Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ОРАЗАНЫҢ САН ҚЫРЛЫ ПАЙДАСЫ

Нұрлыбек Шакизадаұлы 29.05.2017 3718 0 пікір

Дініміз Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза Хз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшкеннен кейін 1,5 жылдан кейін Шағбан айында, Мәдина қаласында парыз етілген қасиетті, дара құлшылық. Дара деп ерекшелегенім, Алла Тағала оразаға қатысты берген ерекшелігіндей басқа парыз етілген құлшылық түрлеріне айрықша мән беріп, оразаның сауабын тек қана өзім берем деп айтпаған. Расында барлық жақсылықтың, құлшылықтардың сауабын беретін Алла, оған күмән жоқ. Алайда ораза үшін: «..Оның сауабын өзім берем»[1] деп айрықша айтуы, ораза ұстаудың қаншалықты маңызды құлшылық екендігін аңғару қиын емес.

«(Құлшылық ниетімен) таң сәріден күн батқанша ішіп-жемнен, жыныстық қатынастан тыйылу» деген терминдік мағынасы бар оразаны ұстау әрбір балиғат жасына жеткен, ақылды, дені сау мұсылман ер және әйелге - парыз.

Себебі Жаратушы Жаббар Иеміз: «Ей иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгеніндей, ораза сендерге де парыз етілді, бәлкім сақтанарсыңдар. (Ораза ұстау арқылы  тақуалыққа жетерсіңдер)»[2], - деп бұйырған болатын. 

Ал Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ислам бес негізден тұрады; Алланың жалғыз екендігіне және Мұахаммедтің (с.ғ.с) Алланың елшісі екендігіне күәлік ету, намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау және шамасы келгендерге қажылыққа бару»[3] деп әрбір мұсылманның міндетін, өмірге келгендегі басты жауапкершіліктерін үйретіп кеткен болатын.

Біз оразаны қандайда бір материалдық пайданы күйттеп, немесе тек қана денсаулығымыздың жақсаруы үшін ұстамаймыз. Ең әуелі Алланың әмірі болғандығы үшін және Оның разылығына бөлену үшін ұстаймыз.  Ораза осы ниетпен ұсталғанда ғана қабыл болмақ.

Алланың әрбір бұйрықтары мен тыйымдарында біз үшін түрлі жақсылықтар, пайдалардың бары анық. Ораза құлшылығының да пенделер үшін сан түрлі пайдалары, жақсылықтары бар.  

Ораза күнәлардан тазартады

Ораза - нәпсінің (эго) тойымсыздығынан туындайтын азғындықтан, оның жаманшылығынан сақтайтын және күнәларымыздың кешірілуіне бірден-бір себепкер болатын маңызды құлшылықтың түрі. Ардақты Пайғамбарымыз: (с.ғ.с) «Кімде-кім (парыз екендігіне) сене отырып, сауабын жалғыз Алладан үміт ете отырып Рамазан оразасын ұстайтын болса, өткен күнәлары кешіріледі»[4] деп сүйіншілеген.

Басқа бір хадисінде: «Кімде – кімде Алла үшін бір күн (болса да) ораза ұстайтын болса, Алла Тағала ол пенде мен тозақтың арасын аспан мен жердей қашықтықта ұзақ қылады»[5] деген. Тозақ кәпірлердің һәм күнәһарлардың мекені екендігі белгілі. Олай болса Алланың разылығын күйттеп ораза ұстаған пенде, Алланың қалауымен тозақтан аман қалып, жәннатқа кіреді. Тіпті ораза ұстаушыларға арнайы дайындалған «Райян» жәннатына.

Ораза тек аштықта болу ғана емес. Ораза - адамды жаман мінез-құлықтардан арылтып, бойымыздағы жақсы адами қасиеттерді көркейтіп, рухани тәрбиелейтін мектеп.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед: (с.ғ.с) «Кімде-кім жалған сөйлеуді және сол жалғандықпен өмір сүруді тәрк етпеген болса, Алла оның жеп-ішуден тыйылғандығына мән бермейді. (Оған мұқтаж емес)»[6] деп қатаң ескертеді. Яғни, бұл хадистен біз оразаның тек ішіп-жемнен тыйылу ғана емес екендігін анық аңғарамыз. Негізгі мақсаты – адамның адамдық қасиеттерін ояту, оны көркемділікке тәрбиелеу.

Ораза тойымсыз нәпсінің азғындауынан, жаманшылықтардан қорғайды

Қасиетті құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгеніндей, ораза сендерге де парыз етілді, бәлкім сақтанарсыңдар. (Осылайша ораза ұстау арқылы  тақуалыққа жетерсіңдер)» [7] деп оразаның басты пайдасын айтты. Яғни ораза ұстау арқылы біз Алланың жақсы көрмейтін күнә атаулыдан өз-өзімізді қорғай аламыз.

Алла тағала ауруларды, түрлі қиыншылықтарды жаратқан болса, сол аурудың шипасын да, сол аталмыш тығырықтан құтылудың да жолдарын бірге жаратқан.

Пайғамбарымыз: (с.ғ.с) «Ораза – қалқан»[8] деу арқылы жоғарыда айтылған құран аятын көркем баламалы мысалмен ашықтай түскендей. Қалқан деп сіз бен біз білетін, дұшпанның қылышынан қорғайтын темірден жасалған затқа айтылады. Сол тәрізді ораза да мұсылманды дүниеде күнәдан қорғайды.

 Өмірдегі жаманшылық атаулының басты себебі, пенденің Жаратушы Жаббар Иесін ұмытып, Оның алдындағы құлдық жауапкершілігін орындамауынан келіп туындайды. Ал ораза болса осы үлкен олқылықтың орнын толтыратын таптырмайтын қасиетті құлшылықтың түрі. Ораза ұстаған адам күнделікті жеп-ішіп жүрген сан түрлі тағамдарынан тыйылып, нәпсі қалауларынан бас тартып, әншейінде асау аттай жұлқынатын нәпсі әлсіреп, бейшара халге түсіп, рухани азғындап, күнәға белшесінен батқан жан дүние (рух) қайта тазарып, рухани рахатқа бөленіп нұрлана түседі. Көкірек көзі ашылып, айналасындағы қарны аш адамдардың хал жағдайын терең түсіне бастап, бойындағы мейірім, кешірімділік сияқты адами қасиеттері ояна түседі. Осылайша әрдайым Жаратушы Алла Тағаланың сансыз нығметтерінің қадірін бүкіл болмысымен сезініп, Алланы есте сақтауды, Оны ұмытпауды үйренеді.

Ораза - мейірімділікке, басқаның қамын ойлауға тәрбиелейтін рухани медресе

Өмірінде аштықтың не екенін білмей өскен адам кедей-кепшіктің аш болуын, олардың жоқшылықтан көрген қиындығын түсіне алмасы анық. Алайда бұл адам ораза ұстайтын болса, әлгі аш адамның мұң-мұқтажын жақыннан танып, жүрегімен сезіне алар еді. Осылайша мейірімділік, рахымдылық қасиеттері өз-өзінен оянып, айналасындағы, қоғамдағы жоқшылықтың салдарынан қиыншылық көріп, қатардағы қарны тоқ, киімі бүтін адамдардай қуанып, өмірдің қызығын көре алмай жүрген жандардың жарасына жамау болған болар еді.

Бұл мәселеде адамзат үшін рахым етіп жіберілген, көркем өнегенің иесі, адамдардың ең жомарты, өзі аш  болса да, басқаның қарнын тойдыруды ойлайтын сүйікті Мұхаммед (с.ғ.с)  Пайғамбарымыз - адамзатқа үлгі. Ол кісі, әсіресе, рамазан айында адам танымастай жомарт болушы еді.

Хз Айша анамыз Расулулланың өлімінен кейін қашан дастарханға ас ішуге отырса көзіне жас алып жылай бастаушы еді. Бір күні қасындағылар не үшін жылайтындығын  сұрағанда: «Хз Мұхаммед (с.ғ.с) тірі кезінде бір күннің ішінде қарнын тойдырып екі мезгіл тамақ жей алмай кетті. Сол есіме түскендігі үшін жылап отырмын»[9] деген екен. Расында Пайғамбарымыздың патшалар сияқты өмір сүретіндей мүмкіндігі бар еді. Соған қарамастан өзінен бұрын басқаны ойлады. «Көршісі аш бола тұра, қарны тоқ болған бізден емес» деген де сол Пайғамбар еді.

Тарихта екінші халифа Хз Омардың (р.а) заманында халық 9 ай бойы аш-жалаңаш күй кешіп, қиын-қыстау жылды бастан өткерген болатын. Сол кезде халифа Омар (р.а) да қара нан мен зәйтүн майынан басқа еш нәрсе жемеуге ант ішкендігін тарихтан білеміз. Халқының қамын жүрегімен сезінген және кедей халқымен бірдей дәрежеде өмір сүрген халифа Омар кірлеп қалған көйлегінің аяқ асты жуылып, кеппей қалғандығы үшін жұма намазына кешігіп қалғаны да және сол үшін жамағаттан кешірім сұрағаны да белгілі.[10]

Міне, расында біз осындай Пайғамбардың, осындай ел басшыларының ізін жалғастырушы үмбетпіз. 

Ораза - денсаулық кепілі

Алла Тағала адамзатқа зиянды нәрселерді әмір етпейтіндігі бесенеден белгілі.

Осыдан 14 ғасыр бұрын ардақты Пайғамбарымыз: «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады»[11]деген болатын. Қазір тіпті мұсылман емес медицина саласының ғалымдары да осы бір ақиқатты мойындап, адамдарды ашығу жолдарымен емдеу үшін сан түрлі клиникалар ашуда. Бұл  ораза ұстаудың қаншалықты денсаулыққа пайдалы екендігін көрсетеді. Ораза, яғни ашығу қант ауруына тосқауыл болып, қанның қоюлануының алдын алады. Ашығу арқылы жаңа жасушалар пайда болып, ескілері жойылады. т.б. Оразаның осы сияқты денсаулыққа көп пайдасын келтіруге болады.

Алайда, кейбір мұсылмандар өрескел қателікке барып, оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп ұстауы дұрыс емес. Неге о бастан ниетіңізді түзеп, жалғыз Алланың разылы үшін, парыз болғандығы үшін деп ораза ұстамасқа. Сонда Алланың разылығын да алады, деннің саулығы да сақталады.

Ораза сансыз нығметтердің қадірін сезінуді үйретеді

Адам қолындағының қадірін жоғалтқанда түсінеді. Немесе «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» демекші, Алланың берген сансыз ризық несібесінің де қадірін аш болғанда, ораза ұстағанда түсінесің. Яғни ораза ұстау арқылы 11 ай бойы аталмыш нығметтерден; ішіп-жемнен, түрлі тәннің ләззаттарынан уақытша болса да ұзақтаған сайын сол нәпсі қалауларының қадір-қасиеті одан сайын арта түсері ақиқат. Бұл түсінік адамды әрбір нәрсенің қадірін білуге, шүкір етуге үйретеді. Ең бастысы - сол сансыз нығметтерді берген Алланы танып, Оған деген шүкіршіліктің артуына себеп болады. Қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, (сендерге берген нығметімді) міндетті түрде арттырамын»[12] деген Алла Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді.

Ораза сабырлы болуға тәрбиелейді

Құран кәрімде: «Алла сабырлылармен бірге»[13] немесе «Расында, Алла сабырлыларды жақсы көреді»[14] деу арқылы сабырлы болудың қаншалықты маңызды екендігін айтады. Ал осы бір қасиетке оңай жетудің бірден-бір жолы – ораза ұстау.

Ардақты Пайғамбарымыз да: «Ораза – сабырдың жартысы, әрбір нәрсенің зекеті бар, дененің зекеті – Ораза»[15] деген болатын.

Демек ораза ұстау арқылы біз сабырлы болуды үйренеміз; күнә атаулыдан бас тартуды, басқаны ренжітпеуді, біреудің ақысын жемеуді, ашушаң болмауды, тәкаппарлықты, басқаны өсектеп не ғайбаттамауды үйренеміз. Сонымен қатар өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға, аштыққа төзуді үйренеміз.

Жоғарыда айтылғандар, оразаның сан түрлі пайдасының бір ұшқыны ғана.

Сауабының, пайдасының осыншалықты көп екендігін біле тұра, Рамазан сияқты қасиетті айды оразасыз қалай өткізуге болады. Басқалар сауапқа, жақсылыққа, берекеге қарық болып қуанып жатқанда, біз де мұсылман ретінде қатарымыздан қаламыз ба?!

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім себепсіз Рамазан айында бір күн ораза ұстамаса, жыл он екі айдың әрбір күнінде ораза ұстаса да, (Ол оразасы) Рамазан оразасына жетпейді»[16] деп қатаң ескерткен.

Олай болса, Аса Қамқор Ерекше Мейірімді Алла Тағала ұстағалы тұрған оразамызды қабыл еткей. Ылайым Рамазан айын ең көркем түрде, барынша пайдалы өткізуді, күнәларымыздан тазаруды, Алланың сүйікті құлдарынан болуды нәсіп еткей.

Нұрлыбек Шакизадаұлы,

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы


[1]Бұхари, Саум, 2

[2]Бақара, 183

[3]Бұхари, 8, Муслим 16

[4]Бұхари, «Саум», 7

[5]Тирмизи, Жихад, 3

[6]Бұхари, «Саум», 8

[7]Бақара, 183

[8]Муслим, «Сыям» 162.

[9]Тирмизи, Зуһд, 38.

[10] Шағрани, Табакатул-кубра, 1/24.

[11] Хайсәми, «Мәджмау-зауаид», 3/70

[12] Ибрахим, 7

[13] Бақара, 249

[14] Әл-Имран, 146

[15] Ибн Мәжә,Сыям, 44

[16] Әбу Дәуіт, Саум, 38

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру