Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТІЛ ОРАЗАСЫ

Медет ҚҰРСАҚОВ muftyat.kz 01.05.2020 1912 0 пікір
ТІЛ ОРАЗАСЫ

Көзді ашып-жұмғанша он екі айдың сұлтаны болған, адамдарды тура жолға бастаушы, хақ пен батылды ажыратушы Алланың соңғы кітабы Құран Кәрім түсірілген, ораза ұстау мұсылмандарға парыз етілген Рамазан айының бірнеше күні өте шықты.

Ораза сөзі араб тілінде «саум» деп аталады. «Саум» сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу болса, шариғаттағы мағынасы Алла разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін шынайы ниет ете отырып, тамақ жеуден, сусын ішуден және жыныстық қатынастан тыйылу дегенді білдіреді.

Осы анықтамаға орай кей ораза ұстаушылар ораза ұстау тек қана ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу деп түсінеді. Алайда бұл түсінік қате. Өйткені оразаның ақиқаты, мақсаты бұл айтылғаннан әлдеқайда ауқымды. Кейбір ораза ұстаушылар ауызын халал нәрседен тыйғанымен, оразасын Алла Тағала арам еткен, жағымсыз амалмен ашып жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза кезінде ғайбат айтқан екі қыздың оразасына қатысты «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеумен аузын ашты» (Ахмад) деген. Өкінішке қарай ораза айында адал нәрселерден өзімізді тыйсақ та, арам нәрселерді тастай алмай жатырмыз.

Жоғарыда айтқандай, ораза тек қана ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу ғана емес, бүкіл дене мүшелеріміз де ораза болуы керек. Дене мүшелерінің оразасы дегеніміз – көзімізді, құлағымызды, тілімізді, қолымызды, аяғымызды және бүкіл дене мүшелерімізді күнәлі істерден, жаман сөздерден тыю. Яғни көзімізді шариғат тыйым салған нәрселерден тыю, мұны «көз оразасы» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тыйым етілген нәрсеге қарау – шайтанның улы жебелерінің бірі. Кімде-кім мұндайға қараудан Алладан қорқып тыйылатын болса, Алла оған жүрегіне шынайы иман береді» (Хаким) дейді. Тілді жаман сөзден, өсек, ғайбаттан тыюды «тіл оразасы» дейді. Атақты табиғин Суфиян Саури (р.а.): «Ғайбат оразаны бұзады» десе, Мужаһид (р.а.): «Екі жаман нәрсе оразаны бұзады: ғайбат пен өтірік сөз» деген. Құлақты ғайбат, өсекті тыңдаудан сақтау бар. Мұны «құлақ оразасы» дейді. Басқа да дене мүшелерді жаман іс-әрекеттен сақтау қажет. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дене мүшелеріміз де ораза болуы керек екенін меңзеп, былай дейді: «Егер ораза ұстап, ішіп-жемнен тыйылсаң, құлағың да, көзің де, тілің де өтірік пен күнәлі істерден бірдей тыйылсын. Біреуге зиян келтіруден сақ бол. Ораза ұстаған күнің айбатты да салмақты болсын. Ораза ұстаған күнің мен ұстамаған күнің бірдей болмасын» (Ибн Әби Шәйба) деген.

Өйткені күнәлі істер, жаман сөздер Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хабар бергеніндей ораза ұстаушының сауабын жояды. «Бес нәрсе оразаны бұзады. Олар – өтірік айту, ғайбат айту, өсек тасу, жалған ант ішу, шаһутпен (құмарлық) арам нәрсеге қарау» (Ихия улум уд-дин кітабында келген) деген. Басқа хадисте: «Қаншама ораза тұтушылар бар. Олардың ұстаған оразасынан алар несібесі – тек аш жүргені мен шөлдегені ғана» (Ибн Мәжаһ) дейді. Яғни кісі тамақ жемей, сусын ішпей жүргенімен жаман сөзден, жаман іс-әрекеттен өзін тыймаса оразаның пайдасы мен сауабынан мақұрым қалады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа хадисінде: «Кімде кім ауыз бекіткенімен жалған куәлік беру, жалған айтуын қоймаса, оның ішіп-жеуді тастағанының еш қажеті жоқ» (Бұхари) деп ораза сауабынан айырылатыны ескертілген.

Ораза ұстаушы тілмен болатын ғайбат, өтірік сөйлеу, жалған куәлік беру, өсек айту, адамдарға тілімен зиян беру секілді шариғатымызда тыйым салған жаман амалдардан өзін тыюы керек. Өйткені тілмен болатын бұл амалдар оразаның негізгі мақсатына қайшы әрі оразаға нұқсан келтіріп, сауабын жояды. Өйткені оразаның кәмілдігі тыйым етілген нәрселерден тыйылумен болады.

Имам Ғазали тілмен болатын күнәлардың жиырмаға жуық түрін айтқан. Тілмен болатын ғайбат, өтірік айту, жалған ант ішу, өсек айту оразаны бұзбаса да, толық, кәміл ораза мәртебесінен түсіреді. Тіпті Имам Ғазали сияқты ғалымдар ораза ұстаушы егер ішіп-жеу мен жыныстық қажеттіліктерден ғана тыйылып, ғайбат айтып, жалған куәлік беріп, өтірік сөйлеп, адамдарға сөзімен зиян келтіріп, шариғаттың тыйым салған нәрселерін тыйылмаса, оразасы қабыл болмайтынын, Қияметте пайда әкелмейтінін айтады. Фиқһ ғалымдары оразаға оның сыртқы көрінісімен ғана байланысты шарттарды қоя отырып, дене мүшелері арқылы болатын күнәлар оразаны бұзбайды десе, ал Имам Ғазали сияқты ғалымдар ғибадаттың қабыл болуына және мақсат етілген нәрсеге қол жеткізуге көңіл бөледі.

Сөзімізді қортындылар болсақ, тілмен жасалатын ғайбат, өсек сияқты шариғатымызда тыйым салынған нәрселер оразаның негізгі мақсатына қайшы. Кейбір ғалымдар айтқандай, оразаны бұзып, ауызды ашып жібермесе де бұлай ұсталған оразаның кемшілігі болады. Тіпті тілден табатын күнәдан тыйылмасақ оразаның парызын мойыннан түсіргенімізбен, Рамазанда уәде етілген сауаптардан мақұрым қалуымыз мүмкін.

Тіл – Алла Тағаланың пенделеріне берген ұлы нығметтерінің бірі. Тілді орынсыз пайдалану жақсы амалдардың сауабын жояды. Тіпті адам баласын тозаққа да түсіреді. Сондықтан екі дүниемізге пайдасы бар сөздерді сөйлеп, пайдасыз, күнәлі сөздерден тілімізді сақтауымыз керек. Хадисте «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш отырсын» (Бұхари, Муслим) деген.

Рамазан айы болғанда нида қылушы (жар салушы): «Ей, жақсылық жасаушы, сауап істерге асық. Ей, жамандық жасаушы, күнә істеріңнен тыйыл» дейді екен. Ендеше, сауабы есепсіз берілетін тәрбие, тәубе айында жақсылық істерге асығып, күнә істерден тыйылып, шынайы тәубе етіп, өзімізді жақсы жағынан тәрбиелейік. Алла Тағала оразаны өзіне лайықты түрде тұтуымызды, Құранда айтылғандай, тақуалыққа жетуімізді әрі Қиямет күні жүзіміз жарқын күйде Раббымызбен жолығып, оразамыздың сауабын көріп, қуануымызды нәсіп етсін!

 

Медет ҚҰРСАҚОВ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі