Осы тағылымнан әр адамның өз басшысын құрмет тұтып, оған бағынудың аса маңызды екендігін аңғарамыз. Басшыға бағыну жолында тек қана ел бірлігі мен адал істердегі бұйрықтарды бұлжытпай орындау қажет екендігіне аса маңыз берген.
Сонымен қатар тағылымды хадистерде «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды!» деп әмір етті. Демек, патшаға, басшыға бойұсынып, оны құрметтеу, жарлықтарын бұлжытпай орындау әр адамның аса маңызды міндеті болса керек.
Алла Елшісі: (с.ғ.с.): «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер» (Муслим) деп, басшының мойынындағы көптің тауқыметі туралы айтып өткен.
Қазақ халқы да басшыны сыйлауға баса мән берген. Ата-бабаларымыз «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды» деп ежелден басшыға бағынып келген.
Қазақ тарихында талай хандар мен сұлтандар ел басына іс түскенде халқымен бірге болып, елді бірлікке ұйыстырып, тығырықтан алып шығып отырған. Ұлт тарихындағы Абылайхан хан, одан арғы Керей мен Жәнібек, Қасым, Әз Тәуке, Хақназар сынды хандардың қазақ мемлекеті үшін сіңірген еңбегі ересен. Олар барлық істерде тек елдің қолдауына сүйеніп отырған.
Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан халқы Елбасымыздың өміршең, бірлікті бекем еткен идеяларын қолдай отырып, нақты мақсатқа ұмтылып, бірлікке жұмылудың арқасында талай ірі жетістіктерге жетіп келеді. Елдің басшысына бағынудың, оны қолдаудың бір маңыздылығын осыдан көруге болады.
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру