Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

АУЫЗ БЕКІТУ – ІШІП-ЖЕУДЕН ҒАНА ТЫЙЫЛУ ЕМЕС

Ермек Мұқатай 30.05.2017 4773 0 пікір

Ермек Мұқатай,

ҚМДБ-ның Өскемен өңірінің өкіл имамы,

облыстық «Халифа Алтай» атындағы мешіттің бас имамы

 

АУЫЗ БЕКІТУ – ІШІП-ЖЕУДЕН ҒАНА ЕМЕС, КӨҢІЛ АЙДЫНЫН КІР ОЙЛАРДАН ТАЗА ҰСТАЙ БІЛУ

Бір күні Алла Елшісі ﷺ сахабаларын алқақотан отырғызып қойып, оларға ақырет туралы насихат айтады. Ақырет өткелдері туралы айта келіп, соңында маһшарда адамның амалы қалай бағаланады деген мәселе сөз болады. Сол кезде Хақ Елшісі ﷺ қиямет күні бір қауымның Алланың құзырына таудай сауаппен келгенімен, оларға сауаптың еш пайдасы тимейтінін жеткізеді. Оны естіген сахабалардың зәре-құты қалмайды.

Сахаба Салим Мәула Хузафа (р.а):

«Уа Алланың Елшісі! Анамның жаны сенің жолыңда пида болсын, біз ол қауымды қалай біле аламыз? Мен ол қауымнан болып қаламын ба деп қатты қорқамын» деп жан-ұшыра сұрақ қояды.

Алла Елшісі ﷺ: «Уа Салим! Ол қауым ораза ұстайды, намаз оқиды, бірақ харам нәрсемен бетпе-бет келгенінде, Алладан қорықпастан харам істі жасайды. Осы себептен де, Алла олардың амалдарын (оразасы мен намазын) қабылдамайды» деп жауап береді.

Ислам шариғатында ораза тұту «саум» деп айтылады. Шариғатта саум (ораза) – мүкәлләфтың (кәмілет жасына толған, ақыл-есі сау мұсылман) таң сәрісінен (ақ пен қара жіптің түсі айырылатын мезгіл) күн ұясына батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тиылуы ғана емес, аталмыш межелі уақыт ішінде жалпы дініміз тиым салынған нәрселерден тиылу, харам деп танылған дүниенің бәрінен  аулақ болуды айтамыз. Бұл жөнінде Алла Елшісі ﷺ: «Кімде-кім ораза қарсаңында күнәлі сөз бен күнәлі істен өзін тия алмаса, оның жеп-ішуден тиылғанының еш пайдасы жоқ»,– деп ескерткен болатын.

Жалпы, адам бойын күнәдан аулақ ұстауы үшін өзін-өзі ар тазалығымен қамтамасыз етуі керек. Онсыз кез-келген сәтте пенде сүрінуі әбден мүмкін әрі күнә істемеуге кепіл-күші болмағандықтан, ол адамның келешегі де қара түнекке айналуы ғажап емес. Ал, күнәға қарсы күресетін ішкі күш-қуаты жоқ, ішкі әлемінде ар тазалығы билік құрмаған жанның ақыреттегі халі мүшкіл. Бұл жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде: «Іштеріңдегілерді жарияласаңдар да жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады. Сонда кімді қаласа, жарылқайды да кімді қаласа, азап қылады. Сондай-ақ Алла (Т.) ның барлық нәрсеге толық күші жетеді» (Бақара, 284) деп бұйырады.

Яғни, адамзат баласы жасаған күнәсімен қатар ішке бүккен күнәсі үшін де ақыретте таразыға тартылады. Ал, исламда жан-дүниені кір-қоқыстан тазарту тетігі бар ма?  Иә, бар. Оны дінімізде мурақаба (шариғатқа лайық сыртқы пішін мен ішкі жан-дүниені сәйкестендіру) деп айтады. Бұл жан-дүниенің тазалығын қамтамасыз ететін психологиялық тірек һәм күнә ойларға қарсы күресетін рухани қуат көзі.

Әсілі, адамның ындыны бұзылса, кез-келген уақытта ылаң сала алады. Демек, жан-дүниге жебір ой жайғасып алып, күнә мен қылмыс жасауға желіктірмес үшін көңіл айдынын кірлетпей, мұнтаздай таза ұстау шарт. Ал, мурақабамен қаруланып, енжарлыққа жол бермей, ішкі әлемге сақшы қойып, сананы саф ұстаса, күнә мен қылмыстың екі есе алдын алып, пенде пәк күйге бөлене алады. Адамның жан-дүниесінде жаман пиғылы болмаса, арға жат қылаудай да жаман іс-әрекетті жасай алмайды.

Бұл мәселе хақында мүйізі қарағайдай ірі ислам ғұламалары том-том кітап жазған. Соның бірі данышпан Шәкәрім қажы өзінің еңбектерінде рухани тазалық туралы толғана келіп, ар ілімі хақында:

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда?

 

«Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды» деп жырлайды.

Көріп байқағанымыздай, қажы атамыздың пайымдауынша ақылды мұсылман ақырет таразысында «муфлис» (рухани банкрот, яғни, сауабы аз, күнәсі басым) болмасы үшін ең алдымен ар мақамына ие болуы шарт. Ар ілімін игермейінше нәпсіні тізгіндеу, сайтанның уасуасасына қарсы тұру, жебір ойдың жетегінде кетпеу мүмкін емес. Ал, жүрегіне ар ілімін ұялатқан жан адамшылдығы мен мұсылманшылдығын ешқашан сатпайды. Бойын кір-қоқыстан таза ұстап, жан-дүниесі саф күйге бөленіп, соған сай іс-әрекеті де көз сүйсінерлік көркем болады.

Түйін: Алла Елшісі ﷺ өзінің мүбәрак хадистерінде: «Адамның бойында бір кесек ет бар. Сол ет таза болса, адамның іс-әрекеті де мұнтаздай таза болады. Ол ет таза болмаса, адамның қылығы да лас болады. Ал, ол ет – жүрек!» деп мұсылман үмбетіне жүректі таза ұстауды насихаттаған болатын. Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар, жасаған күллі құлшылық-ғибадаттарымыз, оның ішінде отыз күндік оразамыз Алланың құзырында қабыл болсын десек, ішіп-жеуден тиылуымен бірге, ішкі жан-дүниемізді де ар іліміне сусындатып, бойымызды һәм ойымызды кір-қоқыстан таза ұстағанымыз ләзім! Сонда ғана, құлышлық-амалдарымыз, отыз күнгі тұтқан оразамыз ақыретті зор пайда әкелмек, ауыз бекіткеніміз Хақ жамалымен қауышуға алтын көпір болмақ! 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру