Тәуелсіздік, демократия, зайырлы мемлекет!.. Осы жылдар ішінде Сіз бен Біз өмірден не түйдік, не көрдік?
Әлбетте, жақсы мен жаманның қайсысы жоғары болмағын бағамдауға тырыстық. Міне осы жерде зайырлылық ұстанымының функциясы бойынша
билік немесе жеке азаматтар тарапынан, заң арқылы немесе басқа жолмен қысым көрмей, қорқыту-үркіту саясатына ұшырамай, хақ дінімізге сеніп, Ислам ақидаларын еркін орындап, асыл дініміз туралы ойларымыз бен білімімізді ауызша немесе жазбаша уағыздап-насихаттап, дінімізді еркін үйреніп, еркін оқыта алатын мүмкіндікке толық ие болдық.
Жалпы адам баласы әрбір келер күн, атар таңынан мәңгілік жақсы үміттер күтеді. Үмітсіз тек шайтан ісі. Аллаға шүкір, бүгінгі күні шын мұсылман қандай болуы керек және не істеуі қажет екендігін көп адамдар ұғынып Алла разылығы үшін бұйрықтарына бағынып, әмірлерін орындап, ізгі адамдар қатарынан табылуда. Ол үшін Аллаға сансыз мадақ айтамыз.
Бірақ, жұмыр басты пенде болған соң біздің біліп-білмей істеп жатқан күнә-қателіктеріміз қаншама. Мәселен, біреуден бір өсекті ести сала байыбына бармай, оны басқаларға жеткіземіз. Ол өсек дәлелсіз болса, онда жала болады. Тіптен дәлелді болғанның өзінде де ғайбат деп есептеледі. Жала жабу кісі өлтіруден артық күнә. Ал ғайбат айту кісі өлтіріп оның етін жеумен бірдей деп есептеледі. Демек, жала да ғайбат та ауыр күнә. Не болмаса, Алла тағаланың лағынет етіп, қарғыс айтқан арақ, шарабын ішіп, немесе, қонаққа құйып береміз. Бұл арқылы жаратушыға қарсы шыққанымызбен қоймай, арақ құйылған ыдысты ұстап тұрып, сол Алладан жақсылап тілеп, дұға-тілек айтуымыз, біреуге уәде беріп, алдап кетуіміз, қарыз алып, уақытында қайтарып бермеуіміз, ашық-шашық жүрген жүрісіміз, көреалмаушылығымыз, біреуді себепсіз ренжітуіміз, алып жатқан пайызды несиеміз, тағы басқа да өзімізге және басқаға да зиян тигізетін кемшіліктеріміз жеткілікті. Тіпті, Алла Тағаланы жиі еске алып, әр жақсылыққа, әр нығметке, шүкір етпеуіміздің өзі үлкен қателік болып саналады.
Міне, жіберіп алған осындай қате-кемшіліктерімізге өкініп, Жаратушыдан кешірім сұрауды – тәубе ету дейді. Ендеше шын мұсылман, нағыз иманды адамдардың аса ірі, өте салихалы амалдардың бірі – шынайы тәубе ету болмақ.
Тәубе сөзінің мағынасы – өткен күнәларына шын жүректен өкіну, кешірім сұрау жіберген қателіктеріне қынжылып, түзетуге уәде беру.
Алла Тағала Құран Кәрімде, Нұр сүресінің 31-аятында: «Ей, мүміндер! Бақытқа жетем десеңдер түп-түгел Аллаға тәубе етіңдер» десе, Таһрим сүресінің 8-ші аятында: «Ей,иман келтіргендер! Аллаға шын жүректен тәубе келтіріңдер» деп бұйырады. Қасиетті Құран Кәрімдегі 9-шы сүренің аты да, мазмұны да осы Тәубе туралы.
Кейде адамдарға жақсылық тілеп: «Неге тәубе етпейсіз, намаз оқымайсыз?» десе, олар: «Біз ешкімнің ала жібін аттаған жоқпыз, кісі өлтірген емеспіз, арақ ішіп ауып кеткен жоқпыз, жүрегіміз таза» дейді. Сонда 10 жасынан құлшылық еткен жастар қандай күнә істеп қойыпты?, - деген сұрақты қарсы қойғың келеді. Алла Тағалаға құлшылық ету үшін күнәһар болу шарт емес.
Алла елшісі (с.ғ.с): «Барлық адам баласы өте көп қателесуші, сол қателесушілердің ең қайырлысы – тәубе етушілер» деп айтқандай адам баласы өз жаратылысында, табиғатында көп қателеседі. «Мен де күнә жоқ» деп айтудың өзі күнә деген сөз бар. Күнәні кішкентай ғой деп істей берсе – бұл адасу, шайтанның азғыруы болып табылады.
Тәубе тек Алланың разылығына қауышу және Жаратушының ашуынан құтылу үшін жасалуы керек. Алла Тағала Құранда Ниса сүресінің 110-аятында: «Егер кімде-кім бірер жамандық жасап немесе өзіне зиян келтіріп алып, одан соң Алладан тілек тілесе, ол Алланың жарылқаушы әрі өте мейірімді екенін көрер еді» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алладан кешірім сұрап жүрген адам барлық қиыншылықтардан, қайғыдан, күн көріс тапшылығынан құтылады, бақ берекеге кенеледі, ойламаған жерден ризыққа қауышады» (Насаи),-дейді. Күнәдан пәк Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі күніне ең азы жетпіс, басқа бір риуаяттарда Алла тағаладан күніне жүз рет кешірім сұраймын деген хадисі бар. Сонда Алланың Елшісінің (с.ғ.с) жанында біз кімбіз деген сұрақты өзімізге қоя білейік.
Күнәларымыздың кешірілуіне себеп болатын жақсылықтар жасауды «амал» деп атайды. Мәселен: Құран оқу, намаз оқу, садақа беру, шама келгенше адамдарға жақсылықтар жасау, көркем мінезді болу және басқа да ізгі амалдар тәубеге жатады. Ал күнәлар болса көңілді қарайтып, әр түрлі жақсылықтарға кедергі болады. Жақсы амалдар жасау үшін ниет етіп құлшынбаған, жақсылық жасауға құлықсыз адам күнәларға байланып, көңілі қарайып, жүрегі тастанған адам деген сөз. «Жаратушы Алла тағала бұл дүниенің байлығын сүйген құлына да, сүймеген құлына да бере береді. Ал иманды, тек сүйген құлына береді» деген хадисті ақылмен ұққан адам бірден барлық пенделік сылтаулардан бас тартып, Алланың сүйген құлы болуға ұмтылады.
Тәубенің қабыл болуының белгісі, адам өз өмірінде, мінез-құлқында өзгеріс жасап, жамандық артынан жақсылық жасауын айтамыз. Мәселен, арақ ішіп жүріп, оны жек көріп ішпейтін кісіге айналуы, зина жасап жүріп, оны жасауды тоқтатуы, туыстық байланысты үзген болса, онда оны қайта жалғауы, намаз, оразаны орындамаған болса, ол екеуін жанындай жақсы көруі және осындай амалдар жасамай дүниеден өтіп кеткен таныс-туыс адамдары, олардың ақырет күні не күй кешетіні тұрғысында шын ниетпен қинала ой жүгіртуіміз абзал.
Алла тағала бізге: «Дұғаны құдайдан қорыққан және оның рахымынан үміт еткен ниетпен оқыңдар. Дұрысында Алланың рахымы ізгілік еткендерге жақын тұрады» («Ағраф» сүресі, 56-аят); «Алла көп нәрсеге кешірім етеді» («Шура» сүресі, 30-аят); «Иман келтіргендер! Құдайдан қорқыңдар, адал адамдардың қатарына қосылыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят), – деп баян еткен.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла құлының тәубеге келуін, сендер бір-бірлеріңді жоғалтып, қайта тапқандағы қуанғандарыңнан да артық қуанады», – дегенін жеткізген. Бір құдси хадисте: «Ей, Адам баласы! Егер сенің күнәларың аспандағы бұлтқа дейін жетіп, кейін Менен кешірім сұрасаң, сені кешіремін, ол Маған түкке тұрмайды»,-дейді.
Көп адам күнәлі істерді надандықпен жасайды. Ал надандық дегеніміз – білімнің жоқтығы емес, ақымақтық, ақылдың және адамгершіліктің аздығы болмақ. Күнә жасамайтын пенде жоқ. Ендеше надандықтан құтылып, тез арада күнәдан соң дереу тәубеге асығып, Алланың сүйікті құлы болуға тырысуды басты мақсат ету жөн. Аллаға шүкір, Ол бізге тәубе есіктерін ашық қалдырды. Алайда, егер тәубені де, кешірім тілеуді де ұмытса,бұл –бақытсыздықтың белгісі.
Арамызда «Е, Алланың кешпейтін күнәсі жоқ» деп ойына келгенін істеп, адал мен арамды айырмай жүре беретін адамдар да кездеседі. Иә, Алланың кешпейтін күнәсі жоқ, егер шынайы тәубе болып, әмірлерін орындап, Алла разылығы үшін өмірінің соңына дейін адалдықпен өмірін өткізсе ғана.
Алда бізді не күтіп тұр? Оны уақыт көрсетеді. Ғасырдың басы мынау жарық дүние ақымақшылық соғыстар мен өлімнің табалдырығында тұрғанын көрсеткені бар. Әйтсе де, байсалды да салқын ақыл оны тоқтата алатыны айтылған. Ең бастысы әрбір адам ақылын жоғалтпағаны жөн! Ұлы Абай атамыз:«Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды»,- деген екен.
Демек, ешкімге ұқсамайтын халықтың болашақтан да үміті зор. Ендеше, үміт оты өшпесін!
Нариман ИСЕНОВ
(ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы,
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Бас имамы)
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.11.2013
5447
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру