Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ДИНАРА ҚҰТҚОЖАҚЫЗЫ: ӘЙЕЛГЕ ИСЛАМ ДІНІНДЕЙ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТЕТІН ДІН ЖОҚ

Кеулімжай Құтты muftyat.kz 13.09.2023 4534 0 пікір
ДИНАРА ҚҰТҚОЖАҚЫЗЫ: ӘЙЕЛГЕ ИСЛАМ ДІНІНДЕЙ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТЕТІН ДІН ЖОҚ

Назарларыңызға ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызының «Иман» журналына жарияланған сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Әңгімемізді ҚМДБ жанындағы Әйел-қыздар секторының құрылу тарихынан бастасақ. Сектор бүгінде қандай жұмыстармен айналысып жатыр?

– Мүфтияттың Әйел-қыздар секторы 2016 жылы ашылды. Сектор төрт бағыт бойынша жұмысын бастады. Олар – діни сауат ашу курсы, уағыз-насихат, қайырымдылық шарасы, қоғамдық және мәдени шаралар. Дәріске келуші әйел жамағаты үшін әжелер мектептері, қыз-келіншектер клубтары ашылды. Мектеп пен клубтың негізгі мақсаты – ана мен қыз арасындағы қарым-қатынасты күшейту, ене мен келін институтын дамыту, ер мен әйелдің қарым-қатынасын түзеу, қоғамда ауызбіршілік қалыптастыру және жастарды еңбекке баулу. Қазіргі таңда барлық өңірде сектор жұмысы қарқынды дамып, жұмысы жүріп жатыр. 

– Еліміздегі мешіттерде әйел ұстаздар жеткілікті ме? Жалпы әйелдердің дін қызметін жүргізуіне жағдай жасалған ба?

– Мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курсында әйел ұстаздар жеткілікті. Жоғары оқу орнын тәмамдаған білікті маман иелері қызмет жасауда. Әр жыл сайын ұстаздар аттестациядан өтеді. Әр өңірде ұстаздардың білімін жетілдіру мақсатында семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Дегенмен кейбір ауылдық жерлерге әйел ұстаздар қажет.

– Білуімізше, кейбір мешіттер жанында қыздарды көлөнерге, тігіншілікке баулитын орталықтар бар. Орталықтардың жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр ма? Сектор өз тарапынан қыз-келіншектерді қолдау бағытында басқа қандай жаңа жобаларды іске қосты?

– Әйел-қыздар секторы мешіттер ішінен «Алтын ине» үйірмесін ашқан болатын. Қазіргі таңда сауат ашу курсына келген әйел жамағаты қосымша тегін тігін курстарын оқып, киім пішіп, тігуді үйреніп сертификат алды. Өңірлерде «Алтын ине» қолөнеріне қатысты байқаулар да өткізіліп тұрады. Секторға қарасты «Әжелер мектебі» мешіт жамағатына қолөнермен қатар қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау әдістерін үйретеді. Соның ішінде төрт түлік малдың етін мүшелеп табаққа салуды болашақ келін болатын қыздарға үйретіп отырады. Бұл да – жастар білуі тиіс мәлімет. «Алтын ине» жобасы көптеген нәзік жандылардың өз кәсібін ашуға себепкер болды.

– Мұсылман әйелдерінің кезекті «Әсем киім – әйел ажары» республикалық сән киім байқауы қашан өтеді? Бұл байқаудың қандай тиімділігі болды?

– «Әсем киім – әйел ажары» сән байқауын бұйырса келер жылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл байқаудың қоғамға тигізер пайдасы өте зор. Себебі төрт киім үлгісі тігіліп, халыққа көрсетіледі. Атап айтсақ, кеңселік, мектеп формасы, спорттық және кешке киетін киім. Дизайнерлер мен тігіншілерге бір нұсқасын көрсетіп бердік. Оларға шариғат үлгісін, соның ішінде матаның тым жұқа болмау керектігін, кең, қөпшілік ортада кие алатындай ыңғайлы болу керектігін ескерттік.

– Қызды қырық үйден тыйып өсірген халқымыздың дәстүрлі тәрбиесінен қазіргі кезде ажырап бара жатқандаймыз. Бойжеткендеріміздің ерсі қылықтарын көргенде жанашырылықпен ескертіп жатсаң, беттен алып төске шабатындар бар. Не істемек керек? 

– Қазіргі таңда қыз тәрбиесі өте қиын. Оған себеп – интернет. Бұрын ата-әженің «айналайын» деген жылы сөзінің өзі адамға тоқтау салатын. Қазіргі таңда әжесі, анасы мен қызы қайсысы екенін ажырата алмай қалдық. Оның үстіне «әр адамның жеке шекарасы болу керек» деген батыстың психологиясы жастардың санасын әбден улады. Отбасында әке мен ана бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін жағдайлар да кездеседі. Талай ананың жылап келген кезі де болды. «Балаларымның әкесі жұмыстан келгеннен кеткенше телефоннан бас алмайды. Әке болып ұл-қызымен бір сырласып, ақылын айтпайды» деген әйелдер де болды. Ата-ана үшін бала тәрбиесі бірінші орында тұруы тиіс. Себебі ата-ана Алланың алдында балалары үшін жауапты. Бала олардан көргенін жасайды. Сондықтан әке-шеше бала тәрбиесіне көңіл бөлуі тиіс. Балаға бос уақыт қалдырмау керек. Балаға күнделікті бір күнін пайдалы өткізуді үйрету қажет. Себебі күнделікті пайдалы ақпарат – бала үшін өте мықты құрал.

– Биыл Құранды жатқа оқудан қыздар арасындағы үшінші рет республикалық байқау өткізілді. Қари қыздардың қатары көп пе?

– Иә, биыл қыздар арасында III республикалық Құран оқу байқауы өтті. Былтырғы жылға қарағанда биыл қатысушылардың қатары көбейді. Биылғы байқауда қари қыздар 5, 10, 20 және 30 параны жатқа оқу бойынша бақ сынады. Биыл байқауға 62 үміткер қатысты. Келер жылы байқауда бақ сынайтын қари қыздарымыздың қатары бұдан да көп болады деген үміт бар.

– Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін Хадиша анамыздың Исламды қабылдағаны, ең бірінші болып шейіт болған Сумая бинт Хуббаттың нәзік жанды екенін ескерсек, Исламда әйелдердің алар орны ерекше екенін аңғару қиын емес. Сондай-ақ қасиетті Құранның «Ниса» сүресі әйелдер деген мағынаны береді. Осы орайда дініміздегі әйелдер мен аналардың орны жайлы тоқталып өткеңіз.

– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әркімге өзіне тиесілі құрмет көрсетіңдер», – деген. Осыған орай Ислам діні әйелді имандылық нышаны, ерінің адал жары, жәннаттың есігі ретінде қабылдауды бұйырады. Әйелдің мәртебесін Ислам діні секілді көтерген басқа дін, не болмаса қоғам жоқ. Мысалы, Құранда «Ниса» (әйелдер) деген сүре бар, бірақ «Рижәл» (ерлер) деген сүре жоқ. Пайғамбарымызға бірінші болып иман келтірген, әрі бірінші болып артына ұйып намаз оқыған Хадиша (Алла одан разы болсын) анамыз болды. Дін үшін бірінші болып Сумайа бинт Хуббат (Алла одан разы болсын) шейіт болды. Қасиетті Меккенің алғашқы тұрғыны да әйел болды. Ол Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың әйелі Ажар анамыз еді. Салиқалы, иманды әйелдің ерекше қасиеті жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Адамдар жинаған дүниенің ең қайырлысы: шүкіршіл жүрек, зікіршіл тіл, дүние және ақырет ісінде көмекші салиқалы әйел»

Ислам нәзік жандыларды ерекше қастерлегенін шариғаттың мына талаптарынан байқауға болады. Қыз кішкентай кезінде – әкесінің қамқорлығында. Себебі қыз – жәннаттың есігі. Бойжетіп тұрмысқа шыққанда – ерінің қамқорлығында. Себебі салиқалы әйел – діннің жартысы. Ана болғанда – балаларының қамқорлығында. Себебі жәннат – аналардың табанының астында. Ислам әйелді өмірлік серік, ардақты ана, сондай-ақ сүйеніш, мейірім һәм сүйіспеншіліктің қайнар көзі етті.

Салиқалы әйел – ерінің адал серігі, абыройы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззаттың ең қайырлысы – салиқалы, жақсы әйел»,– деген. Мұһажирлер: «Қандай дүниеге қызыққанымыз жөн?» – деп сұрағанда Алла елшісі: «Зікіршіл тілге, шүкіршіл жүрекке, иманыңды қуаттайтын салиқалы әйелге», – деп жауап берген болатын. Салиқалы әйел – бақытты шаңырақтың негізі. Негізі мықты болған шаңырақ шайқалмайды әрі бақытты отбасы, қайырлы ұрпақ ордасына айналады. Әрине, еркектің өзі осыған лайық болса!

Асыл дініміздің кемелдігінің белгісі – шариғатымызда барлық мәселе, соның ішінде бақытты отбасы құрудың жолы қарастырылған. Мәселен, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелді мал-дүниесіне, тектілігіне, сымбаттылығына және діндарлығына қарап алу керектігі жайында айтып, осы қасиеттердің ең абзалы әйелдің тақуалығы екеніне ишара еткен. Хадисте айтылғандай, салиқалы әйел тіршілікке қажетті төрт бақытты сыйлайды: оған қарасаң, көзіңді қуантады. Бір нәрсені бұйырсаң, талабыңа бойсұнады. Үйде болмаған кезіңде өз абыройы мен дүниеңді сақтайды. Үйіне береке кірсін деген еркек Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына өсиетіне құлақ асқаны абзал: «Мінез-құлқы мен діндарлығы жақсы әйелді кездестірсеңдер, оған үйленіңдер»

Алла Тағала әйел затын «ана» ретінде құрметтеуді бұйырып: «Біз адам баласына ата-ананы құрметтеуді бұйырдық», – десе («Ахқаф» сүресі, 15-аят), Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннат – ананың табанының астында»– деген. Оларға тек жақсылық жасауды бұйырған. Асыл дінімізде әйелдердің құқығын қорғайтын Алла елшісінің мөрімен бекітілген бір құжат бар. Ол –Пайғамбарымыздың: «Әйелдермен жақсы мәміледе болыңдар» – деген өсиеті. Сондықтан анаңды көрсең, Пайғамбарымымыздың: «Жәннат ананың табанының астында», – деген сөзін есіңе ал! Жұбайыңды көрсең, Пайғамбарымыздың: «Сендердің жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың», – деген сөзін есіңе ал! Қызыңды көрсең, Пайғамбарымыздың өсиетіне сай оны жәннатқа апарар жолың деп біл!

 

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №8, 2023 жыл

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру