Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СЫНДАРЛЫ СӘТТЕ ПАЙДА ТАБУ ДҰРЫС ПА?

Төлеби ОСПАН muftyat.kz 21.03.2020 1444 0 пікір
СЫНДАРЛЫ СӘТТЕ ПАЙДА ТАБУ ДҰРЫС ПА?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дертті пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстанда 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілді. Оқу орындары онлайн режимге көшіп, тойлар мен садақа-астарды өткізбеу, тіпті жұма намазы да уақытша тоқтатылды. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демекші, кейбір пысықайлар осы сәтті өз пайдасына асырып, халыққа қажет болған бетперде секілді заттарды екі есе бағамен сатып, «мол табыс» тауып қалу үшін барын салуда. Мұндай қиын-қыстау сәтте бағаны тым шарықтату шариғатта дұрыс па? Асыл дініміз бұл жөнінде не бұйырады?

Хадис ғалымы имам Науауи: «Монополияның қоғамға тигізетін залалы көп болғаны үшін шариғатта тыйым салынған. Ғалымдар біреудің қоймасындағы сақтаулы азық-түлігіне жұрттың қажеттілігі сезілсе қоғамға тиетін залалдың алдын алу мақсатында азық-түлік иесі тауарын сатуына міндеттеледі деген», – деп айтады. «Кімде-кім жалғыз сауда-саттықпен айналысса, ол – күнәһар» (Имам Муслим), – деген хадис тағы бар.

Жалғыз сауда-саттық – монополия. Бұл адамдар үшін ерекше қажеттілік туындағанда, яғни шарасыздықтан сатып алуға мәжбүр кезеңде күнделікті тұтынатын тауарлар бағасын көтеру. Міне, бұған шариғатта қатаң тыйым салынады. Омар (р.а.): «Кімде-кім қырық күн азық-түлікті жалғыз сатумен (монополиямен) айналысса ол адамның Алла Тағаламен, Алла Тағаланың ол адаммен ешбір қатысы жоқ» (Имам Ахмад, Хаким), – деп айтқан. Яғни, мұндай кәсіпкер Алла Тағаланың мейірімі мен қамқорлығы және қорғауынан тыс қалады.

Монополия – қоғамға аса қажет тауар бағасын көтеріп сату. Бұған күнделікті тұтынатын азық-түлік, дәрі-дәрмек, берперде (маска) мен киім-кешектен бастап, егін егу уақытында жанар-жағармайдың бағасын шарықтату, мектеп маусымында оқу құралдарының бағасын көтеру сияқты жайттар жатады. Бұл жағдайға қатысты сахаба Мағқил бин Ясар (р.а.): «Кімде-кім мұсылмандар тауарының бағасын көтерумен айналысса, Алла Тағала ол адамды қияметте тозақ отына отырғызуға құқылы» десе (Имам Ахмад), Мұғаз бин Жабал (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім менің үмбетімнің азық-түлігін жалғыз сату жолымен қырық күн ұстап тұрса, оның жасаған садақасы, қайырымдылығы қабыл етілмейді», – делінген.

Ал Омар бин Хаттаб (р.а.): «Кімде-кім мұсылмандардың азық-түлігін жеке дара сату арқылы бағасын көтерсе, Алла Тағала ол адамның қара басына алапес дертін, ал мал-дүниесіне шығын береді», – деген (Ибн Мажа). Міне бұл риуаяттарда қоғамға қажетті тауар бағасын көтеріп, қымбат бағада сату ең бірінші саудагердің денсаулығы мен кәсібіне залалы тиетіні айтылуда. Ал ақыреттегі жазасы өз алдына бір әңгіме.

Мәдина шаһарында сахаба Осман (р.а.) құдығы бар. Бұл құдықты 14 ғасырдан астам уақыт жергілікті тұрғындар пайдаланып келеді. Осман бин Аффан (р.а.) өз қаржысына сатып алып, тұрғындардың тегін тұтынуына берген. Бүгінде ол құдық Сауд Арабияның Егін шаруашылығы министрлігі қарамағында. Құдық қаланың солтүстік-батыс жағында орналасқан. Бұл қайнар су көзін тамашалауға келуші саяхатшылар өте көп.

Құдықтың осыншалық не қасиеті бар? Саяхатшылар неге көруге ынтық? Өйткені құдықтың тарихы сонау Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінен басталады. Ендеше, сол құдықтың қысқаша тарихына тоқталайық.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина шаһарына хижрет етіп келгенде жергілікті халық ауызсу тапшылығын көріп отыр еді. Рума құдығының қожайыны яһуди кісі құдық суын сататын. Суы тұнық әрі дәмді. Алайда, ауызсуды күнде сатып алу көпшілік үшін оңай емес-тін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бұл мәселені шешуді қалап: «Кім Руманың құдығын сатып алып, мұсылмандармен бірге кезегімен пайдалана алады?» – деп құдықты тұрғындар игілігіне беріп, өзі де ел қатарлы кезекке тұрып су алса екен деп үндеу тастады.

Осман бин Аффан (р.а.) тез арада әлгі яһудиге барып құдығын сатуды сұрады. Бастапқыда ол келіспеді. Сол кезде Осман (р.а.) 12 мың дирхамға құдықтың жартысын сатуды ұсынды. Осылайша құдықты бір күн мұсылмандар, бір күн яһудилер пайдаланатын болды. Мұсылмандар кезекке тұрып екі күнге жетерліктей су тасып алуға тырысты. Ал яһуди өз кезегінде суын сата алмай қалды. Ақыры Осман бин Аффанға келіп: «Менің құдығымды бұздың. Қалған жартысын да сатып ал», – деді. Осман (р.а.) келісіп, екінші бөлігін 8 мың дирхамға сатып алды. Нәтижесінде құдық толығымен қала тұрғындарының игілігіне берілді. Ал сахаба Осман (р.а.) құдықтың иесі ретінде емес, пайғамбар үндеуіне сай, қала тұрғындары секілді кезекке тұрып су алатын еді.

Міне, тұтастай бір қаладағы су тапшылығын сахаба Осман (р.а.) осылайша шешті. Шаһар тұрғындарының тегін ауызсумен қамтамасыз етті. Елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы бір үндеуіне үн қосатын сәт келді. Ендеше, барша сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлер мен саудагерлерден күнделікті тұтынатын тауар бағасын әдеткі қалыпта ұстауын сұраймыз. Сахаба Осман (р.а.) сияқты тегін таратып беріңіз дей алмаймыз. Алайда, осы бір қиын-қыстау сәтте пайғамбар көрсеткен сүннетке сай, халықтың қамын ойлап, тауарлар өз бағасында сатылса екен дейміз. Бұл ең бірінші өз кәсібіңізді берекелендіреді, дертіңізге шипа береді. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген атам қазақ. Мұндай кезде көрсеткен жанашырлығыңыз жұрттың наласын емес, батасын алуға себеп болады.

Соңғы жылдары елімізде орын алған әр түрлі табиғи апаттар кезінде халық ұйымшылдығын көрсетіп, арқадағы ағайын, шығыстағы қабырғасы қайысқан халыққа қол ұшын соза білді. Арыстағы жарылыс кезінде де еліміздің түкпір-түкпіріндегі адамдар бүтін дене болып бірігіп, көмек көрсетті. Асарлатты. Азық-түлік пен киім-кешек жолдады. «Достан дұға» демекші, тілекші болды. Қалай болғанда да қабағын мұң басқан ағайынмен бірге екенін білдірді. Міне, бүгін де осындай бірлігімізді көрсететін сын сағаты туып тұр. Сол себепті, жақсылықта жарысайық, ағайын! Мұндайда пайда табуды емес, халыққа, көпшілікке пайдамызды тигізуді ойлайық.

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының бас имамы

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі