«Адал адвокат» адвокаттық кеңсесі мекемесінің директоры Жандос Балтабекұлы Бұлхайыр мырзаға Мекен-жайы: Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 294/1 үй 51-пәтер, тел; 317-85-57 8701-5311290 Мейірімді, Рахымды Алланың атымен бастаймын! Әлемдердің Раббысы Аллаға мадақ. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), отбасына және сахабаларына және ақырзаманға дейін Оның (с.ғ.с.) сүннетін басшылыққа алатындарға Алланың мейірімі болсын. Пәтуә: Әйелдің басын жауып және ислам талаптарына сай киінуі жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуә бөліміне 2013 жылы 6 наурызда №2 адвокаттық сұрату келіп түсті. Осы сұраққа байланысты ғалымдардың пікірлерін және Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын негізге ала отырып, төмендегідей пәтуә береміз: Қасиетті Құран Кәрімде: «Мүмін әйелдерге де айт: “(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар», («Нұр» сүресі, 31-аят) Әурет махрамнан өзге бөтен жандардың көруіне (қарауына) тыйым салынған адамның дене мүшелері. Еркектер үшін кіндіктен тізеге дейін болса, балиғат (кәмелет) жасына толған әйелдер үшін беті, алақаны мен саусақтарынан басқа барлық дене мүшелері әурет болып есептеледі. Сондықтан шариғат талабына сәйкес әйелдің аяғы (тобығына дейін), иығы мен басы (бетінен басқа) және жыныс мүшелері әуреттің қатарында. Ұятты жерлерін жауып, бөтен көздерден сақтану шариғат талабы. Мұны орындаудың да ешқандай қиындығы жоқ. Бар болғаны өзге еркектердің көз салуын болдырмау үшін етек-жеңі ұзындау қарапайым ғана киіну. Түптен келгенде әйелдің киімі оны қорғанышы болуы қажет. Бұл бетін тұмшалап, қолына қолғап киіп алу деген сөз емес, себебі, ол мұсылман әйел үшін міндет (уәжіп) емес. Өзге еркектің көзінше бетін және саусағы мен алақанының ашық болуы әйелдің еркінде (жәйз). Мұсылман азаматшалар хиджаб тағуды өздерінің абыройларын сақтау деп түсінеді. Басындағы орамалын шешу ашық түрде іш киімдерін сыпырып тастап, жыныс мүшелерін көрсетумен бірдей деген сөз. Қандай ата-ана, бауыр немесе күйеуі өзінің қызының, әпкесінің не әйелінің осындай масқара күйде көшеге шығуына жол береді? Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылмандар болғанымен, қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, Исламның беделін көтеру аса қажет. Ол үшін әрбір адам сыртқы түр келбетімен де басқалараға үлгі бола білу керек. Соның ішінде мұсылман әйелдер ниқабты ( ниқаб –араб сөзі. Әйелдің бетін түгелдей жауып тұратын жұқа мата (тек екі көзінің орны ғана қалған) қолданбай-ақ, шариғат талабына сай киінуіне әбден болады. Негізі ертеде Қазақстанда әйелдер басына орамал тағып, жасы келгенде кимешек кигені тарихтан белгілі. Сондықтан бұл біздің ұлттық киімдеріміз болып табылады және мүмкіндігінше оны ұстанып, жаңғыртуымыз қажет. Ал, әуретті жабамыз деп араб немесе пәкістандық ұлттық кимі үлгілеріне еліктеудің қажеті жоқ. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабы, 5 тармағында: «Заңды дін қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді»,–деген. Орамалын шешуге күштеу және шешпегені үшін сабаққа кіргізбеу жеке тұлғалардың дінге қөзқарастары себептері бойынша азаматтық және жеке құқықтарының бұзылуы немесе олардың діни сезімдерін қорлау болып есептеледі. Орамал тағу бұл «жеке тұлғалардың дінге көзқарасы бойынша азаматтық құқықтары» деген сөз. Ал хиджабтың өзі «қандай да бір дінді ұстанушылардың (бұл жағдайда ислам дінін ұстанушылар ) қастерлейтін заты болып табылады. Ал хиджабты шешуді талап ету немесе оған күштеу, оны қорлау болып есептеледі де аталмыш заңның нормаларына сәйкес үзілді-кесілді рұқсат етілмейді. Оқу орнының басшылары мен жұмыс берушілер орамалды шешуді талап етуі дінге сенуші әйелдер мен олардың туыстарының құқықтарының өрескел түрде бұзылуына жатады әрі олардың діни сезімдерін қорлау болып есептеледі. Олар осы әрекеттері арқылы жеке тұлғаларға қаншалықты мөлшерде моралдік-рухани азап тигізіп жатқанын енді сезінуге тиіс. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 375-бабы 2-тармағына сәйкес Заңды діни қызметке кедергі жасау, сол сияқты дінге көзқарасы себебі бойынша жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қайсыбір дiндi ұстанушылар тәу ететін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, - жеке тұлғаларға - елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде; лауазымды адамдарға - жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде: заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Байқағанымыздай Қазақстан Республикасының заңдары сенім иелерін (қандай да бір дінді ұстанушыларды), оның ішінде хиджаб тағатын мұсылман әйелдердің құқықтарын жеткілікті деңгейде қорғайды. Осылай бола тұрсада кейбір білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер тарапынан хиджабқа байланысты түйткілді мәселелердің туындауын түсіне алар емеспіз. 2013 жылы 4 наурызда «Әйел және дін» атты халықаралық форумда ҚР Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы демографиялық мәселелер бойынша ұлттық комияссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова ханым: «Хиджаб киетін әйелдердің құқығын шектеуге болмайды. Жұмыс берушілердің оларды жұмысқа келуге шектеу қоюына құқығы жоқ» – деп мәлімдеген болатын. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуә бөлімі. ![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.03.2013
11151
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру