Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МАҚСАТБЕК ҚАЙЫРҒАЛИЕВ: ӨЗІМІЗГЕ ҚАЛАҒАНДЫ ӨЗГЕГЕ ДЕ ҚАЛАЙЫҚ

Кеулімжай Құтты muftyat.kz 31.12.2023 6195 0 пікір
МАҚСАТБЕК ҚАЙЫРҒАЛИЕВ: ӨЗІМІЗГЕ ҚАЛАҒАНДЫ ӨЗГЕГЕ ДЕ ҚАЛАЙЫҚ

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиевтің «Иман» журналына жарияланған сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Әңгімемізді ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының құрылу тарихынан бастасақ.

– Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы бір өлеңінде «Руза, намаз зекет, хаж талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс...» деп жырға қосқан. Демек намаз ораза секілді зекет беру де – парыз амалдың бірі. Ал Ислам дінінде парыз деп бекітілген істерді орындау – міндет. Осыны ескере келе 2011 жылы ҚМДБ жанынан «Зекет» корпоративтік қоры құрылды. Кейін атауы «Зекет және қайырымдылық» қоры болып өзгерді. Бұл қор заңды және жеке тұлғалардың зекеттерін мен садақаларын қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысады. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. 2011-2022 жылдар аралығында қорға Едіге Алпысбай, Нұрбек Әуесхан, Әлішер Спанұлы, Талғат Омаров, Қанат Қыдырмин басшылық жасады. Өткен жылдың тамыз айынан бастап ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен қордың директоры қызметін атқарып келемін.

– Зекет жайлы көпшілік жақсы біледі. Зекет беретін мұсылмандар саны да көбейіп келеді. Кейінгі кездері ұшыр беретін жандар да кездесіп жатыр. Ұшырдың зекеті қалай беріліп жүр?

– Ұшыр – астық және жеміс-жидектің зекеті. «Ұшыр» сөзі араб тілінде «оннан бір» немесе «ондық» деген мағына береді. Яғни жиналған астықтың оннан бірін немесе оннан бірінің жартысын зекет ретінде беру керек болғандықтан, оны «ұшыр» немесе «ұшырдың жартысы» деп айтады. Фиқх ғұламалары Құрандағы: «Әй, мүминдер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан тиісті орынға жұмсаңдар» («Бақара» сүресі, 267- аят), – деген аятты алға тарта отырып, егістік өнімінің ұшыры беріледі деген үкім шығарған. Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаңбыр және өзен суымен суғарылған егістік өнімінің оннан бірін, шелекпен суарылған егістіктің жиырмада бірін ал», – (Бұхари) деп ұшырдың мөлшерін белгілеген. Демек бау-бақша мен егістік құдық суымен немесе су тартатын арнайы құрылғы арқылы суғарылып, дәрі-дәрмек сеуіп, өнім алынатын болса, өнімнің 5 пайызы ұшыр ретінде беріледі. Егер егістік жаңбыр суымен суғарылса, өнімнің 10 пайызы ұшыр ретінде алынады. Яғни шығын көп болса, берілетін ұшыр мөлшері аз, ал шығын аз болған жағдайда берілетін ұшыр мөлшері көп болады. Имам Ағзам Әбу Ханифаның (оған Алла разы болсын) айтуынша, жоғарыдағы аят-хадистер егістік өнімінің барлық түрін қамтиды.

– «Зекет және қайырымдылық» қорының ауқымды жұмысының бірі – қайырымдылықпен айналысу. Мұқтаж жандарға зекет пен садақа қандай тәртіппен таратылып, үлестіріледі?

– Шариғат бойынша жиналған зекет мынадай санаттағы адамдарға беріледі: мұқтаждар (нисаб мөлшеріне толмаған біршама мүлкі бар, бірақ діни мөлшері бойынша бай саналмайтындар), кедейлер (ештеңесі жоқ адамдар), борыштылар (қарызға толық батқандар), жолда ақшасыз қалған, қолында ештеңесі жоқ жолаушылар, Алла жолындағылар (елін, жерін қорғауға шықса немесе білім жолына аттанса). «Зекет және қайырымдылық» қорының базасында республика бойынша 1200 мұқтаж отбасы тіркелген. Қорға жиналған зекет пен садақалар арнайы бекітілген алгортим бойынша беріледі. Мысалы, көпбалалы отбасыға – 1 ұпай, асыраушысы жоқ болса – 1 ұпай, мүгедек баласы барларға 1 ұпай беріледі. Егер бір отбасы 3 ұпайға ие болса, автоматты түрде қызыл бөлікке еніп, бірінші болып көмек ала алады. 2 ұпайы болса сары, 1 ұпайға ие болғандар жасыл бөлікке енеді. Міне, осындай көрсеткіш арқылы отбасыларға көмек көрсетіледі.

– Бүгінде цифрлық дамудың игілігін ел болып сезіне бастадық. Зекетті беру және оны есептеуге байланысты ұялы телефонға арналған қосымшаның да шыққанына біраз болды. Осыған ұқсас басқа да жаңалықтарыңыз бар ма?

– Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда әлем бойынша цифрлық технологияның маңызы артып келеді. Өркениет көш басындағы мемлекеттердің барлығы дерлік цифрлық жүйеге көшкен. Біздің еліміз де соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Цифрлық даму әлемдік өркениеттің айнасына айналғалы бері қайырымдылық жасаудың ашықтығы пен жүйеленуіне пайдасын тигізіп келеді. Ұялы телефонға орнатуға болатын немесе онлайн сайт арқылы зекетті есептеп беретін қосымшалар барлық тұтынушыларға ыңғайлы әрі оңай болды. Соны ескере отырып біз «App Store» қондырғысына «Zeket» мобильді қосымшасын бейімдеп, жасап шықтық.

– Қор қандай жобаларды, жаңа бастамаларды іске асыруда? Осы жөнінде айтып берсеңіз?

– Қордың қызметі жыл өткен сайын жанданып, түрлі жобаларды іске асырып келеді. Игі істерді атқаруда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолдауын әрдайым сезінеміз. 2023 жылы әлемде және елімізде түрлі апаттар орын алды. Біз де қарап қалмай, шұғыл түрде әрекет етіп, көмек қолын создық. Айта кетсек, бауырлас Түркиядағы зілзала апаты кезінде 83 миллион теңге, Сириядағы зілзала кезінде – 41 миллион теңге, еліміздегі Абай мен Қостанай облыстарындағы өрт кезінде 39 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сонымен қатар жүйелі әрі жоспарлы түрде іске асып жатқан жобалар да аз емес. Атап айтар болсақ, денсаулықты сақтау бойынша «Өмірге үміт сыйла» және «Үміт сыйла сәбиге» жобалары адамдардың еміне көмек қолын созу және өтініш білдірушілерге дәрі-дәрмек алып береді. Қажет болған жағдайда жол шығынын де көтереді.

Киім-кешекпен қамтамасыз етуге қатысты «Бауырға киім – бұл менің сыйым» жобасы бойынша киім дүкендері мен мешіттер жанындағы кайырымдылық дүкендерін жұмылдыру арқылы мұқтаждарға және мектеп оқушыларына қажетті киім-кешек таратылады. Биыл 11343 отбасыға киім-кешек үлестірілді. «Тайқазан» жене «Қайырымды жұма» жобалары аясында жетім-жесір, жағдайы төмен, мүгедек балалары бар 128 256 отбасыға азық-түлік берілді. «Жетім көрсең, жебей жүр» жобасы аясында 4043 жетім балаға қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. «ҚМДБ гранты» жобасы аясында Нұр-Мүбарак университеті, медреселер, қарилар орталығы жене шет елдердегі оқу орындарында ҚМДБ жолдамасымен оқып жатқан 263 шәкіртке оқу гранты табысталды. 

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы негізінде пәтерге аса мұқтаж көпбалалы отбасы, мүгедек жандарға және имам-ұстаздарға биыл 59 пәтер, жалпы 692 пәтер кілті берілді. «Мектепке жол» жобасы аясында дарынды оқушылар мен студенттерді колдау мақсатында көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларыдан шыққан 20 164 балаға көмек көрсетілді. Асыл дінімізде біреуге мейірім көрсеткен пендеге Алланың мейірімі түсетіні айтылған. Хәкім Абайша айтқанда, «өзімізге ойлаған нәрсенің өзгелерде болуын қалау – нағыз жүрек ісі». Пайғамбар хадисімен түйіндесек, «шынайы иман иесі – өзіне қалағанды өзгелерге қалайтын пенде». Ендеше, жүрек ісін жасайтын жандар көбейсін деп тілейміз. 

– Келесі жылы қор тарапынан атқарылар жұмыстар мен жоспарлар жайында оқырмандармен бөлісе кетсеңіз?

– «Зекет және қайырымдылық» қоры 12 бағыт бойынша жұмыс іст ейді. Денсаулық бағыты бойынша «Өмір сыйла сәбиге» атты акциямыз бар. Бұл жоба аясында ауыр дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетіледі. Балаларымыз – біздің болашағымыз. Осындай тағдыр тауқыметін ерте тартқан балдырғандарға және ерекше балаларды оңалту үшін көптеген жобалар іске асырдық. «Гросс тренажер», «Тұзды шахта», «Барокамера» т.б. Елімізде жұмыс істеп жатқан көптеген мекемелерде ауыр сырқаты бар жандарға жағдай толық жасалмаған. Осы орайда ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры мүгедектігі бар балаларға арналған инклюзивті спорт зал және емдік денешынықтыру (ЛФК) инструкторларын даярлау мақсатында арнайы жоба бастады. Алдағы уақытта ерекше балаларға арналған инклюзивті спорт зал ашу және мұқтаждар базасын цифрландыру ойымызда бар.

 

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру