Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ЕЛОРДАДА ӨТКЕН МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

muslim.kz 04.11.2021 1243 0 пікір
БАС МҮФТИ ЕЛОРДАДА ӨТКЕН МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Нұр-Сұлтан қалалық өкілдігінің ұйымдастыруымен елордада «Тұлғасы биік тәлімгер» атты Мәуліт кеші өтті. 

Рухани шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, барша қатысушыларды Мәуліт мерекесімен құттықтап, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан мысалдар келтіре отырып, тағылымды насихат айтты.

Еліміздің іргелі оқу орындарының бірі Еуразия Ұлттық университетінің қолдауымен өткен шараға оқу ордасының шәкірттері мен ұстаздар қауымы қатысып, ардақты Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірімен жақын таныса түсті.

Белгілі академик Ғарифолла Есім мен «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Қайрат Құрманбаев Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар жайлы құнды мағлұматтар айтып, рухани кештің салмағын арттыра түсті.

Екі дүние сардарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сағыныш бұл күні сахна төрінде салауат болып айтылып, ақындарымыздың тілінде жыр болып өріліп, термеші-күйші өнерпаздардың домбырасынан тасқындай құйылды. Көрермендер Пайғамбарымыздың өмірінен сыр шертетін Мәуліт жырын тыңдап, Алла елшісіне салауат айтты. Белгілі әншілер Жігер Ауыпбаев пен Сержанәлі Әлібек те Мәуліт шарасына өз үлесін қосып, көрерменді рухани әндерімен қуанта түсті.

Шара аясында осы оқу ордасында білім алып жатқан шәкірттер арасынан топ жарып, жастық жалыны мен алтын уақытын оқып-білуге, ізденуге арнаған 5 білімпаз студентке арнайы «Мәуліт сыйы» беріліп, көрермен алдында арнайы құрметпен марапатталды. Наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы мен академик Ғарифолла Есім студенттерге сыйлықты өз қолымен табыстап, ізгі тілегін білдірді.

Оқу ордасы қабырғасында алғаш рет өткізілген Мәуліт шарасы көрермен қауымына ерекше әсер қалдырып, таным көкжиегін кеңейте түсті. Бұл жайында Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, акамдемик Дихан Қамзабекұлы да өз сөзінде қуаттай келе, Мәуліт кешінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Рухани шараға қала әкімі Алтай Сейдірұлы да айрықша құрмет көрсетіп, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз дүниеге келген Мәуліт мерекесіне арналған құттықтау хатын жолдады. Шаһар әкімінің ізгі лебізін Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Иманәліұлы оқып беріп, барша көрермендерді Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұрағат