Жыл басынан бері Шымкентте 5909 отау тігілген. Қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімінің басшысы Майра Есполованың берген мәліметіне сүйенсек, өмірлік серігін тауып, отбасын құрғандардың 90%-ын жастар құрайды екен. Дегенмен арамызда бесіктен белі шықпай жатып-ақ отау құрып жатқандар да жоқ емес.Мәселен, биыл шаңырақ көтергендердің ішінде кәмелет жасына толмай некесін қидырған 44 ерлі-зайыпты бар, деп жазады Оңтүстік Рабат газетіне сілтеме жасап otyrar.kz. Сонымен қатар, жасы келсе де отбасылы болуды екінші орынға ысырып, салт басымен сауық құрып жүргендердің де қатары көбейіп барады. Осы ретте басылым «қанша жаста үйленіп, отбасын құрған дұрыс?», «Ерте ме әлде, асығудың қажеті жоқ па?» деген сұрақтарға жауап іздепті.
«Отбасы шағын мемлекет» деп жатамыз. Ендеше осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Алайда қазіргі жастардың басым көпшілігінің бойында жоғарыда айтылған қасиеттерді кездестіре алмайсың. Нәтижесінде, отбасылық жауапкершілікті түсінбей үйленіп жатқандар көп. Мәселен, 2011 жылы - 1344, 2012 жылы - 1526, 2013 жылы - 1450 ажырасу фактісі тіркелсе, соның 80%-ы жастардың үлесінде. Ажырасуға ниет білдірген ерлі-зайыптылардың айтатын себептері де көп. Бірі мінез-құлқының сәйкессіздігін тілге тиек етсе, енді бірі материалдық жағдайдың төмендігін алға тартады. Осы ретте айта кетейін, шаңырақ көтеріп жатқандардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Бірі аяғын шалыс басып, еріксіз неке қиса, енді бірі жастықтың жалындаған ыстық отымен отау құрып жатады. ҚР «Неке және отбасы» туралы заңында неке жасы 18 деп көрсетілген. Алайда, бұл жас белгілі бір себептерге байланысты (егер қыз жүкті болып қалса немесе жастардың ортақ балалары болса) ата-анасының өтініші негізінде 2 жасқа дейін төмендетіледі. Көп жылдық тәжірибеме сүйенсем, мұндай жастардан үлгілі, әрі іргетасы берік отбасы шығуы екіталай. Сондай-ақ, арамызда отбасылық өмірді екінші орынға ысырып тастап, жасы 30-ды алқымдап, 40-қа жақындаған қыз-жігіттер де бар. Олардың бірі мансап қуып жүрсе, екіншісі «дұрыс адам жолықпай жүр» деген уәж айтады. Ал, енді бірі әлеуметтік мәселелерді алға тартып, бірінші дүние жиып, бақуатты болуды қалайды. Өкінішке орай, «байып, дүйім жұрттан озам» деп жүріп, дүние-дүрмектің көшіне ілесе алмай, бармағын тістеп қалатындар да кездеседі. Маман ретінде пікірім, 30 жасқа толғанша кез-келген қыз-жігіт отбасылы болу керек», - дейді .
«Қазіргі қазақ баласының мінез-құлқының қалыптасуында отбасылық тәрбие басым болуы керек деп ойлаймын. Ал, ол шаңырақтан бастау алады. Отбасынан басталған тәрбие бертін келе баланың санасына әсер етіп, одан болашақта елін сүйетін ұлтжанды тұлға, адал жар, сыйлы келін өседі. Жалпы, кеңестік дәуірде «Келін түсіру», «Қыз ұзату», «Жаңа отау құру», үлкен ұлағатты әдеттердің барлығы өткеннің қалдығы деп түсіндірілді. Алайда қазіргі таңда отбасын құруға ұлттық немесе қандай да бір басқалай әлеуметтік тосқауыл жоқ. Сондықтан, жастар жолдас таңдағанда, оның бойында өзіне ұнайтын мінез қырларын табуға тырысады. Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды. Болашақ шаңырақ иелерінің бір-бірін толық танып, жақсы түсіністік қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Отбасының берік болуы болашақ ерлі-зайыптылардың өзіне байланысты. Олар болатын қиыншылықтарды алдын-ала сезіп, саналы түрде соны жеңіп шығуға бел бууы қажет. Әрине, отбасында түрлі экономикалық, әлеуметтік және жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты мәселелер туындамай тұрмайды. Ондайдың соңы отбасының ыдырауына әкеп соғатыны да белгілі. Осы ретте, жастардың 26-30 жаста үйленгені дұрыс деп ойлаймын» , - дейді психолог Зүлипа Әзіретәліқызы.
«Әрбір адамның өмірінде алдымен өзі туып-өскен, сонан соң өзі құрған отбасының алар орны ерекше. Ертеректе «Он үште отау иесі» деген атам қазақ, «өлімнен басқаның ерте болғаны дұрыс» деп ұлын ұяға, қызын қияға ертерек қондыратын еді. Айта кетейін, ол кезде қазіргідей сүйдім-күйдім деп қосылатындар аз болған. Жастардың ата-анасы өзара келісіп, балаларын үйлендірген. Нәтижесінде, керегесі кең, шаңырағы биік отбасы құрылған. Ажырасу деген болмаған. Кезінде ата-бабамыз балаларын ертерек үйлендіруге тырысса, Кеңес Одағының тұсында 20-45 жас аралығындағы қыздар мен 20-50 жас аралығындағы жігіттер бойдақ жүргені үшін өкіметке салық төлейтін. Мұның өзі қоғамның жастарды үйленуге насихаттауы болса керек», - дейді Шымкент қалалық Әл-Муслим мешітінің бас имамыТәңірберген Ергешов.
Қызық дерек:
Қазақ жастарына қарағанда шет елдің жастары үйленуге асыға бермейтін көрінеді. Мәселен, бейресми деректерге сүйенсек, малайзиялықтар қажылыққа бармай үйленбейді деген қызықты мәлімет бар. Ал қытайлықтар көбіне барыс жылы отбасын құрудан бас тартады екен. Олардың наным-сенімдеріне байланысты барыс жылы қиылған некенің бақыты баянсыз болады деп есептеледі. Бұл орыстардың мамыр айында үйленбейтін ырымдарына өте ұқсас. Өкінішке орай, орыстың осы нанымы бүгінде қазақ халқына да сіңісіп бара жатыр. Оған мамыр айында қиылатын некелердің саны өзге айларға қарағанда айтарлықтай аз болатыны дәлел. Сондай-ақ, швед жастары да үйленуге көп асыға бермейтін көрінеді. Әсіресе, жігіттер қауымы. Өйткені бұл елде жігіт қызды емес, керісінше, қыз жігітті таңдайды екен. Сондықтан қашан бір сұлу келіп өзін таңдамайынша швед жігіттері жалғыз жүруге мәжбүр.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.11.2013
13896
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру