Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ҚҰРАНЫҢ ҚАЛМАСЫН ҚҰР ТӨРДЕ...

03.03.2016 4839 0 пікір

Сурет №1

Әлеуметтік желідегі мына бір суретті (сурет №1) көзім шалды. Ұлты дағыстандық кішкентай ғана оқушы бала мектептен қайтысымен көшенің бел ортасына тізе бүгіп, Құранын қолына алып, оқуға қызу кірісіпті. Таңдандым да, тамсандым.

Періште пейілді болса да, Құранның құр ән емес, жеті қат жер мен жеті қабат аспанды жаратқан ұлы Раббысының сөзі екендігін ұғынып үлгерген деген сөз. Дәретін де дұрыс ала біледі. Себебі тыссыз Құранды дәретсіз құр қолмен ұстауға болмайды. Қасиетті кітапты төріне оздырған исі мұсылман қазақ халқы мұны қашаннан біледі, Құранын құрметтейді.

Әйтсе де, ата діннен ажырауға әзер қалдық деп Кеңес саясатын сылтаурататын біз шариғат заңынан шеттеп, Құранымызды құр құрметпен кенжелетіп жібергендейміз. Балиғатқа жеткен бала тұрмақ, баласы барлардың өзі дәреттің алыну ретін білмейді, Құранды да өліге оқылатын өлеңдей көреді. Шариғатты шығыс халықтарының заңы дейтіндер де бар.

Ал мына сурет ше (сурет №2)? Сипаттамасында былай деп жазылған: «Шариғат үйреніп отырған балалар. Құнды сурет қазақ даласында түсірілген». Басына сәлде ораған қос бала қолындағы қаламсаптарын сиясауытқа ауық-ауық батырып алып, әлденелерді жазып отыр. Төте жазу шығар деп топшыладым. Қазіргідей парта мен портфелі болмаса да, оқуға деген зейіндері бөлек көрінді. Қағаздарына көз алмай қараған екеуінің де түр-келбеті тым ересектердікіндей: сабырлы, салмақты.

Сурет №2

Ескі күндердің естелігіндей болған бұл сурет, бәлкім, бір ғана сурет емес, білемін. Мұрағаттың мөрі басылған мұндай мыңдаған суреттің кезінде көзі құртылып, Құдай жоқ деген жаттанды сөзбен жұрттың санасын улаған жетпіс жылғы саясат қазақты дінсіз қылып көрсетпек болды. Соның әсері болар, бүгінде біз қолтығына Құранын қысқан біреуді көрсек, көңілді қуаныш кернеуден бұрын, күдік көбірек ұялайды. Алланың сөзін оқуды, оқытуды мешіттегі имам-молдаларға не болмаса зейнетке шыққаннан кейін ғана зейіні ауған қарияларға тән дүние тәрізді көреміз. Ал ақиқатында, бүгінде өзіміз есімдерін ұлықтап, асылдарымыз бен арыстарымыздың қатарына қосатын қазақ зиялыларының бәрі дерлік молданың алдынан сауат ашып, жастайынан Құран, намазын оқып үйренген. Құнанбайдың өзін анасы дәретсіз емізген емес. Ал текті ұрпақтан туылған Абай атамыздың діни сауаты, Алла сөзіне деген құрметі өз алдына бір төбе. Абайтану ғылымын шыңына жеткізген Мұхтар ағамыз өз қолымен жазған естелігін-де балалық кезін, алғаш хат таныған сәттерін былай деп еске алады: «Балалық шағым ауылда өтті. Немерелерін атамыз Әуездің өзі оқытатын. Бес-алты жасар кезім. Бір күні кешкісін ас алдында атам мені қасына шақырып алды. Оқуға жараған-жарамаға­нымды сынамақ екен, «р» дыбысы бар сөздерді айтқыза бастады. Бұл дыбысқа тілің келмей тұрып, қара танимын дегенді ойыңа да алмайсың… Өйткені, ең алғашқы сабақ Құранның «Бісмилләһи рахманир рахим» деген сөздерін жаттаудан басталады…»

Бәрекелді, әр істің берекелі болуы үшін оны «бісмілләдан» бастау керектігін балаға да үйреткен! Ал қазір ше? Кей ата-әжелер кішкентай баланың тілі тезірек шықсын деп оларға түрлі балағат сөздерін үйретіп жатады. Мұнысына қарап, «Бісмілләсін» үйретсе, әріпті тани алмай қала ма екен деп ойлап қаласың.

«Әкемнен «Әліп-биді» үйде оқыдым.
Үйреніп намаз сабақ жат тоқыдым.
Әлі молда алдында дәл екі жыл
Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым», – деп он үш жасынан өлең жазған Сұлтанмахмұттың да отызға толмаған келте ғұмыры Құрансыз өтпеген. Әкесі Рысқұлмен бірге абақтыда болып, тоғыз жасынан «түрме баласы» атанған бала Тұрардың да текті қаны мұсылмандықты ғана мойындаса керек. Өзгелердің шоқындырып, шіркеулендірмек болған бірнеше мәрте қайталанған әрекетінен қашып құтылған баланың бұл қылығы осыны дәлелдей түсетіндей.

P.S. Мұндай мысалға тарихымыз тұнып тұр. Бастысы, қазақтың жасы да, жасамысы да Құрансыз өтпегендігі анық. Құранды құр іліп қана қоймай үлкеніміз ұғынып оқысақ, балаға, ең болмаса, «Фатихасын» қайыруды үйретсек екен…

Индира ІЗБАСҚАН,
Фб парақшасынан алынды

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру