Қазақстанда жас мөлшері 14-тен 29-ға дейінгі адамдар жастар қатарына жатқызылады. Бүгінгі таңда жастар еліміздің 30 пайызын құрап, қоғамның маңызды бөлігі болып отыр. Сондықтан, жас ұрпаққа асыл дініміз ислам мен ұлттық тәлім тәрбиені қабыстыра беру заман талабы.
Егемен ел болып, еңсесін тіктеп, етек жеңін жиып, елдігін ерекшелей түскен қазақ елінің айрандай ұйыған айбынды ел болуы ең алдымен бүгінгі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты. Ендеше, еліміздің болашағы жастар болғандықтан, олардың рухани тәрбиесіне аса мән беруімізді қажет ететіні сөзсіз. Хакім Абайдың: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» дегенінің, Ахмет көсемнің: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең – құл болып өседі» дегенінің астарында жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу жатыр.
Имандылыққа тәрбие – ұлттық рухтың негізі, дем беруші күші екендігін естен шығармасақ қана ісіміз ілгері басады. Біліміміз бен білігіміз бабадан бізге жеткен имани негіздегі қазақы тәрбиемен қабыспаса, қатар дамымаса қанатсыз құстың күйін кешері күмәнсіз. Жаһандану уақытында тәрбие беру, имандылық пен ұлттық негізде жүйелеуді қажет ете бастады. Сандықтан, дәстүрлі ислами ілім мен ұлттық сипатымызды жастар бойына сіңіре алсақ, оның қоғамға әкелер пайдасы көп. Мәселен: 1) Бүгінде, интернет пен жоғарғы технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, жастарымыздың таза ислами білімі болса сырттан келген ақпараттарды «ішкі сүзгіден» өткізе алар еді. 2) Дене тазалығы мен жан тазалығын сақтап, түрлі індеттерден өзімізді қорғай алар едік. 3) Жетім-жесір, караусыз қарт мәселелері кеміп, ел берекесі артады. 4) Ислами тәрбие алған жас ұрпақ сыбайластық, жемқорлық сияқты қоғамдық дерттерден өзін аулақ ұстар еді. 5) Қоғамға өзін қажетсіз сезіну секілді кеселдерден болатын суицидтен арылар едік.
Міне, осындай құнды қасиеттерді ертеңгі ел иелерінің бойына қалыптастыру мәселесі жастардың білім аясын кеңіту, имандылық қуаты мен ұлттық қорғаныш қабатын қалыптастыру арқылы ғана шешіледі. Нақтылап айтқанда, ұлттық салт-дәстүр мен ата дініміз ислам – тамырлы тәрбие сабақтарын, халықтық қасиеттерді насихаттаудың алтын арқауы, бағыт-бағдар алар айнымас темірқазығы. Қазақтың тегінен дарыған, табиғатына тән, қанында бар қасиетіне салқындық таныту – ұлттық болмысымызға үлкен қиянат. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастарымыз тура жолда қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарып, ислам діні деп басқа елдің дәстүрі мен құндылықтарын насиқаттап жүрген жайы бар. Бұл мәселені діни сауатсыздық деп жастарға кінә арта салуға да болмайды. Ең бірінші сол жастарға тәрбие беретін ата-анасы мен ұстаздарын діни сауатсыздықтан арылтып, қоғамда жастардың таза ислами талдау жасай алатындай иммунитетін қалыптастыру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі екенін түсінуіміз керек. Мұның барлығы оңай бітетін іс емес. Адам тәрбиелеу, өзі туған ұлы мен қызын тәрбиелеу – мұсылманның ең бірінші аса маңызды міндеті.
Бүгінгі күні еліміз екі жолдың айрығында тұрғандай. Бірі, жас буын санасына құндылықтар рухын сіңіріп, ар-ожданын кемелдендіру болса, екінші, тәлімді тәрбиедегі қазақы құндылығымыздың өзегіне құрт түсіріп, болмысымызды кедейлендіріп, абыройымызды аласартып ұрпақ тәрбиесіне салғыттық таныту. Олай болса, ұлттық мінез, ұлттық жігер, ұлттық сана сезім қалыптастыру жолындағы жауапкершілікті сезініп, ел болшағының жарқын болуы үшін айқын қадамдар керек екені анық. Ұлт мүддесін алға тартқан мәдениет, өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен басшылардан бастап, әр ауданның имамдары мен ауыл имамдарына дейін ұлттық тәрбие мәселелерімен айналысып, халықтың рухани өмірін жандандыруға өз үлестерін қосулары керек. Өйткені, ұлттық тәрбие жолында имамдардың рөлі өте зор. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) бұл мәселеге «Сіздердің әрқайсыңыз бақташысыздар, барлығыңыз да қол астыңыздағыларға жауап бересіздер» деген өсиетін негізге алатын болсақ, ұлттың болашағы үшін әрқайсымыз жауаптымыз.
Аллаға шүкір, соңғы уақытта жастардың елге деген сүйіспеншілігі мен махаббатын оятатын іс-шаралар мешіттер аясында ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді. Өз бітім-кескінін сақтаған ұрпақ қалыптастыруды мақсат еткен іс-шаралардың жастарға берер тәрбиесі мен әсерін көре жүріп, осындай шаралар әр елді-мекенде жалғасын тапса екен деген ой жегіне берілген едік. Себебі,
«Едіге деген ер екен
Елдің қамын жер екен...»,- деген кешегі елдік сана үрдістері қайта туындауы тиіс. Ал ондай алға бастайтын үрдіс қуатты қайдан алмақпыз, егер алдыңғы қатарлы ой мен жастарды имандылыққа баулитын іс-шаралар болмаса?! Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз айтарға жеңіл сөз, шын мәнісінде халықтың елдік тарихы, рухани дүниесі бір ұрпақтан келесі ұрпаққа шашылмай-төгілмей ауысуы қиын іс. Ал оған алғашғы қадам – ел болудың биік мағыналы ұғым екенін жастардың сезінуімен басталса керек.
P.S Қырқасына қарай құланын, жырасына қарай жыланын, заманына қарай ұланын танырсың деп ауыр салмақ тастап тұрған мына заманда ұлттық келбетіміз қайда бағыт алып барады, ағайын?!
Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы
Нұрбек қажы Есмағанбет
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.11.2013
5665
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру