Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Бақтыбай Қыдырбайұлы: ОРАЗАНЫҢ ҚАСИЕТІ

Adilet Maksatkaliuly bugingroup.kz 01.06.2016 6398 0 пікір

Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

"إِنَّما يُوَفَّى الصَّابِرُون أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسابٍ"

Сабыр еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз”. (“Зумар” сүресi, 10-аят). Ал, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (): “Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады ”,- деп айтқан.

Жалпы, оразаның пайдасы өте көп. Соның бірі адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке баулиды. Өйткені, күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей шыдамдылығымен төзіп бағады. Өзіне жамандық жасағандарға: «Менің оразамын», - деп жауап беріп, төзімділікпен  мінез-құлқын түзейді. Иә, жүйкесі жұқарған жан ғана сабырсыз әрі шыдамсыз келеді. Тіпті, ұрыс-керіс, төбелес, қылмыс атаулының көпшілігі тез ашулану және сабырсыздық дегеннен туады. Демек, ораза атты құлшылық түрі жүйкенің тозуынан, ұрыс-керіс, айқай-шу мен қылмысқа барудан пендені алыстатып, адами қасиеттерге баули түседі. Сондай-ақ, ең үлкен пайдасы тозақ отына қалқан болады. Алла Елшісі  () былай дейді:

" الصِّيَامُ جُنَّةٌ يَسْتَجِنُّ بِهَا الْعَبْدُ مِنَ النَّارِ "

«Ораза - қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады.  Бұл жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ():«Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», - деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

Оразамен аштыққа, шөлге т.б. түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сынай  қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.

Рамазан әр жылы қайта оралып мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай  жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды.

Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өн бойымызға  жинауға  тырысамыз. Рамазан - қайрымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.

Алла Тағала жасаған ғибадаттарымыз бен тақуалығымызға орай  жұмақ нығметтерiн сыйға тартады.Бұл жайында хадис шәріпте былай делінеді:  

أَكْثَرُ ما يُدْخِلُ النّاسُ الْجَنّـةَ تَقْوَى اللهِ وَ حُسْنُ الْخُلْقِ

«Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе тақуалық пен көркем мінез». Адам шынайы тақуалықты рамазан айында сезінеді. Ал, ондай кісі  жәннатқа лайық. Осы хадисте баяндалғандай, жұмаққа лайықты адамның келесі қасиеті ол – көркем мінез. Көркем мінез нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға хасат (қызғаныш) қылмайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.

Ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан  тыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Ал, тамақ мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері. Нәпсі - адамның ішкі жандүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның тағы бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.

Нәпсісін тізгіндеп, өз-өзін басқара білген адамды тақуа дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған  құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез-келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни  ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің  Иесі  бар екенін, әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Сондықтан,  нәпсісін тежеп жасалған тарыдай  ғибадат ықылассыз  орындалған  таудай құлшылықтан артық.   Баяғы өткен данышпандардың  бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады», - деген екен. 

Алла Тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл, жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Ал, адамзатты жаратып,   ақыл мен нәпсіні қоса берген. Періштелерде нәпсі болмағандықтан Жаратушының  әмірін бұлжытпай орындайды. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан олардың бар мақсаты – қарынды тойдырып, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсі де бар. Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы  мына дүниеге сынақ үшін келген. Сондықтан адам қаласа, ақылымен періштелер дәрежесін бағындырады, немесе   нәпсіқұмарлыққа салынып жануарлар секілді қарын мен жыныстық сезімінің қамын ойлаумен күн кешеді. Демек, адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерік берген  адамгершілігінен айырыла береді.

 Алла Тағала ақылды жаратып одан: «Мен кіммін, сен кімсің?» - деп сұраған. Сонда ақыл: «Сен менің жаратушы Раббымсың, мен сенің жаратқан құлыңмын», - деп жауап берген.  Осы сұрақты  нәпсіге де қояды.  Нәпсі болса: «Мен менмін, Сен сенсің», - деп менмендікпен жауап қайтарыпты. Сонда Алла  Тағала қаһарланып, нәпсіні мың жыл отқа күйдіріпті. Сонан кейін: «Ей, нәпсі! Мен кіммін, сен кімсің?» - деп қайта сұрапты. Нәпсі: «Мен менмін, Сен сенсің», - деп тағы да тәубеге келмепті. Сонда Алла Тағала нәпсіге санаулы күн ораза ұстатып, сосын оған: «Ей, нәпсі! Мен кіммін, сен кімсің?» - дейді. Нәпсінің  менмендігі басылып: «Сен менің Раббымсың! Мен сенің құлыңмын», - деп жауап берген.

Пайғамбарымыз () бір шайқастан саңлақ сахабаларымен бірге жеңіспен келе жатып: «Енді кіші шайқастан үлкен шайқасқа (жиһадқа) оралып барамыз», - дейді. Әбден қиыншылық көрген сахабалар: «Иә, Расулалла ()! Онсыз да ең үлкен соғыстан жеңіспен келе жатырмыз. Сонда о бұл қандай соғыс?» - деп таңдана сұрағанда сүйікті  пайғамбарымыз Мұхаммед () оларға: «Ол әркімнің өз нәпсісімен болатын шайқасы», - деп жауап берген.

Біздің жылына бір тұтатын оразамыз адам баласының нәпсісін тізгіндеумен қатар мінез-құлқын тәрбиелейді. Жалған дүниенің емтиханынан сүрінбей өтуіне көмектеседі. Тіпті, басқа құлшылықтарда жоқ ерекшеліктер бар. Алла Тағала хадис құдсиде:

كُلُّ عَمَلِ ابنِ آدَمَ لَهُ إلا الصِّيَامَ ، فَإِنَّهُ لِييدع شهوته وطعامه من أجلي

«Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана беремін. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусыннан  және жыныстық қатынастан бас тартты», - дейді.

 Мұндай сауаптың екі түрлі мағынасы бар.  Біріншісі,  адамның  ішкі жандүниесіне ғана қатысты құлшылық. Шын мәнінде, оразадан басқа ғибадаттарда құлшылық адамның жан-дүниесінен тыс, тәнге қатысты.  Мәселен, намаз оқыса, зекет берсе, қажылыққа барса өзгелер көріп біледі.  Қажылық көпшілікпен  орындалады. Елімізде қажыға барғанды «қажеке» деп атау әдетке айналған. Ондай  адам «мен қажымын» деп мақтаншақтық пен, менмендікке  бой алдыруы мүмкін. Ал, ораза ұстаған адамда ондай пиғыл мүлде болмайды.  Ораза ұстау үшін ешкімнің көзіне түспей сәресі уақытында тұрып ауыз бекітеді. Күні бойы өзгелерден айырмашылығы білінбей, Алланың разылығы үшін кешке дейін ішіп-жеуден, жаманшылық атаулыдан тыйылады. Міне, Алла тағаланың : “Пендем оразаны Мен үшін ұстады”, - дегені осы.

Екінші,  шайтанға қарсылық таныту. Ішіп-жеумен нәпсінің шаһуаты күшейеді. Шәһуаты күшті нәпсіге шайтан өз дегенін оңай орындатады. Ал, ораза ұстаған адам шайтани әрекеттерге бой алдырмайды. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (): «Шайтан адам баласының қан жүретін жолдарында жүреді. Оның жолын аштықпен тарылтыңдар»,–деген (имам Бұхари мен Мүсілім). Демек, ораза шайтанның жолын бөгеп, оған қарсы тұруды білдіреді.

Оразадан көзделген мақсаттың бірі әрі маңыздысы – денсаулықпен қатар жанды емдеу. Адам баласының жаны сау болу үшін рухани азғындықтардан  алыс болған жөн. Ай бойы ораза ұстай отырып, рухани дүниесін байытпаса,  құлшылығы кемшін болуы әбден мүмкін.  Оның тек ашығып, шөлдегені ғана қалады.   Пайғамбарымыз () бұл жөнінде былай дейді: «Қанша ораза ұстаушылар бар, оларға ұстаған оразаларынан тек аш қалғандары мен шөлдеп жүргендері ғана бұйырады». (Имам Насай мен Ибн Мажаһ р.а.). Сондай-ақ, Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте  Алла Елшісі ():

من لم يدع قول الزور و العمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه و شرابه.

«Кім өтірік сөйлеуді, өтірік амал жасауды қоймаса, оның тамақ  пен сусын ішпей жүруіне Алланың мұқтаждығы жоқ»,- деген.

Мұнан айтпағымыз, адамның тәні мен жаны секілді әрбір құлшылықтың ішкі және сыртқы бөлігі, қабығы мен дәні болады. Қабығы сырты болса, дәні ішкі бөлігі болып табылады. Қалау пенденің өз еркі. Құлшылықтың қабығымен бірге дәнінен де дәм татып ізгілердің қатарынан табылғанға не жетсін?! Ұстаған оразаның сауабы толық әрі дене мен  жанының да саулығын ойлайтын адамдарды шариғи кітаптарда «ізгі жандар»деп атайды.

Оразаның сыртқы бөлігінің үш шарты бар олар: тамақтан, ішуден  және  жыныстық қатынастан тыйылу. Ал, ішкі бөлігінің алты шарты бар.

Біріншісі, тыйым салынған харам нәрседен көзін тыю және жүректі жаман ниеттен сақтау. Жаман ниет жүректі Алла Тағаланың зікірінен тосады. Пайғамбарымыз ():« Бөтен әйелге  сұқтана  қарау шайтанның улы оқтарының бірі. Кім Алладан қорқып, оны тәрк қылса, Алла Тағала оның жүрегіне  иман ләззатын  береді»,- деген.

Екіншісі,  өтірік, ғайбат, сөз тасудан  боқтанып сөйлеу, жала жабу, мақтаншақтық сияқты жаман әдеттерден тілін тыю. Бұл – тілдің оразасы.  Оның орнына  Алла Тағалаға зікір айтып, қасиетті Құранды оқумен айналысқан жөн. Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ():

ليس الصيام من الأكل و الشرب, إنما الصيام من اللغو و الرفث, فإن سابّك أحد أو جهل عليك, فقل: إني صائم.

«Ораза тамақ және сусыннан тыйылу емес, бос әңгіме мен жаман әрекеттерден тыйылу. Егер біреу сізге дөрекі сөйлесе : «Мен оразамын», - десін»,- дейді. Расулалла () қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятындағы: «Алла сендерге аманаттарын өз иелеріне тапсыруға бұйырады»,- деген жерін оқып тұрып қолымен құлағы мен көзін көрсетіп: «Құлақ, көз аманат»,- деді (Әбу Дәуіт риуаяты). Пайғамбарымыз () тағы бір хадисінде: «Ораза аманат. Әрбір адам өз аманатын сақтасын!»,- деген. Демек, ораза көз, құлақ және тілді жамандықтан тыяды. Осы тұрғыдан ораза мұсылманға аманат. Пайғамбарымыз Мұхаммед (): «Сені ренжітпек болған адамға «Мен ораза едім» деп айт»,- деген. Яғни, «мен (оразаға ниет қылып) тілімді (жаман сөзден) сақтауға уәде бергенмін, саған жауап беру үшін қалайша оны бос қоям?!»,–дегенді білдірмек керек. Имам Мұжаһид (р.а.): «Екі нәрсе оразаны бұзады. Бірі– ғайбат, екіншісі – өтірік сөйлеу», - деп пәтуа берген.

Пайғамбарымыздың ()  заманында екі әйел ораза ұстайды.  Олар аштық пен шөлге  шыдай алмай,  Расулалладан ()   оразаларын ашуға рұқсат сұрап адам жібереді.  Алла Елшісі ()   оларға: «Жеген нәрсесін мына ыдысқа құссын», - деп айтады. Біреуі ыдыстың жартысына дейін қан мен мен бір кесек ет құсады.  Екіншісі  осылай құсып әлгі ыдыстың іші толады. Көргендер таң қалысады. Сонда ондағы отырғандар Пайғамбарымыздан () мұның себебін сұрағанда: «Бұл екеуі Алла адал еткен нәрсемен ауыз бекітіп, Алла тыйым салған арам нәрсемен оразаларын ашты, адамдарды ғайбаттады. Ал, ғайбат айту адамның етін жегенмен тең», - деп жауап берген (имам Ахмад). Өсек, ғайбат дегеннің үлкен күнә екендігін ғұламалардың барлығы да бірауыздан құптаған. Харам саналған ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті, қаншалықты жаман екендігі «Хужурат» сүресі, 12-аятта:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلا تَجَسَّسُوا وَلا يَغْتَبْ بَعْضُكُمْ بَعْضًا أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَنْ يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَحِيمٌ } 

«Көз жұмған (өлген) туысының етін жеуді қайсың жақсы көресің. Әрине, олай істегілерің  келмейді. (Ендеше) Алладан қорқыңдар. Тәубеге келген адамның тілегін Алла қабыл алады, оған өте (ерекше) мейіріммен қарайды», – делінген. Сонда қасиетті Құран өзге біреуді ғайбаттауды, өсектеуді адамның (тірі кезінде емес, өлгеннен кейін) етін жеумен теңестіріп отыр. Тірі адам­ның етін жеуге болмайтындығы баршаға мәлім. Ал, өлген адамның етін жеу ойға да келмейтін іс. Сондықтан аяттағы: "қайсың жақсы көресің?", - деген сұраққа ешкім «иә» деп жауап бере алмайды. Өйткені, Алла Тағала: "Әрине олай қылғыларың келмейді", - дейді. Демек, өлінің етін жеуді көңіліңіз қаламаған болса,  біреуді ешқашан ғайбаттамаңыз.

Үшіншісі, құлақты харам болған яғни, өсек, өтірік секілді  нәрселердің баршасынан сақтау шарт. Өйткені, айтуға болмайтын барлық нәрсені естуге де бомайды. Қасиетті Құранда:

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ

«Олар өтірікке (өсекке) құлақ салушылар, арамды жеушілер»,- деп өтірік сөйлейтіндерді арам тамаққа теңеген. («Майда» сүресі, 42-аят)Ал, «Ниса» сүресінің, 140-аятында:

فَلَا تَقْعُدُوا مَعَهُمْ حَتَّى يَخُوضُوا فِي حَدِيثٍ غَيْرِهِ إِنَّكُمْ إِذًا مِثْلُهُمْ

«Олармен (өтірік сөйлейтін, ғайбат, өсек айтатындармен) бірге  отырмаңдар. Әйтпесе, сендерде  солар сияқты (күнәһар) боласыңдар», - деген.

Төртіншісі, қол-аяқ және басқа да ағзаларды  күнәлардан сақтау әрі күмәнді тағамдар жемеу қажет. Қол-аяғымыз бен бүкіл ағзамыз харамнан алыс, сауапқа  асық болуы керек.

Бесіншісі, ауызашарда шектен тыс тамақтанудан, тоя ішуден сақтану қажет. Ашкөздікпен тоя ішу оразадан көзделген мақсатқа қайшы келеді. Өйткені, ондағы мақсаттың бірі аштықты шынайы түрде сезіне білу. Ораза ұстаған адам күні бойы жемеген тағамын ауызашарда жейтін болса, нәпсіні тежеу мен Алланың дұшпаны шайтанға қарсы тұру деген мақсаты қайда қалмақ?

Ораза тұтудағы мақсат – нәпсіні тәрбиелеп, бойдағы менмендікті жою. Бұл аз тамақтанумен, аштықты сезінумен, әлсіз бір құл екенін мойындаумен атқарылады. Ұйқыны азайту да ораза әдебі. Жалпы ораза кезінде аштық, шөлдеу мен  әлсіздікді сезінген дұрыс. Сонда жүрек нұрланады, ақыл оянады, таһажүд  секілді нәпіл намаз оқу  жеңіл болады.

Алтыншысы, ауыз ашқаннан кейін ораза ұстаған адамның жүрегі қорқу мен үміттің арасында болуы қажет. Өйткені, ораза қабыл ма әлде жоқ па? Міне, осындай сауалдың жетегімен мұсылман баласы әрбір құлшылықтан кейін қорқу мен үміт арасында болады. Хасан Басри бірде көңілдері көтеріңкі отырған бір топ адамдардың қасынан өтіп бара жатып: «Расында, Алла Тағала рамазан айын пенделері үшін бір-бірімен бәсекелесер сәт еткен. Пенделер Аллаға құлшылық жасауда бір-бірімен жарысуда. Біреулер озып шығып жеңіске жетеді, біреулер артта қалып үмітсіздікке тап болады. Озып шыққандар жеңіп, қалып кеткендер үмітсіз күй кешеді. Айтайын дегенім, сіздердің мәз-мейрам болған мына отырыстарыңызды қалай түсінеміз? Аллаға ант, егер перде көтерілгенде сауап алған сауабымен, күнәһар болған күнәсімен әуреленсе, оразасы қабыл болған адам қуанышынан, оразасы қабыл болуынан үміті үзілген адам өкінішінен жылайтын еді», - дейді.  

Қорыта айтқанда, Рамазан айын шынайы құлшылықпен әсіресе тіл, көз, құлақ, қол-аяқ оразаларына да мұқият болғанымыз жөн. Сонда ғана  көркем мінезге қол жеткізіп, оразамыз кемелдене түспек.

 

 Бақтыбай Қыдырбайұлы,

ҚМДБ-ның оқу-ағарту  бөлімінің меңгерушісі

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру