Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 14 - Тазалық, әсемділік және әшекейлік

22.04.2016 2073 0 пікір

Отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдында әрдайым киімін таза ұстау, әсемдену және әшекейлену секілді қасиеттер екі жақтың да көңілін көтереді, белсенділігін жаңартады, жан дүниелері бір-біріне ұмтылады, осының нәтижесінде әркімді өмір бойы осы құрбысымен қалғысы келетіндей сезім билеп, екеуі де өздерін бақытты сезеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде айтады: «Алланың құлдары үшін жаратқан әшекейлі нәрселері мен таза ризықтарын кім арам етті,-де» («Ағраф» сүресі, 32-аят).

Алланың елшісі () Омарға (р.а.) былай дейді: «Адамның қолындағы ең жақсы қазынаның не екенін айтайын ба? Ол - салиқалы әйел, егер күйеуі оған қараса, қуантады, егер оған бұйырса, айтқанды орындайды, ал үйде болмаған кезде оның ар-намысын қорғайды»[1].

Бұл қасиетті, әсіресе, ер адам есінен шығармауы қажет. Өйткені әйел кісілердің табиғаты көбінесе бұған жақын болады. Ер адамдар түздің тірлігімен әйелінің қажетін ұмытып кетпегені дұрыс. Алайда әйел кісі де үйдің тірлігімен арпалысып, күйеуінің қажетін естен шығармағаны жөн, күйеуі жұмыстан шаршап келсе де белсендігін жаңартатын жоғарыда айтылған тәсілдерді қолдануы тамаша болады. Осыған байланысты Ибн Аббас (р.а.) былай деген екен: «Әйелімнің мен үшін қалай әшекейленуін жақсы көрген болсам, мен де әйелім үшін дәл осылай әшекейленуді жақсы көремін»[2].

Пайғамбарымыз () былай деді: «Расында, Алла әдемі, және әдемілікті жақсы көреді... »[3].

Алланың елшісіне () әтір ұсынылған болса, ешқашан қайтармайтын[4].

Қысқаша айтқанда, тазалық және әдемілік мүміннен барлық істе және барлық жерде талап етіледі. Осы мағынаны Алланың елшісі () мына сөзімен білдіреді: «Шындығында, Алла барлық нәрсені (көркін беріп) жақсылап істеулеріңді бұйырады»[5]

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz


[1] Әбу Дәуд жеткізді
[2] Ибн Жарир жеткізді
[3] Мүслім жеткізді
[4] Әл-Бұхари жеткізді
[5] Мүслім жеткізді

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі