Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ҚАЛАУЫМЫЗДЫҢ ҚҰЛЫ БОЛМАЙЫҚ

Айдос Жамбылұлы muftyat.kz 09.07.2021 4548 0 пікір
ҚАЛАУЫМЫЗДЫҢ ҚҰЛЫ БОЛМАЙЫҚ

Адам баласының бойында ізгі қасиеттермен бірге жағымсыз сипаттар да кездесетіні ақиқат. Алайда пенде жағымсыз мінездері мен жаман сипаттарынан арылуы тиіс. Ғұлама Хасан әл-Басридің (Алла оны рақымына бөлесін): «Нәпсінің жетегінде кеткен адам өз қалауының құлы болғаны. Кімде-кім нәпсі қалауына иелік ете алса, нәпсісінің патшасына айналады» деген сөзінде үлкен мән жатыр...

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Дұшпандарыңмен күрескендей, нәпсілеріңмен де күресіңдер». Ислам ғұламалары нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу және жаман қасиеттерден арылу Алланың адам баласына бұйырған әмірі екенін жеткізген.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни, бойындағы бар күш-жігерін кемел адам, үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолдарымызға бағыттаймыз. Расында, Алла әрдайым Раббыларын өз көздерімен көріп тұрғандай үнемі игі іс істейтін ізгі жандармен бірге» («Анкәбут» сүресі, 69-аят) деп баяндайды.

Фузала ибн Абид (Алла оған разы болсын) жеткізген тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынайы мұжаһид дегеніміз – Алла жолында өз нәпсісімен күрескен адам».

Ғұламалардың айтуынша, нәпсімен күресу –  құлшылық. Құлшылықтың бұл түрін тек білімді адам ғана орындай алады. Расында, нәпсі тәрбиеге бағынады және жақсы нәрсені қабылдай алады. Бейнелеп айтқанда, нәпсі жас сәбиге ұқсайды. Нәрестені үздіксіз емізе берсе, ол соған үйренеді. Ал дер кезінде, яғни екі жыл толғанда емізуді тоқтатса, ол бұл жағдайды болуы тиіс екен деп қабылдайды. Нәпсі де сондай, жақсы нәрсені дер кезінде үйретсе, оны дұрыс қабылдайды. 

Осы ретте ескеретін нәрсе: нәпсімен күрес жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Мысалы, Алла Тағала Құранда арақ-шарапқа бірден тыйым салмаған. Әуелі оның зияны туралы баяндап, одан кейін ішуге тыйым салған. Бұл – Алланың хикметі. Сол секілді адам баласы да бойындағы жаман әдеттерден әсте-әсте арылғаны абзал.

Нәпсімен күресу дегеніміз – бойдағы жаман қасиеттерді бір сәтте жұлып алу емес, кезең-кезеңімен жаман қасиеттерді жақсылыққа қарай алмастыру. Мәселен, ашулану сезімі жеке бастың қамы үшін және нәпсіні қанағаттандыру үшін туындаса, ол жағымсыз қасиет болып саналады. Ал Алла Тағаланың ризалығы үшін туындаған ашу – мақтаулы сипат.

Нәпсімен күресудің оң нәтижелерін көру үшін ең алдымен адам баласы өз қалауына көңілі толу деген ұғымнан арылуы керек. Нәпсіге қатысты Алла Тағаланың аятын үнемі естен шығармау керек. Құранда: «Расында нәпсі жамандыққа бұйырушы» («Юсуф» сүресі, 53-аят) делінген. Алла Тағаламен арадағы байланысты үзетін кедергілердің бірі осы нәпсі екенін үнемі естен шығармау керек.

Ғұламаларымыздың пікірінше, Алла Тағаламен байланысты үзетін төрт нәрсе бар екен. Олар – нәпсі, дүние, шайтан және халық. Шайтан мен нәпсінің адам баласына дұшпандығы анық көрініп тұрады. Кейбіреулер халықтың мақтау сөзі мен сын пікірін естіген кезде тура жолдан тайып кетеді. Ал дүниеге келсек, оны қолда емес, жүректе ұстау – Алла Тағаламен байланысты үзуге әкеп соғатын сипат.

Нәпсімен кезең-кезеңмен күресуде өз кемшілігімізді жақсы білуіміз керек және одан арылуға тырысуымыз тиіс. Ғұлама Әбу Мадиян былай деген екен: «Өзіңді ұмытып, өзгелердің кемшілігін іздеуді доғар. Бойыңдағы кемшілігің өзіңе ғана көрінбейтінін ұмытпа. Жығылып жатып сүрінгенге күлгенің – мен ақымақпын, соны білгін дегенің».

Адам баласы әуелі ниетін түзеп, ықыласқа ден қойып, дене мүшелерін құлшылыққа үйретуі керек. Бұл ретте ден мүшелерін жеке-жеке тәрбиелегені абзал. Мәселен, тілді Құран оқуға, Алланы еске алуға, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаруға дағдыландыру қажет. Құлақты Құран тыңдауға, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері мен уағыз-насихаттарын тыңдауға үйрету керек.

Көзді қасиетті Қағбаға қарауға, Алланың жаратылысын көре білуге тәрбиелеу керек. Қолымызды мұсылмандармен амандасуға, садақа беруге үйретуіміз тиіс. Ал аяқты мешітке баруға, білім жолында жүруге, науқастардың хәлін сұрауға, ренжіскен адамдардың арасын татуластыруға үйрету керек. Ал қарынның құлшылығы – Алланың бұйырған құлшылықтарын орындауға күш жинау мақсатында адал асты жеу. Жыныстық мүшенің құлшылығы – зинақорлықтан сақтану және ізгі ұрпағын көбейту мақсатында шариғат шеңберінде адал ақ некеде болу.

Осыдан кейін нәпсінің жасырын кемшіліктерінен арылуға кірісу керек. Тәкаппарлық, ашу-ыза, мақтаншақтық, жалқаулық, көп ұйқышылдық, жігерсіздік секілді нәпсі кемшіліктерін қарапайымдылық, шынайы ықылас, мейірімділік, еңбекқорлық, жігерлілік, ыждаһаттылық сынды жақсы сипаттарға ауыстыруды бірте-бірте қолға алған абзал.

Нәпсімен кезең-кезеңімен күресу кезінде білікті ұстаздың көмегіне жүгінген жөн. Тура жолды нұсқаушы әрі жақсы тәрбие беруші ұстаздан ізгілікті үйрену барысында адам өз бойындағы кемшіліктерден арылуға мүмкіндік алады. Ұстаз көрген шәкірт ұстазының бойындағы жақсы қасиеттерді өзіне сіңіру арқылы иманын арттыру мүмкіндігіне ие болады. Аллаға шүкір, бүгінде мешіттерімізде білікті ұстаздар бар. Олардан тәлім алуға тырысуымыз тиіс. 

Алла Тағала біздерге мынадай аяттарды баяндайды: «Маған құштар жандардың жолына ілес» («Лұқман» сүресі, 15-аят); «Әй иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят); «Бір Алланың ғана разылығын қалап, Раббыларына ертелі-кеш дұға жасап, жалбарынатын мүміндермен бірге болуда барынша сабырлы болып табандылық таныт. Қу тіршіліктің сән-салтанатына аңсарың ауып, әлгі адамдардан көз жазып қалма. Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз қаперсіз еткен, нәпсісінің қалауына ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме» («Кәхф» сүресі сүресі, 28-аят).

Бұл аяттардан Аллаға құштар жандардың жолына ілесудің, шыншылдармен бірге болудың, мүміндермен бірге болуда барынша табандылық танытудың маңызын түсінеміз. Сонымен қатар, қу тіршіліктің сән-салтанатына алданып, нәпсі қалауына еріп, шектен шығып қалудан барынша сақтану қажеттігін түсінеміз.

Алла Тағала баршамызды ізгі құлдарының қатарында болуды нәсіп еткей. Әмин!

 

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Жаңаөзен қалалық мешітінің наиб имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру