Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қ.Сабыржанұлы: Құрбан шалудың мәні неде?

06.10.2013 4583 0 пікір
«Құрбан» – араб тілінен түркі тіліне енген сөз. Бірақ арабшада «ұдхия», «дахия» сөздері көбірек қолданылады. Ол, сірә, құрбан айтта таңсәріде (дұха) мал шалынатындықтан солай аталса керек. Құрбан сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, құрбандыққа мал шалу арқылы Жаратушы иеге бір табан жақындай түсу мақсат етіледі.

Құрбан шалудың тарихы Адам атаның қос ұлдарына барып тіреледі. Абыл мен Қабылдың да (бірі малын, бірі бір бау егінін арнап) құрбан шалу рәсімін жасағаны мәлім. Одан беріде ұлық пайғамбарлардың бірі хазірет Ибраһимнің (а.с.) тап болған сынағы бар. Әдетте, өмірдегі ең үлкен сынақтарға пайғамбарлар душар болған. Ибраһимның да (а.с.) Құдайға деген мойынсұнушылығы сыналған. Өйткені түсінде ұлы Исмайылды құрбан етіп жатқанын көріп, бұның уахи екенін аңғарады. Баласы екеуі бұйрыққа қалтқысыз мойынсұнғанда, сынақтан сүрінбей өткендері білдіріліп, нәтижесінде құрбандыққа шалынған мал діни салт ретінде кейінгіге жалғасты. Бірақ бұдан бұрынғы шариғаттарда құрбандыққа адам шалынған екен деген түсінік тумауы керек. Өйткені, оның иләхи дін негіздеріне сыймайтыны талассыз. 

Ислам дінінде құрбан шалу хижраның екінші жылы  міндеттелді. «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал!» деген аят түскеннен бастап, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) жыл сайын үзбей құрбан шалып отырды (Кәусар сүресі, 2). Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған. Бұны Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген дерек те нықтай түсуде: «Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жоламасын».  

Құрбан шалуда, ең бастысы, ниеттің сынға түсетінін ескерген жөн. Өйткені шексіз жомарт Алла құлының да жомарттығын қалайды. Ниет – Жаратушының әміріне құлдық ұрып, мұсылмандық міндетті орындау болуы тиіс. Әр мұсылман үшін қашанда Жаратушы иенің бұйрықтары бәрінен де маңызды.   

Аллаға жақындауды мұрат тұтқан пенде дүниеге салқын қарай білуі керек. Неге десеңіз, қажетінен артық жиылған дүние, ақша, байлық адам көңілін азғырып, Алладан алыстады.  Сондықтан қолда бар дүниені ақырет игілігіне жарата білу зор мәнге ие. Хадистерде бұл дүниенің егіс алқабы тәрізді екені, осында не егілсе, ақыретте сол орылатындығы, яғни осындағы істеріне қарай ақыретте қарымтасы берілетіндігі ескертілген. Расында, тірі кезінде Аллаға арнап бір малын қия алмаған, жан адамға жақсылық жасап көрмеген өзімшіл пенде ақыреттен қандай сый дәметпек?!

Мұсылмандар бұл дүниенің сынақ екенін, жұмақтың да жан қиналмай қол жеткізетін тым арзан еместігін әрдайым қаперде ұстайды. Сондықтан да ақыретті ойлап, Алла разылығын көздеп әр құлшылықты шын ықылас- ниетпен орындауға тырысады. Құрбан кезінде малының көзге жұғымдысын таңдап, жағдайы көтерсе, жағдайы келмегендердің атынан да бірнеше құрбан шалып, жақсылық істе өзара жарысқа түседі. Құрбандыққа шалынған малдың әр қылшығына сауап жазылатынын еске алғанда, бойларын қуаныш кернейді.

Құрбан малдың етін тиісінше алыс-жақынға тарату арқылы ел ішінде Ислам дінінің ізгілікті ұстанымдары байқалады, мұсылмандардың бір-біріне, жақындарына, қоғамға деген жанашырлығы сезіледі. 

muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру