Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

19 May 2024

11 Zýlqaǵda 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ЖҮРЕКТІҢ ДЕРТІ ЖӘНЕ ОДАН АРЫЛУ ЖОЛДАРЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 24.03.2023 6349 0 пікір
ЖҮРЕКТІҢ ДЕРТІ ЖӘНЕ ОДАН АРЫЛУ ЖОЛДАРЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Құрметті отандастар, қадірлі жамағат!

 

Әрбір істі басқаратын орталық бар. Сол секілді адам баласының сана-сезімін басқаратын орталығы болады. Оны жүрек деп атаймыз. Жүрек – иманға, ар-ұятқа, мейірімділікке ұяласа, адам баласының бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүрекке күпірлік, қатыгездік мекен етсе, адам бойында имансыздық, ұятсыздық сынды теріс әрекеттер пайда болады. Сондықтан жүрек – жақсылық пен жамандықтың бұлағы. Қасиетті Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады. Бұл біздерге жүректің маңыздылығын аңғартады. Сол үшін Жаратқан Алла Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екендігіне назар аудартады.

Қоғамдағы проблемалардың басым көпшілігі адамдардың жүрегіне және оның дерттеріне байланысты. Өйткені адам баласының әрбір ағзасы өзіне тән қызметті ғана орындау үшін жаратылған. Ағзасы сау болса, аталмыш қызметті жақсы атқарады. Дертке шалдыққан ағза қашан да өзіне міндеттелген қызметті орындауға қиналады немесе толықтай атқара алмайды. Мысалы, қолы ауырса, ұстауға қиналады, көзі ауырса, көруі әлсірейді немесе мүлдем көруден қалады. Сол сияқты жүрек дерті өзіне тән қызметті атқарар болса, яғни ілімге, хикметке, танымға, Алла Тағаланы сүюге, құлшылық етуге және т.б. жақсы қасиеттерге бейімделсе, одан пайда болатын нәтижесі жақсы болады. Ал адам баласының жүрегі дүние сәніне, мансапқа, атаққұмарлыққа, мақтанға берілсе, мұндай жағдайда өзін өзгелерден биік санап, тәкәппарлыққа жол ашады, үлкен дертке шалдығады.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

أَفَمَن شَرَحَ اللَّهُ صَدْرَهُ لِلْإِسْلَامِ فَهُوَ عَلَىٰ نُورٍ مِّن رَّبِّهِ ۚ فَوَيْلٌ لِّلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُم مِّن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ أُولَٰئِكَ فِي ضَلَالٍ مُّبِينٍ

«Алла Тағала көкірек сарайын Исламға айқара ашқан кісі Раббысынан келген нұрға бөленеді. Ендеше, Алланы еске алуға келгенде, жүректері тастай болып қатып қалған бейбақтар қараң қалсын! Олар анық адасуда», – деген («Зүмәр» сүресі, 22-аят).

Жүректің ауруы жасырын болады, кейде адам оны сезбейді. Сезсе де, емдеудің жолын білмейді. Өйткені оны емдеу үшін нәпсі қалауына қарсы тұра білу керек. Сонымен қатар жүректі емдейтін емін табу қажет.

Жүрек ауруын емдеу қалай жүзеге асады? Мысалы, жүректі сараңдық ауруынан емдеу үшін оны мал-дүниені жұмсауға үйретумен емдеу қажет. Сонда жүрек сараңдық дертінен құтылып, сауыға бастайды.

Расында жүрек дертке шалдықса, өз міндетіне немқұрайлы қарайды, дұрыс орындамайды немесе мүлдем мойынсұнбайды. Ондай адамның айтқаны өтірік, ісі бұзық болады. Басқаларды жамандайды, аманатқа қиянат жасайды, сөзінде тұрмайды, қатыгез болады. Сол себепті мұндай адамды исламда «жүрек дертіне шалдыққан адам», – деп атайды.

Мұсылман ғалымдары бір ауыздан «Жүрек ауруы – қатерлі дерт» деген тоқтамға келген. Себебі, жүрек науқастығының нәзіктігі сонша, адам бұл ауруға шалдыққанын сезбей де қалады. Ондай адам күнделікті өзінің ықтиярымен, қалау-жігерімен өмір сүріп жүргендей сезінеді.  

Жүректің қатаюына көптеген себептер бар. Олардың ең негізгілері мыналар:
  1. Күнәны көбейту, оны тұрақты түрде істеу;
  2. Парыз амалдарды Алла бұйырғандай орындамау;
  3. Харам істерді ұялмай, еркін істеу.

Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:

فَبِمَا نَقْضِهِم مِّيثَاقَهُمْ لَعَنَّاهُمْ وَجَعَلْنَا قُلُوبَهُمْ قَاسِيَةً 

«Міне, (содан кейін) оларды уәделерін бұзғаны үшін рақымымыздан алыстатып, лағнеттедік әрі тас жүректі қылдық», – деген («Мәида» сүресі, 13-аят).

Шынында, жүрек қарайғанда құлшылық жасау қиын болып қалады, күнә істеу оңай болады. Күнә істеген адам дүниеде және ақыретте үлкен қиыншылықтарға тап болады. Күнә істеуді жалғастырған адамдардың уақыт өте жүректері мөрленеді. Ол адам сауап істей алмайтын жағдайға түседі. Сол үшін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Күнә істегенде жүректе бір қара дақ пайда болады. Егер тәубе етілсе, ол дақ өшеді. Күнә істеу жалғасатын болса, ол дақ үлкейіп, жүректі толығымен қаптайды», – деген (имам Нәсаи).

Сондықтан жүректің дерті – ол күнәлар, ал оның дауасы – истиғфар айту. Адамдардың басына келетін барлық қиыншылықтар күнәлардың кесірінен келеді. Истфиғфар айтқанда, яғни өкініп, тәубеге келгенде күнәлар өшіріледі.

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) жүрек дерті алты нәрседен пайда болады деген. Олар:
  1. Тәубе үмітінде күнә істей беру;
  2. Білгенін орындамай – ілім алуды жалғастыру;
  3. Істеген ісінде ықылассыз болу;
  4. Алланың ризығына шүкір етпей жей беру;
  5. Алланың берген несібесіне разы болмау;
  6. Өлімді көріп, ғибрат алмау.

 

Қисса

Бірде алыс бір ауылға тәуіптер келіп, жергілікті халықты тексермек болыпты. Әлгі тәуіптер шағымданып келген науқастарды қарап, оларды емдей бастапты. Бірақ сонша аурудың ішінен біреуі де жүрек ауруы туралы шағым айтпапты. Бұрын мұндай жағдайды көрмеген тәуіптер оның себебін сұрапты. Әуелде олар ауылдың ауасы мен суында бір ерекшелік бар шығар, деп ойлапты. Бірақ олай болмаған. Ақырында, мұның сырын ауыл тұрғындарынан сұраса, ақсақалдар оларға: «Біз өсек айтпаймыз, ешкімді күндемейміз, іштарлық етпейміз, кек сақтамаймыз және дұшпандық секілді дерттерді жек көреміз. Ешкімге ондай мәміле жасамаймыз. Керісінше, бір-бірімізді құрметтейміз, сыйлаймыз. Жүрегіміздің ауырмауы да осыдан шығар», – деген екен.

Шынында да күнә – жүрекке басылған қара дақ. Оның әсері қайтқанымен жүрекке тигізетін залалы орасан. Сыртқы әлемде бұл көрінбесе де, бір қарын майды шіріткен құмалақ секілді адамды іштей ірітеді. Сондықтан жүрек белгілі бір себеппен кірлесе, оны тазартудың жолдары бар. Ақылды мүмин күнә атты қалың күйенің астында қалып, бетіне мөр басылудан сақтануы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:

كَلا بَلْ رَانَ عَلَى قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ

«Жоқ, әсте олай емес! Олардың өз қолымен істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған (сондықтан олар ақиқатты көре алмауда)», – деген («Мұтаффифин» сүресі, 14-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты сәлемі болсын): «Мүмин адам қандай да бір қателік жасаса, ол жүрегіне қара нүкте болып қадалады. Жасағанына өкініп, тәубе етсе, әлгі нүкте жүрегінен алынады. Қателігі көбейген сайын нүктесі де зорайып, ақыры жүрегін қалың күйе басады. Бұл Алла Тағала қасиетті Құранда айтқан «райн» атты қалың күйе», – деп түсіндіреді (имам Тирмизи).   

Сондықтан, мұсылман адам күнә істі төмен санап, селқос қарамағаны жөн. Себебі, тас жиылып тау болары, тамшы жиналып теңіз болары сөзсіз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кішкене күнәні қайталай берсе, ол кішкене күнә болмай қалады», – деген хадисі жайдан жай айтылмаса керек (имам Суюти, әл-жамиғу ас-сағир).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде күнә істен сақтандырып: «Күнәні мардымсыз деп менсінбей қоймаңдар! Өйткені олар көп болып жиналса, кісіні құрдымға кетіреді», – деген (имам Ахмад).

Хакім даналар: «Күнәнің үлкен-кішісіне қарама. Оны кімнің әміріне қарсы жасап жатқандығыңа қара. Күнәні кіші деп ғапылдыққа салынсаң, Алланың қаһарын есіңе ал! Күнәні үлкен деп үмітсіздікке батсаң, Жаратқанның мейірімі одан да кең деп біл», – деп өсиет қалдырған. 

 

Жүрек дерттерінен арылудың жолдары көп. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтер болсақ:

Біріншісі, шынайы тәубе

Тәубе сөзі – Жаратқанға қайту дегенді білдіреді. Дүние мен ақыреттегі мүминнің шамшырағы – тәубе. Тәубесі жоқ пенде – иен далада иесіз қалған малға ұқсайды. Қолында тұрған мүмкіндікті жіберіп алған адамды бәріміз сөгеміз. Ал тәубесіз жүрген адамды елемейміз. Алла Тағала мүминдерді тәубеге шақырып былай дейді:

وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعًا أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, муминдер! Барлығың бірдей (күнәларың үшін өкініш білдіріп) Аллаға тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат-мұраттарыңа жетіп, құтыласыңдар» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

التَّائِبُ مِنْ الذَّنْبِ كَمَنْ لَا ذَنْبَ لَهُ

«Күнәсына тәубе еткен адам, мүлде күнә жасамаған адам тәрізді», – деген (имам ибн Мәжа).

Екіншісі, Құлшылыққа берік болу

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَقِمْنَ الصَّلاةَ وآتِينَ الزَّكَاةَ وَأَطِعْنَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ إِنَّمَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيُذْهِبَ عَنْكُمُ الرِّجْسَ أَهْلَ الْبَيْتِ وَيُطَهِّرَكُمْ تَطْهِيرًا

«... Намазды кемеліне келтіріп, уақтылы үзбей оқыңдар, зекеттеріңді толық беріңдер, Аллаға және Елшісіне (не бұйырса да, не нәрседен тыйса да) қалтқысыз мойынсұныңдар! Расында Алла сендерді настық атаулыдан толық арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды», – дейді («Ахзаб» сүресі, 33-аят). Аллаға және Елшісіне бойсұнып, құлшылыққа бекем болу – адам баласын жүрек дерттерінен тазартып, рухани кемелдікке жетелейді.

Үшіншісі, салиқалы және шыншыл жандармен бірге болу

Жүректі күнәлардан қорғап, оны жақсылыққа бейім ұстау үшін рухани нәр беретін көкірек көзі ояу салиқалы, турашыл жандарға жақын болуымыз керек. Өйткені әрбір мүшеде ерік болғанымен, жүректе ерік жоқ. Жүрек айналасынан келген әсердің ықпалымен бағыт-бағдарын өзгертіп тұрады.

Жүрек қасиеттерінің дамып, жетілуі үшін салиқалы және турашыл адамдардың көркем халдерінен рухани күш алуға тырысқан жөн. Мұндай жағымды әсердің ең жақсы түрі рухани сұқбаттарда болады.

Алла Тағала Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншыл кісілермен бірге болыңдар!» – деп бұйырады («Тәубе» сүресі, 119-аят).

Лұқман Хакім (оған Алланың сәлемі болсын) ұлына: «Балам! Ғалым адамдармен бірге бол және олардың сұқбатынан қалмауға тырыс! Өйткені Алла Тағала жаңбырмен топыраққа нәр бергені сияқты, хикмет нұрымен жүрекке нәр береді», – деп айтқан (имам Ахмад).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізгі жақсылармен бірге болудың мәнін мына мысалмен түсіндіреді: «Жақсы дос пен жаман дос әтір тасушы мен көрік басушы сияқты. Әтір иесі саған жұпарынан сыйлайды. Не сен одан сатып аласың. Ал, көрік басушыға келер болсақ, ол сенің киіміңді өртейді немесе оның жағымсыз иісі саған сіңеді» (имам Бұхари).

Төртіншісі, Құран оқу

Құранның өзіндік қасиеті бар. Күнәға жақындаған мұсылман Құраннан алыстай береді. Керісінше күнәдан алыстаған пенде Құранға жақындайды. Яғни, жүректі таза күйіне түсіретін бірден бір жол – Құран оқу. Оның әрбір сөзі жүректің түнерген қатпарларына жарық сыйлайтын нұр іспетті. Ол болмашы қателіктен бастап, дүниеге махаббат қоюға дейінгі күллі кеселдер мен дақтардың жұрнағын да қалдырмайды. Ол – мағынасы мен кереметі мәңгі түгесілмес Алланың кәләмы. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاءٌ وَرَحْمَةٌ لِلْمُؤْمِنِينَ

«Біз Құранда мүминдер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз», – деген («Исра» сүресі, 82-аят). 

Құран – күллі адамзат үшін өмірдің барлық салаларында (қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық тұрғыда) ең жоғары дәрежелі кемел үлгі болатын Хақ кітабы. Құран Кәрім сөздері адамзатты надандықтан, зұлымдықтан, қараңғылықтан жарық жолға – ілім жолына, ізгілік пен мәдениет жолына бастайды. Сондықтан Құранға заманның, уақыттың өзгеруі ешқандай әсер етпейді. Құран еш уақытта заман, ғасыр соңында  қалмайды, керісінше ғасырды, заманды өз соңынан жетелейді. 

Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтайды, нұрға ергендерді Алланың Өзі құтқарады. Құран жүрекке орнықса, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. Сол үшін адам жүрегі Алланы еске алумен ғана тыныштық табады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, су тиген темірді тот басқаны секілді, жүректі де тот басады», – дейді. Сонда сахабалар (Алла оларға разы болсын): «Оны қалайша кетіреміз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлімді көп еске алу һәм Құранды көп оқу арқылы», – деп жауап береді (имам Байхақи).

Сондықтан тұла бойымызды нұрландырып, түрлі рухани кеселдерден арылтатын Алланың кәләмі Құран Кәрімді көп оқуымыз керек. Бір ғана «Кәһф» сүресінің қасиеті жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетінде: «Жұма күні «Кәһф» сүресін оқыған адамға екі жұманың арасында нұрландырып тұратын нұр беріледі», – деген (Байһақи).

Бесіншісі, зікір (Алланы еске алу)

Зікір Жаратушы Алланы еске алуды білдіреді. Оның есім-сипаттарын үздіксіз қайталап, жадыңда ұстауды меңзейді. Қасиетті Құранда:

وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ

«Алланы (жүрекпен, тілмен һәм іс жүзінде) еске алу – құлшылықтың ең үлкені», – деп сипатталады («Анкабут» сүресі, 45-аят). Зікір уақыт пен мекен талғамайды, жүректен шығып тілмен айтылады. Жүректің зікірі, яғни «қалби зикр» көңіл арқылы Алла Тағаланың сипаттарының сәулесін танып білуді білдіреді. Алланы әрдайым еске ала отырып, оның әмірлерін терең түсіну һәм ұжданның түкпірінен келген қалтқысыз сезіммен оны құлай сүюді мақсат тұтады. Тағы бір аятта:

وَالذَّاكِرِينَ اللَّهَ كَثِيرًا وَالذَّاكِرَاتِ أَعَدَّ اللَّهُ لَهُمْ مَغْفِرَةً وَأَجْرًا عَظِيمًا

«Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой). Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды», – делінген («Ахзаб» сүресі, 35-аят).

Ибн Аббас (Алла оларға разы болсын) бұл аятты: «Алланы көп еске алады» деген аяттың мағынасы: «Олар таңертең намаздан соң, кешке, ұйқыдан оянғанда немесе сапардан қайтар жолда үнемі Алланы еске алады», – деп түсіндірген.

Алтыншысы, зекет-садақа беру, адамдарға жақсылық жасау

Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِمْ بِهَا وَصَلِّ عَلَيْهِمْ إِنَّ صَلاتَكَ سَكَنٌ لَهُمْ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Олардың дүние мүлкінен зекет-садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт, әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол! Сондай-ақ, олар үшін дұға ет! Себебі, сенің дұғаң олардың жандарына тыныштық сыйлап, жүректерін орнықтырады. Алла бәрін естуші, білуші», – дейді («Тәубе» сүресі, 103-аят). Яғни, зекет-садақа беру жүректің дертін тазартып, күнәдан арылтады. Алланың разылығы үшін жетім-жесірді қуантып, мұқтаждарға қарайласу, адамдарға жақсылық жасау Алланың құзырына таза жүрекпен баруымызға себеп болады. Маңдай термен тапқан дүние мүлкін басқалармен бөлісу жүрегі кең, мейірімді жандардың ғана қолынан келері сөзсіз.

Сондай-ақ адам баласына жасаған әрбір жақсылығыңыз жүрегіңізді нұрландырады. Әдетте, біз біреуге көмек көрсетіп, қуаныш сыйлайтын болсақ, жүрегіміз жұмсарып, көңіліміз жай табады. Өйткені сауапқа кенелеміз. Сондықтан хадисте: «Әрбір жақсылық – садақа» (имам Тирмизи); «Жақсы сөз – садақа», – деп айтылған (имам Ахмад).

Садақаны әркім шама-шарқына қарай береді. Ең бастысы, шынайы ниетпен беру, сауап алуды үміт ету. Осы қағиданы ұстанар болсаңыз, біреуге жақсылық жасау арқылы жүрек дертінен арылып, нұрға бөленеді. 

 

Құрметті жамағат!

Хакім Абай он жетінші қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп бастап, соңында осы үшеуінің таласына ғылымның былай дегендігін айтады: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала әрдайым қалпыңа қарайды деп кітаптың айтқаны осы», – деген. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың назары жүректе болатындығын айтып:

إِنَّ اللهَ لا يَنْظُرُ إِلَـى صُوَرِكُمْ وَأمْوَالِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَـى قُلُوبِكُمْ وَأعْمَالِكُمْ

«Расында Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен іс-әрекеттеріңе қарайды», – деген (Мүслим).

Пәни дүниеде адамдар өзге адамның сыртқы келбетіне, киім киісіне қарап бағаласа, қияметте адамның ішкі жан-дүниесіне назар аударылатын болады.

Бұрынғы өткен даналар: «Жалған дүниеде қалып кететін тәніңді әсемдегенше, ақыретте өзіңмен бірге мәңгі қалатын жүрегіңе көңіл бөл», – дейді екен.

Жоғарыда айтқанымыздай жүрек дерттерінің емі көп. Олар: көп зікір ету, уақытында құлшылық ету, күнәдан тыйылу, ізгі істерді көбейту, ата-ананың қызметін жасап, дұғаларын алу, отбасындағы аға-іні, апа-сіңліге қарайласу, ерлі-зайыптылар өзара жақсы қарым-қатынаста өмір сүру, қоғамдағы мұқтаж жандарға жәрдемдесу, жетімдердің басын сипау, қияметті көп еске алу, өлімді ұмытпау.

Әрине, жүрек ауырады, дертке шалдығады. Алайда рухани дертке шалдығу тән ауруынан да жаман. Сол үшін Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَوْمَ لا يَنْفَعُ مَالٌ وَلا بَنُونَ إِلا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни (рухани кеселдерден арылып) сау жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып) мұратына жетеді», – деп айтқан («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар).

Аятта айтылған «сау жүрек» сөзінің мағынасы жайында тәпсірші ғалым имам Рази (Алла оны рақымына алсын): «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандықтан, жаман мінезден аулақ болуы. Яғни, жүректің соқыр наным-сенімнен, теріс іс-әрекеттерден және дүние құмарлықтан арылуы», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ألا وإنَّ في الجَسَدِ مُضْغَةً، إذا صَلَحَتْ، صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ، وإذا فَسَدَتْ، فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، ألا وهي القَلْبُ

«Назар аударыңдар! Адам ағзасында бір бөлшек ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари).

Алла Тағала біздерге жүрегіміздің түрлі дерттерінен, кеселінен таза болуды, дүниеде және ақыретте Раббымыздың разылығын алуды нәсіп етсін!  

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру