Биыл атеистік қызыл империяны күйреткен Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толады. Қазақ даласын шарпып өткен сол ызғарлы желтоқсан оқиғасынан ғибрат алу үшін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жыл сайын арнайы шаралар, кездесулер ұйымдастырады. Себебі, тарихтан тағылым алған ел ғана болашаққа салмақты қадам жасары анық. Сондықтан, Нұр-Мүбарак университеті студенттер бойында отансүйгіштік пен тарихқа деген құрметті күшейту үшін желтоқсан айы қарсаңында тағылымды шараларды өткізуді жиілетеді.
"30 жыл өтсе де желтоқсан жарасы жазылар емес..." бүгінгі кездесуге келген тарих куәгерлерінің сөзінен осыны түсінуге болады. "Желтоқсан ақиқаты" республкикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, осы бірлестіктің мүшесі Абдурашид Абдираимов, "Республикалық халықтық отаншылдық қозғалыс" қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Алибек Музафаров және осы бірлестік мүшесі Ерлан Декелбаев мырзалар студенттермен кеңінен ой қозғады.
Құрметті қонақтардың естеліктеріне қарап, сол ызғарлы желтоқсанның сұрапыл күндері әлі күнге саналарында сайрап тұрғандай әсер қалдырды.
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның!-деп Мұхтар Шаханов жырлаған сол өрендер бүгінде жігіт ағасы. Олардың әрбір сөзі мен естелігін университеттің бес жүздей студент, магистрант, докторанттары, ұстаздары ұйып тыңдады.
- Біз аңсаған күндер — енді өздеріңе аманат! Қазақ елінің болашағы сендердің қолдарыңда. Бүгінгінің қаруы — білім мен білік. Сондықтан, жүректегі иман мен білімдеріңізді арттырып, ел үшін еңбек етулеріңізге тілекшіміз,-деп, ата дініміздің аясында білімге жол ашқан тәуелсіздік таңын қадірлеуге шақырды.
Ия, жыл сайын желтоқсан айы жақындаса рухты ақынның:
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!- деген жыр жолдары еріксіз еске түседі.
Бұл кездесу жастарды тәуелсіздіктің қадірін ғана емес, алып жатқан білімнің артықшылығын да ұғындыра түскендей. Ел үшін жастық дәурені мен ойын-күлкісін тәрк еткен асыл азаматтарға жастардың да алғысы ағылып жатты.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
DINI MEREKELER
29.11.2016
5189
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру