Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

19 April 2024

10 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ҚҰРАНҒА ҚҰРМЕТ – МҰСЫЛМАНҒА МІНДЕТ

Ислам МАРАТҰЛЫ muftyat.kz 25.07.2021 5862 0 пікір
ҚҰРАНҒА ҚҰРМЕТ – МҰСЫЛМАНҒА МІНДЕТ

Қасиетті Құран Кәрім – он төрт ғасырдан бері мұсылмандар үшін рухани бастама және шабыт көзі. Бұл – Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи ретінде түсіп, әлі күнге түпнұсқа күйінде сақталған бірден-бір кітап. Әрбір мұсылман үшін һәм жалпы мұсылман үмбеті үшін маңызды. 

Осы ретте Құранды оқудың, жаттаудың, ұстанудың, зерттеудің, оған деген үнемі сүйіспеншіліктің, оның аяттарының мағыналары мен құпияларына ой жүгіртудің артықшылығы біз ойлағаннан да көп екендігін айтқымыз келеді. 

Құран аяттары – Жаратушының сөзі, сондықтан Алла Тағала оларды адамдар тарапынан жасалуы мүмкін бұрмаланулардан қорғайды. Бұған дәлел ретінде Құрандағы: 

«Расында Құранды Біз қорғаушымыз»[1] аятын келтіруге болады. 

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран Кәрімді оқудың маңыздылығы жайлы көптеген хадистерінде айтып өткен. Сондай-ақ, «қоштасу құтпасында»: «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің сүннетім»[2] - деп, барша үмметіне аманат ретінде табыстаған. 

Осы аманатқа берік болған алдыңғы мұсылман буындарының әл-Китабтың қадір-қасиетіне терең бойлағанына күмәніміз жоқ. Олар Құран Кәрімге құрметпен, жауапкершілікпен қарап, ондағы жазылған аяттарға сай өмір сүргендіктен бақытты ғұмыр кешті, өшпейтін із қалдырды. Олар өздерінің имандылығын, адами қасиетін Құран нұрымен, пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетімен безендірді. Олардың күні қасиетті аяттармен басталып, соларды оқумен аяқталды. 

Омар (р.а.) және Осман (р.а.) таңертең тұрып, дәрет алып болғаннан кейін, қолдарына ең бірінші Құран кітабын алатын болған. Османның (р.а.) Құранды көп оқығаны соншалық, кейбір деректерге сүйенсек, Құранның екі қолжазба көшірмесі ескіріп қалған. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) болса күнде таңертең қолына Құран алып, сүйіп: «Бұл – менің Раббымның өсиеті, Оның анық жарлығы»,- деп айтқан. 

Кейінгі тарихта да «әл-Фурқанға» құрмет танытып, кейінгі ұрпаққа үлгі болған адамдар аз болған жоқ. Соның бірі – Осман мемлекетінің негізін қалаушы, тақуа Осман Ғази. Бірде ол әйгілі шейх Әдәбәлидің үйінде қонуға қалып, өзіне берілген бөлменің қабырғасында арнайы жақтауда Құранның тұрғанын байқайды. Құран тұрған кезде менің жатқаным құрметсіздік болар деген оймен түнді отырып, кейбір деректер бойынша тік тұрып өткізген екен. 

Осман Ғазидың бойындағы Құранға деген құрмет пен махаббаттың күшті болғаны соншалық, оның әр іс-әрекетінен көрініп, өз ұлына келесідей өсиет қалдырған: 

«Ұлым! Құранның заңдарынан алыстама. Әділ билік құр. Аш адамдарды тамақтандыр. Исламға қызмет ететіндерге қызмет ет ...». 

Мұндай ғибратты оқиғалар жетерлік және ол – сахабалардың, әулие-әмбиелердің, ғұламалардың Құранмен әрекет етуінің арқасында өз өмірлерін кемелдендіре түскендігінің айқын дәлелі. 

Ал біз Құранға қалай қараймыз? Мұқабасын безендіріп, үйіміздегі биік орынға қою арқылы жүрегіміздегі ең маңызды орынға қоямыз ба? Немесе оны Рамазан айында ғана қолымызға алып, келесі жылға дейін ашпаймыз ба? Құранды қатесіз, тәжуид ережелеріне сай оқи аламыз ба? Оны оқып қана қоймай, түсінуге тырысамыз ба? Осы сұрақтарға берілген жауаптар біздің Алланың кітабына деген қарым-қатынасымызды анықтайды. 

Құраннан алыстау адамның рухани өміріне әсер етеді. Бұған жол бермеу үшін адамның өзі, оның жанұясы, қоршаған ортасы Құран мәдениетімен өмір сүруі тиіс. Себебі Құран – адам өмірінің барлық саласына арналған нұсқаулық. Құрандағы пайғамбарлар қиссаларының өзі бізге өнеге болу үшін келтірілген. 

Құранға деген махаббатты ояту үшін не істемек керек? Ең алдымен оған құрмет көрсетуіміз керек:

  1. Құранды тек дәретпен ұстау;
  2. Құранды өзге кітаптартан жоғары және таза жерге қою;
  3. Құранды Алла разылығы үшін оқу және т.б.

 

Осы әдептерді қалыптастыру арқылы, Алланың қалауымен бойымызда Құранға деген махаббат көрініс табады. Оның, яғни, Құранға деген махаббаттың белгілері: 

  • Құранды жиі оқу;
  • Құран аяттары жөнінде ойлану;
  • Мінезімізді Құран үйреткен мінезбен сәйкестендіру;
  • Құран аяттарын оқып, естігенде жүректің ләззатқа бөленуі[3]. 

Қорыта келе, Құранға деген махаббат – біздің жан-дүниеміздегі шөлді көркейтетін жаңбыр іспеттес. Сеніміміз бен тағдырымыздың қажеттілігі – Алла кітабын түсіну, үйрену және басқаларға үйрету. Ата-ананың балаларына бере алатын ең үлкен мұрасы – олардың өмірін Құранмен безендіру арқылы бойында адамгершілікті қалыптастыру. 

Алла баршамыздың жанымызды Құран нұрымен толтырып, әл-Китабқа деген сүйіспеншілігімізді арттырсын! Әмин! 

 

Ислам қари МАРАТҰЛЫ,

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария»

 мешітінің наиб имамы

 

[1] «Хижр» сүресі, 9-аят

[2] (Әбу һурайрадан Сахихул Жәмиғ риуаят еткен) 

[3] «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру