Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өзінің лайықты орнын табуы біздің сансыз шүкірліктер айтатын үлкен жетістігіміз.
Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы «қызыл идеологияның» қыспағындағы бодан халық та емес. Бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр.
Сондықтан да өркениеттің үлкен жетістіктерімен қатар бүгінгі күн талабы және өмірлік қажеттілік елдің ертеңгі егесі болушы жастар санасына дәстүрлі ұлттық тәрбие қалыптастыруды мойынымызға парыз етуде.
Қазақ халқы діни көзқарасы терең, діни мәдениеті жоғары иманы түсінігі мол ұлттардың қатарына жатады. Бүгінгі таңда біздің мемлекетіміз бен ұлтымыз үшін: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) бір ата, бір анадан жаратып,(өрбіттік). Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік... («Хұжрат» сүресі, 13 аят),- деген қасиетті Құран Кәрім аяты халқымыздың рухани тұтастығы мен ынтымағын арттыру және сан ғасырлық асыл мұрамыз - Ислам діні мен мәдениетін қастерлеудегі баға жетпес рухани бағдар болып табылады.
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бір сұхбатында: «Ислам дінінің Қазақстанға келгеніне 1250 жылдан асты. Өз табиғаты мен болмысына барынша жақын асыл дінді танып-білген бабаларымыз оны сонау VIII ғасырда-ақ қабылдаған. Содан бері Ислам жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді. Ел басына күн туып, ұлттың сақталып қалуын таразылар шақ туғанда да ата дініміз көңілге медеу, күш-қуат болды, солай болып та келеді»,-деген еді.
Бір сөзбен айтқанда осынау сан ғасырдың ішінде біздің барлық іс-амалымыз, сөйлер сөзіміз, өмір салтымызбен ұстанған дәстүріміз, тіптен ішіп-жемімізге дейін Ислам дінімен біте қайнасып, шариғат шеңберінде қалыптасты деген сөз. Демек, асыл дініміз қазақ халқы үшін ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлшегі ғана емес еліміздің рухани бірлігін күшейтіп, рухани қайта өрлеуді және ұлттық мүддені асқақтататын басты құрал деуге де болады.
Бүгінде Қазақстанда ел халқының жетпіс пайызын мұсылмандар құрайтыны белгілі. Қазақстан Ислам мәдениеті мен өркениетінің құндылықтарын ардақтайтын, сондай-ақ зайырлылық пен демократиялық, жалпы адамзаттық құндылықтарды құрметтейтін, зайырлы мемлекет. Тәуелсіздік жылдары қоғам өмірінің барлық салаларында терең, түбегейлі өзгерістер орын алды. Сонымен қатар қоғамның рухани саласындағы, соның ішінде дін мен діни мәдениетке де терең өзгерістер алып келді.Халықтың рухани тарихи өмірінің негізіне айналған қасиетті Ислам дінімізді зайырлы мемлекетіміздің билігі ашық қолдап отыр.
Ислам уағыздарының да, амалдарының да ең басты ұстанымы болған - бейбітшілік, татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез-құлық, жақсылық пен тақуалық, өзара жәрдемдесу мен түсіністік секілді ізгілікті істердің барлығы да біз ерекше қадірлеп ұстануға міндетті асыл дініміздің сипаты болмақ. Қасиетті дінімізді біз тек дін ғана емес мәдениет және өркениет ұстанымдары деп танып, қабылдаймыз. Салт-дәстүріміздің мән-мағынасын, Ислам дінімен берік байлап, оның құндылығын терең түсініп бүгінгі өмір салтымызға, тіршілігімізге заманауи тұрғымен қалыптастыратын болсақ, бірлік-берекеміздің нығайа түсетіні айқын.
Дін біздің бүкіл ел мен жер Отанымыздың тыныштығы мен имандылығымыздың басты кепілі. Дәстүрлі ислам діні-қазақ болмысымен мәдениетінің күре тамыры және сақтаушысы. Дін-мәңгілік, дін бірлігі-ұлт бірлігі.
Дінге сенушілер санының өсуі дінге деген ынта-ықыластың артуы бұрынғы дін-апиын деген кеңестік қоғамнан бүгінгі күннің өзіндік бір ерекшелігіне айналып отыр.
Дін амалдарымен біте қайнаған ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар. Салт-дәстүр деп жеке тұлғаның әлеуметтік іс-әрекетін қатал қадағалаушы ережелер жиынтығын айтады. Өкімет пен азаматтық қоғам институттары пайда болмай тұрып-ақ рәсім (салт-дәстүр) адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға болысқан. «Тура биде туған жоқ, туғанда биде иман жоқ» деген дана халқымыз шешен тілді, көсем ойлы билердің әділ билігіне арқа сүйеп ешқандай түрме салмай-ақ тентегі мен телісін түзу жолға салып, асауы мен ардасын арнаға түсіріп отырды. Қазақ хандығының алтын дәуірінде Салқам Жәңгір ханның мұрагері, ақылы асқан кемеңгер Тәуке ханның ұйытқы болуымен Ислам шариғаттарын ұстана отырып жасалған «Жеті жарғының» 1- бабы бүлікшілікке, 2 –бабы опасыздыққа, 3 –бабы жазықсыз кісі өлтіретін қан төгіске, 4 – бабы зинақорлыққа, 5 – бабы ұрлыққа, 6, 7 – баптары айыптының айыбын өтеу, ара ағайын татулығына арналып жасалуы түрлі жаманшылықтан тоқтатып, бассыздыққа қатаң тиым салатын шынайы мұсылман көшпенділерінің заңы екендігінің нақтылы айғағы.
Дана бабаларымыздың имани жыр жолдары, билер мен абыздарымыздың ұлағатты да ғибратты шешендік сөздері қазақ халқының қандай ел болғаны жөнінде бізге жан-жақты мағлұматтар береді.
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы бұлжытпай ұстанып, дәріптеп келген дәстүрлерінен бірер мысал келтірер болсақ: «су ішкен құдығыңа түкірме, қайта кірер есігіңді қатты серіппе, нанды баспа, жасы үлкеннен жоғары отырма, ата-ананың бетінен алма, үлкеннің ықыласынан бұрын асқа қолыңды созба, кемтар адамға күлме, кісіге қару кеземе, малды басқа ұрма, құмырысқаның илеуін, құстың ұясын бұзба, көк шөпті жұлма, жалғыз ағашты кеспе, буаз аңды атпа, жан иесін жәбірлеме, отпен ойнама, т.б» толып жатқан тиым тағылымдарының өзі өз ұлтымызға ғана тән ұлттық ерекшелігімізді, өзге ұлтта жоқ асыл дәстүрімізді, тамаша халықтық қасиетімізді айғақтаумен қатар бұл ырым-тиымдардың Ислам шариғатымен біте қайнасып жатқаны айдан-анық.
Діннен безген адам дәстүрді де тәрк етіп, ар-намыс дейтін үлкен ұғымды аяқасты ететіні белгілі. «Құдай деген құр қалмас», «Адамнан сұрасаң екі көзің шығады, Алладан сұрасаң екі бүйірің шығады», «Жүрегінде иманы жоқтың, дүниеден жиғаны жоқ» деп сөйлейтін халқымыздың мақалдары мен нақылдарының көпшілігі Құран мен хадистен алынғаны анық.
Қазақ жастарының қазіргі теріс ағымдар жетегіне еріп кетуінің себебі олар таза Ислам қайсы, Ислам атын жамылған ағымдардың қайсы екенін, олардың арасындағы айырмашылықтарды біле алмауынан. Еліміздің болашағы жастар Ислам құндылықтарын ақыл парасат, дәстүр тұрғысынан игеріп, өркениеттік тұрғыда дүниетанымдық негізде меңгеруі керек. Әр түрлі теріс пиғылдағы ағымдардан сақтануы үшін қазіргі кездегі діни ағымдардан хабардар, діни сауатты болу керек. Сондықтан да еліміздегі барлық оқу орындарында діни сауат ашу курстарын ұйымдастыру, ол тек қоғамдық-гуманитарлық факультеттерде ғана емес жалпы барлық жастар орталықтарында айтылып түсіндірілуі тиіс. Оған білікті де білімді оқытушылар, дінтанушылар, имамдар тартылуы керек.
Жат ағымдардың жетегінде жүрген бауырларымыздың 90 пайызы өз тілін, қадірлі қазақ тілін білмейтінін де естен шығармайық. Ұлы қаламгер О. Бөкеевтің сөзімен айтсақ «қауіпті будан» ұрпақтар төбесін көрсетуде. Ұлттық тәлім-тәрбиеден жұтап, ұлттық рухтан айырылған адам кімнің болсада қармағына оңай түсіп, жетегіне жылдам ереді. Ендеше жаңағы айтқан бүгінгі жас буынның санасына керемет салт-дәстүрлерімізді сіңіру үшін әуелі өз тілінде сөйлеуді, өз тілінде ойлауды үйрету керек. Ұлтты ұлт етіп сақтап қалатын оның ұлттық болмысы. Халықтың салт-дәстүрі заңнан биік. Діннен кейінгі халықтың ең күшті, қуатты құралы - салт-дәстүрі. Тілінің шеберлігіне, тарихының тереңдігіне, дәстүрінің беріктігіне тәнті ете білген ел ғана елдік келбетін мойындата алады.
Дініміз аман, діңгегіміз мықты болсын!
ҚМДБ-ның Павлодар облысы
бойынша өкіл имамы Н.Исенов
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.11.2013
5568
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру