан-ақ байқауға болады.
Иә, үлкен жетістіктерге жеткен ұлы кісілердің барлығы да уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалана білгендер. Абай атамыз да өз өлеңінде уақыттың қайта айналып келмейтіндігін, шық-шық еткен сағаттың уақыттың ұрысы екенін тамаша бейнелеген:
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Үнемі өмір өтпек - ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман».
Иә, адам баласы «қайта айналып бұрылмайтын, бұлдыр» уақытты өте тиімді пайдалануы керек. Осы себепті болар, еңбекқор қытайлар да уақыт мәселесіне келгенде, «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп пайдалы іске асығады екен.
Алла тағала баршамызды өз мейіріміне бөлеп, уақытын пайдалы да сауапты істерге жұмсайтын салиқалы құлдарының қатарына қосқай!
Ғалымжан ӘБІЛДАҰЛЫ,
әл-Әзһар университетінің теология және
философия факультетінің түлегі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.12.2013
9901
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру