Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

СЫНАҚ ПЕН САБЫР

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 11.07.2018 54974 0 пікір

Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болған адамға өз-өзін ұстай білуі әрине оңай іс емес, сондықтан болар сабыр етушіге берілетін сыйы мен оның алатын сауабының мөлшері көрген қиындықтарына сәйкес көбейе түседі екен.

Сабыр етушілер жайында қасиетті Құранда өте жиі айтылады. Имам Ахмад:

 «Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі»,-дейді. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала:

إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

«Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» ("Бақара сүресі", 153-аят).

Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің міндетіміз. Кезінде шариғи ілімнен нәр алған бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, сорақы-зұлматтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушы Хақ тағалаға сыйынып, бойындағы имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген. Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады»,-деген екен.

Иманның шарттарының бірі жақсылық жамандық Алладан деп иман келтіру. Әрбір иман келтірген момын басына келген жақсылыққа шүкірлік жасауы, басына келген қиындыққа сабыр етуі керек. Мына жалған дүниеде барлық нәрселер жұп-жұбымен жаратылған екені анық. Жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, сауап пен күнә, күн мен түн, жеңілдік пен ауырлық секілді. Өмірде неше түрлі қиындықтарға жолығып жатамыз. Әркімнің басына әрқилы сынақтар келіп жатады. Адам баласы Алланың нәсіп еткен тағдырына разы болуы керек. Кез келген қиындықтарға, жабысқан дерттерге сабыр ету ләзім. Сабыр ету деген сөз, басқа түскен қиындықты әркімге айтып шағымданбау. Бәлкім, қиындыққа сабыр етіп, Алладан медет сұрағандарға сауап беріледі және қиындықтан шығудың жолын сұрап, Алладан шын жәрдем тілесе, құдыреті күшті Жаратушы  оның дұғасын қабыл ететіні сөзсіз.  

Қандайда бір қасыретке тап болған адам сабыр етсе, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен. Бұл туралы Құранда:

 وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ لاَ يَضُرُّكُمْ كَيْدُهُمْ شَيْئاً

«Егер сендер сабыр етсеңдер және тақуалықты ұстансаңдар, олардың (мұнафықтардың) қастық істері сендерге ешбір зиян қылмайды» ("Әли-Имран" сүресі, 120-аят).

Бұл сабырлық жайлы Құранда келтірілген аяттар. Енді сабырлықтың құндылықтары жайлы ардақты пайғамбарымыздың хадистеріне тоқталып көрсек. Әз елші: 

«Сабырлық – ол нұр»,-деп қысқа да нұсқа айтып, сабырлықтың құндылығын атап өткен болатын.

Сондай-ақ, Алланың Елшісі:

«Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ»,-деді.

Ешбір адам, тіпті ол Пайғамбар, елші болсын Алладан жіберілген қасырет пен сынақтардан өздерін сақтандыра алмайды. Себебі қасырет-сынақты беретін де Алла, одан сақтайтын да бір Алла!

Құранда:

«Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» ("Тағабун" сүресі, 11-аят).

Барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасыретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет.

Дерт пен қиындық - күнәларға кәффарат болып табылады. Яғни күнәлардың кешіріміне себепші болады. Құран кәрімде былай делінген:

«Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Алла көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды».

Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша ақыретке қалдырмай, күнәміздің жазасын осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ақыреттегіден жеңіл.

Барлық қасыреттің Алланың қалауымен болатынын біле тұра, қалайша біз Аллаға қарсы келеміз?... Алладан жіберілген сынақтың барлығында да адамға пайдасы бар, себебі Алла әділ және Өзінің құлдарына жәбір көрсетпейді. Біле білсек Алла Тағала құлдарын күнәларынан тазартуы үшін сынақ жібереді екен, егер ол құлдарының күнәлары болмаса, онда олардың дәрежелерін көтереді. Ардақты пайғамбарымыз: 

«Расында адамның басына қасырет берілсе және сол қасыретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген. (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы, № 2896).

Және бір хадисте:

«Иманды жанның басына түсетін уайым-қайғы, тіпті денесіне кірген тікеннің өзін Алла Тағала оның күнәларын кешіру үшін себеп қылып қойған» (Имам Әл-Бұхари). Міне, бұдан түсінетініміз, сынақ пен азғана ауруды Алла Тағала әлсіз бір құлының күнәсін кешірілуі үшін жасайтындығы.

Өз сөзінде Алла елшісі:

«Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді». Сондықтан адам баласы басына қандай да бір ауыртпалық келсе, соңының жақсы болатынына сенім артып, тек Алла разылығы үшін сабырлықта болуы қажет.

Мұсылманның басына қандай да бір қасырет келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ. Себебі Алла Елшісі:

«Егер құлдың басына қасырет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Ия, Алла! Осы қасыретте маған нығмет бере гөр»,-деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сыяпатына бөлейді»,-деді (Имам Мүслім жеткізді).

Яғни, қасыретке тап болғандар жоғарыдағы хадисте келтірілген дұғаны айтатын болса, оның сабыр еткені үшін Алла оған тиісінше нығметке бөлейтін болады. Сондықтан біздер Алланың нығметіне бөленуді қаласақ, мына шарттарды орындауымыз қажет:
- Барлық сынақтың Алладан екеніне және тек Алла ғана қасыреттен құтқаратынына нық сенімді болу.
- Алладан басқа ешкімге шағымданбау.
- Алладан ғана үміт етіп, Алла үшін ғана қайғыға төзімділік таныту.
- Барлық сынақта бір Алланың даналығы бар екендігіне сенім білдіру.

Бұл әрбір мұсылманның орындауы тиіс негізгі шарттары. Егер осы шарттар бұзылса, оның жеңіл жазасы – сауаптан құр қалып, бекерге қайғы-қасыретін көретін болады. Ал, ауыры – егер тағдырға, Алланың шешіміне қарсылық білдіріп, шағымданар болса, үлкен күнәға батуы әбден мүмкін. Сондықтан әрдайым ұстамдылықта болғанымыз дұрыс. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Халқымыз: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді»,-дейді. Қандай да бір күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше Алла разылығы үшін барынша байыптылық танытса, одан асқан рухани байлық жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында екендігі анық.

Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім. Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен сабырлылықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді. Сабырсыз бен қиыншылыққа төзімсіз жан бұл шыңды бағындыра алмайды.

Осы мәселе Құранда («Хаж» сүресінің 11-аяты) былайша баяндалған:

«Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаһқа ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».

Жаратушы Алла бастарына қиындық келгенде сабыр етіп, сауабын Жаратушыдан үміт ететін ізгі пенделерден етсін

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру