Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Шамшәдин КЕРІМ "Мұнара" газеті 22.04.2020 822 0 пікір
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Асыл дініміз кедей, пақырларға материалдық тұрғыдан көмек көрсетуді  мақұлдаған. Ислам садақа, зекетті қарызға батқан, білім-ғылым іздеген, сапарда жүрген жолаушыларға беруді құптаған. Дүние байлық иесі де, оны беруші де – Алла. Сондықтан Жаратушының бергенін жоқ-жетімге беру  беру, игі жұмыстар жолына жұмсау Исламның негізгі құндылықтары қатарына кіреді. Ислам діні қазақ даласына тарала бастаған кезеңнен бері осындай қайырлы амалдарды көптеп жасауға түрткі болғаны күмәнсыз болса да, мұндай өткендегі қайырымдылық шараларды айғақтар деректер аз жеткен. Бұл туралы арнайы зерттеуді кездестірмедік. Сол себепті кейбір деректерді мысалға келтірмекпіз.

 

Ғұламаларды әмірлер қаржыландырды

Араб саяхатшысы әл-Мақдиси (Х ғасыр) атақты «Ахсан ат-мақасим фи марифат әл-ақалим» атты кітабында: «Испиджаб – орталықтанған, гүлденген қала. Онда рабад және елді мединасы бар. Ол жерде (мединада) жабық базарлар, кенеп мата базары және мешіті бар… Әр айда түскен кірісінен 7000 дирһамды қайырымдылық ретінде пақыр жандардың нан-дәміне жұмсайтын базар бар» деп жазған.

Қазақ жерінде дүниеге ке­ліп, мұсылман әлемінің әйгілі оқымыстысына, философына айналған Әбу Насыр әл-Фарабиге солтүстік Сирия (Шам) аймағында әмір болған Сайф ад-Даула материалдық сүйеу жасаған, оқымыстыға қазынадан күн сайын 4 дирһам бөлдірткен. Сайф ад-Даула басқа да ғалымдар мен ақындарға, атап айтқанда әл-Мутаннаби сынды арабтың атақты классигін қанатының астына алған. Ортағасырлық түрік билеушілері ғалымдардың, ақындардың шығармашылығына материалдық қолдау көрсеткен. Осылайша атақты жәдігерлердің дүниеге келуіне себеп болды. Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни әйгілі «Құтадғу білік» дастанын 1070 жылы жазып бітіргеннен кейін Табғаш Қара Боғраханға тарту етеді. Әмірші ақынды сарайдағы үлкен мансапқа ұлұғ хасс – хаджиб етіп тағайындайды. Махмұд Қашқари 1072-1078 жылдар аралығында жазылған түркі халықтары тілінің энциклопедиясы іспепті «Диуани лұғат ат-түрік» атты даңқты сөздігін әмір Мұхаммед ұғлы Әбілқасым, Абдолла Мұхтадиге арнауы жайдан-жай емес. Алтын орда дәуіріндегі «Мұхаббатнаме» дастанын Хорезми Сыр бойындағы әкімдердің бірі Мұхаммед Қожабектің тапсырмасына сай 1353 жылы жазған.

Орта ғасырда қазақ жеріндегі Ислам оқу орындары мен мешіттердің дүниеге келіп, жұмыс істеуіне, ас-Сығнақи сынды үлкен ғұламалардың шоғыр оқымыстылардың ғылыммен алаңсыз айналысуына, шәкірттер тәрбиелеуіне ауқатты адамдардың қайырымдылығының жәрдемі тиері сөзсіз. Орта ғасырларда қазақ даласында қанат жайған сопылық тариқаттарға қайырымдылық қолдау көрсетілмесе, ғұмыры өміршең болмас та еді. Қазақ даласында орта ғасырларда уақыптар болғанына дәйектер баршылық. Алайда Патша үкіметі бодандықтағы мұсылмандардың уақыптар құруына заң жолымен шектеу қойған.

 

Қазақтың жомарт жандары

Ресей қоластына өткен ке­зеңде, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында татар байлары дінге, оқу мен ғылымға көрсеткен меценаттық қызметтері арқылы қазақ ауқатыларына әсерін тигізді. Өйткені татарлардың сауда, капиталистік қатынастарды игеру арқылы қор жинауға мол мүмкіндігі болды. Оның үстіне отаршылық табанында түрік жұрттары жоқ болып кетпеуі үшін дінді күшейтумен бірге, заманға лайықты білім, кәсіп, баспасөз, баспа т.б. маңызды игі амалдарға демеушілік жасауға тырысты. Соның бірі қайырымдылық қоғамдары еді.

Қазан төңкерісінің алдында Сырдария, Жетісу, Торғай т.б өлкелерде қайырымдылық, ағартушылық бағытындағы қоғамдар болды. 1898-1917 жылдар аралығында Семейде жұмыс істеген мұсылман қайырымдылық қоғамы балалар үйін ұстау, қарттарға, мұқтаждарға көмектеу сынды істермен шұғылданды. Десек те осындай қоғамдардың Қостанай, Жаркент, Қапал т.б кенттерде тіркелуіне Патша үкіметі барынша кедергі жасап бақты. Аталған кезеңде мұсылман кітапханалары Верный, Жаркент, Сергиополь (қазіргі Аягөз) стансасы сынды елдімекендерде ашылды.

Әсіресе, жәдидтік бағыттағы медреселер меценаттардың көмегі арқылы салынып, тұрақты жұмыс іс­теп тұрғанын баса айтқан жөн. Мұндай іске татар, башқұрттың бақуатты адамдарымен қатар қазақтар да үлес қосқан. Соның мысалы – «Ғалия» медресесі құрылысының демеушісі, Уфа қаласында тұрған үлкен жер иесі Сәлімгерей Жантөрин (1864-1926). Сәлімгерей Уфа қаласындағы «Мұсылман қайырымдылық қоғамының» төрағасы, «Усмания» медресесі құрылтайшыларының бірі болды. Сондай-ақ 1890 жылы Килимов ауылында жетімдер үйін, кейін ұлдар мен қыздарға арналған мектеп ашты. Сәлімгерей одан бөлек татар тіліндегі «әл-Әләм ул-ислами» (Мұсылман әлемі) газетінің (Уфа, 1906-1907) құрылтайшысы болған. 1913-1915 жылдары Ибниямин Ахтямовпен бірге Петерборда «Миллят» (Халық) газетін шығарды.

Қазіргі Алматы облысының Қапал өңірінен шыққан Маман байдың балалары Тұрысбек, Сейтбаттал және Есенқұлдың швед ғалымы Альферд Нобельге теңестірілуі жайдан-жай емес. Олар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында мешіт, медресе салдыру, «Ғалия», «Хусайния» сияқты медреседе оқып жүрген шәкірттерге стипендия тағайындау сынды шарапатымен өнеге көрсеткен. Ағайындылар өз елінде медресе тұрғызып, оның оқуын жаңа жәдидтік жүйеде ұйымдастырған. Бағдарламаға діни ислами негізінің пәндерімен бірге арифметика, география, зоология, орыс тілі, татар тарихы сынды пәндер кіргізген. Медресеге ұлдар да, қыздар да қабылданған. Медресенің шығынын, сырттан шақырылған татар оқытушылардың айлығын т.б қаражатты өздері көтерген. Қазақ даласында алғаш болып роман байқауын жариялаған да Маман әулетінің діндар балалары еді. Олар осылайша сол уақытта қазақ әдебиетіндегі жаңа роман жанрының пайда болуына себепкер болды.

Сыр өңірінің тумасы Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1926) да ескіше оқудың кемшіліктерін ескере отырып, қазақ балаларының оқулығын жариялады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы шығарған «Қазақ» газетіне қаржылай көмегін тигізген де осы Ахмет ишан Оразайұлы болатын. Ол сондай-ақ отырықшы өмірдің артықшылығын насихаттаған, туған жерінде канал қаздыртып, егін салдырған.

 

Дәулетті демеушілер, сәулетті мешіттер

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде діни сананың өрлеуі, Кеңес үкіметі тұсында жол берілген кемшіліктерді түзеуге мүмкіндік туды. Жаңа мешіттер бой көтерді. Діни оқу орындары дүниеге келді. Шетелге дін оқуын іздеп баратындар саны артты. Қазақстан кәсіпкерлері арасынан дінге оң қарайтындар еселенді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда мешіттер салуға негізінен шетелдіктер қол ұшын созса, кейінірек құрылыс ауыртпалығын жергілікті тұрғындар, соның ішінде дәулетті адамдар мойнына алды. Олар – ел президенті бастаған үлкен басшылар, кәсіпкерлер, өнерпаздар, т.б.

Қазақтың мұсылман кәсіпкерлері тек мешіт, медресе салумен шектелмей, діни арна қаражатын көтеру, баспа, аударма істеріне, газет-журнал шығаруға, Құран оқу байқаулары, Мәуліт кештері, Құран оқу жарыстары, діни өлеңдер мүшәйрасы, спорттық шараларға демеушілік жасауда. Діни білім алуға, дайындық курстары, пансионаттар, қайырымдылық мекемелері, медресе қаражаттарын мойнына алған, діни оқу орындары шәкірттерінің (бакалаврден бастап докторантураға дейін) төлемақыларына қолдау көрсететін тақуа адамдар көбейіп келеді. Бұлар жайлы толымды мәлімет беру қиын. Себебі мұндай мақсатқа қаражат жұмсаған кәсіпкерлер өздерінің аты-жөнін жарнамалаудан, көрсетуден қашқақтағандықтан, көбі құпия қалып жатады. Мешіттер ұйымдастыратын қайырымдылық істер тек дінмен тоқталып қалмайды. Науқас адамдарға көмектесу, мұқтаж жандарға баспана алып беру, азық-түлікпен қамту, отын-суын жеткізуі секілді қайырымдылық шараларын да атқарып келеді. Мәселен, жыл сайын жаңа оқу жылы алдында «Мектепке жол» акциясы аясында имамдар тұрмысы төмен отбасылардың балаларына оқу құралдарын, киім-кешектер әперуге дәнекер болады.

Бір мысал келтіре кетейік. Азамат Молдақасымов деген кәсіпкер Алматы облысынан шалғайда жатқан, кәсіпсіздіктен, жұмыссыздықтан азып-тозған туған ауылын жаңғыртуды қолға алды. Қаражатын аямай, ауылына мешіт, медресе, кітапхана салды. Араб елдерінен көптеген кітап алдырып, жабдықтады. Сол кәсіпкердің медресесін біз «Нұр-Мүбарак» университетінің дайындық курсы ретінде тіркетуді жөн санадық. Қазір ол жерде еліміздің әр аймағынан келген талапкерлер дәріс алуда. Олардың тиесілі шығындарын, оқу орнын ұстап тұрудың барлық қаражатын Азамат Молдақасымов өзі қамтамасыз етеді. Міне, меценаттық деген осы!

 

Бүгінгі таңда Қазақстанның қалаларын былай қойғанда, шалғайдағы тұрақты өндіріс орны жоқ бір ауылдарда мектеп, мәдениет үйімен қатар әдемі мешіттердің бой түзгенін көресің. Мұндай ғибадат үйлерінің көпшілігі демеушілердің қолдауымен тұрғызылған. Дәулетті демеушілер бұдан бөлек имамның, қаридың үй-жайын алып беру немесе жалдау құнын төлеу, көлік әперу секілді қажеттіліктерін де өтеп келеді. Сондықтан имамдардың жұмысының жемісті жүруі – ауқатты, дінге жанашыр адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуінде. Сол сияқты дінге қатысты ойдағы шаруалардың бәрі бірдей іске аспай жатуының бір себебі – қаражаттың тапшылығы мен шектеулігі қолбайлау болуында. Сондықтан еліміздегі уақып, зекет жұмыстарының ұйымдастыру деңгейін көтеру маңызды. Ол үшін Түркия, Малайзия сынды елдердің осы бағыттағы озық жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасу, сыннан өткен тәсілдерді қолданудың көп пайдасы тимек.

 

Шамшәдин КЕРІМ,

профессор, филология ғылымдарының докторы,

Нұр-Мүбарак университеті  Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу

орталығының директоры,

"Мұнара" газеті, №6, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі