Адам – Аллаһтың көркем түрде, ерекше махаббатпен жаратқан жаратылысы. Барлық әлемдердің Раббысы жаратқан мақұлықтарының ішінде адамға ғана ой-сана, ақыл берді. Сөйлеу қабілетіне ие қылды. «Аллаһ сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабылетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер» (Нахыл сүресі, 78аят). Адам – ардақты жаратылыс. «Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық» (Исра сүресі,70 аят). Ардақтылығы сол Аллаһтың бұйрығымен әлемдегі бүкіл жаратылыс адамға сәжде қылады (лағнет шайтаннан басқа). «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды» (Бақара сүресі, 34 аят).
Аллаһтың алдында керемет жоғары дәрежеге ие адамның қасиетсіз, қадірсіз атануы мүмкін емес. Сол дәрежеге лайық болуы үшін адам өз бойына адами асыл қасиеттерді дарыту керек. Барлық ізгі қасиеттерді тізбелегенде, адамгершілік деген бір-ақ ауыз сөзге саяды. Өйткені, бұл сөздің өзі адамның бүкіл болмысын ашып беретін ұғым. Яғни, адамгершілік адамға ғана тән сипат. Әрбір ақыл иесі бойындағы адамгершілікті басты ізгі қасиет деп санаса, сол адамгершіліктің тұғыры имандылық болып саналады.
Имандылық мағынасы иман сөзінен бастау алады. Тілімізде иман сөзіне қатысты иман жүзді, иманды адам, иманы бар т.б. бірнеше тіркестер бар. Иман сөзі - الإيمان «әл-Иман» араб тілінде «сенім» деген мағынаны береді. Яғни, иман келтіру, шын болмысымен сену, илану. Аллаһтың жалғыз екендігіне, оның пайғамбарларына, түсірілген кітаптарына, ақырет күніне шынайы сенуді білдіреді.
Халқымыздың түсінігінде иман сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық асыл қасиеттерді (ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік т.б.) қамтитын сөздер тізбегі көрінеді.
Бұрынғы дуалы ауыз аталарымыздың сөйлеген сөздері мен істеген амалдарынан имандылықтың желі есіп тұратын. Ислам дінін мақұл көріп, шариғат заңдылықтарын салт-дәстүрімен қиюластырып, салиқалы өмір салтын қалыптастырғандығы бүгінде жаһанданудың бет қаратпайтын жойқын желіне жұтылып кетпей отырғандығымыздың дәлелі бола алады. Қанымыз да, тегімізде бар имандылықты қаншама тұншықтырып жатса да, көкірек көзін ашып жіберсе, қайтадан өз биігіне көтерілері анық.
Дегенмен, қазіргі күнімізге қарап көрейікші. Бүгінде иман десе дінмен қатысты қылып, дін десе жиырыла қалатын жандар қаншама! Дін артында Құдайға құлшылық қылу бар, әмірін орындау бар. Бірақ өздерін дінге қатысымыз жоқ деп ойлайды. Сайып келгенде, адам Аллаһтың жаратқан құлы болғандықтан, оның әміріне мойынсұнуы керек. Аллаһтың адамды ақылды қып жаратқанында хикмет, даналық бар. Оны терең ойлаған жан ұғына алады. Ендеше, ақылға салып ойланған жөн болар, нәпсіге еріп, шайтанға құл болғанша. Имандылықтың астарында адамды екі дүниенің бақытына жетелейтін, Ұлы Раббысымен қауыштырар, сауапты істерге ұйытқы болар адамгершіліктің қайнар бұлақтары жатыр.
Иман амалдарының бірі – ұялу. Бұл мінез адамды жақсылыққа бастайды, жаман істерден алыстатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Иманның алпыстан астам тармағы бар, ал ұят – иманның бір тармағы» деген [2,26]. Халықта «ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал да бар. Ендеше, сол ұят сөзіне терең зер салып көрелікші. Қазақ балаларын «ұят болады» деген бір-ақ сөзбен ұятсыздықтан тиып, имандылыққа тәрбиелеген. Қазірде осы сөздің мәні қалмай бара жатқан секілді. Ұят болады деген сөзді ұқпайтын жастар пайда бола бастады. Өйткені, жүректерінде иман жоқ, имандылық дәні егілмеген, ұлттық дәстүрді дәріптемеген отбасында тәрбие алған. Отбасы – шағын мемлекет дейтін болсақ, әрбір отбасы құралып қоғамды, сол арқылы іргесі берік елдің негізін құрайды. Иманды, ұлтжанды отбасыларынан құралған қоғам сыртқы күштердің бүйірден келіп тиген соққысына болсын, іштен құрту пиғылындағы жымысқы әрекеттеріне болсын төтеп бере алатын күшке ие болады. Бұрындары бір отбасындағы тәрбиесіздік бір рулы елдің сүйегіне түскен таңба болған. Бүгінде бір ел түгілі, қарақан басын күйіттей алмай, балаларына дұрыс тәрбие бере алмай жүрген адамдар саны жетерлік. Отбасындағы тәрбие маңызды рөл атқарады. Себебі, әрбір отбасындағы адам өз қоғамының мүшесі. Қоғамының жақсы болуы, әр адамның қоғамға мүше болғанға дейінгі алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Иманды ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғамға қосу - әр ата-ананың міндеті. Жеке жүріп адам өмір сүре алмасы анық.
Бақытты, бейбіт елде өмір сүруді қалаған жан өз отбасының тәрбиесіне, әсіресе ұрпағының имани тәрбиесіне көңіл бөлуі керек.
«Иманды бол» деп үлкендер бата беріп жатады. Бірақ сол имандылықтың жолын үлкендер жастарға, ата-ана балаларына көрсете алып отыр ма? Тәрбиеміздегі солқылдақтық, ата-ананың бала алдындағы қадірінің болмауы имандылықтан, бабаларымыздың ақиқат деп таныған ислам дінімізден алыстап кеткендігімізден болып отыр.
Бақыттың бастауы имани тәрбиеде. Имани тәрбие ислам дінін ұстанып, адамзаттың асылы, бүкіл әлемге рахмет етіп жіберілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегесін үлгі тұтқан жанұяда тамырын жаяды.
«Имани тәрбие: Бұл – Аллаһтан болған қауіп, үміт, махаббат арқылы жүрек пен ішкі дүние сезімін тірілтуші тәрбие» [3,13].
Имани тәрбиенің артықшылығы:
1. Аллаһты тану ілімі арқылы көп жаманшылықтардан алыстатады;
2. Аллаһтың ризашылығында ата-ананың разылығы барын ұғындырып, оларды құрметтеуге үйретеді;
3. Туысқандық, ағайындық қарым-қатынастың, бауырластықтың қадірін ұқтырады;
4. Көркем мінездің қалыптасуына ықпал жасайды;
5. Қуанышта шүкір, қиындықта сабыр қылуға шақырады;
Бала – Аллаһтың аманаты. Көптеген ата-ананың өздеріне берілген аманатқа қиянат жасап жатқандарын білмеуі жанды ауыртады. Ол дегеніміз аманат Иесіне мойынсұнбаулары, дүние тіршілігін алға қойып, ақыретіне көз жұмып қарауы, балаларына имани тәрбие бере алмауы. Осындай немқұрайлық тәрбие арқылы олар қоғамдағы имансыз адамдардың қатарын толықтыруға үлестерін қосып жатыр. Ислами тәрбие көре алмай, ұлттық құндылықтардың мөлдірінен сусындай алмаған ұрпақ кез-келгеннің қолшоқпарына айналып кете барады. Оның дәлелі, бүгінде қоғамымызда көріп отырғанымыздай, басқа дінге өтіп жатқан қаракөздеріміз, ата-анасын тыңдамайтын тілазарлар, батысқа еліктеген желөкпе жастар. Бұл – қауіптенерлік жағдай.
Әлемде болып жатқан азғындық, мейірімсіздік, қатыгездік имансыз тәрбиенің нәтижесі. Жүрегінде иманы жоқ адам – бақылаусыз адам. «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды» (Абай). Құдайдан қорықпаған, имансыз адамға сенім артуға болмайды. Ал иманды адамның жүрегінде әрбір әрекетін қадағалап тұрар бақылаушысы бар. Имандылықты бойына сіңіріп өскен адам еш уақытта аяғын шалыс баспайды.
Адамзатты адамгершілік тұғырына жетелейтін, адалдыққа, мейірімділікке, парасаттылыққа апаратын жол – имандылық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құран Кәрім
2. Сахих әл-Бухари. Алматы, 2008
3. Мұсылманның кемелдену жолдары. Алматы, 2005
Серікхан Ахмадиев
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі
бойынша және «НҰР» орталық
мешітінің Бас имамы:
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.11.2013
8507
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру