Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ТӘТТІ ҰЙҚЫДАН АБЗАЛ НАМАЗ

Хасан АМАНҚҰЛ muftyat.kz 31.03.2020 10662 0 пікір
ТӘТТІ ҰЙҚЫДАН АБЗАЛ НАМАЗ

Бүгінде бүкіл әлем коронавирус атты көрінбейтін жаумен күрес жүргізуде және бұған бар күшін салуда. Сонымен қатар, мұсылман қауымы қашанда Алланың жәрдеміне сүйенеді, иманы мен бірлігінің арқасында індетті жеңіп шығуға үміт артады.

Қазіргі уақытта халықтың бұрынғыдан да иманы күшейіп, Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтуы артуда, Құран оқып, дұға етуі, түнді намаз оқумен өткізуі жиіленуде. Осы ретте түнде оқылатын таһажуд намазының үкімдерін айтуды жөн көрдік. Өйткені, бұл туралы жамағат тарапынан қойылып жатқан сұрақтар көп.

Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарды «Әй, бүркеніп жатушы деп атады және оны түннің бір бөлігін ғибадатпен өткізуге бұйырды («Мұхтасар тафсир ибн Касир», 1207). Хадиша анамыз Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біраз ұйықтап алыңыз» десе, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Хадиша, ұйықтайтын уақыт өтті», – деп айтады екен.

Түннің ортасында тұрып ғибадат ету туралы айтылған хадистер де көп. Соның бірінде Сағид ибн Һишам (одан Алла разы болсын) Айша анамызға келіп, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнде тұрып ғибадат етуі туралы сұрайды. Сонда Айша анамыз: «Я әйюһәл-муззәммилді оқымадың ба?» – деді. Ол: «Оқыдым», – деді. Айша анамыз: «Осы сүренің алғашында Алла Тағала түнде тұрып ғибадат етуді парыз етті, Алла елшісі және оның сахабалары бір жыл бойы оған амал етті. 12 айдан кейін Алла Тағала сүренің соңғы аятын түсіріп, (мұсылмандарға) жеңілдік сыйлады», – деді (Муслим).

Құранда бұл аят былай баяндалады: «Әлбетте, Раббың, сенің әрі сенімен бірге болғандардан бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғаныңды біледі. Сондай-ақ Алла, түн мен күндізді шамалайды. Оған сендердің есептей алмайтындықтарың мәлім. Сондықтан сендерге рақым қылды. (Түнде тұруды қалдырды)» («Муззаммил» сүресі, 20-аят).

 

Таһажуд намазы туралы мына сұрақтар көп қойылады: 

Сұрақ: Таһажуд қандай намаз?

Жауап: Таһажуд намазы – түн ортасында тұрып (ұйқыдан оянып) оқылатын нәпіл намаз. Ол қиям намазы деп те аталады. Бұл арқылы мұсылман адам Құдайға жақындай түседі. Алла Тағала «Муззаммил» сүресінде Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) опасыз дүниенің тауқыметінен оңашалануға, түнде тұрып құлшылық етуге, Құран аяттарын оқуға бұйырды.

 

Сұрақ: Таһажуд намазын оқудың үкімі қандай?

Жауап: Таһажуд намазын оқу міндет емес, мұстахаб (қосымша ғибадат, нәпіл).

 

Сұрақ: Таһажуд намазы қай уақытта оқылады?

Жауап: Таһажуд намазы құптан намазынан таң атқанға дейінгі аралықта оқылады (Тирмизи). Дегенмен, түннің соңғы үшінші бөлігінде оқыған абзал. Алла Тағала әр түннің соңғы үшінші бөлігінде аспан әлеміне түсіп: «Кім Маған дұға етеді, қабыл етейін? Кім Менен кешірім тілейді, күнәсін кешірейін? Кім Менен (қажетін) сұрайды, оған берейін?» – деп айтады (Ахмад).

 

Сұрақ: Таһажуд намазының қандай пайдасы бар?

Жауап: Адам баласы түннің кезінде тәтті ұйқысынан тұрып Алла Тағаланың разылығын іздейді, Раббысының құзырында тұрады. Оның рақымына бөленеді, сауапқа, түрлі жақсылықтарға жетеді және дұғасы қабыл болады.

 

Сұрақ: Таһажуд намазы неше ракағат оқылады?

Жауап: Ханафи мәзһабы бойынша таһажуд намазының азы 2 ракағат, көбі 8 ракағат етіп оқылады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 11 ракағат етіп оқығаны айтылған, яғни оның 8 ракағаты таһажуд, 3 ракағаты үтір уәжіп намазы.

 

Сұрақ: Таһажуд намазына қалай дайындалу керек?

Жауап: Түнде тұруға шын ниет ету керек. Ерте жату керек. Ұйқыдан тұрып, жақсылап дәрет алады және екі, төрт, алты немесе сегіз ракағат етіп таһажуд намазын оқиды.

 

Сұрақ: Таһажуд намазында қандай амалдарды орындау мұстахаб?

Жауап: Отбасын таһажуд намазына тұрғызуы, намазды оқығанда Алла Тағаланы дәріптеп, рукуғта барынша ұзақ тұруы, тасбихты көбірек айтып, сәждеде ұзақ жатуы – мұстахаб.

 

Сұрақ: Таһажуд намазында қандай сүрелер оқылады?

Жауап: «Фатиха» сүресінен кейін бірінші ракағатта «Кафирун» сүресін, екінші ракағатта «Ықылас» сүресін немесе қалаған сүрелерді оқуына болады.   

 

Сұрақ: Құран аяттары дауыстап оқыла ма әлде іштей оқыла ма?

Жауап: Ұйқы басым болмау үшін намазда Құран аяттарын дауыстап оқу керек («Әл-Һидая», 1/247). Іштей оқыса да болады. Сондай-ақ, Құранды ұзақ оқу әрі оның мағынасын ойлау, азап туралы аяттарды оқығанда одан сақтануды сұрау, рақымдылық жайлы болса, Құдайдың кеңшілігі мен рақымын тілеу, Хақ Тағаланы пәктеу жайында болса, Оған тасбих айтып, зікір ету керек.   

 

Сұрақ: Таһажуд намазы қалай аяқталуы керек?

Жауап: Таһажуд намазы үтір намазын оқумен аяқталғаны абзал. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Түнгі намаздарыңды үтір намазбен аяқтаңдар», – деген (Бұхари мен Муслим). Ал қасиетті Рамазан айында сауаптар еселеніп беріледі. Сондықтан, кімде-кім тарауық намазынан кейін таһажуд намазын оқитын болса, үтірді содан кейін оқиды. Дегенмен, үтір намазды оқыған болса, кейін таһажуд намазын оқуға болмайды деген үкім жоқ.

 

Сұрақ: Таһажуд намазынан соң қандай дұға оқыған дұрыс?

Жауап: Таһажуд намазынан соң Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Жаратқан! Барлық мақтау Саған тән. Сен көк мен жердің және ондағы барлық нәрсенің Раббысысың. Барлық мақтау Саған тән. Сен көк пен жердің және ондағы барлық нәрсенің Иесісің. Барлық мақтау Саған тән. Сен көк пен жердің және ондағы барлық нәрсенің нұрысың. Сен хақсың. Сенің сөзің хақ. Сенің уәдең хақ. Жәннат – хақ. Тозақ – хақ. Пайғамбарлар – хақ. Мұхаммед – хақ. Уа, Жаратқан! Сен үшін мұсылман болдым. Саған иман келтірдім. Саған тәуекел еттім. Саған тәубе еттім. Сенің дұшпаныңды дұшпан білдім. Барлық ісімді Өзіңе тапсырдым. Менің бұрын және кейін істеген, жасырын және ашық күнәларымды кешіре гөр! Сен – менің құдайымсың. Сенен басқа құдай жоқ. Бізге күш-қуат беруші тек Алла ғана!» (Бұхари мен Муслим) деген дұғаны оқығаны риуаят етілген.

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру