Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ҚҰРАНДАҒЫ ТАҚУА КІСІЛЕРДІҢ СИПАТТАРЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 29.06.2021 2492 0 пікір
ҚҰРАНДАҒЫ ТАҚУА КІСІЛЕРДІҢ СИПАТТАРЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

 

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

 

Осындай қасиетті күндері жасаған дұға-тілектеріңіз, тағат-ғибадаттарыңыз қабыл болғай! 

Адам баласынының екі дүниеде дәрежесінің көтерілуіне, жасаған игі амалдарының қабыл болуына, Жаратушысының құзырында ардақтылардың қатарынан болуына себепші болатын сипат – тақуалық. Асыл дінімізде тақуалық деп – пенденің Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылуы арқылы Оның азабынан сақтануы айтылады. Бұрынғы өткен пайғамбарлардың барлығы да өз қауымдарын тақуалыққа шақырған. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімдегі «Ниса» сүресінің 131-аятында ол турасында:

وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللهَ

«Сендерден бұрынғы кітап берілгендерге де, сендерге де: «Аллаға тақуалық қылуды өсиет еткенбіз!», – деп айтқан.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз өзінің «Мұсылманшылық шарты» атты кітабында тақуалықтың мән-мағынасы жөнінде: «Иманды әрқашан айтып, салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде пейіш – тақуалар үшін деген. «Тақуа» деп – сақтанғандарды айтады. Адам әр уақыт Алла Тағаланың ғазабынан қорқынышта, рахметінен үмітті болып, қауіп пенен үміттің ортасында болуы керек», – деп айтқан.

Тақуа адам ізгілік атаулыға құштар болып, жамандық пен күнә атаулыдан бойын аулақ ұстайды. Ата-бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деу арқылы Жаратушысын таныған адам Одан қорқатындығын, жаман істерден тыйылатындығын айтқан.

Тақуалықтың орны жүректе. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

التَّقْوَى هَاهُنَا

«Тақуалық мына жерде», – деп, қолымен жүрек тұсын үш мәрте нұсқаған (имам Муслим). Жүрек – адам ағзасының патшасы болғандықтан, жүрекке тақуалық орнайтын болса, ол адамның бүкіл ісінен көрініс табады.

Хәкім Абай он жетінші қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп бастап, соңында ғылымның: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды, кітаптың айтқаны осы», – деп айтуында үлкен мән-мағына бар.

Қасиетті Құранда Алла Тағала біздерді тақуалыққа шақырып қана қоймай, жүрегінде тақуалық орнаған адамдардың бойынан көрініс табатын кейбір сипаттарды да баяндаған. Ол сипаттар мынадай:

         

Бірінші: Ғайыпқа иман етеді

               

Ғайып – адамның көзінен тысқары, көрінбейтін заттарға қолданылады. Ғайыпқа иман ету ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген хабарларына шын жүректен күмәнданбастан сенумен жүзеге асады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында тақуа жандарды:

ذَلِكَ الْكِتَابُ لاَ رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِّلْمُتَّقِينَ

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ

«Міне, осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Сондай, олар ғайыпқа иман келтіреді», – деп сипаттаған («Бақара» сүресі, 2-3-аяттар). Тәпсірде: «Ғайып – барлық Алла елшісі арқылы хабар етілген, ақыл-пайым жетпейтін: қиямет-қайым, қабір азабы, махшарда жиналу, қайта тірілу, сират көпірі, жәннат, тозақ сияқты т.б. мәселелерді білдіреді», – деп айтылған[1]. Адам көзіне көрінетін барлық нәрсеге сенетіні рас. Бірақ, көзге көрінбейтін нәрсеге сену әркімнің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан, ғайыпқа иман ету – нағыз тақуа құлдарға тән сипат.

 

Екінші: Ашуларын ұстайды

          «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» демекші, тақуа жандар ашуларын ақылдарына жеңгізе біледі. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 133-134-аяттарында Алла Тағала:

وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدِّتْ لِلْمُتَّقِينَ

الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

           «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар –(тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген.  Бұл аяттарда Алла Тағаланың жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгені баяндалғаннан кейін, тақуа құлдардың бірнеше сипаттары айтылған. Олар: таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретіндер, ашуларын ұстай алатындар әрі өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарағандар.

            Алла Тағала адам баласының бойына жақсы және жаман мінезді қоса жаратқан. Мұның өзі адам баласы үшін үлкен сынақ. Құран адам бойындағы ондай теріс мінездерді тәрбиелеп, өзгелерге зиян беруден тыю керектігін үйретеді. Осы себептен де Алла Тағала тақуа құлдарын сипаттағанда:

وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ

«Ашуларын жұтушылар», – деп айтқан. Демек, тақуа адамға да ашу келуі мүмкін. Алайда тақуа жанның өзге адамнан артықшылығы – келген ашуына ие болып, өзгелерге тілімен не қолымен зиян келтіруден нәпсісін тыйып, ашуын жұта біледі. 

         

Үшінші: Адамдардың кемшілігін кешіреді

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 134-аятында тақуа құлдары жайында баяндағанда:

وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ

 «Ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер» деп екі сипатты бірдей айтуы тегін емес. Себебі, кейде адам өзгелер оның ақысына зиян тигізген кезде ашуына ие болғанымен, жүрегінде кек сақтап, бойында реніш қалып кетуі мүмкін. «Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше» дегендей, тақуа жандар ашуын жұтумен қатар, өзін ренжіткен адамды бірден кешіріп жібереді. Осы себепті де қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 237-аятында Алла Тағала:

وَأَنْ تَعْفُوا أَقْرَبُ لِلتَّقْوَى

«Кешірімділік етулерің тақуалыққа жақынырақ», – деп айтқан.

Мысалы, Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) өзінің туысы әрі кедей болғандықтан Мистах атты кісіге әрдайым көмек қолын созып тұратын болған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аяулы жары, Әбу Бәкірдің қызы Айша (Алла оған разы болсын) анамызға жала жабылғанда, сол өсекті таратушылардың бірі Мистах екендігін біледі. Алла Тағала «Нұр» сүресінде Айша анамыздың күнәсіз екендігін айтып, оған қатысты сөздердің барлығы ашық жала екендігін баяндағаннан кейін,  Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алла Тағаламен ант етейін, Мистахтың Айша жайында айтқан сөздері үшін, енді оған ешқандай да көмек қолымды созбаймын», – деп айтады.   Осы кезде қасиетті Құрандағы:

وَلاَ يَأْتَلِ أُولُو الْفَضْلِ مِنكُمْ وَالسَّعَةِ أَن يُؤْتُوا أُولِي الْقُرْبَى وَالْمَسَاكِينَ وَالْمُهَاجِرِينَ فِي سَبِيلِ اللهِ وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا أَلاَ تُحِبُّونَ أَن يَّغْفِرَ اللهُ لَكُمْ وَاللهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Сендерден кеңшілік, молшылыққа ие болғандар жақындарына, міскіндерге, муһажирлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін. Кешіріп, көңіліне алмасын. Алланың сендерді кешіруін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді», – делінген аят нәзіл болады («Нұр» сүресі, 22-аят). Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Әрине, Алланың атымен ант етейін, расында мен Алла Тағаланың мені кешіргендігін жақсы көремін», – деп, Мистахқа барып, оған бұрын көмектесіп тұрғанындай, қайтадан көмек беруін жаластырады.

               

          Төртінші: Нәпсісін жаман қалауларынан тыяды

            Әдетте күнәлі істерге үйір болған адамдар шайтан азғырып, белгілі бір күнәлі іске шақырған уақытта, еш ойланбастан, оның азғыруына еріп кете береді. Ал тақуа құлдар шайтан оны күнәлі іске шақырғанда, оның азғыруына ермей, дінінде бекем болады. Қасиетті Құрандағы «Ағраф» сүресінің 201-аятында Алла Тағала:

إِنَّ الَّذِينَ اتَّقَوْا إِذَا مَسَّهُمْ طَائِفٌ مِّنَ الشَّيْطَانِ تَذَكَّرُوا فَإِذَا هُم مُّبْصِرُونَ

«Расында тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар еске алады да қырағылық істейді» деген.  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз өлең жолдарында осыған байланысты:

«Шайтанның, шамаң келсе, сындыр белін,
Ол иттің керек қылма жауын елін.
Бір іске өкінбейін деп ойласаң,
Нәпсіңнің достық айтқан алма тілін», – деген.

      

Ендеше, адам өзінің көңіл қалауын игеруі, оны жақсылыққа бағыттауы өте маңызды істерден. Себебі адам көңіл қалауына еріп, нәпсінің айтқанымен жүріп кетсе, кейін өкінішке алып келетін, үлкен күнәларға дейін душар етуі мүмкін. Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 201-аятында Алла Тағала:

وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى

فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى

«Кімде-кім Алланың алдында (сұраққа тартылып) тұрудан қорықса, нәпсіні қалауынан тыйса, оның барар орны жәннат болады», – деп айтқан.

 

Қадірменді жамағат!

Мұсылман адам үшін Қасиетті Құранда баяндалған тақуа жандардың сипаттарын біліп, оған амал істеу өте маңызды. Пайғамбарымыздың немересі Хусейн (Алла оған разы болсын) намазға дайындалып, дәрет алайын деп отырғанында қасына бір құл келіп, қолына су құймақшы болады. Алайда, құлдың қолынан құмғаны түсіп кетіп, Хусейннің басына тиіп, жерге түсіп, сынып қалады. Осы кезде Хусейннің бойын ашу кернегенін көрген құл, не істерін білмей, қасиетті Құрандағы:

وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ

 «Ашуларын жұтушылар», – делінген аятты оқиды. Хуйсейн (Алла оған разы болсын) қатты ашуға булығып тұрса да, Алла аятын естігенде: «Жұттым ашуымды» дейді екен. Құл аятты ары қарай жалғастырып:

وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ

«Адамдарды кешірім етушілер», – деп айтады. Хусейн (Алла оған разы болсын): «Әлбетте, мен сені кешірдім» дейді. Құл аяттың соңғы сөздерін оқып:

وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

 «Алла Тағала игілік істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан кезде, Хусейн орнынан тұрып, құлдың иесіне барып, оны сатып алып, басына бостандық сыйлаған екен.

Хәкім Абайдың: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп айтқанындай, біз де бойымызда осындай игі сипаттар қалыптастыруға тырысайық.

 

Алла Тағала бойымызға тақуалық, істерімізге ізгілік нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі жасаған дұға-тілектерімізді қабыл еткей! 

 

[1] «Әл-жамиғ ли-ахками әл-қуран», (1/252)

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі