
Деректер жаныңды түршіктіреді
Жыл сайын әлем бойынша 1 миллион 100 мың адам өз-өзіне қол салады екен. Бұл деректі БҰҰ –ның жанындағы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы алға тартады. Оның ішінде:
300 мың қытайлық,
160 мың үндістандық,
37 мың американдық,
30 мың жапондық,
16 мың француз
10 мың украин өз өмірін өздері қиятын көрінеді. Аталмыш ұйым өзін-өзі өлтіру бойынша әлем елдерін жоғары, орта, төмен деп үш топқа бөлген. 100 мың адамға шаққанда өлім көрсеткіші 20 адамнан асса жоғары, 10-20 адам аралығында болса орта, 10 адамнан аспаса төмен болып есептеледі. Өкінішке орай, еліміз жоғары топтың арасынан табылып, үшінші орынға мықтап жайғасқан. Сонымен:
1. Литва ( 32 адам)
2. Корея Республикасы (31 адам)
3. Қазақстан Республикасы (30 адам)
Ал, Мысыр, т.б. сияқты мұсылман елдерінде бұл көрсеткіш жоққа тән деп айтуға болады. «Өз-өзіне қол салатындарға түрлі жағдайлар әсер етеді», -дейді осы өзекті мәселені зерттеп жүрген мамандар. Солардың бір-екеуін атап өтсек:
Отбасылық жағдай. Нақты деректерге ой жүгіртсек, бойдақтар мен ажырасқандар некеде тұрғандарға қарағанда 3 есе өздеріне көп қол жұмсайтын көрінеді.
Арақ пен есірткіге құмар кісілер. Бүкіл суицидтің 4/1 ащы суға үйірсек адамдарға тиесілі.
Азғындаған жандар. Әлемнің алпауыт елі АҚШ-та жүргізілген зерттеулерге қарағанда көгілдірлер жай адамдарға қарағанда 7 есе өз-өзіне көп қол салатын болып шықты.
Күйзеліске ұшырағандар. Бүгінгі құлаққа таныс депрессия «күйзелу», «торығу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, адам өмірден үмітін үзіп, бар қиыншылықтан құтылудың жалғыз жолы өлім деп түсінеді.
Әрине, бұдан басқа толып жатқан себептері өте көп. Алайда, бұрын суицид тек үлкендерге ғана «тиесілі» көрінгенмен, соңғы жылдары жасөспірімдерді де баудай түсіруде. Әсіресе, халқы аз Қазақстан үшін бұл күрделі мәселеге айналып үлгерді. Тәуелсіздіктің тек 22-ші жылы ғана 17 миллионнан енді асқан еліміз үшін жасөспірімдер суициді орны толмас қайғы десек артық айтқандық емес. Тәуелсіз Қазақияның келешегі деген жастар оңды, солын танымай ажал құшуда. Ресми деректерге сүйенсек, 2010 жылы елімізде 237 жасөспірімнің өмірі қиылған. Бұл құзырлы орындарда ресми тіркелгені ғана. Ал, бұл көрсеткіш жыл сайын көбейіп барады...
Өзін өлтіру – үлкен күнә
Шариғат өзін-өзі өлтіруге қатаң тыйым салады. Аллаһ тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Аллаһ сендерге ерекше мейірімді»(«Ниса» сүресі, 29-аят). Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал кім у ішіп өлсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгілікке тасталады»,– дейді. Ал, сахаба Жүндәб ибн Абдуллаһ (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Соғыста жараланған бір кісі оның ауруына шыдай алмай өзін-өзі өлтірді. Сонда Аллаһ тағала: «Пендем өз жанын алуда менен озды, сондықтан Мен оған жәннатты харам еттім»,– деген.
Хадисті ең көп риуаят еткен белгілі сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді:
«Біз Хайбар шайқасына бара жатқанымызда бір кісі тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болғанын айтты. Алайда, Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) сол адам жөнінде: «Ол тозақ тұрғындарынан»,– дегенде біз ерекше таңданыс білдірдік. Өйткені, ол майдан алаңында нағыз батырларша соғысып, жанқиярлық танытты. Мұны көрген иманы әлсіз кейбір мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзіне күмәндана бастады. Бірақ, ол соғыс алаңында алған жарақатының ауруына шыдай алмай, жебенің ұшымен өзін-өзі бауыздап өлтірді. Бұл оқиғаға куә болған мүміндер Расулуллаһтың (с.ғ.с.) алдына келіп: «Уа, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.)! Аллаһ тағала сөзіңді ақиқатқа шығарды. Сіз (с.ғ.с.) көрсеткен адам өзі-өзі өлтірді»,– деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында тұрған бір сахабаға: «Жұмаққа тек иман келтіргендер ғана кіреді» деп мұсылмандарға хабарла»,– деді.
Жоғарыдағы хадистерден ұққанымыз мұсылман адам өзін-өзі өлтіруге ешқашан жол бермейді. Өйткені, тағдырына разылық таныту иман шарттарының бірі. Өзін-өзі өлтірген жан мына өмірде абыройсыз өлім құшумен қатар ақиретте мәңгі тозақта қалып, азап шегуі де мүмкін.
Өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың жанының шығуының өзі аса қиын болатынын бүгінгі ғылым да дәлелдеп отыр. Санкт-Петербург техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарың докторы Константин Коротков адамдардың жанының шығуын зерттеген. Тәжірибеден ғалым-ның өзі де қатты сескенеді. Өз ажалымен өлгендердің жаны денеден оңай шықса, өзін өлтіргендердің аса қатты қиналғанын байқаған. Жанның шығуын бақылайтын аппараттағы сызықтар (өзіне қол жұмсағандардың) біресе күрт төмен түссе, біресе бірден жоғары көтерілген. Ал, өз ажалымен қайтыс болғандардың сызығы тербелмелі бірқалыпты жағдайда өткен.
Суицидке баратындар тек өз өмірін жалмаумен қатар, өзгелердің өліміне де себепші болуда. Бір француз өмірден әбден түңіліп, өзін-өзі өлтіруге шешім қабылдап, асханадағы газды ашып уланып көз жұмуды ойлайды. Алайда, үйінің бір жерінен электр желісінің тұйықталуынан от шығып, қатты жарылыс болады. Осылайша өзіне жапсарлас орналасқан бес пәтердің де күлі көкке ұшып, жан тапсырады. Қызық болғанда француздың өзі тірі қалып, оған жаппай адам өлтірді деген баппен айып тағылып, өлім жазасына кесіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенетін болсақ, 2020 жылы өзіне қол салып өмірмен қоштасатындардың саны 2 есеге дейін артады. Бұл – жылына 2 миллионнан астам адам деген сөз! Өкінішке орай, Қазақстанның да мұнда өз үлесі бар. Санын 20 миллионға жеткізе алмай жатқан халқымызды енді суицид жалмап жүрмесін. Ол үшін жастарымызды ертерек Аллаһты тануына мүмкіндік туғызып, иман нәрімен сусындатпасақ, ертең сан соғып қалмасымызға кім кепіл?!
Кеулімжай Құтты
Иман журналының
жауапты хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.10.2013
5664
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру