Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Мұсылман және уақыт | жұма уағызы

26.06.2018 29966 0 пікір

Уақыт! Қандай да бір нәрсенің болмасын,  белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленетіні белгілі. Адам баласының, күллі жаратылыстың азды-көпті ғұмырлары уақыт деген ұғыммен тығыз байланысты.

Уақыт – емші. Адамзаттың мейлі ол ашу-ыза, өкпе-наз болсын, мейлі жүрек жарылардай қуанышты сәттері болсын, уақыт өте келе бәсеңдей түсетіндігі анық. «Уақыт – барлығын өз орнына қояды» деген сол.

Дінімізде уақыт мәселесіне ерекше маңыз берілген десек артық айтқандық емес.Дін мәселелеріне көз жүгірткенде көптеген нәрсенің уақытпен тығыз байланыстылығын аңғарасың.

Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының қалау еркіндегі мәселе.

Құран мен пайғамбарымыздың ﷺ асыл сүннетінде уақыттың сан қырлы тұсы баян етіледі. Уақыттың адам баласына берілген ерекше нығмет екені жайында Алла Тағала Құран кәрімде:

وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ ۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ * وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ ۚ وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ 

Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзіне сұраған нәрселердің барлығын берді. Бергені соншалық - егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді.[1]

Басқа бір аятта:

 وَهُوَ الَّذِي جَعَلَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ خِلْفَةً لِّمَنْ أَرَادَ أَن يَذَّكَّرَ أَوْ أَرَادَ شُكُورًا 

Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды.[2]

Уақыттың маңыздылығының бірден-бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Құран кәрімнің бірнеше жерінде Алла күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт еткен. Тәпсір ғалымдарының түсінігінде егер Алла бір нәрсеге серт етсе, оның ерекше маңыздылын білдіреді.

Пайғамбарымыздың ﷺ асыл сүннетінде адам ғұмырының қалайша өткендігі жайында қияметте ауыр есепке тартылатынын ескерткен. Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты.  Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟ "

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды » деген[3].

Алла өмірді қалай өткізгенін жалпылай сұрауымен қатар соның ішінде жастық шаққа арнайы тоқталған. «Айхай, жиырма бес» деп атау берген жігіттіктің желігімен жүрген жастардың өз нәпсісін тізгіндеп, шариғат шарттарымен жүріп-тұруы нақ осы кезеңде қиын көрінетіні рас. Дегенмен бұл жас адам өміріндегі ең белсенді нәтиже беретін бұралаңы көп қауіпті кезең.

 

Ислам рәміздеріндегі уақыттың құндылығы


Құлшылықтарда уақыттың қадірі ерекше орынға қойылған. Уақыттың келмеске кетіп жылжуы, түннен кейін күннің келуі, таңның алғашқы шапағынан кеңістікті қақ жарған азан үнінің естілуі, адамдардың бір мезгілде бойындағы нәпсісін жеңе отырып, намазға тұруы уақыт жүйелілігін көрсетеді. Қазақ нақылында «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» делінеді. Бұл мәтелдің мәні төмендегі хадистен алынғандай.

عَنْ صَخْرٍ الْغَامِدِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اللَّهُمَّ بَارِكْ لأُمَّتِي فِي بُكُورِهَا». رَوَاهُ أَبُو دَاوُد.

Сахр әл-Ғамиди (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар ﷺ: «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» – деп дұға қылған[4].

«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегенмен, «өлімнен басқаның бәрінің ерте болғаны жақсы» деген нақыл сөз де бар. Мұның мәні жақсылықтың тезірек болғаны қайырлы дегенді білдіреді. Қазақ халқында сақталған мұндай нақыл сөздердің түп-төркіні аят-хадистер мен мұсылман ғұламалары мен тақуалардың насихаттарында жатыр. Күн аспан төрінен ауған кезде адамдардың  дүние қызығына батқан шақтарында тағы бір мәрте азан айтылып, бесін намазына адамдардың шақырады. Әр заттың көлеңкесі өзінен асып, күн батысқа қарай бет алған кезде үшінші мәрте азан айтылып, екінті намазына шақырылады.Күн ұясына батып көкжиектен ғайып болып, күндізгі уақыттың аяқталып, түннің алғашқы уақыты басталған сәтте төртінші мәрте азан айтылады.Ең соңында күн сәулесі мүлдем жойылып, түн шапанын киген кезде ең соңғы рет азан айтылады. Адам күнін азанмен атырып, азанмен батырады. Қарап отырсаңыз адамның шыр етіп өмірге келуі азанмен басталып ақтық сапарға кетуі намазбен аяқаталады. Бұл адам өмірінің тым қысқалығын көрсетеді.

Жұмасына бір мәрте оқылатын жұма намазы да үздіксіз белгілі уақытта қайталанып тұрады.

Жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатын қасиетті ай рамазан айы да мұсылмандардың сауапты жинап, Алланың мейіріміне бөленетін, талай жандар үшін өмірлерін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік туған рақым, мейірім айы.

Рамазан айында рухани тұрғыда қуатталған мұсылманның келесі саяхаты қажылыққа барып тіреледі. Ол да белгілі айда ислам діні бүршік жарғаннан бастап үздіксіз жүзеге асып келуде. Алла Тағала Құран кәрімде:

الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَّعْلُومَاتٌ ۚ

Қажылық белгілі айларда өтелетін құлшылық. [5]


Кейбір сәләф ғалымдар бес уақыт намазды «бір күн таразысы», жұма намазын бір апта таразысы, рамазанды жылдың таразысы, қажылықты бүкіл ғұмырдың таразысы деп сипаттаған. Адамның бір күні құлшылықта, пайдалы істе өтсе, бір аптасын да соған сәйкестендіреді. Рамазан айын құлшылықта пайдалы істе өткізген адам жыл бойы сол межені сақтауға тырысады.  Осылайша мұсылман адам әр кез өзінің уақытын қасиет тұтады, бір сәтін болсын, бос жіберіп алмауға тырысады. Сол секілді бай-қуатты мұсылмандардың жылына беретін зекет мөлшері де шариғатта ұшқыр есеппен бекітілген.

Уақыттың ерекшелігі:

1-Жылдам өтуі; Баяғыдай емес, аптамыз күн сияқты өте шығып, күніміз сағат сияқты зырлап кетіп барады. Осы орайда уақыттың мұнша жылдам өтуінің сыры неде? деген сұрақ туындайды. Сол баяғы сағат, сол баяғы күнтізбе кезінде мың жасқа жуық өмір сүрген Нұх пайғамбарға да Әзрейіл періште жанын алуға келгенде:  «Пайғамбарлардың ішінде ең ұзақ жасаған пайғамбарсың өмірің қалай өтті» деді. Нұх пайғамбар: «Үйдің бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққандай болдым» деп, өмірдің қысқалығын айтып өткен. Алла Тағала Құран кәрімде:

كَأَنَّهُمْ يَوْمَ يَرَوْنَهَا لَمْ يَلْبَثُوا إِلَّا عَشِيَّةً أَوْ ضُحَاهَا   

Олар (кәпірлер) сол күнді көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады.[6]

Басқа бір аятта:

وَيَوْمَ يَحْشُرُهُمْ كَأَن لَّمْ يَلْبَثُوا إِلَّا سَاعَةً مِّنَ النَّهَارِ يَتَعَارَفُونَ بَيْنَهُمْ ۚ

Алла олардың барлығын (қайта тірілтіп) ғарасат майданына жинайтын күні (тұл бойларына үрей билейтіні соншалық) өздерін дүниеде күндіз аз ғана уақыт тұрғандай және сол аз уақыт ішінде  бір-бірімен тек танысып біліскендей ғана сезінеді.[7]

2-Уақыт қайтып оралмайды және орны толмайды; Өтіп кеткен жылдар, айлар, күндер тіпті сағаттар қайтып оралмайды және бос өткен уақыттардың орны толмайды. Осы турасында Хасан Басри былай деген: «Әр атқан таңын саған былай дейді: «Міне мен бүгін сен үшін жаратылдым, шамаң келгенше бос жібермей амал жасап қал! Егер мені өткізіп алсаң қияметте қайтып оралмаймын». Жасымыз  отызға, қырыққа келсе де әлі күнге дейін орда бұзып, қамал алмағанымыз қанша?!

3-Адам үшін ең қымбат дүние; Егер уақыт қайтып оралмайтын, орны толмайтын дүние болса, адам үшін ең қымбат қазына болмақ! Адам осы уақыт ішін амал жасайды, ілім алып, дүние табады. Бос өткен өмірінің бір сәті үшін дүниедегі бүкіл байлығын беруден тайынбайды. Шіркін өмірім бір сағат болсын кейін шегінде ғой бәрі басқаша болар еді, басқаша әрекет етер едім деп күйінетіндер қаншама?! Алла Тағала Құран кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ* وَأَنفِقُوا مِن مَّا رَزَقْنَاكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ فَيَقُولَ رَبِّ لَوْلَا أَخَّرْتَنِي إِلَىٰ أَجَلٍ قَرِيبٍ فَأَصَّدَّقَ وَأَكُن مِّنَ الصَّالِحِينَ

Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктерің мен бала-шағларың сендерге Алланы еске алуды  ұмыттырмасын. Біліп қойыңдар, кімде-кім солай істейтін болса, нағыз зиян шегетіндер – солар. Қайсыбіріңе болмасын, ажал жеткенде, «Уа Раббым! Маған аз ғана уақыт мұрсат берсең, жатпай-тұрмай қайырымдылық жасап, мол зекет-садақа беріп, ізгі жандардың қатарына қосылар едім» демей тұрып, өздеріңе ризық етіп берген нығметтерімізден жұмсаңдар.[8]

Бұл адамның өлім алдындағы қалауы алайда бұл қалауы әлбетте жауапсыз қалады.

Адамның өмірі үш уақытқа бөлінеді: өткен шағы, осы  шағы, келер шағы. Адамдардың ішінде өткен өміріне табынып кеткендер бар және қазіргі уақытпен ғана өмір сүретіндер кездеседі сондай-ақ қиялшыл ертеңім дейтіндер де бар.

Өткен шаққа табынушылар:

Адамдар арасында өткен өмірінен басқа өмірді білмейтін адамдар кездеседі. Өтіп кеткен жастық шағын, серілік кезеңдерін, романтикалык шақтарын,  аңсап жүретіндер кездеседі. Енді бір адамдар өзінің күш қуаты тасып тұрған шағы жиырма бестегі тепсе темір үзетін кездерін аңсаумен өтеді. Тағы бір адамдар бар өмірден озған ата-бабаларын айтып басқалардың алдында өзін жоғары еткісі келеді, бірақ өзі солардың жолымен жүруге олар секілді болуға олардың атақ абыройларына жетуге тырыспайды. Қазіргі қазақ қоғамында жиі кездесетін жайт «атам кезінде молда болып еді», «аталарымыз қажылыққа жаяулап барған», «әжеміз молданың қызы еді» деген әңгімелерді жиі айтады. Ал өзі дүние жинап қажылыққа баруға, дін ілімін оқып басқаға үйретуге ұлы бабасына ұқсап-бағуға тырыспайды.

Енді бір топ ілгерідегі ата-бабасының жолын ұстануда тым бекем, олар тіпті адасуда болса да аталарым осы жолда болды мен де осы жолдан тайынбаймын деген ұранды ұстанып солар жүрген соқпақ қисық жолдан тайынбайды. Оларға «Ақиқат жол Алланың әміріне мойынсұну керек делінсе», «жоқ» мен ата-бабамның жолындамын дейді.  Алла Тағала ондай адамдар жайында:

وَإِذَا قِيلَ لَهُمُ اتَّبِعُوا مَا أَنزَلَ اللَّهُ قَالُوا بَلْ نَتَّبِعُ مَا أَلْفَيْنَا عَلَيْهِ آبَاءَنَا ۗ أَوَلَوْ كَانَ آبَاؤُهُمْ لَا يَعْقِلُونَ شَيْئًا وَلَا يَهْتَدُونَ

Оларға: «Алланың түсірген кітабына еріңдер делінсе, олар: Жоқ, біз керісінше ата-бабаларымыздан не көрсек, соны ғана басшылыққа аламыз», дейді. Сонда ата-бабалары еш нәрсенің байыбына бармаған әрі тура жолды  таба алмаған болса да ма?![9]

Енді бір топтан болған адамдар өткеніне тек өкінішпен қарайды.  «Былай істегенде былай болар еді», «Неге  мен сол кезде оқуға түспедім екен», «егер», «егер» деген сөздерді жиі қолданады. Алла Тағала құран кәрімде ондай қауымдар жайында:

         يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ كَفَرُوا وَقَالُوا لِإِخْوَانِهِمْ إِذَا ضَرَبُوا فِي الْأَرْضِ أَوْ كَانُوا غُزًّى لَّوْ كَانُوا عِندَنَا مَا مَاتُوا وَمَا قُتِلُوا لِيَجْعَلَ اللَّهُ ذَٰلِكَ حَسْرَةً فِي قُلُوبِهِمْ ۗ وَاللَّهُ يُحْيِي وَيُمِيتُ ۗ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ 

Уа иман келтіргендер! Өздері кәпір болған күйде жорыққа шығып, немесе соғысып шейіт болған бауырлары жайлы «Егер олар біздің қасымызда болғанда , өлмес те еді, жау қолынан қаза таппас та еді» деп айтқан кәпірлер сияқты болмаңдар. Алла мұны олардың жүрегін қасірет жайласын деп істеуде. Жан бітіп өмір сыйлайтын да өмірді қиятын да бір Алла. Алла не істеп не қойып жүргендеріңді  толық білуші.[10]

        
Қазіргі өміріне ғашық болғандар:

Енді бір адамдар өткен өмірінен де ғибрат алмай болашаққа да жоспар құрмай тек бүгінгі өмірмен ғана тіршілік қылады. Аз дүние тапса үнемдеп артығын ертеңге қалдырудың орнына бүгін жұмсап жіберуге тырысып тұрады. Расында, кез келген нәрсеге қызығып, содан лездік  мауқын басып сатып ала беру – ол кедейшіліктен шыға алмаудың басты себебі. Жалпы бұл ысырапшылыққа жетелері де сөзсіз. Сондықтан, үнемшілдік қашанда әуелі кедейліктен сақтап, сізді байлыққа жеткізеді. Ең бастысы, үнемшілдік Алла Тағала берген нығметті орынды жұмсап, пайдалануға саяды. Осы тұрғыдан келгенде, адам біткен үнемшілдік арқылы кедейліктен құтылары сөзсіз.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Сабырлылық, үнемділік және қажетсіз ысырапкершілікке жол бермеушілік, пайғамбарлық сипатының жиырма төрт қасиетінің бірі. Ысырапкершілікке жол бермеңіз», - деп қатаң ескертеді.


Мұсылманның ертеңгі күні:


Кез келген адам Алланың сүйікті құлы, мейірімді әке, қамқор перзент, дәулетті-бай мұсылман болғанда қалайды бірақ сол дәрежеге жету үшін жоспар құрып амал етушілері аз. Енді бір адамдар өткен өмірінде күнәларының нәтижесінде, өмірдегі бір сәтсіздіктері үшін болашаққа нық қадам басуға бата алмауда. Алла Тағала:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ 

(Мұхаммед Ғ.С.): "Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла баршаларыңның  күнәларыңды кешіреді. Өйткені Ол ерекше жарылқаушы, мейірімді" де.[11]

 

Мұсылманның уақыт алдындағы міндеті:

Уақыт мұсылманның ең асыл қазынасы, дүние мүлкіне қалай ұқыпты, үнемді болса уақытына одан да ерекше ілтипат танытуы керек. Уақыттың әр сәтінен дүниесі және ақыреті үшін пайда ала білуді үйренуі тиіс. Мұсылманның сипатынан – әр кез рухани және материалдық тұрғыда дамуын тоқтатпауында. Бөлмедегі жиһаз-мүліктерді өз орнына қойған секілді уақытты да дәл солай орнымен жұмсай білу керек. Ілгерідегі сәләфтарымыз айтқандай: «Уақыт ол қылыш секілді, егер сен оны шаппасаң ол сені шабады» деген. Егер кешегі біліміңізге бүгін еш білім қоспасаңыз, бір ізгі жақсы амал жасамасаңыз, бойыңыздағы бір ұнамсыз қылықты жоюға тырыспасаңыз күніңіз босқа өткені. Бұл жайында Ибн Масғуд былай деп айтқан: « Мен үшін ең өкініштісі күн батып, өлімге бір табан жақындаған сәтімде Раббыма жақынадатанын амал жасай алмай өткен күнім» деген.

Мұсылманның уақыт алдындағы міндеті сол уақытын жүйелей алуында.


Мұсылманның бір күндік жоспары:

  • Бес уақыт намаз. Әр намаздың уақытында оқылуына, сүннеттерінің толық болуына, намаздарының жамағатпен оқылуына мән беруі қажет.
  • Күнделікті дұғалар. Дұға – мұсылман қорғаны, сол себепті әр кез таңертең оянғанда, жұмысқа шығарда, ұйықтар алдында т.б кезеңдерде дұғада болуы сауапты іс. Намаздан және басқа да құлшылықтардан кейін өзіңізге, жанұяңызға, жақындарыңызға дұға жасауды әдетке айналдырыңыз.
  • Құран оқу. Күніне бір бет болсын үзбей Құран оқып тұру мұсылманды Раббысына жақындататын амалдардан.
  • 1 хадис оқу. Ұстазы ұсынған бір хадис кітабын таңдап бір хадисті оқып амал етсеңіз пайғамбар ﷺ сүннетін орындаған боласыз.
  • Қосымша намаздар.
  • Садақа беру. Садақа тек ақшалай ғана жүзеге аспайды. Жолдан бір тасты болсын алып тастауыңыз, мұсылман бауырыңызға күлімдеп амандасуыңыз сіздің садақа бергеніңіз.
  • Жақындарымен байланысу хал-жағдайын сұрасып тұру.
  • Жұмысқа деген ұқыптылық. Кәсібіңізде сәтті болғанды қаласаңыз, әрдайым өзіңіздің біліміңізді дамытуға тырысыңыз. Жаһандық өзгерістер мен жаңа технологиялардан хабардар болуыңыз оны игеруіңіз сізді табысты қызметкерлер қатарынан қылады.
  • Көркем әдебиет оқу. Әр ұлттың өзіндік болмысы бар. Ол болмыс көркем әдебиетінде, өлең-жырларында.  Көркем әдебиетке жақын болу – ол адамды елінің патриоты етпек.
  • Діни кітап оқу. Руханиятты әлсін-әлсін суарып тұрмаса, адам құлазып, құлшылығынан мән кетіп, өмірінің берекесі кетуі мүмкін. Күніне бір бет болсын діни кітаптың бетін ашу – иманды жанның ісі.
  • Ренжіткен адамың болса, кешірім сұрау, сені біреу ренжітсе кешіру.
  • Тілдің кесапаттарынан емделу.
  • Жеке гигиенаға мән беру.
  • Тамақ жеуде ысырапшылдық танытпау.
  • Денсаулықты күту.

 

Мұсылманның бір апталық жоспары:

  • Дүйсенбі, бейсенбі ораза ұстау
  • Бейсенбі күні ғұсыл құйыну
  • Жұма күні «Кәһф» сүресін оқу
  • 1 күн жанұяға арнау
  • 1 сағат жеке істермен айналысу (хобби)
  • Азық-түлік алу.
  • Үйге тазалық жасау.

 

Мұсылманның бір айлық жоспары:

  • Өткен бір айды қорытындылау.
  • Өткен айдағы кіріс-шығыстарды есептеу
  • Жаңа ай бютжетін бекіту
  • Мешітке көмек көрсету
  • Айтулы күндерде жақын-туыстарға сый тарту
  • Қонақ күту
  • Құранды бір мәрте хатым қылу (шамасына қарай).

 

Уақытты өлтіретін жайттар:

Дүниені жоғалтсаң орнын толтыруға болады, алайда уақыттың орны толмайды. Ақын Мұқағали атамыз айтқандай:

                           Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

                           Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

                           Менің жаным ашиды бұл өмірді,

                           Өтпейтіндей көретін адамдарға!-


      Уақытты зая кетіру өкініші – ең ауыр өкініш. Өйткені уақытты орнына келтіру мүмкін емес. Өлген адамды қайта тірілте алмағанымыздай, бос кеткен уақытты да қайта келтіре алмаймыз. Негізгілеріне тоқталар болсақ:

 Телеарналар

         Әр нәрсенің өзіндік мөлшері бар, егер сол мөлшерден асыра қолданса, ұнамсыз іске тіпті харамға айналуы мүмкін. Зерттеулер бойынша ұзақ уақыт теледидар алдында отырған адам тез шаршайды,ашуланшақ,ұмытшақ болады. Адам ағзасында холестерин мөлшері артады,көзі шаршайды,ұйқы бұзылады. Қазіргі плазмалық,сұйық кристалды теледидар адам ағзасына екі есе көп әсер етеді. Мұсылман адам теледидарды тек танымдық мақсатта ғана қолданғаны дұрыс. Сол себепті дініне, танымына пайда әпермейтін телебағдарламалардан, кинофильмдерден аулақ болған абзал.

 Мобильді телефон

        
Намофобия немесе мобильді телефонға тәуелділік 21-ғасырдың ауруы

21-ғасырдағы ғылыми технологиялық прогресс өмірімізді айтарлықтай жеңілдеткені рас. Алайда бұл тек пайдалы тұсы ғана.  Қазіргі заман адамы телефонсыз өмір сүруі мүмкін бе? Мойындау қажет кейбір адамдардың телефонсыз-ақ таңдары атып жатыр. Бірақ кейбір адамдар үшін жұмысқа барарда мобильді телефонын үйде ұмытып кету нағыз қиямет дерсің.  Олардың ойынша телефонсыз өткен күн босқа өткен күн. Жауапсыз қалған телефон қоңыраулары, оқылмай қалған хабарламалар ол үшін өмірін бір сәтте өзгертіп жіберетіндей көреді. Телефонның қуаты таусылып, әлеммен байланыс үзілген кездер қанша жүйкені құртты десеңші! Телефоныңыз сіз үшін ең жақын адам секілді. Онымен сөйлескен секілді сіз ата-анаңызбен, жұбайыңыз, балаларыңызбен сөйлеспейсіз. Ол әрдайым сізбен бірге жолда, тамақ ішкенде, ұйықтағанда жастығыңыздың астында тіпті дәретханаға да алып кіруге ұялмайсыз.  Дамыған елдерде аталған аурумен жеті адамның бірі аурады екен. Мұсылман адам телефонды тек қажеттілікте ғана қолдануы тиіс.

 Ғаламтор:

Ғаламтордың ерекше орасан мүмкіншіліктерімен қатар көлеңкелі, зиянды тұстары да аз емес. Ғаламтордың зияндары: 

1-Ғаламтордың пайда болуымен танысып, тілдесу сайттары көбейді. 

2-Ғаламтор ол да бір кір-қоқыс жәшігі. 

3-Порнографиялық сипаттағы суреттер, видеоларды қарау. 

4-Компьютерлік онлайн ойындар - 21-ғасырдың обасы.

 


 

[1] Ибраһим сүресі, 33-34 аяттар.

[2] Фурқан сүресі, 62-аят.

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Әбу Дауд хадистер жинағы

[5] Бақара сүресі 197-аят

[6] Назиғат сүресі, 46-аят.

[7] Юнус сүресі, 45-аят.

[8] Мунафиқун сүресі, 9-10 - аяттар.

[9] Бақара сүресі, 170-аят.

[10] Әли Имран сүресі, 156-аят.

[11] Зумар сүресі, 53-аят.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру