Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Жаратушыға деген махаббат – жүрек пен жан азығы әрі көздің нұры!

04.04.2016 7615 0 пікір

Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ Аллаға тән, Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), отбасына, сахабаларына Алланың жарылқауы болсын. Баршамызды Алла Тағала Өзі сүйген нәрселерге және Өзі разы болатын амалдарды жасауымызға бағыттасын! 

Мұсылман баласы Алла мен Оның елшісін, Оған иман еткен құлдарды және де Алла сүйгенді сүюі қажет. Махаббат – әлемдегі ең қуатты күш!

Көптеген хадистер иманның ләззатын татуға себеп болатын махаббаттың маңыздылығын көрсетеді. Алланы жақсы көрмеу – жақсылықта болмау деген сөз.

Жаратушыны сүймеу – құтылудан үміттің жоқтығы деген сөз. Мұсылманның әулиелігі Аллаға деген махаббатының қаншалықты дәрежеде болғандығына байланысты. Жаратушыны барынша жақсы көрген сайын өміріміз ізгілікке толы болады.

Мысалға, біздің үйімізде он шақты электр құрылғылары бар: мұздатқыш, кір жуатын машина, желдеткіш, микротолқынды пеш тағы басқа. Бұл құрлығыларда тоқ болмаса ешқандай пайда бере алмайды. Алайда оларға тоқ келетін болса бізге неше түрлі қызмет көрсетеді. Діндегі махаббат осы құрылғыларға қажет тоқ іспетті. Тоқ келмеген құрлығыдан пайда болмағанындай, махаббатсыз болған діннен де пайда жоқ.

Жаратушыға деген махаббат - жүрек пен жан азығы әрі көздің нұры! Махаббатсыз өмір көмескі тартады. Ұлы Жаратушы Құранда имансыздарды былай деп сипаттаған:

أَمْوَاتٌ غَيْرُ أَحْيَاءٍ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ

«Олар өлі, тірі емес. Сондай-ақ қашан тірілетіндерін білмейді» (Нахл сүресі, 21 аят)


Махаббат – рухтың сенімі, рухтың амалы, рух дәрежесі, рухтың халі. Егер махаббат болмаса, сенім де, амал да дәрежелер де жансыз денеге ұқсап қалады!

Парызға деген махаббат

 

Бұл махаббат Алланың әміріне бойұсынуға жетелейді әрі харамнан тиылуға үндеп, Оның разылығын шақырады. Кім харамға барып я болмаса парызды қалдырып күнәға батар болса, ол адамның  Аллаға деген махаббаты әлсіреп, дүниеге ден қойғанын білдіреді.

Сүннетке деген махаббат

 

Бұл махаббат ұнамды амалдарды жасауға ынталандырады. Күмәнді нәрседен сақтану сезімін оятады, асылында кімде кім нәпсісімен күресер болса, иманның тәтті дамын сезеді. Махаббаттың бұл түрі кез келген адамға Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайталанбас қасиеттерін: жомарттық, жұмсақтық, табандылық секілді асыл қасиеттерін бойына сіңіруге тырысуына жол ашады.

Мұсылмандардың махаббаты әртүрлі деңгейде, алайда қандай дәрежеде болмасын, кез келген мұсылман Аллаға деген махаббатын нығайтуға күш салуы қажет.

Алла Тағалаға деген махаббатты ұлғайту тәсілдері:

1. Құранның мағынасын түсініп оқып, ой жүгірту. Егер Алламен тілдескің келсе, дұға ет. Егер Оның тыңдағың келсе, Құран оқы.

2. Алла Тағаланың «Мейірімді», «Жомарт», «Құдіретті», «Кешірімді» секілді көркем есімдеріне ой жүгірту. Осы секілді есімдеріне ой жүгірту Оған деген махаббаттың артуына себеп болады.

3. Берген нығыметі үшін Алланы мадақтау. Денсаулық, бала- шаға, жары үшін, аяқ- қолы мен он екі мүшенің саулығы үшін. Осының барлығына, яғни Жаратушының бізге  берген нығыметіне ақылмен ой жүгірткен кезде жүрегіміздегі Аллаға деген махаббат арта түседі.

4. Алланың алдында табандылық таныту – Оның алдына қор болған халде келгеніңнің көрінісі. Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары осылай жасаған. 

Сол үшін де Алла Тағала оларға жәрдем берген. Құранда былай делінеді:

 وَلَقَدْ نَصَرَكُمُ اللَّهُ بِبَدْرٍ وَأَنْتُمْ أَذِلَّةٌ فَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Әрине Алла сендерге Бәдірде де жәрдем етті. Онда сендер тағы нашар едіңдер. Алладан қорқыңдар, әлбетте шүкір еткен боласыңдар» (Әли Имран сүресі, 123 аят).

Алайда Хунайн шайқасында сахабалар арасында өздерінің көптігіне қуанғандары болды, осыған қатысты мына аят түскен: 

لَقَدْ نَصَرَكُمُ اللَّهُ فِي مَوَاطِنَ كَثِيرَةٍ وَيَوْمَ حُنَيْنٍ إِذْ أَعْجَبَتْكُمْ كَثْرَتُكُمْ فَلَمْ تُغْنِ عَنْكُمْ شَيْئًا وَضَاقَتْ عَلَيْكُمُ الْأَرْضُ بِمَا رَحُبَتْ ثُمَّ وَلَّيْتُمْ مُدْبِرِين

«Расында Алла, сендерге көп жерлерде нұсрат берді. Сондай-ақ Хұнайын күні де сендерге нұсрат берді. Сол уақытта көптіктеріңе мәз болған едіңдер. Сонда ол, сендерге түк пайда бермеді. Сондай-ақ кең бола тұра жер, сендерге тар келді. Сонан соң бет бұрып қайта қаштыңдар» (Тәуба сүресі, 25 аят) 

Аллаға мұқтаждық танытқан сайын Оған деген махаббаттың күші артады. Ал егер өзімізге, білімімізге, күшімізге ғана сенер болсақ, бұл амалымыз біз бен Жаратушы арасында тосқауыл болады. 

5. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетімен жүру. Жаратушымен жеке қалу, Құран оқып және де нәпіл ғибадаттар жасап, салихалы жандармен бірге жүру. 

Аллаға деген махаббатың артуына себеп болар бұдан да өзге жолдары бар. Бірақ біз тек осылармен ғана тоқтауды жөн көрдік. 

Алла Тағала баршамызды Өзінің терең махаббатына бөлеп, біздің жүректерімізді Исламда нығайтсын. Әмин. 

Орыс тілінен аударған Azan.kz

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру