Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

РАМАЗАН  – МЕЙІРІМ АЙЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 17.03.2023 6595 0 пікір
РАМАЗАН  – МЕЙІРІМ АЙЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد 

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

  

Құрметті отандастар, қадірлі жамағат! 

Әуелі баршаңызды келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймыз! Рамазан айы мүбәрак болсын. Жаратқан Алла Тағала ниеттеріңізді, дұға-тілектеріңізді қабыл еткей! 

Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған:  «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».

Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірлерін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп, жарапазан айтатын.

Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады.  Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады.

Қасиетті Рамазан айын лайықты түрде өткізуіміз үшін Рамазан айының мынадай рухани қадір-қасиеті мен оның мән-маңызын білуіміз қажет.

 

Бірінші, Рамазан айында риясыз ораза ұстау

Рамазан айының негізгі ерекшелігі, бұл айда денсаулығы жарамды, балиғатқа толған, ақыл есі сау, сапарда болмаған әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз етілді. Оразаның негізгі рухы да осы ораза ұстауда. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара»  сүресі, 183-аятында: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Тақуалық етерсіңдер деп сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді», – деп айтқан.

Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу болып табылады. Бұлайша тақуалыққа қол жеткізген адам, Рамазан айының берекетін сезініп, Жаратушының кешіріміне ие болып, мол сауаптарға кенеледі. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانَاً وَاِحْتِسَاباً غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан.

Құдси хадисте Алла Тағала:

كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إلا الصِّيَامَ فَإِنَّهُ لِي وَأَنَا أَجْزِي بِهِ

«Адам баласы оразадан басқа кез келген ісін өзі үшін орындайды, ал ораза – Мен үшін және оның сауабын Өзім беремін», – дейді.

Сонымен қатар ораза ұстаудың сауабы тек бұл дүниеде ғана емес, о дүниеде де беріледі. Хадисте айтылғандай, ораза ұстаған пенделерді жәннат қақпаларының бірі «Райян» қақпасынан шақырады. Осылайша несібесі беріледі.

 

Екінші, Рамазан айында намаз оқу

Қасиетті Рамазан айында мұсылман адам күнделікті парыз етілген бес уақыт намаздан бөлек нәпіл намаздарды атқаруға ерекше ден қоюы қажет. Әсіресе, Рамазан айының түндерін намазбен өткізу жай түндері оқылатын намаздан сауабы мен дәрежесі тұрғысынан көп есе артық. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ اِحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кім рамазанды иманмен және сауабын үміт етіп, түнгі намазбен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).

Рамазан айында құптан намазынан кейін тарауық намазын оқу  – бекітілген сүннет. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айында жеке өзі жиырма рәкағат (тарауық) және үтір намазын оқитын», – деген (имам Байһақи).

Ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Рамазан айында адамдарға Әбу ибн Кәғбті имам етіп, ол жиырма рәкағат нәпіл және үш рәкағат үтір оқитындығын жеткізген[1]. Хазіреті Алидің заманында да (Алла оған разы болсын) Рамазан айында адамдар имамға ұйып, жиырма рәкағат оқитын[2]. Тарауық намазының жиырма рәкағат жамағатпен оқылуы әділетті халифалар заманында бекіп, бүгінге дейін сүннет болып жалғасуда.

Имам Ән-Нахаи (Алла оны рақымына алсын): «Рамазан айындағы бір күндік ораза басқа мың күннен артық, осы айдағы әрбір зікір мың зікірден артық, осы айда оқылған бір рәкағат намаз басқа уақытта оқылған мың рәкағаттан артық», – деген[3].

 

Үшінші, Рамазан айы – Құран айы

Рамазан айы Қасиетті Құранмен тығыз байланысты. Өйткені Құран Кәрім осы айда түскендіктен, оразаны да осы айда ұстау парыз етілді. «Бақара» сүресінің, 185-ші аятында:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деп айтылған.

Осы себепті Рамазан айын – «Құран айы» деп атаймыз. Бұрынғы өткен ғұламаларымыз осы айда Құран оқуға ерекше көңіл бөлуге тырысатын.

Бір кісі имам Әз-Зуһриден (Алла оны рақымына алсын) «Рамазан айында қандай істерді жасаған абзал болады?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Құран оқу және міскіндерді тойдыру», – деп жауап берген екен.

Ендеше, біз де Рамазан айында қасиетті Құранға лайықты түрде көңіл бөліп,  оны оқып, үйренуге тырысқанымыз жөн.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза және Құран екеуі қияметте пенде үшін шапағат етеді. Сол күні ораза Алла Тағалаға: «Уа, Раббым! Мен бұл пендеңді күндіз жейтін асы мен шаһуатынан тыйдым. Бүгін менің оған шапағат етуіме рұқсат еткейсің», – дейді. Ал қасиетті Құран: «Уа, Раббым! Мен бұл пендеңді түндері ұйқысынан ажыратқан едім. Бүгін менің оған шапағат етуіме рұқсат еткейсің», – дейді. Алла Тағала ол екеуіне шапағат құқығын беріп, олар шапағат етеді», – деген (имам Ахмад). Келесі хадисте: «Құран оқыңыздар. Өйткені Құран қиямет күні өзін оқығанға шапағат етеді», – деген.

Сондай-ақ қасиетті Құранның әрбір әрпі Рамазан айында еселеген сауапқа кенелтеді. Құран жүрегімізге нұр, дүниемізге береке, ақыретімізге шапағат етеді.

Құранды оқи алмаған адам ең болмағанда назар салып, қарайтын болса, құлшылық сауабын алады.

Аллаға шүкір, мешіттерімізде Құран үйрететін ақысыз курстарымыз бар. Құран Кәрімді хатым етіп оқуды да қолға алып отырмыз. Сондықтан Құран оқуға назар салып, мешіттерде имамдарға ілесе отырып, хатым оқуға мүмкіншілік бар.

 

Төртінші, Рамазан – дұға айы

Рамазан айының ерекше қадір-қасиеттерінің бірі – Алла Тағала бұл айда біздің дұғаларымызды қабыл етеді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресіндегі Рамазан оразасының парыз етілгендігі, бұл айда қасиетті Құран түсірілгендігі хабар етілгеннен кейін, келесі аяттарда Алла Тағала:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ

«Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін», – деген («Бақара» сүресі, 186-аят).

Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын): «Бұл дұға етуге шақырған аяттың оразаның үкімдерімен бірге келуі, сол оразаның белгілі күндері толғанда және әрбір ауызашар алдында дұға етуге тырысу қажеттілігін білдіріп тұр», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ لِلصّائِمِ عِنْدَ فِطْرِهِ لَدَعْوَةً مَا تُرَدُّ

«Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдындағы сұраған дұғасы кері қайтарылмайды», – деп айтқан.

Осы хадисті жеткізуші Абдулла ибн Әмр (Алла оған разы болсын) ауызашар уақытында қасына өзінің отбасы мүшелерін жинап, Алла Тағаладан тілек тілеп, дұға ететін болған екен.

Ендеше, біз де осы қасиетті айда отбасы мүшелеріміз бен Алла Тағаладан көбірек дұға сұрап, өзіміз үшін, халқымыз үшін, Отанымыз үшін, сондай-ақ айналамыздағы адамдар үшін де тілек тілеп, жалбарынуға ден қоюымыз керек. Өйткені бұл айда барлық дұғалар қабыл болады.

 

Бесінші, Рамазан – мейірім айы

Рамазан – Алла Тағаланың мейірімі түсетін ай. Бұл айда түсірілген Қасиетті Құран адамдарға мейіріммен түскен. Ол турасында «Жүніс» сүресінің 57-аятында:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ

«Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректеріңе шипа, сенушілер үшін тура жол және мейірім түрінде (Құран) келді», – деп айтылған. 

Алла Тағаланың мейірімі түсетін мұндай қасиетті айда адамдар да өзара бір-біріне мейірімді болуы қажет. Хадисте:

مَنْ لا يَرْحَمُ النَّاسَ لا يَرْحَمُهُ اللَّهُ

«Адамдарға мейірімділік танытпағанға, Алла Тағала да мейірімдік етпейді», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).

Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз  қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін»,деп өсиет ету арқылы біздерге өзгелермен мейірімділіктің аясында қарым-қатынаста болуға шақырған.

 

Құрметті жамағат!

Міне қасиетті де берекелі Рамазан айы есігімізді қаққалы тұр. Жоғарыда айтқанымыздай Рамазан сауабы мол ай. Бұл айдың әрбір уақытын, әр сәтін бос жіберіп алмауға тырысып, оны түрлі құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуге тырысқанымыз жөн. Сонда ғана қасиетті ай біздер үшін бір айлық рухани мектепке айналады. Рамазан айы – біздерге жылына бір мәрте келіп-кететін қонақ іспеттес. Егер де біз оған лайықты құрмет көрсете алсақ, өзімен бірге қаншама ырыс-берекет қалдырып, қиямет күні өзіміз де құрметтілер қатарында болуымызға себепші болады.

Ендеше, Алла Тағала біздердің оразаларымызды қабыл етсін! Қасиетті айдағы әрбір игі істерімізге сауабын еселеп берілуін нәсіп етіп, елімізге берекетін дарытсын. Жаратушы Иеміз халқымызды жамандықтан сақтап,  оразадан оразаға, айдан айға, жылдан жылға есендікпен жеткізе бергей! Әмин!   

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

 

[1] «Әл-фиқһ ал-ислами уа әдиллатуһу»:2/1089

[2] «Әл-фиқһ ал-ислами уа әдиллатуһу»:2/1089

[3] «Уәдәифу әр-рамадан»,  15-бет;

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру