Мұхаррам айының оныншы күні – «Ашура» деп аталады. Биыл бұл күн 13-қарашаға сәйкес келуде. Мұхаррам айы – Құран Кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі. Ал, мұхаррам айының бірінші күні ораза ұстау ол жылдың барлығын оразамен өткізгенмен бірдей болады. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Рамазаннан кейінгі ең құнды ораза – мұхаррам айында тұтылған ораза болып табылады». (Муслим)
Бұл айдың ең қадірлі түні ол – Ашура түні. Алла тағала көп дұғаларды Ашура күні қабыл еткен. Хазреті Адамның тәубесінің қабыл болуы, хазреті Нұхтың топаннан құтылуы, хазреті Юнустың балықтың қарнынан шығуы, хазреті Ибраһимнің отта жанбауы, хазреті Ыдрыстың тірідей көкке көтерілуі, хазреті Яқубтың ұлы хазреті Юсуфқа қауышуы, хазреті Юсуфтың құдықтан шығуы, хазреті Әюубтың аурудан құтылуы, хазреті Мұсаның қызыл теңізден өтуі, хазреті Исаның туылуы және өлімнен құтылып тірідей көкке көтерілуі осы Ашура күні болған.
Тағы бір хадис шәрифте: «Ашура күні Нұх пайғамбардың кемесі Жуди тауына тоқтады. Ол күні Нұх және қасындағылар, Алла тағалаға шүкір ету үшін ораза тұтқан еді. Жануарлар да ешнәрсе жемеген еді. Алла тағала теңізді Бәни Исраил қауымы үшін ашура күні жарды. Және ашура күні Алла тағала Адам (а.с.) және Юнус алейһиссалам қауымының тәубесін қабыл етті. Ибраһим (а.с.) да осы күні туылды», - делінген. (Табарани)
Ашура күнінің өзіндік ерекшеліктері жайында көптеген хадистер келген.
عَنْ حَاجِبِ بْنِ عُمَرَ عَنْ الْحَكَمِ بْنِ الأَعْرَجِ قَالَ: انْتَهَيْتُ إِلَى ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا وَهُوَ مُتَوَسِّدٌ رِدَاءَهُ فِي زَمْزَمَ فَقُلْتُ لَهُ: أَخْبِرْنِي عَنْ صَوْمِ عَاشُورَاءَ فَقَالَ: إِذَا رَأَيْتَ هِلاَلَ الْمُحَرَّمِ فَاعْدُدْ وَأَصْبِحْ يَوْمَ التَّاسِعِ صَائِمًا قُلْتُ: هَكَذَا كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُهُ قَالَ: نَعَمْ. رَوَاهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَأَحْمَدُ وَابْنُ خُزَيْمَةَ وَابْنُ حِبَّانَ وَالطَّبَرَانِيُّ.
Хажиб ибн Омар әл-Хакам ибн Ағраждан риуаят етіледі: «Бірде Аббасты (р.а.) іздеп барсам ол зәмзәм құдығының қасында жамбастап жатыр екен. Мен одан: «Маған Ашура оразасы жайлы хабар берші», - деп сұрағанымда ол: «Егер мұхаррам айының туылғанын көрсең, есептеп тоғызыншы күні ораза ұста», - деді. Мен одан: «Алла Елшісі осылай жасаушы ма еді», - дегенімде: «Иә», - деп жауап берді» (Муслим, Абу Дауд, Тирмизи риуаяты).
عَنْ هِشَامِ بْنِ عُرْوَةَ عَنْ أَبِيهِ أَنَّ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ يَوْمُ عَاشُورَاءَ تَصُومُهُ قُرَيْشٌ فِي الْجَاهِلِيَّةِ وَكَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُهُ فَلَمَّا قَدِمَ الْمَدِينَةَ صَامَهُ وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ فَلَمَّا فُرِضَ رَمَضَانُ تَرَكَ يَوْمَ عَاشُورَاءَ فَمَنْ شَاءَ صَامَهُ وَمَنْ شَاءَ تَرَكَهُ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالدَّارِمِيُّ وَمَالِكٌ وَأَحْمَدُ.
Хашим ибн Уруа әкесінен ал әкесі Айшадан (р.а.) былай деп риуаят етеді: “Надандық дәуірінде Құрайш тайпасы ашура оразасын ұстады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да сол күні ораза ұстады. Мәдина қаласына көшіп барғанда да ашура оразасын ұстады. Сонымен қатар басқаларға да ұстауға бұйырды. Ал Рамазан айының оразасы парыз болған соң ашура оразасын ұстауды доғарған еді, бірақ қалағаны тұта беретін, қаламағандар ұстамайтын». (Бухари, Муслим, Абу Дауд, Тирмизи, Дәрими, Мәлик және Ахмад риуаяты).
Осы риуаяттан Алла Елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбар болған сәтінен бастап сонау хижреттің екінші жылына дейін ашура оразасын ұстағанын, сондай-ақ басқаларға да ұстауға бұйырғанын білеміз. Ал, Рамазан оразасы парыз болған соң ашура оразасын әркімнің еркіне салды. Яғни, қалағандары ұстап, қаламағандары ұстамайтындығын мәлімдеген. Бірақ мән беріп қарайтын болсақ, ешбір нәпіл оразаны ашураға байланыстырмаған. Демек осыдан келіп ашура күні ораза ұстау бекітілген сүннет болып саналады.
عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَدِمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمَدِينَةَ فَرَأَى الْيَهُودَ تَصُومُ يَوْمَ عَاشُورَاءَ فَقَالَ: مَا هَذَا قَالُوا: هَذَا يَوْمٌ صَالِحٌ هَذَا يَوْمٌ نَجَّى اللهُ بَنِي إِسْرَائِيلَ مِنْ عَدُوِّهِمْ فَصَامَهُ مُوسَى قَالَ: فَأَنَا أَحَقُّ بِمُوسَى مِنْكُمْ فَصَامَهُ وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббастан (р.а.) былай деп риуаят етіледі: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына қоныс аударып барғанда яһудилердің ашура оразасын ұстап жатқандарын көріп: «Бұларың не?» - деп сұрағанда: «Бұл Алланың Израйл қауымын дұшпандардан құтқарған қайырлы күн. Осы себепті Мұса осы күні ораза ұстаған», - деп жауап берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсаға сендерден гөрі мен жақынрақпын” - деп сол күннің оразасын ұстады және басқаларға да ораза ұстауға әмір етті”. (Бухари, Муслим, Абу Дауд риуаяты).
وَعَنْ أَبِي قَتَادَةَ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: صِيَامُ يَوْمِ عَاشُورَاءَ أَحْتَسِبُ عَلَى اللهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِي قَبْلَهُ. رَوَاهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَابْنُ مَاجَهْ وَأَحْمَدُ.
Абу Қатададан жеткізілген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ашура күні ораза ұстау сол жылғы күнәларына кәффарат боларына үміт етемін», - деген. (Бухари, Муслим, Абу Дауд, Тирмизи, Ибн Мәжә, Ахмад риуаяты).
Бұл хадистен ашура күні ұсталған оразаның қаншалықты маңызды екендігін білуге болады. Басқа айлар мен күндерде ұсталатын нәпіл оразаның күнәға кәффарат болатындығы айтылғанымен оның мөлшері анық баяндалмаған. Ал жоғарыда айтылған риуаятта пенденің өткен жылғы күнәларының кешірілетіндігі мәлімделген.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі оразаны ынтық болып күтуші еді. Ол – Ашура және Рамазан оразасы еді». (Бухари, Муслим, Насаий риуаяты). Рамазан айының оразасын ұстау парыз. Бұл айда ораза ұстаған адам шексіз сауапқа кенеледі. Бірақ ашура оразасының да жоғарыдағы риуаяттан маңызды екендігі айтылған. Ал Пайғамбарымыз бір амалды жасауға ынтық болса, ол тегін амал емес. Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұхаррам айы қашан келер екен деп асыға күтетін болған. Біз де пайғамбарымыз секілді Ашура оразасын бар ынтамызбен күтіп, сол күні жасалатын амалдарға аса мән беруміз керек-ақ.
Ислам ғұламалары жоғарыда айтылған хадистерден Ашура күні ораза ұстаудың бекітілген сүннет екендігін былайша нақты айтады.: «Кімде-кім Ашура күні ораза ұстаса уәде етілген сауап пен кешірімге қол жеткізеді. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмай ізгі амал жасау әрбі мұсылманның борышы».
Бұл күні жасалатын амалдар:
1) Ашура күні ораза тұту сүннет болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ашура күні ораза тұтқан адамның бір жылдық күнәлары кешіріледі». (Мүслим, Тирмизи, И. Ахмед, Табарани)
«Ашура күні ораза тұтқан адам ол жылы тұта алмаған (нәпіл) оразаларының сауабына қауышады». (Дәйләми)
«Ашура күнінен бір күн бұрын, бір күн кейін ораза тұтыңдар, яһудилерге ұқсамаңдар». (И. Ахмед)
«Ашураның құндылығынан пайдаланыңдар! Бұл қасиетті күнде ораза тұтқан адам періштелер, пайғамбарлар, шәһидтер және салихтардың ғибадаттарындай сауапқа қауышады». (Шира)
Тек қана Ашура күні ораза тұту мәкруһ болады. Алдыңғы бір күнмен немесе кейінгі бір күнмен қосып тұту керек.
Пайғамбарымыз ашура күні түс уақытында былай деп бұйырды:
«Бәріне естіртіңдер! Бүгін бір нәрсе жеген адам, кешке дейін ешнәрсе жемесін, аузы берік секілді жүрсін! Әлі ешнәрсе жемеген адам ораза тұтсын! Өйткені бүгін ашура күні». (Бұхари, Муслим, Әбу Дауд)
Пайғамбарымыз осы күні бір құрманы мүбәрак аузымен суландырып балалардың аузына беретін. Балалар расулуллаһтың мұғжизасы ретінде кешке дейін ешнәрсе ішіп-жемейтін еді. Бұл күнде кейбір жануарлар да ешнәрсе жемей жүретіні білдірілген.
Бір аңшы ашура күні бір киікті ұстап алады. Киік балаларын емізіп кешке қайтып келуі үшін Алла Елшісінен шапағат сұрайды. Аңшы киікке кешке дейін қалмай емізіп дереу қайтып келуін айтқанда, киік: “Бүгін ашура күні. Бұл күннің құрметіне балаларымызды емізбейміз. Сондықтан мен кешке келу үшін рұқсат сұрадым”, - дейді. Мұны естіген аңшы киікті пайғамбарымызға сыйға береді. Пайғамбарымыз киікті босатып жібереді.
2) “Сила-и рахим” жасау керек. Яғни туыстарға қонаққа барып, оларға сыйлық беріп, әртүрлі көмектермен көңілдерін аулау керек. Хадис шәрифте: «Сила-и рахимді тәрк еткен адам, ашура күні туыстарына қонаққа барса, Яхия және Иса алейһиссаламның сауабындай сауапқа қауышады», - делінген. (Шира)
3) Ілім үйрену керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні ілім үйреніліп жатқан немесе Алла тағала зікір етіліп жатқан жерде біраз отырған адам жәннатқа кіреді», - деп бұйырылды. Мәселен Құран оқып, қазасы бар адам қаза намаздарын оқуы керек. (Шира)
4) Садақа беру сүннет, яғни ғибадат. Хадис шәрифте: «Ашура күні түйірдей садақа берген адам Ухуд тауындай сауапқа қауышады», - делінген. (Шира)
Емдік ниетпен сүрме жағып жүрген адам бұл күні де сүрме жағуына болады. Хадис шәрифте: «Ашура күні исмид сүрмесін жаққан адам көз ауруын көрмейді» делінеді. (Хаким)
5) Көп сәлем беру керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні он мұсылманға сәлем берген адам бүкіл мұсылмандарға сәлем бергендей сауапқа қауышады» деп бұйырылды. (Шира)
6) Отбасын, бала-шағасын қуанту керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні жанұясының нәпақасын мол ұстаған адамның бір жылғы напақасы мол болады» делінеді. (Бәйһақи)
7) Ғұсыл алу керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні ғұсыл алған мұсылман күнәлардан тазарады», - деп бұйырылды. (Шира)
Ашура күнінің қадір-қасиетіне терең тоқталып, оны барынша құлшылық ғибадатпен өткізу жақсы амалдардан екен. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашура күні сауапты амалдарды молырақ жасауға үндеуде. Алла сіздердің осы күндері тұтқан оразаларыңызды, жасаған игі амалдарыңызды сауаптан етіп жазсын.
Дайындаған Жандос Айтбаев,
«Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.11.2013
12441
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру