Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: Бас имам Құрбан айтқа арналған онлайн брифингке қатысты

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі azan.kz 30.07.2020 2360 0 пікір
Алматы: Бас имам Құрбан айтқа арналған онлайн брифингке қатысты

Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай Құрбан айт меркесі қарсаңында өткізілген брифингке қатысып, сұхбат берді. Бұл онлайн басқосуға Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері және тілшілер қауымы қатысты.

Онлайн брифингте бас имам ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Құрбан айт жайлы жасаған мәлімдемесі мен Діни басқарманың еліміздегі карантиндік талаптарды ескере отырып, халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында Құрбан айт мейрамы қарсаңында «QURBAN-2020» атты онлайн қайырымдылық акциясына тоқталды. Оған арнайы QURBAN2020.KZ вебсайты іске қосылғанын айтып, онлайн құрбандық шалудың алгаритімімен таныстырды. Сонымен қатар бас имам Құрбан айттың бірінші күні (31 шілде) қала мешіттерінде айт намазы оқылмайтынын айтып, оның орнына әркім өз үйінде 2 ракат нәпіл намазын оқыса болатынын қаперге салды. Сондай-ақ, қала мешіттерінде құрбандық шалынбайтынын ескертті.

Бір айта кететін жайт, бас имам сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру және мұқтаж жандардың ет алуға өтініш қалдыру жұмыстары 24-30 шілде аралығында жүргізілетінін атап өтті. Биылға пандемиялық жағдай мен карантиндік талаптарға байланысты, онлайн құрбандық шалуға тапсырыс бергендердің отбасылық үлестері берілмей, құрбандық еттері толығымен мұқтаждарға үйлеріне жеткізіліп, үлестірілетінін айтты. 

Бас имам сөз барысында Алматы қаласы мешіттерінің карантин уақытында ұйымдастырған көптеген қайырымдылық жұмыстарына тоқталды. Былтырғы Құрбан айт мейрамында Алматы қаласы бойынша 31 тоннадан астам құрбандық шалынса, осы жылы да онлайн құрбандық шалу жобасы аясында көптеген мұқтаж жандарға құрбандық етінен үлестіру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. 

Сонымен қатар, үстіміздегі қасиетті Зұлхижжа айы мен Құрбан айттың қадір-қасиетіне тоқталып, тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. 

Сөз соңында бас имам алдағы Құрбан айт мейрамымен құттықтап, Алла Тағаладан жер бетінде тараған індеттен құтқарып, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін деп дұға тіледі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру