Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбетпен ой бөлісіп, бірер сауалдарымызды қойып едік. Дінімізді насихаттау жолында атқарылып жатқан істер мен мезгіл мәселелеріне жауап алдық.
- Нұрбек аға, отырған үйімізді, қонған қонысымызды тазалап барып көшімізді түзету атадан қалған дәстүр екені белгілі. Ендеше, осы мәселелерге қатысты бүгінгі күнге дейін Алматы қаласы бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
Бисмилләхир рахмәнир рахим. Алматы қаласы бойынша қазіргі уақытта 31 мешіт, 37 намазхана имандылық жолында қызмет етуде. Ол мешіттердің дені алдына қойған ішкі жұмыс жоспарларына сай қызмет атқарып келеді. Мешіт имамдары өз білімдерін үздіксіз жетілдіруі мен жалпы қоғамның көзқарасының дұрыс қалыптасуына, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру жолында еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, күнделікті бес уақыт намаздың Ханафи мәзһабының талаптарына сай өткізілуі реттеліп, мешіт жамағатының ауызбіршілігі артып, қатары біршама көбейіп келеді.
- Өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Бұл мәселе қалай шешілуде?
Алматы қаласында жеті аудан болса, соның барлығына жеке-жеке барып, мешіт жағдайларымен, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Ондағы мақсат ҚМДБ тарапынан берілген тапсырмаларға сәйкес, Алматы қаласындағы барлық мешіттердің жүйелі түрде жұмыс жасауларын қадағалау болатын. Онда бірнеше мешіттердегі кемшіліктерді түзетуге себепкер болдық. Мәселен, кейбір мешіттердегі ұстаздар мен наиб имамдардың тапшылығын қолға алып, Бас мүфтидің бұйрығымен аймақтағы мешіттерімізге ұстаздар мен имамдар толықтырылды. Сондай-ақ, мешіттердегі «діни сауат ашу» курстары жүйелі түрде қолға алынып, бүгінде қаланың барлық мешіттерінде сауат ашу курстары тынымсыз жұмыс жасауда.
-Жақында имамдардың білім деңгейін көтеру жұмысы болды. Игілікті жұмыстың сәтті аяқталуына кімдер қолғабыс тигізді? Осы жұмыс барысында қандай мәселелер алға қойылды?
Қазіргі қоғам білімді қажет етеді. Ал, білім - үлкен еңбек пен шынайы талапты қажет етеді. Осы орайда имамдардың да заман талабына сай білім деңгейлерін көтеру мақсатында атқарылып жатқан істер аз емес. Жақында осы бағытта ҚМДБ-ның тапсырмасына сәйкес Алматы орталық мешітінің ұйымдастыруымен имамдар семинары өткізілді. Ата дініміз исламға қызмет етіп жүрген, халыққа рухани күш беретін дін қызметкерлері яғни имамдарға да жан-жақты білімді болу керек екендігін қазіргі қоғам дәлелдеді. Мәселен, имамдар жұма намазында жамағатқа уағыз-насихат айтады. Мешітке келетін жамағаттардың арасында түрлі саланың мамандары кездесіп жатады. Ал, имам келген жамағаттың әрбіреуіне ата дініміз исламның қыры мен сырын, қадір-қасиетін, рухани құндылығын және адамдарға айтылған Алла Тағаланың бұйрықтарын, сондай-ақ исламның негізгі мақсаттары мен ережелерін жеткізуге міндетті. Демек, имам әрбір адамның ішкі жан дүниесіне кіре отырып дінімізді жеткізу керек екендігін сондай-ақ өз саласындағы білімдерімен қатар заң, психология секілді дінге қатысы жоқ көрінетін дәрістердің пайдалы тұстарын оқу керектігін семинар барысында қолға алдық.
- Қазіргі таңда адамзат техникалық жолмен бүкіл әлемді өзіне бағындыру пиғылына берілді. Дінімізді насихаттау жолында заманауи технологияны қаншалықты пайдаланып жатырсыздар?
Қазақстанда тұңғыш рет мешітке үлкен экран қойылып отыр. Жұма намазында үлкен экраннан сыртта қалған жамағаттарға іштегі имам тікелей көрсетіліп отырады. Ондағы имамдардың уағыз-насихат жұмыстарын сырттағы жамағат көзімен көре алады. Жұма намазына келген жамағаттардың қуаныштарында шек жоқ. Мешітке сыймай жұма намазын сыртта оқитын жамағаттардың саны 3000-нан асады екен. Ал, басқа уақыттарда Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері, әр-түрлі тақырыптарда видео уағыздар, діни мәселелерге байланысты әлеуметтік видео роликтер беріліп отыратын болды. Бұдан басқа да Алматы орталық мешітінде Ислам дінін жан-жақты насихаттап, мешіттің қызмет сапасын арттыруға негізделген бірқатар жұмыстар жүргізілді. Мәселен, мешіт ауласына намаздың уақыты мен ауа райын көрсететін, сондай-ақ Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін жариялауға мүмкіндік беретін электрондық ақпараттық тақта, лайт-бокстар орнатылды.
-Алматы орталық мешітінде есту қабілеті төмен жандарға арнайы курс пен қыздар жамағатына дәрісхана ашылды. Алдағы уақытта қандай игі жоспарларыңыз бар?
Арнайы ашылған дәрісхана қыздар жамағатына ерекше әсер беруде. Онда барлық жағдай жасалып, дәрісхана іші көз тартарлықтай әсерге бөленіп тұр. Жан-жақты қолдаулардың себебімен ішкі жиһаздарымен қамтамасыз етіліп, сондай-ақ, Құран кітаптары да беріліп отыр. Жалпы дәрісхана заман талабына сай, кең, білім алам деген жамағатқа толықтай қызмет етуге дайын. Ислам дінінде әйел адамның білім алуы қай жағынан болса да тиімді. Бала тәрбиесінде аналардың орны жоғары екендігі баршамызға белгілі. Ал, бүгінгі бала тәрбиесі – ертеңгі ел болашағы. Ендеше, осы бала тәрбиесінде орны ерекше аналарымыздың ислам білімінен сусындауы аналар үшін де, ұрпақ үшін де маңызды. Осы арада арнайы Мысыр еліндегі «Айн Шамс» университетінде білім алған, «Нұр Мүбарак» университетінің магистранты білікті ұстаз қызметке қабылданғанын хабардар етеміз. Сондай-ақ, асыл дінімізді жан-жақты дамыту барысында осындай игі бастамалар жалғасын табатынын және алдағы уақыттарда діни курстармен қатар, арнайы мамандық алып шығатын бөлімшелер (тігін тігу, ағылшын тілі т.б.) ашу жоспарымызда бар.
- Ендігі әңгімемізді дәстүр және дін тақырыбында өрбітсек. Қазір дінге бөлек, дәстүрге бөлек қарайтындар көбейіп барады. Біздің ұлттық салт-дәстүріміз дінге қайшы деп жүргендер бар, бұған не дейсіз?
Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған дін тыйым салмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Әрқандай дәстүр, дінге қарсы келмесе оны ысырып алып тастамаңдар» деп айтқаны бар. Біздің ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрдің кейбіреулері тікелей дінмен ұштасып жатады. Мысалы, баланы сүндетке отырғызу, азан шақырып ат қою, өлген адамға құран бағыштау. Барлығының тәрбиелік мәні бар. Бұл мәселе халықтың діни сауатын арттырумен шешіледі.
-Жақында ұлық мереке Құрбан айтты ұлттық нақышта тойладыңыздар. Осы жайлы қысқаша айта кетсеңіз.
Ұлттық нақыштағы іс –шаралар ұйымдастыру, ұлттық тәрбие беру бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте дәстүрлі дініміз бен ұлттық тәрбиемізді қатар алып жүруі әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ұлттық тәрбие беру - ата-баба аманатын аялау. Ел болу, мемлекет құру сонау заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие мен дәстүрлі дінімізді қатар алып жүруді – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз. Сондықтан, өткен Ораза айт, одан кейін ұлық мереке Құрбан айтты ұлттық нақышта безендірдік. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жасай беру ойымызда бар.
-Алматы орталық мешітінің күнделікті ақпарат тарататын azan.kz діни-ресми сайты жұмыс жасап келеді. Ақпарат саласындағы басты көздеген мақсат туралы айтып өтсеңіз?
Сайт дегеніміз заманның талабы. Ғаламтор жүйесінде жұмыс жасап, ақпарат алысу үрдіске айналды. Осы ғаламторға да түрлі теріс ағымдар, өзінің теріс пиғылын жайып жатыр. Солардың алдын алып, болашақ жастарымызға дұрыс бағдар беру біздің міндетіміз. Барлық адамдар көкейінде жүрген көп сауалға жауабын осы ғаламтор арқылы алып отырса, жақсы болар деп ойлаймыз.
Сұхбаттасқан - Әсет БЕКТҰР
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.10.2013
6230
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру