الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Аллаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Ислам дінінің кемелдігінің бірден-бір көрінісі – адам баласының өмірден өткеннен кейін шариғат шеңберінде мирас жүйесінің реттелуі. Шариғатта мирас деп қайтыс болған адамның мұрагерлеріне қалдырған дүние-мүлкін айтады.
Мирас ілімін ғалымдарымыз «илму әл-мирас», «илму әл-фараид», «илму әт-тәрика» деген атаулармен атаған. Қалай аталғанда да бұл білім дүниеден өткен адамның мал-дүниесінің артындағы мұрагерлеріне бөліну мөлшерін зерттейді.
Мирас ілімінің артықшылығы турасында қасиетті Құранда да, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де айтылған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінде мирас туралы баян еткеннен кейін:
تِلْكَ حُدُودُ اللَّهِ وَمَن يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ يُدْخِلْهُ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَذَلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ
«Бұлар Алланың қойған шектері. Кім Аллаға және Елшісіне бой ұсынса, астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргізіледі де, олар онда мәңгі қалады. Зор табыс осы», – деп айтқан («Ниса» сүресі, 13-аят)
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَعَلَّمُوا الْفَرَائِضَ وَعَلِّمُوهَا فَإِنَّهُ نِصْفُ الْعِلْمِ وَهُوَ يُنْسَى وَهُوَ أَوَّلُ شَىْءٍ يُنْتَزَعُ مِنْ أُمَّتِي
«Мирас ілімін үйреніңдер және оны үйретіңдер. Өйткені ол – ілімнің жартысы. Бұл ұмытылатын және үмбетімнен ең бірінші болып алынатын ілімдердің бірі», – деген (имам Ибн Мәжә).
Мирас ілімі адамның өлім мен өмір атты екі жағдайының біріне қатысты болғандықтан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны «ілімдердің жартысы» деп атаған.
Ғалымдарымыз мирас ілімін үйрену парыз кифая екендігін айтқан. Яғни мұсылмандардың арасында бұл білімді меңгерген адамдардың болуы міндет.
«Рүкін» сөзі негіз, тірек, парыз деген мағыналарды білдіреді. Мысалы, намаздың рукндері дегенде намаздың ішінде орындалатын парыз амалдарды түсінеміз. Мирастың үш рүкіні бар.
- Мирас қалдырушы – бұл дүниеден өткен немесе дүниеден өтті деп саналған (із-түссіз жоғалған жағдайда қазының шешімімен дүниеден өтті деген шешім шығарылған жағдайда), артында дүние-мүлкі қалған адам.
- Мұрагер – мирас қалдырушы дүниеден өткеннен кейін тірі әрі бір немесе бірнеше себептермен мұраны алуға ақысы бар адам.
- Мұра – мирас қалдырушының артынан қалған және мирас ретінде берілетін дүние-мүлік. Кейбір заттар дүние-мүлікке жатқызылғанымен мирас ретінде берілмейді. Мысалы, дінімізде харам етілген шошқа еті, арақ сияқты заттарды осыған жатқызуымызға болады.
Қисса
Әус ибн Сәбит әл-Ансари дүниеден өткен кезде артынан Умму Хужжа есімді әйелі және үш қызы қалады. Әус ибн Сәбиттің көкесінің екі баласы Суайд пен Арфажа марқұмның дүниесін өздеріне иеленіп, әйеліне және қыздарына мұрадан ештеңе бермеген еді. Өйткені Ислам діні келгенге дейінгі заманда әйелдер және кішкентай балалар тіптен ұл бала болса да мұрадан ешқандай үлес алмайтын. Мұраны тек ер кісілер ғана алатын болған. Олар: «Мұра үлесі аттың үстінде отырып елді қорғап, олжаға ие болатындарға ғана беріледі», – дейтін.
Бір күні Умму Хужжа Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елішісі! Расында Әус ибн Сабит дүниеден өтіп, артынан үш қызы қалды. Ал мен оның әйелімін әрі қыздарыма напақа беретіндей еш нәрсем жоқ. Әкелері болса оларға дүние қалдырған еді, бірақ оның дүниесін Суайд пен Арфажа өздеріне алып, маған және қыздарға мұрадан ештеңе бермеді», – дейді. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол екеуін өз құзырына шақыртты. Сонда екеуі: «Уа, Алланың Елшісі! Бұның қыздары атқа отырып елін қорғамайды, қиыншылықты көтермей әрі дұшпанға қарсылық білдірмейді. Олар қалайша мұраға тиесілі болмақ?» – деп айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Бара беріңдер ол қыздарға қатысты Алла маған қандай үкім түсіретінін тосайық», – дейді. Олар кеткеннен кейін, Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 7-аятын нәзіл етіп:
لِّلرِّجَالِ نَصِيبٌۭ مِّمَّا تَرَكَ ٱلْوَٰلِدَانِ وَٱلْأَقْرَبُونَ وَلِلنِّسَآءِ نَصِيبٌۭ مِّمَّا تَرَكَ ٱلْوَٰلِدَانِ وَٱلْأَقْرَبُونَ مِمَّا قَلَّ مِنْهُ أَوْ كَثُرَ ۚ نَصِيبًۭا مَّفْرُوضًۭا
«Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен еркектерге де үлес бар. Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен әйелдерге де үлес бар. Аз немесе көп болса да, одан өлшеулі несібе бар», – деп айтқан.
Шарт – құлшылықтың өзіне кірмейді, бірақ құлшылық дұрыс орындалу үшін қажетті амал. Мысалы, намаз оқушының дәретінің болуы, әуретінің жабық болуы, жүзін құбылаға қаратуы және т.б. Бұлар «намаздың шарттары» деп аталады. Ал мирастың шарттары төмендегідей
- Мирас қалдырушының дүниеден өтуі.
- Мұрагердің тірі болуы.
- Мирасты бөлу жолдарын білу. Міне, сондықтан мирас ілімін үйренудің маңызы өте үлкен. Хазіреті Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын):
تَعَلَّمُوا الْفَرَائِضَ فَإِنَّهَا مِنْ دِينِكُمْ
«Мирас ілімін үйреніңдер өйткені ол – сендердің діндеріңнен», – деген. Сахабалардың мирас ілімін үйренудің артықшылықтары жөнінде айтқан өсиеттері өте көп. Мысалы, Абдулла ибн Аббас (Алла разы оған болсын) қасиетті Құранның «Әнфал» сүресі, 7-аятындағы Алла Тағаланың:
وَٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَآءُ بَعْضٍ ۚ إِلَّا تَفْعَلُوهُ تَكُن فِتْنَةٌۭ فِى ٱلْأَرْضِ وَفَسَادٌۭ كَبِيرٌۭ
«Сондай-ақ күпірлік қылғандар да (әсіресе, сендерге дұшпандық жасауға келгенде) бір-біріне қамқоршы дос, жәрдемші. Егер сендер де дәл солай біріңе-бірің болысып, қолдау көрсетпесеңдер, жер бетінде ақыры немен тынатыны белгісіз бүлік шығып, адам айтқысыз бұзғыншылық жасалып (адамзаттың басына), аласапыран күн туады» («Анфал сүресі, 7 аят») – деп айтқанын: «Егер сендер Алла Тағала бұйырғандай мұра ілімін үйренбейтін болсаңдар, онда жер бетінде үлкен бүлік орын алатын болады», – деп түсіндірген.
Себеп – оның болуынан екінші нәрсенің болуы және оның болмауынан екінші нәрсенің болмауы тиіс нәрсе «себеп» деп аталады. Мысалы, таңның кіруі таң намазының парыз болуының себебі. Яғни таң кіргенге дейін таң намазын оқу парыз емес, таң кіргеннен кейін оны оқу парыз болады.
Мирасқа келетін болсақ, дүниеден өткен адамның баласы онымен жұбайлық қарым-қатынаспен байланысты емес, бірақ туыстық қатынаспен жақын болғандықтан оған мұра бөліну құқығына ие болады. Мирас ілімінде мұрагер болудың мынадай себептері бар:
- Туысқандық – бұл адамдар арасында бірдей жақын не алыс аталардың болуы арқылы айқындалатын байланыс.
- Некелі болу – бұл ер мен әйелдің арнайы шарттардың жүзеге асуы арқылы отбасын құруы. Егер ол дұрыс орындалып, мирас қалдырушы дүниеден өткен кезде неке сақталатын болса, ерінен әйеліне, әйелінен еріне мирас бөлінеді.
Қисса
Жабир ибн Абдулладан (Алла оған разы болсын): «Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) Сағд ибн әр-Рабиғтың әйелі екі қызымен бірге келген. Ол Пайғамбарға: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) сенімен бірге Ухуд соғысына қатысып, сол жерде шаһид болған Сағд ибн әр-Рабиғтың бұл екі қызы. Ал, олардың көкелері (Сағд ибн әр-Рабиғтан қалған дүниесінен) екеуіне еш нәрсе қалдырмай, өздеріне барлығын алып қойған болатын. (Уа, Алланың Елшісі ол жайында не дейсіз?) егер де оларда дүниелері болмаса, онда олар күйеуге тие алмайды ғой», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) «Алла Тағала осыған қатысты өзінің үкімін береді», – деген. Сол уақытта мұра аяттары түскен. Алла Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) «Маған қыздардың көкелерін шақырып келіңдер», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын.) қыздардың көкелеріне: «Сағдтың екі қызына мұрадан үштен екісін бер, олардың анасына сегізден бірін бер де, қалған дүниені өзіңе ал», – деп бұйырған болатын (Тирмизи, «Сунан әт-Тирмизи» 2092 хадис).
Мирас алуға себебі болып тұрып, оған кедергі деп танылатын жағдайлар бар. Ғалымдардың барлығы құптаған мынадай үш жағдай мирас алуға кедергі болады:
Мирас қалдырушыны өлтіру. Мирас қалдырушыны өлтірген адам одан ешқандай мұра алмайды. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
القاتِلُ لا يَرِثُ
«Адам өлтірушіге мирас бөлінбейді», – деген (имам Тирмизи).
Діндерінің әртүрлі болуы. Мирас бұл Ислам шариғатының үкімі болғандықтан, мұсылман емес адамға мирас жүрмейді. Аллла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَرِثُ اَلْمُسْلِمُ اَلْكَافِرَ, وَلَا يَرِثُ اَلْكَافِرُ اَلْمُسْلِمَ
«Мұсылман мұсылман еместен мұра алмайды және мұсылман емес те мұсылманның мұрасын алмайды», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Мирас мұра алушыларға бөлінбес бұрын атқарылатын бірнеше амалдар бар. Бұл амалдар маңыздылығына байланысты мынадай реттілікпен атқарылады:
- Жаназа шығындары. Шариғатта адам баласы жан тапсырғаннан кейін жаназа рәсімдеріне кететін шығын қайтыс болған адамның дүниесінен алынады. Егер әйелі дүние салатын болса, оның жаназа шығындарын күйеуі өз мойнына алуы қажет. Жаназа рәсімдеріне жұмсалатын шығынды ысырап етпей, тым тарылтпай орташа деңгейде жұмсау керек.
- Дүниеден өткен адамның қарыздарын қайтару.
- Дүниеден өткен адамның өсиетін орындау. Егер дүниесіне қатысты өсиет қалдырса, барлық мұрадан үштен бірінен аспайтын өсиеті амалға асырылады.
- Мирас беру. Жоғарыдағы шығындардан кейін қалған мүлік мұрагерлерінің арасында шариғат бекіткендей бөлінеді. Егер адамның мүлдем мұрагерлері болмаса, мұсылман қорына (байтул мал) табыс етіледі.
Мирастың бөлінуі турасында қасиетті Құранда «Ниса» сүресінің 12 аятында Алла Тағала былай дейді:
وَلَكُمْ نِصْفُ مَا تَرَكَ أَزْوَٰجُكُمْ إِن لَّمْ يَكُن لَّهُنَّ وَلَدٌۭ ۚ فَإِن كَانَ لَهُنَّ وَلَدٌۭ فَلَكُمُ ٱلرُّبُعُ مِمَّا تَرَكْنَ ۚ مِنۢ بَعْدِ وَصِيَّةٍۢ يُوصِينَ بِهَآ أَوْ دَيْنٍۢ ۚ وَلَهُنَّ ٱلرُّبُعُ مِمَّا تَرَكْتُمْ إِن لَّمْ يَكُن لَّكُمْ وَلَدٌۭ ۚ فَإِن كَانَ لَكُمْ وَلَدٌۭ فَلَهُنَّ ٱلثُّمُنُ مِمَّا تَرَكْتُم ۚ مِّنۢ بَعْدِ وَصِيَّةٍۢ تُوصُونَ بِهَآ أَوْ دَيْنٍۢ ۗ وَإِن كَانَ رَجُلٌۭ يُورَثُ كَلَـٰلَةً أَوِ ٱمْرَأَةٌۭ وَلَهُۥٓ أَخٌ أَوْ أُخْتٌۭ فَلِكُلِّ وَٰحِدٍۢ مِّنْهُمَا ٱلسُّدُسُ ۚ فَإِن كَانُوٓا۟ أَكْثَرَ مِن ذَٰلِكَ فَهُمْ شُرَكَآءُ فِى ٱلثُّلُثِ ۚ مِنۢ بَعْدِ وَصِيَّةٍۢ يُوصَىٰ بِهَآ أَوْ دَيْنٍ غَيْرَ مُضَآرٍّۢ ۚ وَصِيَّةًۭ مِّنَ ٱللَّهِ ۗ وَٱللَّهُ عَلِيمٌ حَلِيمٌۭ
«(Уа, Ерлер! Қайтыс болған) әйелдеріңнің артында бала қалмаса, онда қалдырған мұрасының тең жарымы сендерге тиесілі. Егер арттарыңда бала қалса, онда сендерге қалдырған мұрасының төрттен бір бөлігі ғана тиеді. Мұндай бөліс олардың өсиеті орындалып, қарыздары толық өтелгеннен кейін жүзеге асады. Ал өздеріңе келсек, арттарыңда ұрпақ қалмаса, қалдырған мұраларыңның төрттен бірі жұбайларыңа тиесілі болады. Ал егер арттарыңда ұрпақ қалса, онда жұбайларыңа мұраның сегізден бірі ғана тиеді. Бұл бөліс те айтқан өсиеттерің орындалып, қарыздарың толық өтелгеннен кейін жүзеге асады. Егер қайтыс болған ер адамның немесе әйелдің артында қалған ата-анасы да, балалары да болмай, (бір анадан) туған бауыры немесе әпкесі яки қарындасы ғана болса, олардың әрқайсысына мұраның алтыдан бір бөлігі тиеді. Ал егер (бір анадан) туған бауырлары мен әпке-қарындастары одан да көп болса, онда олар мұраның үштен бір бөлігін өзара теңдей етіп бөліп алады. Бұл бөліс те марқұмның өсиеті орындалып, қарыздары толық өтелгеннен кейін жүзеге асады. (Марқұмның өсиетін орындап, қарыздары болса, оларды өтеу барысында) аталмыш мұрагерлердің бірде бірі титтей де зиянға ұшырмауы керек. Міне, мұраға қатысты осы үкімдер Алланың бұйрығы. Алла Алим, әрі Халим», – деп айтылған («Ниса» сүресі, 12-аят).
Имам әл-Құртуби жоғарыдағы аятты тәпсірлей келе: «Бұл аятты діннің негізгі рүкіндерінен, сол сияқты үкімдердің де негізгі ұстындарынан, әрі аяттардың негізгі анасы болып табылады. Өйткені бұл мирас ілімі өте ұлы дәрежелі, тіптен ол ілімнің үштен бірі болып табылады», – деген.
Бұл аятта Алла Тағала мұрагерлердің мұрадан қанша үлес алатындығына қатысты тікелей өзі үкім еткенін байқаймыз. Сондай-ақ, Құранның басқа аяттарында да мұрагерлердің мұрадан қанша үлес алатындығы жайлы Алла Тағала өзі білдірген. Бұл ілімнің маңыздылығы соншалықты – мұра мәселесін Алла Тағала толығымен өзі баяндаған.
Қадірменді жамағат!
Мирас ілімі дініміз Исламда маңызды деп танылатын ілімдердің бірі. Сондықтан мирас мәселесінде білімді, білікті мамандарға жүгінген жөн. Білімсіз талас-тартыстан аулақ болған абзал. Сондай-ақ халқымыздың тұрмысындағы мәселелерді де ескерген жөн.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын):
تَعَلَّمُوا الْعِلْمَ وَعَلِّمُوهُ النَّاسَ تَعَلَّمُوا الْفَرَائِضَ وَعَلِّمُوهَا النَّاسَ تَعَلَّمُوا الْقُرْآنَ وَعَلِّمُوهُ النَّاسَ فَإِنِّي امْرُؤٌ مَقْبُوضٌ وَالْعِلْمُ سَيُقْبَضُ وَتَظْهَرُ الْفِتَنُ حَتَّى يَخْتَلِفَ اثْنَانِ فِي فَرِيضَةٍ لَا يَجِدَانِ أَحَدًا يَفْصِلُ بَيْنَهُمَا» . رَوَاهُ الدَّارِمِيُّ
«Ілімді үйреніңдер және оны адамдарға үйретіндер. Мирас ілімін үйреніңдер және оны да адамдарға үйретіңдер. Құранды үйреніңдер және оны адамдарға үйретіңдер. Расында менің жаным алынады (дүниеден өтемін), ілім де (бірте-бірте) алынады. Жер бетінде бүлік белең ала бастайды, тіпті екі кісі мұра мәселесінде тартысып, араларында төрелік айтатын адамды таба алмайды», – деген ( имам Әд-Дарими).
Алла Тағалаға халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру