Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Павлодар: Исабек ишан кесенесін зиярат етті

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі mazhab.kz 23.09.2021 494 0 пікір
Павлодар: Исабек ишан кесенесін зиярат етті

Отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында құрылған ҚМДБ-ның «Darhan Dala» жобасы аясында Ертіс-Баян өңіріндегі Ислам руханиятының қайнар көзі болған Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан хазіреттің зиратына зиярат жасалды.

Облыстық деңгейде өткен іс-шараға Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы бастаған қала, аудан имамдары түгел қатысты.

Исабек ишан (1792-1871) хазірет – дін қызметкері, Ихсан ілімін алғаш таратушылардың ұрпағы, философ, ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері. Ол кісі ел арасында қасиетімен абыройы жоғары, әулие көріпкел, терең білімді ғалым болған. Қазіргі Екібастұз ауданына қарасты Ақкөл-Жайылма өңірінде мекен етіп, медресе ашып, мешіт салған. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Исабектей ишан жоқ бұл Арқада» деп бағалап, ишан дүниеден өзғанда 85 шумақ, 340 жолдан тұратын жоқтау өлең жазған.

Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишан хазірет кесенесі – ақ тастан тұрғызылған екі кесене, мешіт және зиярат етуге келушілерге арналған үйден тұратын кешен. Оның кейінгі ұрпақтарынан тараған Жандарбек, Солтан, Әшім, Әпсағит қожалар елге мәлім абыройлы адамдар болды.

Бас имам Жолдас Қоспақұлы бүгінде ҚМДБ бастамасымен Ихсан іліміне ерекше көңіл бөлініп жатқанын, оның ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұстанып келген рухани тәрбие жолы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар  ҚМДБ тарапынан биыл қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттарының маңызына тоқталып, киелі орындарды дін мен дәстүрімізге сай зиярат ету мәдениетін халық арасында қалыптастыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету имамдардың міндеті екенін тілге тиек етті.

Кесене басында имамдар Исабек ишанның өмірбаяны, Ислам жолында атқарған еңбегімен танысып, Құранды хатым етіп, ел-жұртқа жақсылықтар тілеп дұға етті.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі