Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АДАМЗАТТЫҢ ТҮРЛІ ҰЛТ ПЕН ҰЛЫС БОЛЫП ЖАРАТЫЛУ ХИКМЕТТЕРІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 16.09.2021 1104 0 пікір
АДАМЗАТТЫҢ ТҮРЛІ ҰЛТ ПЕН ҰЛЫС БОЛЫП ЖАРАТЫЛУ ХИКМЕТТЕРІ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала адамзатты жаратып, адам балаларын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Дініміз Исламда барлық адамзатты Алла Тағаланың жаратылысы деп танып, олардың ешқайсысын ұлтына, нәсіліне қарап бөлуге болмайды. Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, айырмашылық тек тақуалық пен діндарлықта ғана болмақ. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْناَكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْناَكُمْ شُعُوباً وَقَبآئِلَ لِتَعَارَفُوا اِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَاللهِ اَتْقاَكُمْ

«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып,  табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер,  Алланың алдындағы ең ардақтыларың  – ең тақуаларың», – деп айтқан.

Алла Тағала бұл аятта біздерге барлық адамзат Адам ата мен Хауа анамыздан тарайтындығын есімізге салып, қандай ұлт болмасын олардың шыққан негізі бір екендігін ескертеді. Аяттағы: «Бір-бірлеріңді тануларың үшін» дегенді Имам Мужаһид: «Олар пәленше пәленше деген рудан, пәленшенің баласы деп адамдар бір-бірлерін танулары үшін» деп түсіндірген. Осыған ұқсас Қасиетті Құранның «Рум» сүресінің 22-аятында Алла Тағала:

وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَآتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلاَفُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ

«Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да, Оның ап-айқын дәлелдерінің бірі», – деп айтады.

Жер бетіндегі барлық адам бір атадан өрбісе де, олардың әртүрлі тілде сөйлеуі, реңдерінің түрлі болуы – Алла Тағаланың хикметтерінен. Мұсылман адам Алла Тағаланың бұл хикметтерінен ғибраттанып, ұлт, үлыс, нәсіл мәселелеріне қатысты мынадай негізгі үш ұстанымды жадында ұстауы қажет:

 

Бірінші: әркім өзінің шыққан ата-тегін білу

Кімнің қандай ұлттан дүниеге келетіні Алла Тағаланың қалауымен болатындықтан, әр адам өз ұлтын жақсы көріп, оның тарихын, өзінің шыққан тегін білуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің Адам атадан бастап, әке-шешеме дейінгі аралықта өткен ата-аналарымның барлығы адал некемен қосылған. Мен сіздерден кісілік жөнінен де, тектілік тұрғысынан да ең қайырлыларыңмын», – деген (имам Бәйһақи).

Біздің тек ата-бабаларымыз «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп, ұрпағына жеті атасын жаттатып өсірген. Бұл әркім өз атасының атын ұлықтап, бөліну үшін емес, кім қай атадан тарағандығын білу арқылы, адамдарды өзара жақындатып, туыстық пен бауырластықты одан әрі күшейту үшін үйретіледі. Өйткені бір атаның балалары өздерін өзгелерден биік санауы, бір ру екінші рудан өзін жоғары қоюы – рушылдыққа салыну мен бөлінуге жататындықтан, бұл іс дінімізге жат.

Бірде Төле би бабамыз төсек тартып, қатты бір дертке душар болып, ауырып жатқан шағында оның бас жағында Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би, аяқ жағында Көкі би, Мәлік би, Ержан би отырса керек. Сол сәтте сәлем беріп, үйге ұқыпты, қызылды-жасылды әдемі киінген, үстіне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам кіріп келеді. Келгендердің біреуінің көзі шапыраштау, енді бірі шашы селдір қасқабас, ал үшіншісі доғал имектілеу, құстұмсық екен деседі.

Келгендер Төле биге қарап: «Біз үшеуміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтып кетесіз?» – депті келген топтан ұшқырлық танытып сөйлеген құстұмсық кісі. Төле би жөткірініп, басын көтеріп алып:
«Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны,
атаға бөлінгендер адыра қалады, – дей келе, қазақ халқы осы күнге дейін өзара достық, ынтымақта болып келдік, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалмаса екен», – депті.

Алла Тағала «Әли-Имран» сүресінің 103-аятында мүміндерге былай деп бұйырады:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا

«Алланың арқанынан (дінінен) барлығың жабыса ұстаңдар да бөлінбеңдер!».
          

Тәпсірші ғалымдар жоғарыдағы аяттың түсу себебін былай түсіндіреді: Яһудилерден Шас ибн Қайыс атты адам Аус және Хазраж рулары жиналып отырған жерден өтіп бара жатып, Исламға дейінгі дәуірде бір-бірімен дұшпан болған екі топтың достық сипатында бірігіп отырғанын көреді де, қатты ашуы келіп: «Егер бұлар біріксе, біз олармен бірге тұра алмаймыз», – деп ойлайды. Артынан жас яһуди баланы шақырып алады да: «Арабтардың ішіне барып, оларға бұрын екеуінің арасында ұрыс болып, Аус руының жеңіске жеткенін, Хазраждың жеңілгенін еске түсіретін «Буас» оқиғасы туралы өлеңді оқып бер», – деп жібереді. Ол бала барып екі рудың арасына от жағып, «Буас» күнін еске салады. Сонда отырғандар өлеңді ести сала руға бөлініп, таласып, тартысып қалады да, соңынан «қару қайда?» деп қан төгуге шақырған қатты дауыстары шығады.
        

Осы жайт Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлағына жеткенде, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұһажирлер мен ансарларды ертіп алып, егесіп қалған екі рудың алдына келеді де: «Мен араларыңда бола тұра, Алла сендерді Исламмен құрметті етіп, надандықты жойғаннан кейін де бөлініп алып, надандарша ұрыспақшысыңдар ма?», – дейді. Содан кейін ғана Аус пен Хазраж рулары арандатушы сөзге еріп, ұрысып қалғандарын түсінеді де, қаруларын тастап, қол алысады. Осылайша, жоғарыдағы: «Алланың арқанынан (дінінен) барлығың жабыса ұстаңдар да бөлінбеңдер!», – делінген аят түскен еді.

 

Екінші: Өзге ұлттарды төмен көрмеу

Дініміз Ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды. Артықшылық тақуалықта ғана болатындығын түсіндіреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

يَا أَيُّهَا النَّاسُ: إِنَّ رَبَّكُمْ وَاحِدٌ، وَإِنَّ أَبَاكُمْ وَاحِدٌ، أَلاَ لاَ فَضْلَ لِعَرَبِيٍّ عَلَى عَجَمِيٍّ، وَلا لِعَجَمِيٍّ عَلَى عَرَبِيٍّ، وَلا لأَحْمَرَ عَلَى أَسْوَدَ، وَلا أَسْوَدَ عَلَى أَحْمَرَ، إِلا بِالتَّقْوَى، إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ

«Уа, адамдар! Расында, Раббыларың бір, аталарың бір. Естеріңде болсын. Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, терісі қызыл адамның қарадан, қараның терісі қызылдан еш артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта ғана болады. Расында, Алла Тағаланың хұзырында ең ардақтыларың тақуаларың», – деген (Имам Табарани).

Сахабалардың үлкендерінен және Пайғамбарымыздың азаншысы Билал Хабаши (Алла оған разы болсын) қара түсті кісі еді. Бір күні, Әбу Зарр әл-Ғыффари мен Біләл екеуінің арасында бір мәселеде келіспеушілік болып қалады. Сол кезде Әбу Зарр дін бауыры Біләлға: «Әй, қара әйелдің баласы» - деген сөзі айтып қалады. Бұл сөзге қатты ренжіген Біләл, болған жағдайды Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баяндап: «Мұсылман болғаннан кейін де ұлтымыз, түсімізге байланысты айыпталамыз ба, иә, Алланың елшісі?» – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Заррды шақырып: «Сен Біләлді анасына байланысты айыптадың ба?», – деп сұрайды. Әбу Зарр (Алла оған разы болсын) ұялғанынан жауап бере алмайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Сенің бойыңда әлі де Исламнан бұрынғы надандық дәуіріндегі әдеттер қалған екен», – деп ескерту жасайды.

Осы кезде Әбу Зарр айтқан сөзі үшін қатты өкініп,  Біләлдың үйіне барып, басын есіктің табалдырығына қойып: «Уа, Біләл! Мына менің жаман жүзімді аяғыңмен басып өтпейінше, басымды бұл жерден көтермеймін», – дейді. Біләл табалдырығында жатқан Әбу Заррды орнынан тұрғызып: «Тұр бауырым, бұл жүз басу үшін емес, сүюге лайық. Мен ақымды кешірдім» деп, татуласып, екеуі айырылмас бауырға айналған екен.

Исламның осындай игі құндылықтарын ата-бабаларымыз өз өмірлерінің ұстанымы ете білген. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Біз қазақ мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.  Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз» деген сөздері әрбіріміз үшін ғибрат.

 

Үшінші: Өзгелерді бауырым деп білу

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының алғашқы кезеңінен бастап ұлты мен нәсіліне қарамастан, барша мұсылмандардың өзара бауыр әрі туыс екендіктерін жариялаған. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында Алла Тағала:

وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا

 «Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.

Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан, Мәдина қаласына қоныс аударып барған уақытта, мұсылмандардың Мәдина қаласындағы түрлі ұлттар мен өзге дін өкілдерімен  бейбіт ғұмыр кешуі үшін «Мәдина конституциясы» делінген құжатты қабылдағаны тарихтан белгілі.

Демек, өз ұлтын сүю деген өзге ұлттарды жек көру дегенді білдірмейді. Мұсылман адам өз ұлтын сүйіп, өзгелерді бауыр дей білуі қажет. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс», – деген екен.

Хәкім Абай мұсылманның осындай әділетті ұстанымын өлең жолдарымен өрнектеп:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп айтқан.

 

Қадірменді жамағат! 

Ата-бабаларымыз «Ынтымақ — елдің ырысы», «Байлық, байлық емес, бірлік – байлық», «Айтысқан ауыл болмас, болыспаған бауыр болмас» деу арқылы біздерді әрдайым ауызбірлікте болуға шақырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).

Алла Тағала біздерді түрлі бөлінуден, дау-дамайдан сақтап, берекеміз бен бірлігімізді арттырғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі