Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ПАЙҒАМБАР ﷺ МАХАББАТЫ

Ерболат Жүсіпов muslim.kz 05.11.2020 6906 0 пікір
ПАЙҒАМБАР ﷺ МАХАББАТЫ

Күллі адамзат баласының ішінде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың есімі ерекше құрметке ие екендігі баршамызға белгілі. Өйткені, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың өзі, қала берді барша періштелер, тіпті өзінен алдын өткен пайғамбарлар да айрықша әспеттеп, биік дәрежеге көтерген.  Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – «көркем мінезді кемеліне жеткізу» үшін жер бетіне жіберілген ерекше болмыс иесі. Ол – Мейірім мен шапағаттың қайнар бұлағы болған Ұлы шапағатшы, адамдардың мырзасы, Махшар күнінде көмек беруші, Пайғамбарлардың сұлтаны еді!

Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен кей деректердің бірінде: «Егер Алла Тағала белгілі пендесін жақсы көріп қалса, Жебірейіл періштені шақырып: «Мені мына пендемде жақсы көремін, сенде жақсы көр», – деп бұйырады екен. Сол кезде әлгі адамды Жебірейіл жақсы көріп қалады да, аспандағы періштелерге: «Алла Тағала мына құлын жақсы көріп қалды, сендер де жақсы көріңдер», – деген кезде, әлгі адамды періштелер де жақсы көріп қалады. Кейін оны жердегілер де жақсы көреді»[1], – делінген.

Аталмыш хадиске назар салсақ, шынымен де Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікті Алла Тағала әрбір мүміннің жүрегіне салып қойғандығын сеземіз. Пайғамбар есімі айтылғанда, оған деген сағыныш, ынтызарлық артып, жан дүниемізді ерекше бір күш билеп алатыны жасырын емес. Әрбір мүмін адам үшін бұл дүние былай тұрсын, сонымен қатар қиямет күні кіммен бірге болуы да маңызды. Демек, пайғамбарлармен, шыншылдармен, ізгі құлдармен ақыретте бірге болуды армандаудың дінде еш әбестігі жоқ. Бір кісі Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құзырына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Қиямет қайым қашан болады?» – деп сұрақ қояды. Сонда әз Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қияметке қандай дайындығың бар?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Ол күнге дайындаған көп намазым, оразам, садақам жоқ, бірақ мен Алланы және оның Елшісін жақсы көремін», – дегенде, Пайғамбарымыз былай деп жауап қайтарған: «Адам кімді жақсы көрсе, қияметте сонымен бірге болады»[2]. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің біздерге қалдырған бір өсиетінде: «Кімде-кім мені баласынан, әкесінен және жалпы адамдардың бәрінен артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайды», – деген екен. Демек, мұсылман баласы үшін барлық жақсылықтың бастауы, имани ләззаттың шыңы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызды шынайы жақсы көруден басталады екен. Ал, бір жанды жақсы көруіміз үшін ең алдымен Оны жақсылап танып, ғұмырынан ғибрат түйіп, сүннетін сүйе түсуіміз қажет емес пе?! Расында, Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай жан еді?

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің үмбетіне ата-ана перзентіне қалай мейірімді болатын болса, одан да асқан мейірімді, одан да асқан жанашыр болатын. Қасиетті Құранда: «Расында, сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған, қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді»[3]. 

Жоғарыда келген аятта Пайғамбарымыздың бірнеше кемелдік сипаттары тілге тиек етіледі. Адамзат тарихы Пайғамбардай тұлғаға әсте куә болған емес. Алланың сүйікті құлының ерекшелігін Айша анамыз (р.а.) былайша суреттейді: «Күндерден бір күні Алла елшісінің көңілді болып жүргенін көрдім де, маған дұға жасауын өтіндім. Сол мезетте әз Пайғамбар: «Уа, Алла! Айшаның өтіп кеткен және келешекте, жасырын және ашық жасаған қателіктерін кешіре гөр!» – деп дұға жасайды. Айша анамыз (р.а.) Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасаған дұғасына қатты қуанып, шаттана түседі. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің жасаған дұғам сені қуантты ма?» – дегенде, Айша анамыз (р.а.): «Сіздің дүғаңыз мені неге қуантпасын?» – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың атымен ант етемін, бұл – менің үмбетім үшін әр намазда жасайтын дұғам»[4], – деді. 

Пайғамбарымыздың дұғасы қабыл болмай, кері қайтарылып жіберетін дұға емес. Аланың сүйіктісіінң әр намаз соңында: «Уа, Алла! Үмбетімнің өтіп кеткен және келешекте, жасырын және ашық жасаған қателіктерін кешіре гөр!» деп дұға жасауы оның күллі адамзатқа деген жанашырлығы емес пе? 

Пайғамбарымыз әрдайым өзіне дөрекілік танытқандарға көркем мәміле жасай білді. Жаратушымыз қасиетті Құранда: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді».[5] 

Екі дүние сардарының жұмсақтығы мен мейірімділігіне мына хадисті келтіруге болады. Сахаба Әнас (р.а.) былай деп суреттейді: «Пайғамбарымызбен көшеде келе жатыр едім. Пайғамбарымыз үстіне жағасы қалың шапан киіп алған болатын. Алдымыздан ауылдан келген бір адам шығып, пайғамбарымыздың жағасына жармаса кетті. Әлгі адамның қатты тартқаны соншалық оның мойнында қызарған із қалдырды да былай деді: «Уа, Мұхаммед! Маған садақа бер», – деді. Пайғамбарымыз сол мезетте әлгі адамға мейірімділікпен қарады да, күлімдеп жанындағы адамдарға құзырындағы мал-мүліктен берулеріне әмір етті»[6]. 

Пайғамбырымыздың ерекше қасиеттерін санап шығу мүмкін емес. Өкінішке орай, кейбір жерде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметсіздік, жаланың тасы атылып қалып жатады. Өйткені олар Пайғамбарымыздың әлемге мейірім, рақым етіп жіберілгенін білмей қалып жатыр. Өзін мұсылман санаған әрбір адамзат Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын, салып кеткен сара жолын үйренуі және кейінгі ұрпаққа насихаттауы борышы болмақ. 

Ерболат ЖҮСІПОВ,

Нұр-Сұлтан қаласының және

«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

 

[1] Муслим.

[2] Бұхари.

[3] «Тәуба» сүресі, 128-аят.

[4] Имам Баззар риуаяты.

[5] «Әли Имран» сүресі, 159-аят.

[6] Бұхари.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру