Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЖӘННАТ НЫҒМЕТТЕРІ

Қанат Қыдырмин muftyat.kz 17.08.2021 2050 0 пікір
ЖӘННАТ НЫҒМЕТТЕРІ

Жақсы істің қарымын күту, жұмыстан кейін еңбекақы алу, игі амалдың нығметін көру, былайша айтқанда, бейнеттің зейнетін көру – адам табиғатына тән құбылыстың бірі. Пенде көп жағдайда кез келген істің өзіне пайдалы тұсын көздеп тұрады. Адамды махаббатпен жаратқан және оның бүкіл болмысын толық білетін Алла Тағала өз құлдарын жақсылыққа бұйырып, оның қарымтасы ретінде мәңгілік бақыт мекені болған жәннатын уәде етті.

Аса рақымды, аса мейірімді Хақ Тағала өзіне иман еткен мұсылманды жәннат нығметтерімен қызықтырып әрі соған асығу үшін жақсылықта жарысуды әмір еткен. Бұл туралы екі дүниенің бақытына жетелейтін қасиетті кітабымыз Құранда: «Пәк, (тақуа) жандар Нағым Жәннатында жай табады. Биіктіктердегі орнатқан жайларға жантая жайғасқан олар (Пейіштің таусылмас қызықтарын) тамашалаумен болады. Олардың жүздері қуаныштан, рахаттан нұрланып тұрады. Ал олардың шөлдерін басу үшін, әбден бабына келтіріліп дайындалған, иісі жұпар аңқитын, саф таза сусындармен сусындатады. (Оған қоса ұрттаған сайын) миск – әтірдей жағымды иісі аңқиды. (Шынайы қасиеттерді бағалаушылар (осындай рахаттарға қол жеткізу үшін ұмтылып) бір-бірімен жарыссын» («Мутаффифин» сүресі, 22-26 аяттар) деп баяндалған.

Адам баласы осы өмірде ең әуелі Алланың жарылқауымен және тынымсыз һәм тиянақты еңбектің арқасында белгілі бір табысқа немесе жетістікке қол жеткізеді. Ал жәннат нығметіне бөлену сауапты істе үлкен табандылық пен тұрақтылықты талап етеді. Ол үшін ыждаһатты ықылас пен шынайы ниет қажет. Ниет пен ықыласқа ден қойылса, адам кез келген істің орайын табады және оны махаббатпен істейді.   

Біздің пайымдауымызша, жақсылықта жарысу – Алланың разылығына бөленетін амалдарды көбірек жасау және әр істі сауапқа айналдыру. Біз кейде өзіміз ойлаған нәрселер жүзеге аспай жатса «неге» деген сұраққа тіреліп қаламыз. Әу баста тағдырымызда жазылған нәрсеге нәпсіміз «келіспей» жатады. Оны «келеңсіз» жағдай деп қабылдауымыз да мүмкін. Алайда таңдау – өз еркімізде. Біріншісі – «неге» деген сұрақпен шарқ ұрып, эмоция шығару, тағдырмен «келіспеу», сөйтіп, лағынеті шайтанға «көмектесу». Екіншісі – Алладан әр істің қайырын күту, өткінші қиындықты разылықпен қабылдау, «бұдан да жаманы болса қайтер едім» деген түсінікпен төзімділік танытып, шүкір ету.

Кез келген істің соңғы нәтижесін шексіз даналық иесі болған Алла Тағала анық біледі. Раббымыз: «Қайдан білесіңдер, бәлкім Алла сендер ұнатпаған нәрсенің артын қайырлы қылып, көптеген жақсылыққа ұластыруды қалайтын шығар» («Ниса» сүресі, 19-аят) деген.

Аллаға иман келтірген кез келген мұсылманның түпкі арманы – жәннат нығметіне кенелу. Жаратушы Иеміз: «Раббыларыңның кешіріміне, кеңдігі жер мен көктей болатын, тақуалар үшін әзірленген жәннатқа ұмтылыңдар» («Әл-Имран», 133-аят) деген.

Аллаға ұнамды кез келген амал адамды жәннатқа жетелеуі мүмкін. Раббымыз кеңдігі жер мен көктей болған жәннатқа жетелейтін амалдарды да Құранда айрықша атап өткен. Соның бірі – Аллаға көркем қарыз беру. Бұл жайында қасиетті кітабымызда: «Кім Аллаға жақсы борыш (қарыз) береді? Алла мұны ол үшін еселеп арттырады. Оған ең жоғары және абыройлы сауап бар» («Хадид» сүресі, 11-аят); «…Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, Аллаға көңіл ризашылығымен борыш (ізгі қарыз) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала (дүниеде жүргенде) қандай ізгілік әзірлесеңдер, Алла алдынан одан да қайырлы, одан да зор сый табасыңдар. Алладан кешірім сұраңдар, шүбәсіз, Алла тым кешірімді, ерекше мейірімді» («Мүзәммил» сүресі, 20-аят) деп баяндалған.           

Бірде Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы бір қой сойған еді. Оның етін адамдарға таратып береді. Алла елшісі қой етінен қанша қалғанын сұрайды. Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Тек бір жауырыны қалды» деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жауырын сүйегінен басқасының бәрі біздікі болды десеңші!» дейді. Осы хадис тағылымын тарқатып айтар болсақ, асылында біз өзгелерге көмек беру ісінде ең әуелі өзіміз мұқтажбыз. Ашып айтқанда, алушыдан бұрын беруші мұқтаж. Өзгеге бергеніміз өзімізге еселеп қайтады. Құрбандыққа мал шалғанда ең семізін, ең жақсысын шалатынымыз сондықтан. Өзіміз жақсы көрген нәрсені Алла жолында жұмсамайынша, игілікке қол жетізе алмайды екенбіз.

Алла Тағала Құранда өздері мұқтаж бола тұра пақырды тамақтандырған Әли мен Фатима анамыздың (оларға Алла разы болсын) амалын ерекше атап өтіп, ықыласпен жасаған ізгі істерінің қарымы ретінде есеп күнінің азабынан құтқарып, жүздеріне күлкі, жүректеріне қуаныш ұялатты. Бұл туралы Құранда: «Өздері мұқтаж бола тұра тамақтарын пақырға, жетімге не тұтқынға береді және оларға: «Мұны сендерге Алла ризашылығы үшін береміз, сендерден ақы мен рахмет күтпейміз. Біз Раббымыздың қаһарлы, қайғылы күнінен қорқамыз» дейді. Алла да оларды сол күннің жамандығынан қорғайды. Жүзін жарық етіп, көңіліне қуаныш ұялатады» («Инсан» сүресі 8-11 аяттар).

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатқа кіргендерге жаршы: «Сендер мұнда дендерің сау болып, ауырмайсыңдар. Мәңгі өмір сүріп, ауырмайсыңдар. Жас болып, қартаймайсыңдар. Әрдайым нығметте болып, жаманшылыққа ұшырамайсыңдар» деп жар салады» деген соң Алла Тағаланың мына аятын оқыды: «...Оларға «Қысқа өмірде жасаған амалдарың арқылы қол жеткізген мирастарың осы – жәннат» делінеді» («Ағраф» сүресі, 43-аят).

Алла Тағала баршамызды осы өмірде жасаған қайырлы амалдарымыздың қарымы ретінде жәннатын нәсіп етіп, есеп күнінде жүзімізге күлкі, жүрегімізге қуаныш ұялатқай. Әмин!    

 

Қанат ҚЫДЫРМИН,

республикалық «Әзірет Сұлтан»

мешітінің наиб имамы 

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі