Адамдардың нәпсісін тәрбиелеп, оны тазарту – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген төл уәзипаларының бірі. Құранда Алла Тағала: «Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішіне өздерінен; оларға Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ оларға: Кітап, даналық үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді» («Жұма» сүресі, 2-аят) деген. Нәпсі тәрбиесі туралы ілімді «Тәрбияту ән-нафс», «Тәзкияту ән-нафс» деген сияқты т.б. атаулармен атап жатады. Тілдік тұрғыда «әт-тәзкияту» сөзі тазалау, тәрбиелеу деген мағынаны білдіреді. Ал «нәпсі» сөзі Құран тілінде «ән-нәфсу» деп аталып, рух, жан, жүрек, бір нәрсенің ақиқаты, адамның ішкі дүниесі деген мағыналарды білдіреді. Адамның хайуани инстинктілерге соқыр еруін нәпсіқұмарлық деп атайды. Шариғи мағынада нәпсі тәрбиесі дегеніміз – пайдалы білім мен ізгі амал, діннің бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылу арқылы жанды тазарту.
Нәпсіні тәрбиелеудің үкімі
Имам Ғазали нәпсісін тазарту әрбір мүмінге парыз айн екендігін айтқан. Тіпті ол адамның бойында жаман мінез болмаса да, әр адам жүрек дертін біліп, оны қалай тазалап, тәрбиелеу жолдарын меңгеруі қажет дейді. Бірақ көпшілік ғалымдар парыз айн емес деген көзқараста. Бұл үкім тек жүрек дертіне шалдыққан адамдарға ғана қатысты дейді. Сол үшін де олар нәпсіні тазарту жалпы үмметке парыз кифая деп санайды. Имам Ғазалидің мұндай пікір айтуының себебі, жалпы кез келген адамның табиғатында жүрек дерті бар. Одан ешкім ада емес. Сол үшінде адамзаттың ең абзалы болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегін екі рет «жарып», сол дерттің орны болған қара кесек ет алынып тасталған дейді. Ал жумһур ғалымдар «адамның табиғи болмысы ондай дерттен таза болады» дейді. Өйткені «Адам табиғатында (фитрасында) мұсылман болып дүниеге келеді» делінген дәлелді алға тартады. Кей ғалымдар осы екі дәлелдің арасын қосып, адамның табиғатында болмаса да, ол дерттерге шалдығу қаупі бар екенін айтқан. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегін «жарудағы» мәселе, оны емдеу емес, оны сол дерттердің жоламасы үшін жасалғанын түсіндіреді.
Нәпсінің түрлері
Адам нәпсісіне қатысты келген Құран аяттарына үңілер болсақ, нәпсі үш түрлі жағдайда болатынын көреміз. Олар:
- Ән-нафсу әл-әммарату би-с-су-и (Жамандыққа бұйырушы нәпсі). Нәпсінің бұл жағдайына қатысты Құранда: «Нәпсімді ақтамаймын, расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мархабат етсе, ол басқа. Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Жүсіп» сүресі, 53-аят») деп айтылады. Нәпсінің бұндай күйіне қатысты әл-Журжани атты ғалым: «Мұндай нәпсі денені табиғатына иіп, тән рахаты мен құмарлығына бұйыратын, жүрек істерін төмен дәрежеге сүйрейтін, күнәлі істердің тұрағы әрі жаман мінез құлықтың негізгі басталатын орны», – деп айтқан (Әт-Тағрифату ли-л-журжани, 234-бет). Осы себептен де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хұтпасында былай дейтін еді: «Бүкіл мадақ Алла Тағалаға тән. Біз Алланы мақтаймыз, Одан жәрдем тілейміз және кешірім сұраймыз, нәпсіміздің жамандығынан Аллаға сыйынамыз» (Әбу Дәуд (2118), Тирмизи (1105).
- Ән-нафсу әл-ләууәмату (Сөгіс беруші нәпсі). Бұл – күнәлі іс жасаса, өзін сөгіп, ол ісіне өкініп, тәубе етіп, артынша жақсы амал жасайтын адамның нәпсісі. Құранда «Жоқ, қиямет күніне ант етемін. Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін» («Қиямет сүресі», 1-2-аяттар) делінеді.
Бұл – мүмін адамға тән нәпсі. Алла Тағаланың Қиямет күнімен ант еткеннен кейін, өзін сөгуші нәпсімен де ант етуі – нәпсінің осы түрінің артықшылығын көрсетеді. Бұндай нәпсіге қатысты Мужаһид атты ғалым: «Бұл – қандай да бір амалды істегеннен кейін өзін сөгіп, өкінетін нәпсі. Яғни, жаман іс істесе «не үшін істедім?» деп, ал жақсылық жасаса «неге көбірек істемедім» деп өзін жазғыратын нәпсі», – деп айтқан (Әл-Жамиғу ли-әхками әл-Қуран» 19/93).
- Ән-нафсу әл-мутма-иннату (орныққан нәпсі). Бұл – нәпсінің ең үлкен дәрежесі. Яғни, Алла Тағаланың бұйрықтарын орындауға орныққан, Оның тағдырына ризалық танытушы, Оған тәуекел еткен, иманның дәмін сезінген адамның нәпсісі. Құранда: «Әй орныққан нәпсі! Раббыңа, Ол сенен, сен Одан разы болған түрде қайт! Енді құлдарымның арасына кір! Сондай-ақ жәннатыма кір!» – делінген («Фәжр» сүресі, 27-28-29-30-аяттар). Журжани атты ғалым: «Бұл жүректің нұрымен нұрланып кемелденген, жаман сипаттардан арылып, көркем мінезге ие болған нәпсі», – деп анықтама береді («Әт-тағрифату» 243-бет).
Нәпсіні тәрбиелеу жолдары
Нәпсіні тәрбиелеудің екі түрлі жолы бар.
- Жақсы сипаттарды қалыптастыру. Адамның ықылас, сабыр, тәуекел, тәубе, үміт, тақуалық, сияқты т.б. жақсы мінез деп табылатын сипаттарды өз бойында қалыптастыру.
- Жаман сипаттардан арылу. Бұған адамның серік келтіру, рияқорлық, өз-өзіне таң қалу, қызғаныш, сараңдық, ашу, дүниені аса қатты сүю сияқты т.б. дінімізде құпталмайтын, жаман сипаттардан арылуды жатқызамыз. Сырқатты емдемес бұрын, оның қандай сырқат екендігін білу қажет екендігі сияқты, жаман сипаттардан арылу үшін де, әр адам өзінің бойында қандай жаман сипаттар бар екендігін жақсылап анықтап алуы қажет. Осыдан кейін әр жаман сипаттан қалай арылу керектігі жөнінде білім керек.
Нәпсіні тәрбиелеуші факторлар
- Дұға. Нәпсі – адамның өз бойында орналасқан, ең үлкен жаулардың бірі. Өйткені адамды бұзықтыққа, дүниені аса қатты сүюге т.б. соңы құрдымға кетіретін істерге шақырады. Нәпсісін тазартып, оны тәрбиелеуді мақсат еткен әр адам, Алла Тағаланың жәрдеміне сүйеніп, дұға етуі қажет. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғаларының ішінде, мынадай дұға жеткен: «Иә, Алла! Менің жүрегіме тақуалық орнатып, оны тазарта гөр! Расында да Сен – Ең жақсы Тазартушысың әрі Сен – Қорғаушымыз бен Иемізсің!» (Муслим (2722), Тирмизи (3572).
- Дін міндет ететін амалдарды орындау. Пендені Алла Тағалаға жақындататын амалдардың ең абзалы – Алла Тағаланың парыз еткен амалдары. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен құдси хадисте Алла Тағала: «Менің құлым Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың ішіндегі Маған ең сүйкімдісі – Мен оған парыз қылған амалдарым» (Бұхари (6502) деп айтатындығы келген.
- Нәпіл амалдарды көп жасау. Парыз амалдардан кейінгі нәпсіні тазартып, Алла Тағаланың сүйспеншілігін жетелейтін істердің кейінгісі – нәпіл амалдар. Жоғардағы құдси хадистің жалғасында Алла Тағала: «Кейін құлым Мен оны жақсы көріп қалғанымша, нәпіл ғибадаттармен Маған жақындай түседі» (Бұхари (6502) дейді екен.
- Намаз. Намаз – нәпсіні тәрбиелеудің, оны тазартатын негізгі жолдарының бірі. Алла Тағала Құранда нәпсіні тәрбиелеу мен намаздың арасын былай деп байланыстырады: «Әлдекім тазарса, ол құтылады» («Әғла» сүресі, 14-аят), «Ол, Раббының атын еске алып, намаз оқыды» («Әғла» сүресі, 15-аят).
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) судың денені тазартатыны сияқты, намаз адамның күнәлі істерін тазартатынын айтып, былай деген: «Егер сендердің біреуіңнің есігінің алдында бір өзен болып, ол оған күніне бес мәрте шомылатын болса, оның бойындағы кір қала ма?» – деп сұрайды. Адамдар: «Жоқ, оның кірінен ештеңе қалмайды», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ендеше бес уақыттың мысалы да солай. Алла Тағала ол арқылы қателіктерді кешіреді», – дейді (Бұхари (667), Мүслим (528).
- Тәубе. Тәубе – күнәлі істен кейін Жаратушыға оралу дегені білдіреді. Құранда: «Алла Тағалаға шынайы тәубемен тәубе етіңдер» («Тахрим» сүресі, 8-аят) деп бұйырған. Шынайы тәубе – адамның Раббысымен байланысын одан әрі күшейтіп, адамды ізігілік амалдарға жетелейді.
- Истиғфар. Истиғфар – Алла Тағаладан жарылқау тілеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде күніне жетпіс мәрте, бір риуаятта жүз мәрте истиғфар айтып, жарылқау тілейтінін жеткізген. Қатада атты ғалым: «Расында бұл Құран сендердің дерттеріңде де, дауаларыңды да көрсетеді. Сендердің дерттерің – күнәларың, ал дауаларың – истиғфар» деген («Әдәбу-д-дуния уә-д-дин» (453-454).
- Өз-өзін есепке алу. Әл-Мәуәрди атты ғалым адамның өзін-өзі есепке алуы дегенге қатысты: «Өзін-өзі есепке алу дегеніміз – адамның әр күні кеште өзінің күндізгі жасаған істерін саралап, ол істерінің жақсы деп танылғаны болса келешекте жалғастырып, одан әрі кемелдендіруі. Егер күнәлі іс істеген болса, одан шамасы келгенше алшақтап, болашақта ол ісіне қайта оралмауы» («Әдәбу-д-дуния уә-д-дин» (453-454) деп анықтама берген. Құранда Алла: «Әй, мүміндер! Аллаға тақуалық қылыңдар. Әркім ертең үшін не дайындағанына қарасын. Және Аллаға тақуалық қылыңдар. Шәксіз Алла, не істегендеріңді толық біледі», – деген («Хашыр» сүресі, 18-аят). Бұл аятта Алла Тағала: «Әркім Қияметке арнап қандай амал істегеніне қарасын. Ол амалдар оның құтқарылуына себепші болатын ізгі амалдардан ба, әлде оның құрдымға кетуіне себеп болатын күнәлі істерден бе?» деп ескерткен («Надрату-н-нағим», мухасабату-н-нафс, 8-том, 199-бет, (3324).
Өзінен есеп алатындарды «есті адамдар» деп санаған Абай атамыз бұл туралы: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп ой тастайды (Абай Құнанбайұлы, Он бесінші қара сөз).
- Садақа беру. Құранда былай: «(Мұхаммед) олардың малдарынан садақа алда, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің», – делінеді («Тәубе» сүресі, 103-аят). Тәпсірде: «Алла Тағала Өзінің елшісі мен Оның ізін жалғастырушыларға, мұсылмандардан парыз етілген зекетті алуды бұйырды. Ол арқылы олардың (зекет берушілердің) күнәларын кешіріп, жаман мінезден тазартады әрі иманын берік қылады», – делінген («Тәйсиру әл-кариму әр-рахман фи тафсири кәләму әл-мәннан» (3/293).
- Мурақаба. «Адамның, Алла Тағала оның сыртқы және ішкі дүниесін бақылап тұрғанын әрдайым есте ұстап әрі солай екендігіне нақты сенімді болуы мурақаба деп аталады» («Тәйсиру әл-кариму әр-рахман фи тафсири кәләму әл-мәннан» (3/293). Мухасиби атты ғалымнан мурақабаның не екендігі жайында сұралғанда, ол: «Жүректің Алла Тағаланың өте жақын екендігін білуі», – деп анықтама берген («Әл уасая ли-л-мухасиби» (313), «Ихия» (4/394). Жәбірейіл (ғ.с) періште Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Маған енді ихсан жайында хабар бер», – деп сұрағанында, Алла елшісі: «Ол сенің Аллаға Оны көріп тұрғандай құлшылық қылуың, егер оны көріп тұрғандай бола алмасаң, Ол сені көріп тұр (деп құлшылық қылуың)», –деп айтады. Кей ғалымдар, бұл хадистегі «ихсан» сөзі мурақаба мағынасында қолданылып тұрғанын айтқан.
Думан САЙФУЛЛА,
Аягөз қалалық мешітінің имамы
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру