Тарихқа көз салсақ халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде ең басты рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің қайнар бұлағы, жастарды имандылықпен тәрбиелеу.
Жастар — таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың нышаны. Кешегі хан Абылай күллі қазақ баласының басын қосып, жауының алдын тосып, елімізбен жерімізді қорғап қалған кезде небәрі 20 жаста ғана еді. Византия империясын тізе бүктірген шағында Фатих Сұлтан 21 жасында болған екен. Әйгілі Ескендір әлемдегі ең үлкен мемлекетті құрғанда қылшылдаған жас жігіт болыпты. Олардың қай-қайсысы да өмірін күреспен өткізген. Өйткені олар — жас болсада бас болып, халық қамын жеп, жарғақ құлағы жастыққа тимегендер еді.
Жастар тарихи құндылықтар мен рухани қасиеттерге ұмтылып, өздерін атадан қалаған тәлім – тәрбие мұрасының мирасқоры екендігін сезініп, сол жүкке жауапкершілікпен қарай білсе, ананың сүтімен берілген білімнің бұлағынан сусындап, бойдағы білімді әдеппен ұштастырса, көңілдегі көксеген мұратына қол жеткізу жеңіл болары хақ. Қазіргі жастарды білімсіз деп те айта алмаймыз. Алайда білім – ағып жатқан дария, ал тәрбиесіз алынған білім – жардың астында ағып жатқан дария іспетті. Шөлдеген жан шөлін баса алмайтын, ешкімге пайдасы тимейтін ағын дария. Осы себепті дана халқымыз, «әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала» деп, дөп басып айтқан. Ал әдеп, ар, намыс, парасттылық пен кішпейілділіктің кілті – имандылықта. Еліміздің жарқын келешегі қолдарында құраны, жүрегінде иманы бар жастар екендігінде дау жоқ. Сол себепті ұлағатты ұрпақ тәрбиесінің имандылық аясында болуы, бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы.
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекетте белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш, қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған.
Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, бар адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.
Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көреген» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ғана ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша Имандылық иманнан пайда болады. Ал иман - жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни Имандылық. Алладан келген әрбір пайғамбардың міндеті осы құндылықты уағыздау болатын. Екі дүниенің сардары Мұхаммед (с.а.с) «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім»,- деуі арқылы әлемдегі тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, соған өзі бірінші үлгі болған еді. Бірде Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) мінезі жайлы хазіреті Айша (р.а) анамыздан сұралғанда: «Оның мінезі – Құран ғой», - деп жауап берген. Себебі Құран – адамзаттың өмір сүру структурасы, Құран – мұсылмандардың конституциясы десек артық айтпаспыз. Дінімізде игі істердің барлығы имандылық болып табылады.
Европа мен Азия терең қараңғылыққа батқан кезде ислам мәдениеті жарқыраған күн сияқты дүниеге келді. Алла тағала Құран, хадис арқылы адамдарға тәрбие негіздерін баян етті. Осылайша тәрбие ислам дінінің негізін құрады. Жалғыз жаратушысына ықыласпен құлшылық, жаратылысқа Алланың разылығы үшін қызмет ету бұл діннің негізгі ерекшелігі болды. Барлық жамандықтар тәрбиесіздікті білдірсе, жақсылықтартардың барлығы тәрбие рұхы ретінде сипатталады. Ислам үлкендерге құрмет, кішілерге мейірімділік, сөздердің дұрыстығы мен істердің адалдығын, жалпы жан-жақты дұрыстықты әмір етеді.
Тәрбие тал бесіктен, басталады, бала әке-шешенің үгіт насихаты арқасында жақсы немесе жаман мінездерді бойына сіңіретін болады. Бүгінгі баланы, ертенгі дана етіп тәрбиелеу, әке-шеше алдындағы басты міндет. Сондықтан да исламда әуелі Алланың бірлігі, Мұхаммед (с.а.с) оның ең сүйікті елшісі екендігін айта келе барлық ұнамды істерді үгіттеу, ұнамсыз нәрседен тыю, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару, төл тәрбиеміздің түп тамыры екендігін көрсетеді.
Ислам ғалымдары тәрбиені жалпы және жеке тәрбие деп екіге бөліп қарастырған. Жеке тәрбие бұл Алла тағала тарапынан пайғамбарлар арқылы адамдарға үйретілген сенімдер, ұнамды іс-әрекеттер арқылы жүзеге асады. Пайғамбарлар дәрігер іспетті адамдардың сырқаттарын айта отырып жақсылықтар игіліктер арқылы емдейді. Ал жалпы тәрбие болса, әлемнің ең кішкентай бөлшегінен бастап ең үлкен болмысына дейін Құдірет иесінің қалауымен тәрбиеленіп жатқандығын айтады. Жалпы тәрбиеде мәжбүрлілік болса, жеке тәрбиеде қалау мен ерік бар. Жалпы тәрбие туралы Құранда ясин сүресінің соңғы аяттарында былай делінеді. «Егер ол бір нәрсені қаласа, бол дейді сол сәтте болады». Бүкіл нәрсе Оның қол астында. Өмірді де өлімді де жаратқан Алла. Еш бір нәрсе Оның бақылауының сыртында қалмайды. Бірақ пайғамбарлар арқылы болатын тәрбиеде таңдау құқығы бар.
Имандылық өз ішіне барлық тәлімді қамтиды. Солардың кейбіріне тоқталсақ:
Құран адамдардың құндылықтарын жоғары бағалай отырып, құрметке ең лайық әке-шешелерді айтады. Құранда әке-шеше хақы белгіленіп қойылған. Әл Исра сүресінде әке-шешеге жақсылық жасау, Алла тағалаға ғибадат етуден кейінгі екінші орында тұрады.
«Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, «түһ» деме сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мерхамет құшағын жай да, «Раббым ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей, сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр» - деп дұға ету керектігін ескертеді. Жоғарыдағы аятта әке-шешеге бес түрлі мейірім және құрмет көрсету керек екендігін көреміз:
- Бала әке-шеше іс-әрекеттерінен ауырсынып оларды зекімеу.
- Бала әке-шешеге мейірім-шапағатта болу.
- Ата-анаға әрқашан құрмет көрсету.
- Ата-анамен сөйлескенде оларға ауыр тиетін сөздер сөйлемеу.
- Бала әр қашан олардың бақытты әрі рахатты болу үшін дұға
етіп жүру.
Құранда тек ата-анаға ғана емес, отбасының басқа да мүшелеріне, туысқандарға, көршілерге, жетімдерге, кедейлерге жақсылық жасауды әмір етеді. Құранда Ниса сүресінің 36 аятында: «Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жақын жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астарындағыларға жақсылық қылыңдар» Негізінен Аллаһ тағала тәкаппар мақтанышты жақсы көрмейтіндігін айтып, адамдарды бір-біріне жақсылық жасауға шақырады. Бұл аят қоғамдық ахлақи маңызға ие
Жастарды жақсылыққа бастайтын жақсы қасиеттің бірі — ауызбірлік пен ынтымақ. Бірлік болған жерде әрдайым тату тірлік болмақ. Мұның бәрі жанқиярлықгы талап етеді.
Ұрпақтың жаңаруы мемлекеттің беріктігін, оның гүлденуін айқындайды.
Өнегелі жас – елдің жарқын болашағы, болашаққа сенім арту — жеңісті де жемісті келешектің көрінісі. Елімізді өткенге емес, баянды болашаққа алып баруға бар күш-жігерлерін салудан аянбаулары қажет.
Ұлтжандылық, отансүйгіштік - әрбір адамға керек қасиет. Адам бойында бұл қасиеттер болмаса, елінің азаматы, өз халқының ұлы мен қызы болу мүмкін емес. Жастар тәрбиесінде ең алдымен осы мәселелер тұруы керек.
Ұлтжандылық дегеніміз - өз ұлтын сүю және өз халқы үшін аянбай еңбек ету, ұлттық мүддені қорғау, қайда жүрсе де өз ұлтының баласы екендігін ұмытпау, сонымен қатар басқа ұлттың өкілдеріне құрметпен қарап, өз халқының мүддесіне сай саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуге атсалысу. Ал, отансүйгіштікті ұлтжандылықтан бөліп қарауға әсте болмайды.
Имандылық адамдарға сабырлы болуды үйретеді. Сабыр, қанағат, адамдардың ең жоғары қасиеттерінен болып табылады. Сабыр, Құрандағы ең көп айтылған тақырыптардан. Қиыншылықтарға сабыр еткен пенденің, жақсылық істеушілердің еңбегін жоймайтындығын айтады Аллаһ тағала құранда.
- Күнәлардан қашу арқылы сабыр ету.
- Ғибадаттарды, құлшылықтарды орындаудағы сабыр.
- Қиыншылық аурулардан сабыр ету.
Құран адамды достыққа татулыққа шақырады. Оған мына аятпен белгі береді. «Мүминдер бір-біріне бауыр». Бұл аят қоғамда татулықты орналастыру және әр түрлі ұлтаралық келіспеушіліктерді шешуде үлкен маңызға ие. Жікке бөліну бақталастық пен қырсықтық-мүминдерді өз іштерінде алауыздыққа, араздыққа, кекшілдікпен дұшпандыққа ұшырататын негізгі себептер. Мұндай жәйттер, ақиқатқа, даналыққа және ең жоғары адамгершілік - исламға оғаш.
Тәрбиелік мәнге ие болған әмірлерге қысқаша тоқталып өттік. Шариғатымызда әмірлер мен тыиымдар да бар. Құран адамдардың ілгерілеуіне, жоғарылауына кедергі болатын такаппарлық, арақ ішу, жала жабу, өтірік айту, өсек сияқты жаман қасиеттерді айта отырып бұлардан аулақ болуды әмір етеді.
Сөз соңында мынаны айтқымыз келеді. Жалпы адал болма, адамгершілікті болма, қайырымды, мейірімді, ибалы, инабатты болма, отаныңды, еліңді, жеріңді сүйме тағы-тағысы деп тәрбиелейтін ұлт жоқ. Ал бұл адамзаттық моральдық қасиеттердің өзегі адамгершілік адалдық, карапайымдылық, ар-ұяттылық, кішіпейілділік, еліне-жұртына, жеріне сүйіспеншілік бір сөзбен айтқанда имандылық. Бұл тізбектелген моральдық қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіруде әр ұлт лайықты пайдаланудың көзін тапқан. Әр халықтың бойында үйренерлік, үлгі-өнеге тұтарлық жақсы ізгі қасиеттер баршылық, міне осыны ескере отырып ұрпағымызды иман жүзділікке тәрбиелегеніміз құптайтын іс. Халқымыз «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»,- деп бекер айтпаған.
Тілегіміз қабыл болып, жастарымыз қалыбын сақтап, келешекке кемелдікпен қарайтын, еліміздің асыл азаматтарынан болуына Алладан әр уақыт дұғада болайық.
ҚМДБ Талдықорған өңіріндегі
жастар ісі бойынша өкілі
Ардақ Нүсіпханұлы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.12.2013
6676
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру