Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

«...ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫСЫ НАҒАШЫДАН»

19.03.2016 24875 0 пікір

Қазақта «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген мақал бар. Бұл мақалдың айтпағы: Бүгінгі баланың ертең ер азамат боп жетілуі үшін ананың сіңіретін еңбегі орасан зор. Әрбір тұлғаның артында әйел тұрады. Ол әйел – анасы немесе әжесі, тіпті әпкесі де болуы мүмкін. Жеті қазынаның бірі – өмірлік жар да ер азаматтың ақылшысы және көмекшісі. Мұның ең көркем өнегесі – мұсылмандар анасы Хадиша (р.а.).

Әйел – әпке-қарындасың. Жұбайың. Өзіңнің қызың. Бірақ, бірінші кезекте – ана. Әкеңнің анасы, әжең. Шоқанды Шоқан еткен – әжесі Айғаным. Абайды анасы Ұлжан мен әжесі Зере Абай еткен. Ел үшін туған азамат – асыл ана жемісі.

Имам Ахмед бин Ханбалдың анасы

 

Анасы – Сафия бинт Мәймунә Абдулмаликқызы. Күйеуі отыз жасында жас боп дүние салды. Өзі отызға да толмаған, қолында баласы бар жесір күйінде қалды. Жас болғанына қарамай қайта тұрмыс құруды қаламады. Қалған саналы ғұмырын баласына тәрбие беруге арнады. Қарап отырсақ, Ахмедтің анасы Ислам әлемінде хадис және әһли сүннет мектебінің негізін қалаған ғұламалардың бірін тарту етті. 

Сұлтан Мұхаммед Фатихтың анасы

 

Кішкентай сұлтан Мұхаммедті анасы таң намазы уақытында қолынан жетектеп Константинополь қамалын көрсетуге алып барады екен. Анасы Мұхаммедке: «Ей, Мұхаммед! Сен осы қамалдарды аласың. Сенің есімің Мұхаммед», - дейді екен. Жас бала: «Уа, анашым! Мұндай үлкен қаланы қалай аламын?», - деген сұрағына даналықпен: «Құранмен, біліммен, білегіңмен және адамдардың сүйіспеншілігімен», - деп жауап берген екен.

Міне, төрт сөзден тұратын даналық. Бұл әр адамға – өмірлік ұстаным. Осы сөздер Сұлтан Мұхаммед Фатихты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілеген қолбасшы етті. Басқаша айтқанда, анасының берген тәрбиесі оны өзінен алдыңғы тұлғаларға бұйырмаған баққа қол жеткізді.

Имам Бұхаридің анасы

 

Бұхари жетім боп анасының аяулы алақанында өсті. Баласына өте жақсы тәрбие беру үшін анасы ерекше қамқорлықпен қарады. Бала күнінен білім мен әдеп үйрену үшін ұстаздың қолына тапсырды. Ал, бала он алтыға келгенде бірге қажылыққа аттанды. Жас Мұхаммед ғылымды өз тілінде (араб тілінде) үйрену үшін баласын елден жырақ жерге тастап кетті. Осылайша, Бұхари хадис ғылымының басшысына айналды. Шәкірті жайлы ұстазы: «Бұдан абзалы жоқ», - деп бағасын берді.

Имам Ибн Хажар Асқанидің әпкесі

 

Әпкесі – оқу-жазуды білетін әйел еді. Сондай-ақ, ақыл-парасатымен ерекшеленетін. Ибн Хажар әпкесі жайлы: «Ол анамнан кейін анам болды», - деген екен. Сонымен бірге, әпкесінің Мекке, Дамаск, Бағлабакқа және Мысырдағы ұстаздары мен алған ижазаларын айта келе: «Көркем жазуды үйренді, Құраннан көп сүре жаттады. Көп кітап оқушы еді. Кітап оқудың ерекше шебері болатын. Кітап оқу әпкеме айрықша әсер қалдырған», - деген. Сондай-ақ: «Әпкем маған қамқор, жұмсақ және жақсылығын аямайтын», - деп еске алады. Әпкесі дүние салған кезде Ибн Хажар әпкесіне арнап жоқтау жазған екен.

Абдурахман Насырдың анасы

 

Абдурахман Насыр Андалус мемлекетінің тізгінін қолына алған шақта ел ішінде бүлік өршіп тұрған. Мемлекет қантөгістен шаршаған кез. Көп өтпей-ақ, жаңа әмірші өзінің өжеттілігі мен қайсар мінезінің арқасында елдің ішін тәртіпке келтірді. Әскердің жасағымен бір шайқаста-ақ, қамалды жеңіп алды. Мұнан кейін Францияның жеріне жорыққа атанды. Швецарияның шекарасына да өтті. Италияның біраз жерін өз иелігіне қаратты. Аз уақыттың ішінде шекаралас жатқан мемлекеттер оны мойындай түсті. Міне, осылайша Аббаси халифалығының жаңа астанасы Құртуба пайда болды. Ал, Құртуба өз кезегінде Еуропаның және көршілес мемлекеттерден білім іздеп келетіндердің ғылыми орталығына айналды. Бұл қалада өз заманына сай институттар қалыптасты. Мемлекет басшысы Абдурахман Насырдың өз елін дамыған көшбасшы мемлекет етуінің құпиясы анадан алған тәрбиеде еді. Абдурахманның әкесін немере ағасы қастандықпен өлтірген соң, бала жетім боп өсті. Анасы баласына лайықты тәрбие берді. Міне, анасының тәрбиесін алған бала, болашақта елдің қамын жейді.

Еркек ұлды тәрбиелейді, әйел ұлтты тәрбиелейді. Демек, бүгінгі бүлдіршін қыз ертең бір шаңырақтың отын жағушы ұрпақ анасы. Сол қыз ұлт тәрбиешісіне айналады. «Қызға қырық үйден тию» демекші қызды тәрбиелемейінше ұлттың және ұрпақтың болашағы бұлыңғыр боп қала бермек.

Руслан Қамбаров

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру