Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

«ТАХИЯ» ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мұхан ИСАХАН 28.04.2023 4158 0 пікір
«ТАХИЯ» ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Талайдан бері айтып келе жатырмыз біздің түбімізге «тахияшылар» жетеді деп. «Тахия» дегеніміз не? Сөздік мағынасы – жасыру, бүркеу, тығылу. Терминдік мағынасы – көпшіліктің ығына қарай шынайы бет-бейнесі мен мұрат-мақсатын жасырып, өзіне басқаша шырай, сүйкімді келбет, әдемі реңк беру.

Әсілі, «тахия» діни термин. Ғулат ағымдары қашан мақсатына қол жеткізгенге дейін өзінің шынайы бейнесін жасыруды халал деп санаған. Ал, әһлі сүннет уәл жамағат сенімінде бұл мұнапықтың сипатына жатады.

«Тахия» жасаушыны қазақ «көз бояушы», «сырты бүтін, іші түтін», «екіжүзді», «жүзіқара» және т.б. атаулармен атаған. Бір қызығы бұрын «тахия» тек діни термин болса, қазір мемлекеттік саясат пен ұлттық мәселеде де тамыр жая бастады. Базбір ағаларымыз қызыл тілімен халықтың көңілін аулап, бірақ, реті келгенде тасада тұрып талматұсымызға тас атады. Әрине, қара халық сабан астынан су жүгіртетін қитұрқы ойындардың байыбына бара бермейді. Әдемі сөздерге иланады, әртіс ағаларымыздың жасаған трюктеріне кәдімгідей нанады. Кейбір тахияшылар тәкәппарлықтың тағынан түсе алмай, жалған намысқа беріліп, өзін болмаса да болған, толмаса да толған секілді көрсеткісі келеді. Оғанда базбіреулер нанып жатады. Шынтуайтында, әлгінің қауашағы бос, құр қуыс кеуде, яғни, екіжүзді ауру... 

Тегі, қай мәселеде болмасын, мейлі саясат, мейлі экономика, мейлі ұлттық тақырып болсын, екі беткей (тахия) болмау – жүрекке, ар-ұжданға, иманға байланысты. Себебі, саясат тақырыбы былай тұрсын, қарапайым көше сыпырушығы да жүрек пен ар-ұждан «адами» өлшем болып саналады. Түптеп келгенде көп мәселе (тахияға ұрынбау) – иманға келіп тіреледі. Яғни намысты ұлт болып, мықты мемлекет (мәңгілік ел) құрғымыз келсе, әуелі рухани (иман) байлығымызды арттыруымыз керек. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлттардың артықшылығы – Аллаға деген жақындықпен өлшенеді» деген. Иә, Алла Тағалам Алаш баласын имансыз болудан сақтасын!

 

Мұхан ИСАХАН,

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, дінтанушы 

Материал Мұхан Исаханның Facebook-тегі парақшасынан алынды

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру